ЖАСЫН ҒҰМЫР (Абайдың өнегелі інісі Халиолла Құнанбайұлы туралы)

ЖАСЫН ҒҰМЫР (Абайдың өнегелі інісі Халиолла Құнанбайұлы туралы)

Дала данышпаны атанған Құнанбай  бабамыздың  бел баласы, Семей өңірінен алғаш орысша білім алған санаулы адамдардың бірі, ағасы Абайдың дүниетанымына ерекше әсер еткен Халиолланың есімін жалпы жұрт біле бермейді. 

 

21 жасында дүниеден өткен талантты жан

 

Дінге берік, дала салтын бұлжытпай сақтайтын, мұсылманшылығы мықты Құнанбай өз балаларына ат қоюға ерекше мән берген. Абайдың шын аты ұлы пайғамбар атына сай Ибраһим болса, балалары Ысқақ, Оспан мен Халиолланың есімдері де пайғамбардың құрметіне қойылғаны даусыз. Халиолланың шешесі Айғыз–Тобықты ішінде Жуантаяқ, Қарабатыр руынан, Бекен деген орташа тұрмыстағы, қарапайым адамның қызы болған.            Құнанбайдың Айғыздан туған Халиолладан басқа, Смағұл атты ұлы, Кәмшат есімді қызы да болған. Айғыздан туған осы үшеуінің тағдыры қиын да қызықты, әрі сан алуан оқиғаларға арқау болғанға ұқсайды. Мәселен, Айғыздан туған осы балалардың есімдері шағын-шағын эпизодтар болса да, «Абай жолында» ұшырасып қалады.       Мәселен, осы нәрестенің есімі Тобықты елін әбігерге түсірген Бөжей оқиғасына байланысты бірнеше рет кездеседі.

Романның бірінші кітабының «Жолда» атты тарауында «Бұдан басқа оң жақта, жер төсектің үстінде бала уатқан Зере бар. Тізесімен тербетіп отырғаны – Айғыздан туған немере қызы үш жасар Кәмшат» деген баяндауды оқуға болады. Дәл осы тарауда Бөжей қазасының аманатына берілген Кәмшаттың аянышты тағдыры былайша сөз етілген:

«Кәмшат өліпті және таңертең өлген баланы сол күні түс ауа қойып та бітіріпті. Керек десе, Құнанбай ауылына, Айғыздай көзі тірі шешесіне де хабар айтпапты» деген жазба жолдары арқылы Халиолланың қарындасы Кәмшаттың сәби кезінде шетінеп кеткені белгілі болып тұр. Соның дәлеліндей Қарашоқы бауырында жерленген Жігітек Бөжей зиратының алдындағы кішкене төмпешікте Кәмшат жатыр.   

Ал, Халиолламен оған жете туған інісі Смағұл есімін де дәл осы тараудан, романды оқыған адамның табары сөзсіз. М.Әуезов жазғандай «Смағұл мен Оспан екеуі түйдей құрдас». Екеуінің төбелесіп, асықтың қызыл сақасына таласып, тентек Оспанның Смағұлға әлімжеттік жасайтын тұсы да осы тарауда. 

Таяқ жеп, ботадай боздап жылаған Смағұлды жетектеп, ашуланған Айғыздың Ұлжан отырған үйге өктемдеп кіріп: «Ұрған жақсы болса, ертең оқудан келер Халел де, сенің сыбағаңды берер!» деп Оспанға айғай салатыны бар. Демек, бұл уақыт Халиолланың Омбыда жаңа оқуды бастаған тұсы болса керек.                          

Парасатты Абайдың Айғызды «Кіші апа» деп атауы кездейсоқтық емес. Өйткені, Ұлжан мен Айғыз бірге қыстап, жаз жайлауы да,  күз күзеуі де бірге болған. Тұрағұлдың «Әкем Абай туралы» естелігінде: «Ұлжаннан басқа Айғыз деген Халиолла мен Смағұлдың шешесі бар. Бұл екі бәйбіше бірге болған» деп жазуы осының дәлелі. Айғыздан туған үш баланың екеуі ертерек өмірден өтсе, Смағұл деген ұлы 1850 жылы туып, 1931 жылы қайтыс болып, Ақшоқыдағы Құнанбай қорымына жерленген. Тарихшы, Шәкәрім университетінің құрметті оқытушысы Мұхтарбек Кәрімовтың 2011 жылы шыққан «Қытайдағы Құнанбай қажы ұрпақтары» деген мақаласында Смағұлдың ұрпақтары туралы қызықты деректер келтіреді.

