Биылғы жылы сәуір айының жиырма алтысында “Өркениетті адам” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы “Гаухартас»мейрамханасының залында жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру және қоғамда кітаптың маңызын насихаттау мақсатында “Өзбекәлі және мәдени майдан” кітабына арналған байқау өтті. Шараға кітаптың негізін қалаушы, Қазақстан Республикасы парламентінің мәжіліс депутаты, тәжірибелі заңгер Абзал Құспан, авторы Санжар Керімбай, театр актері әрі кітап кейіпкері Мұхтархан Манапұлы және зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар қатысты.
Өзбекәлі Жәнібеков – көрнекті қоғам қайраткері, Қазақ ССР-нің мәдениет министрі, тарих ғылымдарының докторы. Ол ұлттық құндылықтарды жаңғырту жолында өлшеусіз еңбек етіп, ұлтымыздың ұмыт қалған асыл мұраларын қайта жаңғырту жолында тынбай еңбек етті. Әсіресе Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіру, Наурыз мейрамын қайта жандандыру, ұлттық музейлер құру және ұлт ұландарын ақтап алу жолындағы қажырлы қызметі әлі күнге дейін ел жадында.
Оның ұлтқа сіңірген еңбегін дәріптеу мақсатында бүгінгі күнде бірқатар іргелі іс-шаралар ұйымдастырылып, тың туындылар халық назарына ұсынылуда. Солардың ішіндегі мағыналы да мәртебелі туынды — “Өзбекәлі және мәдени майдан” атты кітап. Аталған еңбекті кеңінен насихаттау мақсатында оқырмандар арасында байқау өткізіліп, қатысушылар тест арқылы өз білімдерін сынап, жүлдегер атану мүмкіндігіне ие болды.
Байқау шымылдығы Өзбекәлі Жәнібековтың шәкірті, театр актері Мұхтархан Манапұлының жүрекжарды естеліктерімен ашылды. Ол өз сөзінде: “Өзбекәлі ауырып өлген жоқ, күйіктен өлді” деп тебірене отырып, ұлт үшін туған тұлғаның өмірінен сыр шертіп, оның адамгершілік қасиетіне кеңінен тоқталды.
-Мен Өзекеңді алғаш рет студент кезімде көрдім. Сол кезде Өзекең бізді Торғай жеріндегі театрға шақырды. Бір топта он жеті адам оқыдық. Сонда біздің тобымызды бөлмей, бәрімізді бір театрда жұмыс істегінімізді жетекшіміз қатты қалады. Соңғы курс кезімізде оқу орнына Өзекең келіп, жүрекке жылу сыйлайтын жалынды сөздер айтып, мәдениет саласының мәртебесін көтеруге бір кісідей ат салысу керектігін алға тартты. Сонда өзіміздің жеке жоспарларымызды жиыстырып қойдық та, Торғай жеріне бет алдық.
Торғайға жетіп, қонақүйге орналасып алғаннан кейін қызметке кірісіп кеттік. Өзекең де дайындық ішінде жүріп, көп уақытын Театрда, біздің жанымызда өткізетін. Ол кісінің қамқорлығы тым ерекше болатын. Өзі “баракта” тұрса да, біздің бәрімізді қонақ үйге орналастырды. Барлық қалауымызды екі етпей орындады.
Мен өзім жетімдікті көп көрдім, “халық жауының баласы” деген атты арқалап жүрдім. Мінезімнен ұяңдық байқалмайтын. Дегенмен Өзекеңнің ағалық сыйластығын көрген кезде бойымды бірден түзеп, мінезім де дұрысталды. Бір күні маған келіп “сен партияға мүше боласың”,-деді. Мен оған “аға мен халық жауының баласымын, мені қабылдамайды ғой” дегенде ол “ жоқ қабылдайды, әкең де сен де жазықсызсыңдар. Әкең түбі бір ақталар” деді. Расымен де Өзекең бірнеше ұлт ұландарының ақталып шығуына зор үлес қосты.
Бірде Өзекең келіп, бір қойылым үстінде “атпен шықсаң қалай болады?” деді. Мен “болмайды»дедім. Себебі біз оқып жүргенде “сахнаға жануарларды шығаруға болмайды, ол көрерменнің көңілін бөледі” деп оқытқан. Дегенмен ол кісі “шығасың” деп тұрып алды. Мен бой бермедім. Біраз уақыт өткеннен кейін “ Әй қой, бұл өзі Шығыста өскен жігіт, орысша тәлім алған адам, жығылып қалып, ұят болып жүрер” деп айтып қалды. Сол кезде айтқан сөзі намысыма тиіп, ашуланып, “пошел ты” дедім де, есікті бір теуіп, шығып кеттім. Үйге келіп, келіншегіме “мені өлтіреді, Өзекеңе жаман айтып қойдым” дедім. Содан екі күн өткеннен кейін Өзекең әлгі оқиғаға куә болған бар адамды қасына ертіп, Театрға кіріп келді. Бірден “қайда анау батыр? Шақырыңдар”деді. Содан алдына бардым. Ұялғаннан жүзіне қарауға батылым бармады. Бірден Өзекең мені құшақтап “кеше мына бауырымның намысына тидім. Сол үшін кешірім сұрауға келдім” деді. Міне Өзекеңнің көрегенділігін байқауға бір ғана оқиға жеткілікті болды. Орнында басқа біреу болғанда соттатып жіберер ма еді,-деп еске алған Мұхтархан Манапұлы көпшілікке ақ батасын беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Кітап авторы Санжар Керімбай да туынды жайлы түсініктеме беріп, кітап оқудың маңыздылығын атап өтті.
