ЖАСТАР ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА ЖОЛ БАСТАУЫ ТИІС

ЖАСТАР ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА ЖОЛ БАСТАУЫ ТИІС

Дана халқымыз «əдепті бала – арлы бала, əдепсіз бала – сорлы бала» деп бекер айтпаған. Күні кеше ғана елдегі болған жаппай көтерілісте бұзақылық жасап көзге түскендердің арасында жастардың жүргені де көңілге қаяу түсірді. Ел Тəуелсіздік алғалы бері мемлекет тарапынан жасалған һəм əлі де жасалып келе жатқан игіліктердің басым көпшілігі алдымен жастар үшін екені жасырын емес. Десек те арандатушылардың арбауына еріп немесе қызық көріп көтеріліске шыққан жастардың көбісі көшеден табылғанымен, көшінен адасып қалған сыңайлы...

Бейбіт шеруді өздерінің қара ниеттерімен тұмшалап, елдің берекесін алған əрбір заңбұзушылық бұзақылардың əрекеті екені айдай анық ақиқат. Тек бұл ретте төңкерісшілердің бел ортасында ел үміт, мемлекет сенім артып отырған жауқазын жастарымыздың жүргені жəне жапа шегіп жатқаны жүрек ауыртады. Халқымыз мұндайда «Тəрбие – тал бесіктен» деуші еді. Қай жерден қателестік, қай тұста тəрбие тізгінін жіберіп алдық?

– Еліміздегі тосын жағдай адамдардың мемлекетке, ұлтқа деген көзқарасын үлкен өзгеріске алып келді. Бейбіт өмір сүріп отырып табан астында осындай болады деп ешкім ойлаған жоқ. Жаңа жылды егемендігіміздің отыз жылдығын атап өтіп отырғанда бұл жағдай елдің еңсесін түсіріп жіберді. Бауыржан Момышұлы атамыздың «Жиырма жас ерлік жасайтын уақыт. Осы жиырма жасқа абай болыңдар» деп айтқаны бар. Шеруде шоғырланған топтың көбісі жастар екенін естіп, біліп, көңіліміз құлазып отыр. Əркім өз болашағын жасауға құқылы. Бірақ соған дұрыс бағыт-бағдар болуы тиіс. Түрлі теріс пиғылды топтар солардың бағытын өзгертіп жіберген секілді. Ақыры осындай жағдайға тап болдық. Болар іс болды. Енді содан сабақ алуымыз қажет. Өзім де ата-ана ретінде айтарым, ең бірінші отбасы тəрбиесін дұрыстауға басымдық беруіміз керек. Қазақ атамыздың «əй дейтін əже, қой дейтін қожа» деген сөзінде терең мəн бар. Əр отбасында ұлттық құндылықтардың қадірі, тыныш өмірдің, бейбітшіліктің маңыздылығы үнемі айтылып отырса мұндай жағдай болмас еді. Жастарымызда да бөгде көзқарас қалыптаспайтын еді. Осы ретте əр отбасының үй иесі болып отырған əкелерді, аналарды бала тəрбиесіне басымдық беруге шақырамын. Үнемі негативті естіп өскен бала да сондай əрекеттерге барады. Бос ыдысқа құм толтырсаң құм, сүт құйсаң сүт, су құйсаң ішіне су толады. Ал жастарға дұрыс тəрбие беру үшін өзіміз дұрыс жүруіміз керек. «Балам, түзу жүр» дегенде «Əке, мен сенің ізіңмен келе жатырмын ғой» деген жағдай болмас үшін тəрбиені өзімізден бастағанымыз абзал. Ата-аналармен жұмысты күшейтуге тиіспіз. Аудандарда да ата-аналар комитеттері бар. Солардың жұмысына да жүйелілік қажет. Оқушылар мен жастардың тəрбиесі сөз болған жиындардың бірінде аптаның бір күнін отбасы күні деп белгілесек, тіпті, сол күннің бір сағатын жəне сол күні отбасындағы тəрбиеге мəн берілсе деген ұсыныс айтқан едім. Елдегі осы жағдай тұрақталып, қалпына келсе, ата-аналармен жұмысты күшейтеміз деп отырмыз. Себебі, ата-ана дұрысталмай, бала ешқашан дұрыс жолда жүрмейді, – дейді  Жамбыл облысы əкімдігінің ата-аналар кеңесінің төрағасы Ринат Нұрақбаев.

Аға буын өкілдері тарапынан шеруге шыққандар арасында жастардың, оның ішінде колледж студенттерінің төбе көрсеткені де айтылып жатыр. Қалай дегенмен бұл көтеріліс сонау 1986 барыс жылындағы бас көтеруден басқа бағытта өрбіп, өркендеп келе жатқан өңіріміздегі кейбір нысандарды да өртке орандырды. 