Тарихшы, ғалымның айтуына қарағанда, Құнанбайұлы Смағұлдың Себеке деген әйелінен Бурылхан, Бұрмахан деген қыздары болған. Алайда, 1930 жылғы ашаршылық, асыра сілтеу  тұсында Смағұл аман қалсын деген ниетпен әйелін екі баласымен Қырғыз асырып жібереді. Алайда, ол жақта да оларға тыныштық болмай, Себеке ағайын-туғандарымен қосылып Қытай асып кетеді. Арада жылдар өтіп, Смағұлдың қыздары сол жақта тұрмысқа шығып, екі ұлды болады. Мұхтарбек ағамыздың айтуына қарағанда, Қытайдың Іле аймағы МұнғұлКүре ауданында Құнанбайдың жиенінен туған жиеншарлары бар екен. 

Көптеген деректерде Халиолланың туған жылы мен күні әртүрлі беріліп жүр. 2014 жылы Мәскеуге сұрау салып, Халиоллаға қатысты үш деректі ол оқыған әскери училищенің архивінен алғыздық. Оның бірі туғаны туралы куәлік болса, екіншісі – Халиолланың қызмет тізбесі, үшіншісі – әскери оқуды бітірудегі қабылдаған ант мәтіні.

Осы деректер Халиолла Өскенбаевтің 1849 жылдың 11 сәуірінде туып, 1859 жылы 10 жасында Омбы кадет корпусына оқуға түсіп, оны 1867 жылы бітіріп, өзінің әскери білімін әрі қарай жетілдіру үшін Мәскеудегі княз Александр атындағы әскери училищені 1867-1868 жылдары оқығандығын бекітеді. Осы құжаттарда оның Омбы әскери округінің №6 казак полкына Корнет шенінде әскери міндетін жалғастыру үшін жіберілгені туралы бұйрық бар.  Бірақ, осыншама қысқа уақытта орысша білім алып, жаңа өмірге жолдама алып, жалындап өсіп келе жатқан Халиолла сол Омбы қаласында 1870 жылдың шілде айында көкірек ауруынан ауырып қайтыс болады. 

Жасында Халиолла да барлық Құнанбай балалары сияқты ауыл молдасы Ғабитханнан дәріс алып, мұсылманша хат таниды. Кейіннен Халиолла Семейдегі Камариден хазіреттің медресесінде  біраз жыл оқып, оған қоса өзі ынта қойып, орысша сауатын ашқаны туралы  деректер бар. Абайдың Халиоллаға жазған хатында осы Камариден хазіреттің аты аталғандығы оның Құнанбай ортасында  жақсы таныс екендігін және оның Халиоллаға кадет корпусында мұсылман дінінен сабақ бергенін дәлелдейді. Жоғарыда айттық, Халиолла 1859 жылы кадет корпусына оқуға түскенде ол Шоқанның туған інісі Махмұтпен 6 жыл бірге оқыған.  Сондықтан да, сол тұста Қашқар сапарынан аман-сау оралып, орыс ғалымдарын таңғалдырып, үлкен беделге ие болған Шоқанның Халиолла мен Махмұтты оқуға түсіруіне ықпал жасауы әбден мүмкін. 

Халиолла туралы ең алғаш жазба дерек қалдырған Абайдың інісі Ысқақтың баласы Кәкітай болды. Абайдың алғашқы өлеңдер жинағын шығаруға атсалысып, оның өмірбаянын жазған Кәкітай өз естелігінде Құнанбай атасын сипаттай келіп: «Өзге жұрт орыстан баласын жасырып жүргенде, балаларына орысша оқу оқытып, Халиолла деген баласын Омский Кадетский корпустан оқытып,  онан соң Москвадағы  әскери кавалерийский школдан оқытып, сабақты жақсы бітіріп, корнет болып, қызметте жүргенде, ауырып дүниеден қайтып еді» деп қысқа болса да нақты жазып кеткен. 

