Жуырда Халықаралық ақпарат күніне орай Алматы қаласы Мәдениет басқармасы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №32 кітапхана бөлімшесі мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің мәдениет және шығармашылық бөлімінің ұйымдастыруымен қазақ ұлттық баспасөз құралдарының тұтқасын ұстаған бас редакторлармен кездесу болып өтті.
– Газет пен журнал жұмысын ұйымдастыру – кірпіш шығару немесе бір мекемені басқару емес, қоғамдық пікір мен бүтін бір ұлттың идеологиясын қалыптастыратын үлкен жауапкершілік. Бүгінде жастар кітап оқымайды, қалың жұртшылық газет-журналға жазылмайды десек те, қағазға басылған сөз тасқа қашалған таңбамен тең екені белгілі, сондықтан оны ешкім өшіре алмайды. Дегенмен, біз о баста дүниенің бұлай құбылатынын сезгеніміз жоқ, ақпарат саласы сандық технологияға басымдық беретін заман орнайды деген ой түсімізге де кірмеген.
Мен студент кезімнен бастап газет жұмысына араластым. Ол кезде қазіргідей емес, мектепте информатика сабағы өтті, бірақ компьютер болмаған. Газеттің бір бұрышына шетелдік ақпарат құралдарынан алып, жаңалықтар беретінбіз. Алдымен ҰҚК, ішкі істер саласына хат жазып, солардың рұқсаты арқылы ғана шетелден ақпарат алу мүмкіндігіне ие болатынбыз. Міне, көзді ашып-жұмғанша заман өзгерді, қазір технологияның дамыған заманы. Дегенмен қалай болған күнде де қағаз басылымдар заман ағымынан қалмай, халыққа қызмет жасап келе жатыр. Қағаз басылымдардың артықшылығын айтуымыз керек. Қазір кез келген дамыған мемлекеттерде газет-журналдар таралымы дәл біздегідей құлдилап кеткен жоқ, миллиондаған таралыммен тарайтын басылымдар бар. Америка, Жапония, Германия, Түркия басылымдарының заманға ілесу үрдісі айтарлықтай. Уақыт өте келе, менің ойымша, қағаз басылымдарға қажеттілік арта түседі деп ойлаймын. Өйткені адам баласы бәрінен де жалығады. Телефонға үңілетін бүгінгі шақтан да өтерміз. Ақпаратты қолмен парақтап оқитын газет пен журналдың баяғы дәурені туады деп сенемін. Сондықтан ақпарат құралдарының қай-қайсысына да құрметпен қарауымыз керек, – дейді «Үркер» журналының Бас редакторы Жарас Сәрсек.
Ал «Балаларға арналған басылымдар көбейгенмен, олардың үлкен ағасы, атақты Тұманбай Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев басқарған «Балдырған» журналының осы күнде басқалардан айырмашылығы, өзіндік бет-бейнесі неде деп есептейсіз?» деген сұраққа «Балдырған» журналының редакторы Ерғали Бақаш өзінің уәжін айтты.
– Журналды жаздырып алатын оқырман азайды, сол өкініш. Бұдан он жыл бұрын біз 10-12 мың тиражбен таралсақ, қазір 3 мыңға төмендеп кеттік. Яғни, құндылықтар өзгеріп кетті. Бүгінгі жастардың ақпаратты талдауы, ой қорытуы мені қанағаттандырмайды. Сондықтан бізде оқырман жоқ деп есептеймін. Сіздер тик-токтан 10-12 секундтық видео көріп, соны қанағат тұтасыздар, – деп салмақты ой тастады Есей Жеңісұлы.
«Ақиқат» журналының бас редакторы Дәуіржан Төлебаев:
– Ақпарат тек қана журналистикада емес, барлық салада кеңінен тарап кетті. Оған халық, әлеуметтік орта негізгі себепші. Өйткені, баршамыздың қолымызда телефон бар, баршамыз ғаламторды пайдаланамыз. Біз – ақпаратты қабылдаушымыз және ақпаратты таратушымыз. Сіздер мен біздер ақпаратты қабылдау жағынан бір деңгейдеміз, өйткені ресурстар, сайттар – барлығы ашық. Ал енді біздің – кәсіби журналистердің ерекшелігі – тарап жатқан ақпараттарды сүзгіден өткізе аламыз, сыни көзқараспен саралай аламыз, – деді.
Өздері журналист, өздері ақын бас редакторлар көрермен өтінішін жерге тастамай, өз шығармашылығынан бір-бір өлеңдерін оқып берсе, күйшілік қасиеті басым Дәуіржан Төлебаев Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін тарту етті.
Озық ойлы журналистердің мәнді-мағыналы әңгімесінен кейін химия-биология мамандығының 1-курс студенті Ақниет Памеш «Жақсы адамдарым» әнін орындап, көңілді бір серпілтсе, тағылымды іс-шараны ұйымдастырған Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің мәдениет және шығармашылық бөлімі басшысы Меруерт Мұратқызы мен «ALEM» студент-жастар ұйымы атынан ұйым жетекшісі Назерке Жарылқасынқызы қонақтарға ризашылығын білдіріп, сыйлықтарын тарту етті.