– Қазіргі таңда шеруде көбіне 16 мен 25 жас аралығындағы жастардың жүргені туралы естіп отырмыз. Бұл жаста жастар девианттық мінез-құлықта жетіледі. Яғни суицид, нашақорлық секілді жат əрекеттерге бейім келеді. Ең бастысы осы жастағы жасөспірімдер еліктеуге өте бейім болады. Мəселенің барлығы айналып келгенде отбасындағы тəрбиеге тіреледі. Өтпелі кезеңде жастарды «Болашағым не болады?», «ертеңгі күні не істеймін?» деген секілді көптеген сұрақтар алаңдататыны табиғи заңдылық. Жалпы тұлғаның қалыптасуына үш фактор əсер етеді. Оның біріншісі, мəндетті түрде отбасына байланысты. Екіншісі, алған тəрбиесіне, үшіншісі, жүрген ортасына тікелей əсер етеді. Осы үшеуі дұрыс болған жағдайда ғана толыққанды азамат қалыптасады. Бізде мешітке баратын жəне клубтардан, кафелерден шықпайтын жастар да аз емес. Сондықтан ең бастысы жастардың тəрбиесіне аса мəн берілген жөн. Əбу Насыр əл-Фараби бабамыздың өзі «Адамға ең бірінші білім емес, тəрбие керек. Тəрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп бекерден-бекер айтқан жоқ. жастық шақтағы тау қопарар ерік-жігерді, күш-қайратты елдің болашағына балта шабатын төңкеріске, көтеріліске емес, білім алуға, өзін-өзі жан-жақты жетілдіруге бағыттаса, онда жастарымыз еш ұтылмайтыны анық. Қазіргі таңда түрлі компьютерлік клубтардағы ойындардың өзі, көретін шетелдік кинолар да адам өлтіруге, жолындағыны қиратып, тас-талқан етуге баулиды. Ондай ойындарға да көбіне жұмыстан қолы босамай немесе құлағыма тыныштық берсінші деп өздері  жіберетін ата-аналар да бар. Сондықтан біздің, еліміздің болашағы қандай болатыны бүгінгі баланың тəрбиесіне тығыз байланысты екенін ешқашан ұмытпайық, – дейді халықаралық Тараз инновациялық институтының оқытушысы, психология ғылымдарының магистрі Айгерім Əкімжан. 

Бұл ретте біз облыс əкімдігінің білім басқармасымен де байланысқа шығып, мəн-жайды білдік. «Қаңтар айының 5 күні біз барлық оқу орындарына, ұстаздар мен ата-аналарға балаларды үйден шығармау жөнінде арнайы хабарлама бердік. Студенттер 24 қаңтарға дейін демалыста. Осы уақытқа дейін жастардың бейберекет көшеде жүрмеуі бақылауда», – деді аталмыш басқарма басшысының орынбасары Талғат Жамалов. Өз кезегінде еліміздегі жағдайға алаңдаушылық білдіріп, қатарластарын қалыпты тіршілігімізге қайта оралу үшін атсалысуға шақырып жүрген жастармен де пікірлестік. 

– Елімізде болған жаппай тəртіпсіздіктің салдарынан əкімшілік ғимараттар бүлініп, кəсіпкерлік нысандар тоналды. Бұл, бірінші кезекте, бейбіт шеруге шыққан халықтың емес, арнайы дайындықтан өткен, алдын ала тыңғылықты жоспар құрған арам пейілді үшінші тараптың ұйымдастыруымен жасалып отырған əрекет екенін анық аңғартып отыр. Аталған содырлық шабуыл тек мемлекет билігіне емес, жалпы Қазақстан халқына қарсы жасалған қылмыс деп білемін. Осыған орай, барша замандастарым мен  құрбы-құрдастарыма арандатушылардың сөзіне ермей, төтенше жағдай талаптарына бағынуға жəне жалпы заңға қарсы əрекет жасамауға шақырамын. Қазіргі жағдайдағыдай сын сағатта тек ұлт ретінде ұйыссақ қана еліміздің конституциялық құрылымын бұзуға бағытталған лаңкестерге тойтарыс беріп, қайта бейбіт тіршілікке ораламыз. Мемлекетіміз біз секілді жастардың, студенттердің дамыған елдердегідей озық білім алуға жағдай жасалып отыр. Сонымен қатар, кедергісіз жұмысқа орналасып, алаңсыз еңбек етуге де мүмкіндік мол. Сол себепті арам пейілді қылмыскерлердің айтқанына еріп, айдауына ілігіп кетпей, Тəуелсіздігін тəңірдің берген тəтті сыйы деп білетін тыныш заманымызға қайта қол жеткізейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай, – дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Ақарыс Əуесхан. 

Қорыта айтқанда, орын алған жағдай еліміздің тыныштығына, бейбітшілігі мен берекесіне сырттан да, іштен де сұқтанып, көз сүзген жаудың бар екенін анық аңғартып отыр. Ал Мағжан (Жұмабаев) ақын айтқан «Арыстандай айбатты», «Жолбарыстай қайратты» жастарымыз солардың соңына ермей, қайта қасиетті мекенімізді жамандықтан қорғап, жақсылыққа һəм жарқын болашаққа жол бастайды деп сенемін!

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

arainfo.kz сайтынан

21.01.2022

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 843
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6917
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10756
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6988
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7127