Ал, Халиолла жайлы құнды деректер асылдың соңғы тұяғындай болған, хакім Абайдың немере інісі Әрхам Ысқақовтың «Абайдың өмір жолы» естелік еңбегінде тіпті мол кездеседі.  Әрхам осы естелігінде: «Елдің сынынша Ысқақ пысық, ұғымтал, ақкөңіл болады. Халиолла сабырлы, көп сөйлемейтін, тұйық болады дейтін. Абай екеуін де жақсы көреді. Абай Ысқақтан Халиолла артық, ойлы, ақылды, дана адам болар деп үміт артады» деп, Халиолланың оқуы туралы таңдауды Абайдың өзі жасағанын байқатады. 

Осы естелікте айтылғандай, Абай Халиолланы атасы Өскенбайдың атына жаздырып, куәлік қағаз дайындап, оқуына қаражат жинайды. Тіпті оны Омбыға оқуға апаруға орналастырмақ ниеті де болды. Алайда, әкесі Құнанбай тапсырмасымен ел ішінде тығыз жұмыс шығып, Халиолланы Омбыға апару мәселесі орыс тілін білетін Ғабитхан молдаға жүктеледі.          

Халиолланың Омбы кадет корпусындағы оқып жүрген кезеңінен хабар беретін біраз деректер іздеген жанға табылады. Абай музейінің қызметкерлері Мұздыбай Бейсенбаев пен Маржан Мұхаметова Омбы архивінен Халиолла туралы көп материалдар жинаған.     

Сондай-ақ, Шоқанның өмірі мен қызметін зерттеп, тамаша ғұмырнамалық шығарма жазған жазушы, зерттеуші Ж.Бейсенбаев «Жасын тағдыр жарқылы» атты кітабында: «1867 жылы кадет корпусы әскери гимназияға айналған шақта, оны 1-разрядпен бітірушілер ішінен Абайдың інісі Халиолла Өскенбаевты көреміз. Ол оқуын жалғастыруға Петербургтегі Үшінші Александр әскери училищесіне жіберілді» деп, Халиолла өмірінен бір үзік дерек келтіреді. Бірақ «Халиолла Петербургте емес, Москвада оқуын жалғастырды» деген сөз шындыққа жақын келеді. 

Халиолла 1870 жылы қайтыс болғанда Құнанбай Омбыға кісі жіберіп, оның денесін елге алғызып, Сарықатын қыстауына жерлейді. Ол Шыңғыстау бөктеріндегі Құнанбай бәйбішесі Күнкенің қонысына жақын жерде орналасқан. 1924 жылы осы жерге Халиолланың анасы Айғыз да жерленген.

Халиолланың орыс оқуын терең меңгеріп, Абайға ерекше әсер еткені туралы Әрхам өз естелігінде: «Осы демалысқа келерде Халиолла Абайдың оқуына орысша көп кітап алып келіпті. Ойын-сауықтан бос уақытында әдейі оқытып, ұғынбаған жерін үйретіп, ұстаздық етеді. Өткен үш жылдың ішінде өзінің білгенін түгел айтып, жол жобасын түгелдей көрсетеді. Әсіресе, Абайға қиын соғатыны – тіл үйрену жағы. Орысша кітап оқығанда сөзін түсіну қиын болғандықтан, Халиолла сол жағына көңілін көп аударады» деп жазуына қарағанда, Абайдың Семейдегі орысша оқуы олқы соғып, оған орыс тілін, әдебиетін оқып үйретуде Халиолланың ағасы Абайға жақсы ұстаз болғанын аңғару қиын емес. 

Тіпті, мынаған назар аударыңыз, Халиолла қайтыс болғанда, оның денесімен қоса Омбыдан екі сандық дүние зат қоса келіпті. Тағы да сол Әрхам естелігіне жүгінсек, Халиолла жерленген соң, оның дүниесін таратқанда, Абай еш ойланбастан кітаптар мен қолжазбаларға толы сандықты қалап алыпты. 