-Кітаптың рухани құндылығын асқақтатып, оның қоғамдағы орнын биік белеске көтеру мақсатында арнайы кітап байқауы ұйымдастырылды. Бұл байқаудың ерекшелігі – тек белгілі бір ортаға емес, ауыл-аймақты түгел қамтып, кең ауқымда өтуінде. Мұндай ауқымды әрі ерекше форматтағы сайысты өзге өңірлерден көрген емеспін.. Ал Тараз жұрты бұл ретте ауызбіршіліктің, ұйымшылдықтың тамаша үлгісін көрсетіп отыр. Бір атаның баласындай жұмылып, бір мақсат, бір мүдде жолында ұйыса әрекет етуде. Бұл игі істің басында тұрған “Өркениетті адам” клубын айрықша атап өту орынды.
“Өзбекәлі және мәдени майдан” кітабының жазылу барысында шынайылықты басты ұстаным етіп, нақты деректер мен өмірлік факттерге сүйендік. Еңбекте Өзбекәлі Жәнібековтың ұлт үшін атқарған ұлы қызметтері, жеткен жетістіктері және қоғамның дамуына қосқан өлшеусіз үлесі жан-жақты қамтылды. Сонымен қатар оның адами болмысын ашатын, жанға жылы әсер қалдыратын естеліктер де орынды өрбітілген. Алайда ақиқаттың алғы шебінде тұру мақсатында аңызға ұқсас, нақтылығы күмәнді естеліктер кітапқа енгізілген жоқ. Осылайша туынды тарихи шынайылық пен деректілік тұрғысынан талаптарға сай келетін тағылымды еңбек ретінде дүниеге келді,-деді С.Керімбай. Ерекше форматта ұйымдастырылған бұл тағылымды шараға халықтың ықыласы жоғары болды, келген қонақтардың қарасы да қалың еді. Аталған кітаптың идея авторы әрі бастамашысы Абзал Құспан кештің құрметті қонағы ретінде қатысып, жастарға арнап жетістікке жету жолындағы өз өмірлік тәжірибесінен сыр шертіп, құнды ақыл-кеңестерін ортаға салды. Сондай-ақ байқау өткен “Гаухартас” мейрамханасының иесі Мира ханым да. кітап авторларына ақжарма тілектерін арнады.
Ал, енді байқауға тоқталсақ.
Байқау оффлайн және онлайн форматта қатар ұйымдастырылды. Бұл ауқымды додаға мың бес жүзге жуық адам тіркеліп, өз білімін сынға салды. Қатысушылар үшін тіркелу үдерісі барынша ыңғайлы әрі жүйелі етіп жасалған. Арнайы QR код арқылы телеграмм каналға өтіп, тіркеуден өткеннен кейін, оларға сұрақтар тізіміне сілтеме жолданды. Осылайша, байқаудың ресми қатысушысы атанып, жарыс жолына түсуге мүмкіндік берілді.
Сайыс ережесіне сәйкес қатысушыларға елу сұрақ ұсынылды. Әрбір сұраққа жауап берген сайын жүйе бірден нәтиже шығарып, байқау соңында қатысушы жинаған ұпай саны көрініп отырды.
«Өркениетті адам» оқырмандар клубының мүшесі Еркебұланның айтуынша, осындай ауқымды әрі ұйымдасқан түрде өткізілген байқау бүгінгі күнге дейін үшінші мәрте жүзеге асырылып отыр.
Байқаудың жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгені құрады. Бірінші орын иегеріне 150 мың теңге көлемінде, екінші орынға 100 мың теңге, ал үшінші орынға 50 мың теңге мөлшерінде қаржылай сыйақы табысталды. Сонымен бірге 4-10 орын аралығындағы жеңімпаздар әрқайсысы 30 мың теңгеден алса, 11-20 орынға тұрақтаған қатысушыларға 20 мың теңге көлемінде ақшалай жүлде тағайындалды.
Ұпай саны жоғары болып, алайда жүлделі орынға бір қадам жетпей қалған қатысушылар да назардан тыс қалмады. Оларға ынталандыру мақсатында арнайы сыйлықтар – кітаптар, ұлттық нақыштағы тақиялар және өзге де естелік сыйлар тарту етілді. Сонымен қатар ұпайы жоғары болған үш 11ші сынып оқушыларына Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетіне оқу гранттары берілді.
Байқау барысында қатысушылардың көңілін сергіту әрі таным көкжиегін кеңейту мақсатында арнайы сергіту сәттері ұйымдастырылды. Бұл бөлімде ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр, әдебиет және тарих салаларына қатысты викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап бергендерге арнайы сыйлықтар табысталды.
Сайыс қорытындысы бойынша мектеп оқушысы Айша Арманқызы байқау жеңімпазы атанды. Екінші орынды студент Медер Бейбітов иеленсе, оқушы Қанат Нұрғанат үшінші орынға түрақтады. Қатысушыларға ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Ал 11 сынып оқушылары арасынан Аяулым Сатыбалдинова жоғарыда айтылған оқу орнына 100 пайыздық грант иегері атанды. Ал Ернар Жақсылық 75 пайыздық жеңілдікті жеңіп алса, Динара Әбдісәлі 50 пайыздық жеңілдікке қол жеткізді.
Мұқағали ЖАМБЫЛҰЛЫ