ЖАТ ЖЕТЕКТЕП БАРАДЫ
Құрлық асқан, құм басқан, су түбінде сан сандық,
Не өтпеді бір бастан – таңырқадық, тамсандық.
Біз де болдық «ақылды», айламыздың түбі жоқ,
Дүниеге қожайын – қу темірге жан салдық.
О, ғажап, бұл сананың білмейтіні болмады,
Қанағатсыз қасқа ғой – сол бір дерттен сорлады.
Өз жүрегі – дұшпаны, тілін кесіп тастаған,
Бір кеуденің ішінде екі бөлек жолдары.
Көкбеттеніп өзгердік, көңіл көзі тұманды,
Көрбақалар көргіш-ақ орға түскен құланды.
Жат жетектеп барады, жас жүрегі жаралы,
Бізге біткен қыз бен ұл – ұрпағым мен ұланды.
****
АЙ МЕН КҮНДЕЙ
КҮЙ МЕН ЖЫР
(Оспан Құлсымақ ініме естелік)
Қарасам көзім ұялған,
Жандағы шуақ қиялдан.
Хадидті білдім Құраннан,
Хадистен сүннет – бір Аллам,
Ниет пен шүкір тең сөйлеп,
Кеудеден кербез шығар жан.
Иллаһи илла – жан Алла,
Рух пен ілім – адалға.
Әрекет – тәфсір әріден,
Санаға демеу мән мен сөз,
Қылкөпір тектес ғаламда.
Сәулелі көңіл, нұрға мас,
Нұрланбай көңіл жырламас.
Жарық пен соңғы қараңғы,
Перідей күліп таранды,
Қара өлең әйт, шу, қырдан ас.
Хақ жаратпас бекерден,
Тәңірден тылсым жетер дем.
Даналық түбі – үзік сыр,
Періштең оқып тізіп тұр,
Тәтті екен тәлім шекерден.
Астафираллла ақтан құт,
Әлмисақтан дастан қып,
Сауалы көп жауаптан,
Сауап іздеп таң атқан,
Бір тамшы демнен басталдық.
Қанағат, қайыр иманнан,
Әулие-Пірлер сыйланған.
Жұмақтан жыр боп төгілген,
Жыршылар қайда егілген,
Ел аңсап, тұста қиналған?!
Саз бен салған жанымды,
Сол сазды көңіл сағынды.
Ай мен Күндей күй мен жыр,
Құдайдың өзі сүйген жыр,
Алла бір ашсын бағыңды.
***
ҮРКЕР ТУҒАНДА
Топ торғайға үрей болған Үркерім,
Төріме шық, төрелік айт, жыр тегін.
Уақыт сенің еншің еді әу бастан,
Оны қалай шідерлеймін, іркемін?..
Босағамнан үңіліп тұр өткенім,
Самай аппақ, салқын көңіл – неткенің?..
Түс көрдім бе,
іс көрдім бе өнбейтін –
Қырдың басы қырау екен, шетте кім?..
Қош ендеше, Қараша мен қоңыр күз,
Біз – жапырақ, тел сарғайған өмірміз.
Таң сәрінің алқымынан Ай жалап,
Қар көрінді, қалды астында көмілді із.
Сосын анау дауыл соқты, шайқады,
Кімнің қанша тұратынын байқады.
Көк серкенің желкесіне мініп ап,
Көк бет боран әлде нені айтады?..
Сақалынан бір тұтамын қалдырды,
Тұлымына мұздан қоңырау салдырды.
Таң сәріде бақылдатып байғұсты,
Бітеу жарып, бөтекесін алдырды.
Кім қорғасын? Қой мен ешкі дүрлікті,
Бұлар енді білмейді сол – бірлікті.
Маңырайды жалғыз-жалғыз жан беріп,
Солай сүріп келе жатыр тірлікті...
***
...НЕ КӨРДІМ?
Көк аспанның көмейінде бір тіл бар,
Оған енді бәрі аян – сыршыл жар.
Алақаным – бүршік жарған үмітім,
Жаным, Алла, мені тыңдап тұрсыз ба, Ал?..
Найзағайға от жасырдым жасынға,
Жүрегімнің жүз періште қасында.
Алау жаққан,
Анау жақтан қос көрдім –
Бір болашақ алты қырдың басында.
Көк зеңгірге қанат сермеп жөнелдім,
Күлімдедің, көп қарадың, көген күн.
Өлең, мені ал алып ұш ғарышқа,
Поэзия, сені сүйдім – не көрдім?..
Сәуле сынып, нұр төгілді, шашылды,
Жеті қат көк – сенің қақпаң ашылды.
Шың басында шындық бар деп естігем,
Тау мен тасқа ұрып келем басымды.
Мойыл түннің қарашығын жамылып,
Мендік көңіл отыр, міне, тағы ұлып.
Мана маған қарап кеткен батар күн –
Қып-қызыл қан, көз тамыры жарылып...
Арпалысқан өзегімнің қуатын
Аласың ба? Саған бердім – бұла түн.
Біз пендеміз, қырбай қабақ, қырсық жыр,
Насыбайдан көңіл қалған бір атым.
Періштелі пернесіндей сазымның,
Жүрегіңнің тыңдар екен назын кім?..
Маңдайымнан өлең сүйіп сәріде,
Жан біткенге құшақ аштым – жазылдым.
***
ЖҰМБАҚ ЖОЛ
Сағыныш жоқ, сезім солай сергелдең,
Көктен хабар, төзім алдым жерден мен.
Кеткен жанның шағым айтқан бірі жоқ,
Бұл өмірге жылап әсте келгенмен.
Нар жолында жүк қалмасын деп тілеп,
Ер құласа, көміп жаттық «текті» деп.
Жыртық желкен, тесік қайық, көп үрей,
Қара тобыр жағалауға жетті кеп.
Сосын бәрін жоққа балап – «Өзім!» деп,
Өңкей «Өзім!» өзін ойлап, көз ілмек.
Тағы шығар сапар алды жұмбақ жол,
Жалбарынар – «Осы соңғы сөзім!» деп.