Осы арада Абай шығармаларын Өзбек елінде насихаттап жүрген үлкен ғалым Мұхтар Әуезов жақсы араласқан Әбдірахман Сағди деген зерттеушінің 1923 жылғы «Ақжол» журналында жарияланған мақаласы  бар. Өзбек ғалымы Абайдың орыс тілі мен әдебиетін жетік білуіне сүйсіне отырып, «Абайдың жанында орыс ақындарын ашық түсіндіре білетін бір адамның серік болуы байқалады» деп жазуы тегін емес. Бұл пікірді Абай аудармасы жайлы зерттеу еңбектер жазған Тәкен Әлімқұлов та бекітеді. 

Өткен жылдың қараша айында аудандық «Абай елі» газетінде «Разақтың әңгімесі»  деген мақала жарияланған. Онда Халиолланың елге демалысқа келгенде көп кітап-журналдар әкеп, жиналған жұртшылыққа орыс әдебиеті мен батыс мәдениеті туралы жақсы әңгімелер айтатындығы жазылған. Тіпті, ол кітаптарды Халиолла елге сыйға таратқан. Әңгіме айтушы Мұхтар Әуезовтың ағасы Разақ та Халиолла әкелген Ершовтың «Конек Горбунок»  кітабының қолында болғандығын айтады.

Демек, Шыңғыстау жұрты бертінге дейін Халиолланың өнегелі ісін ұмытпаған. 

 

Фольклор мұрасын жинап, аударма жасаған

 

Халиолла тек орысша оқып, әскери шен алумен шектелмей, өз заманының озық ойлы ұланы Шоқан сияқты, қазақтың фольклор мұрасын жинаған, оны орыс жұртшылығына аударып таныстырған, әрі өзі де орыс ақын-жазушыларын көп оқып, олардың шығармаларын қазақ тіліне аударған, орыс мәдениетін елге таратушы, насихаттаушы керемет талантты жан болғандығын айтушылар көп. 

Халиолла Омбы, Мәскеуде оқыған жылдары орыстың  Шығыстанушылары профессор И.Н.Березин, оқытушы Н.Ф.Костылецкий және әйгілі Шоқанның досы Г.Н.Потанинмен таныс болып, тығыз байланыста болғанын Ә.Марғұлан, С.Мұқанов, М.Әуезов, Ү.Субханбердина, М.Бейсенбаев, А.Шәкәрімұлы,  Қ.Мұхаметханов, Т.Жұртбаев сынды әдебиет тарихын зерттеуші ғалымдар әр жылдардағы зерттеу еңбектерінде ауызға алып, ілтипатпен айтқанын қалай жоққа шығаруға болады. Мәселен, фольклортанушы ғалым Ү.Субханбердина өзінің «Дала уалаяты газеті» атты екі томдық кітабының кіріспе бөлімінде: «Г.Н.Потаниннің айтуынша, орыс классиктерінің шығармаларын алғаш аудармашылардың бірі Абай Құнанбаевтың інісі Халиолла Өскенбаев болды. Ол 1863-1870 жылдары Омбы кадет корпусында оқиды, одан соң Семей маңындағы ауылда өмір сүрді. Ол халықтың ауыз әдебиет үлгілерін жазып жинаған. Оның ішінде «Еңлік-Кебек» әңгімесі, «Жиренше шешен» аңызы мен Тургенев, Лермонтов, Толстой және бассқалардың өлеңдерін, әңгімелерін аударған. Х.Өскенбаев жинаған бұл материалдар белгілі шығыстанушы ғалым И.Н.Березиннің архивінде сақтаулы» деп жазған.

Халиолла жинаған «Еңлік-Кебек» әңгімесі мен «Жиренше шешен» аңызы «Дала уалаяты газетінің» 1892 жылғы 29-санында жарық көрген. Бұл жылдары Халиолла өмірде жоқ.  Шығарманы ұсынушы И.Н.Березин мен Н.Ф.Костылецкийдің біреуі болуы керек. Сондай-ақ, үлкен ғалым Әлкей Марғұланның «Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың өмірі мен қызметі» атты жұртшылыққа мәлім  очеркінде мынандай жолдар бар: «Архив деректеріне қарағанда, Н.Ф.Костылецкий өзінің шәкірттеріне қазақ фольклорын жинау және қазақтың халық ойындарын жазып алу жөнінде де ой айтқан тәрізді. Ең ғажабы, Н.Ф.Костылецкийдің атына жолдаған хаттар мен қазақ фольклоры туралы жазбалары бүгінге дейін сақталған. Сондай жазбаларды оған Шоқан Уәлихановтан кейін Абайдың інісі Халиолла Өскенбаев, Мұстафа Бүркітбаев, Садуақас Анаев, Ханғожин және басқалар да жолдаған».

Осы үзіндіден-ақ, кадет корпусының оқытушысы Н.Ф.Костылецкийдің Халиоллаға дәріс берумен бірге ағартушылық жөнінен де үлгі-нұсқа көрсеткені айқын.

Шоқанмен жастай достасып, онымен бірге оқыған саяхатшы, әдебиетші, тарихшы Г.Н.Потанинге де Өскенбаев есімі таныс болған. Мәселен, сол Г.Н.Потанин «Қырғыздың соңғы ханзадасының киіз үйінде» атты еңбегінде, Халиолла есімін айтып, Шоқанның інісі Махмұт екеуі оны ілтипатпен еске алып, жайдары мінез-құлқын сүйсіне сипаттайды.

Потанин: «Омбыдағы кадет корпусын бітірген, Семей маңындағы туған ауылында тұрған  қырғыз сұлтаны, жастай қайтыс болған Өскенбаев туралы бірде әңгіме өрбіді. Ол кешке қарай өз жерлестеріне орыс тіліндегі повестер мен романдардың мазмұнын ана тілінде әңгімелеуді өзіне машық еткен.  Ауыл қырғыздарының сол әңгімелерді  қызыға тыңдайтыны сонша, ол әңгімелерді қағазға түсіруді өтінеді. Нәтижесінде сол ауылда қырғызша жазылған дәптерлер пайда болады.

Киіз үйде өткен әдеби кештердің кейбірі қырғыздарды қызықтырып, олар да содан туған ой-пікірлерін ортаға салады. Сондай кештердің басы-қасында болушының әңгімесіне қарағанда, Өскенбаевтың «Тыңдаңдар, бұл жайында атақты орыс сыншысы Белинский былай десе, немесе орыс сыншысы Добролюбов бұл туралы мынадай пікірде болған деген тәрізді толғаныстар өрбіткен» деп жазуы Халиолланың болмысын анықтап тұрғандай.

1896 жылы «Дала уалаяты» газетінде Н.Максимов қол қойған «Қазақ оқығандарының міндеті» деген мақала шығып, автор Потаниннің жоғарыдағы пікірін қолдап, онда аты жазылған, қазақтың тәуір кісісі деп баға берілген Өскенбаев туралы сұрау салып, ол туралы редакцияға хабарласуды өтінеді. 

М.Әуезовпен Ленинградта бірге оқыған, пікірлес досы болған  Әлкей Марғұлан Абай айналасын зерттеуге ден қойып, Абайтану ісіне айтарлықтай үлес қосқаны әдебиетшілерге мәлім. Осы ғалымның «Абай» журналының 1993 жылғы 6-санында «Үш хаттың сыры» деген мақаласы жарияланған. Мақаланың мазмұны: Әлкей Марғұлан 1938 жылы Ленинградта болғанда профессор, шығыстанушы И.Н.Березиннің архивінен Халиолланың атына жазылған үш хаттың көшірмесін тапқан. Ол хаттарды Құнанбай, Абай және Ғабитхан молда 1866 жылы оқудағы Халиоллаға жазған.

Ондағы деректер сол кездегі Шыңғыстау өмірінің тұрмыс-тіршілігін, Құнанбай, Абай төңірегіндегі тарихи оқиғаларды білуге мүмкіндік жасайды. Халиоллаға жазылған осы хаттар Березин архивіне Халиолла қайтыс болған соң, Костылецкий арқылы жеткен болар. Демек, Березин архивінде Халиолланың жолдаған көптеген фольклорлық және алыстағы дала елінің аңыз әңгімелері сақталуы мүмкін. Осы мақаласында Ә.Марғұлан: «Тек жастай өмірден өткені өкінішті жайт, әйтпесе Халиолла  ағасы Абай сияқты асқан ойшыл, қаламы төгілген жазушы болуы анық еді, амал қанша?!» – деуі де Халиоллаға деген құрметпен жазылған.

Жоғарыда айттық, Халиолла 1859-1867 жылдары Омбының кадет корпусына оқуда болғанда Шоқан бұл оқу орнын 1853 жылы аяқтап, Сібір генерал-губернаторында әскери қызметте жүргені мәлім жайт. Қашқар еліне саяхаттан соң, Шоқанның аты бүкіл Ресейге, Еуропаға әйгілі болып, ерекше дүрілдеген кезең еді. Демек, Шоқан әлде қалай Омбыға бара қалса, өзі оқыған оқу орнына бас сұғып, ұстаздарына амандасып, сол оқу орнында оқитын өз інісі Махмұт пен аға сұлтан Құнанбайдың баласы Халиоллаға жолықпауы мүмкін емес қой? 

 

Абай мен Шоқан  кездескен бе?

 

Әдебиетшілер мен тарихшыларды өткен ғасырдың ұлы тұлғалары Шоқан мен Абай кездесті ме деген сұрақ көп мазалаған. Осы жайтқа орай, Сәбит Мұқанов «Жарқын жұлдыздар» кітабының кіріспе бөлімінде бір қызықты деректер келтіреді, онда: «Шоқанның Абайға жолығуы жайында әзірге дерек  жоқ. Солай бола тұра Абай Шоқанды білген деген ой келеді, соған бірінші дәлел: Абайдың туған інісі Халиолла Өскенбаев Омбының кадет корпусын 1867 жылы бітірген. Бұл кезде Шоқанның атағы аспандап, Омбы әкімдері мен интеллигенциясы арасында жұлдызы көтерілген шағы. Халиолла көзі ашық, парасаты мол шәкірт. Оның Шоқанды білмеуі және ақындық дарынға ие Абайға сырттай болса да таныстырмауы мүмкін емес» деп, Шоқан-Абай-Халиолла арасынан жазушы рухани байланыс іздейді. Ал, Әрхам Ысқақов өзінің  «Абайдың өмір жолы» деген естелігінде Шоқан мен Халиолла өзара жолыққан, бірін-бірі таныған деген ой айтады.

Халиолла Өскенбаевтың қазақ фольклор үлгілері мен ел аузындағы аңыз-әңгімелерді жинап, соларды  орыс тіліне аударғаны туралы деректер аз емес. 

Ғалым тарихшы, Шәкәрімтану ісіне елеулі үлес қосқан қоғам қайраткері Е.Б.Сыдықов «Шәкәрім» атты ғұмырнамалық шығармасында Халиолланың 1892 жылы «Московская Иллюстративная газета» басылымының 274-санында «Киргизское предание» деген орысша жазылған мақаласы басылғанын  жазады. Сол еңбекте Халиолла Өскенбаев өзі естіген, өзі өскен Шыңғыстау жайлы, осы төңіректегі Хан биігі, Орда, Доғалаң, Шұнай сияқты таулардың тарихын баяндап, осы өлкеде ұлы билеуші Шыңғыс ханның болғандығын көркем суреттеп жазған деп баға береді. Кезінде «Абай» журналында авторы «Ұмытылған» деп көрсетілген. «Қазақтардың естен кетпей жүрген бір сөзі» деген «Еңлік-Кебек» оқиғасына арналған мақала жарияланып, осы жазбаны Абай не  Шәкәрім жазды деген әңгіме болған.  

Абайтанушы ғалым, бүгінде Шәкәрім университетіндегі Абай орталығын басқарып отырған Бауыржан Ерденбеков осы  тақырыпты түбегейлі зерттеп, «Еңлік-Кебек оқиғасының алдымен орыс басылымдарында жарық көруі – Халиолланың еншісінде» деп бекітеді. 

Абай мен Әуезов еңбектерін зерттеуші, әдебиетші, ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбаевты да Халиолланың жасын тағдыры ерекше қызықтырғаны анық. Сол себептен де ол көп ізденіп, архив деректерін ақтарып, Халиолла жөнінде қыруар құжаттар жинаған. Әсіресе, Халиолланың Тінібай қызы Айғанымға ғашық болған хикаясын  ерекше сөз етеді. Семейдің ірі байы Тінібайдың сұлу қызы Айғаным мен Құнанбайұлы Халиолла арасындағы сүйіспеншілік ақырында махаббат трагедиясына ұласқан. 

Бұл енді Тобықты еліндегі «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» хикаяттары сияқты аты шулы махаббат оқиғаларының Семейде қайталанған жалғасы іспетті.

Осы мәселе туралы «Өнерлі өлке өрнегі» атты эссесінде «Халиолла Семейдегі Тінібайдың қызына ғашық болып, оны алып қашады. Жолда қолға түсіп, қыз екеуін қамаққа алады. Құнанбай жастарға теріс батасын береді. Халиолла соған ренжіп, Омбыға кетіп қалып, көп ұзамай қайтыс болады. Қыз да қайғылы халге ұшырайды. Халиолла оқиғасы М.Әуезовтың «Қаракөз» атты трагедиясына арқау болады...» деп жазады Жұртбаев.

Әрхам Ысқақов та Халиолла-Айғаным оқиғасын тәптіштеп баяндап, бұл істің аяғы шатаққа айналып, соңы Семейдің мировой сотында қаралып, сот Халиолланы ақтаса да, екі жас қосыла алмағанын қынжыла жазады.

Қорыта айтар болсақ, біріншіден, өмірден ерте өтсе де, жан-жақты білімді Халиолланың ағасы Абайдың орыс тілі мен әдебиетін терең меңгеріп, орыс ақындарының шығармаларын қазақ тіліне аударуда рухани көмегі болғандығын жоққа шығаруға болмайды.

Екіншіден, Халиолланың Шоқанның ізімен қазақ фольклор үлгілерін жинап, қазақтың ежелгі, аңыз ертегілері, салт-дәстүрі, ерекше тарихи оқиғалары жайлы жазған жазбалары қалған.

Әрине, Халиолланың толық өмірбаянын түгендеп, оның қазақ әдебиетіне қосқан үлесін зерттеп, жан-жақты тану ісі болашақтың ісі деп білеміз.

Әсет МЕДЕУХАНҰЛЫ, журналист, өлкетанушы, Абайтанушы, Абай облысы Абай ауданы, Қарауыл ауылы
09.01.2025

Ұқсас жаңалықтар

«БІР ҚАЙНАУЫ ІШІНДЕ ЖАТҚАН»  ПАРЛАМЕНТ
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 11.01.2025 67
ҚАРА ҚЫЛДЫ  ҚАҚ ЖАРЫП
Болат ЖАППАРҰЛЫ, ардагер журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі - 11.01.2025 30
ҰЛУ ЖЫЛЫНДАҒЫ ӘЛЕМДІК ІРІ ОҚИҒАЛАР
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 10.01.2025 59
Халықтан қорыққан әкім әкім емес!
Нұрила БЕКТЕМІРОВА - 10.01.2025 22
«БІР ҚАЙНАУЫ ІШІНДЕ ЖАТҚАН»  ПАРЛАМЕНТ
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 11.01.2025 67
АТЫ КОЛЛЕДЖ БОЛҒАНЫМЕН, ЗАТЫ ИНСТИТУТ
Жандос ОМАРОВ, Жамбыл облысы, Қордай ауданы - 09.01.2025 83
БАР  ЖАМАНДЫҚ ЕСКІ  ЖЫЛМЕН КЕТСІН!
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - 09.01.2025 72
ЖАСЫН ҒҰМЫР (Абайдың өнегелі інісі Халиолла Құнанбайұлы туралы)
Әсет МЕДЕУХАНҰЛЫ, журналист, өлкетанушы, Абайтанушы, Абай облысы Абай ауданы, Қарауыл ауылы - 09.01.2025 55
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 1423
Жамбыл ауданы:  Жерге – тыныс, елге – ырыс
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, журналист Жамбыл облысы Жамбыл ауданы - 20.12.2024 1840

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 12668
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 11571
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 14810
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 13756
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 18777