Бүкіл әлем елдері алаң болып отырған жай – Ресейдің Украина еліне жасап жатқан адам айтқысыз қанқұйлы шовинистік әрекеті. Зерделеп келгенде, ақпарат ағымында мұндай Ресей тарапынан болып отырған бұл зұлымдықты төрткіл дүние фашизмнің шектен шыққан түрі деп бағалауда. Ресейдің ресми және бейресми тұлғалары біздің еліміздің аумақтық тұтастығына ақпараттық шабуылдарды жиілетіп, оның құрамында белгілі бір жерлердің болу заңдылығына қасақана күмән келтіреді. Ресей саясаты жөнінде «путинизм», «фашизм», «ұлыорыстық шовинизм» пиғылын бүкіл орыс ұлтының басым бөлігіне «шовинизм идеясы» сіңіп, уланған қоғамы мен билігі ашық агрессияға ұласқан ұстанымы бейбіт халықтарды алаңдатары анық. Соның ішінде, қазақ халқына бағытталған қаскөй басқыншылық бастамалары бізді бей-жай қалдырмай, самарқау, салғырт санамызды оятып, сергек жайда болу үшін тиісті факторлардан да хабардар болғанымыз жөн, әсіресе екі алып көршімізбен қарым-қатынаста... Атам қазақ: «Жау жоқ деме...», «Сақтықта қорлық жоқ» деген...
Фашизмдік бағытындағы Ресей қайда барады?
«Фашизм – өз ұлтының өзге ұлттардан артықшылығын дәріптеуге негізделген идеология. Ең сорақысы сол – фашизм әсіреұлтшылдық пен әлеуметтік демогогияны арнаулы насихат құралдары ретінде пайдалана отырып, көпшілік бұқараның белгілі бір бөлігін басқыншылық мүдде тұрғысынан топтастырады, сөйтіп, сыртқы саясатта сол басымдықты жүзеге асырады». Ресей осы демогогияны іске асыруда. Бұны бүгін де көріп отырмыз.
Ресей басқыншылығы сол, бұған дейін де Молдовадан Денестр жағалауы аумағын басып алған. Грузиядан Абхазия мен Оңтүстік Осетинді, Украинадан Қырым татарларының жері – Қырым түбегі мен Семфоропольді тартып алды.
Гитлер де 1938 жылы Чехославакияның немістер көп тұратын Судет облысын қосып алған. Біз бұдан сабақ алып, ойлануға тиіспіз...
Орыстар біздің Солтүстік өңірлерімізді өзіне қаратып алмаққа әлденеше рет қарақшылық пиғылын ашық білдірді. Бұны қолдаған орыс шовинистері одан әрі зорайтып: «солтүстік аймақтық жер орыстікі, босатыңдар! Бұл жер кезінде «сыйға берілген», «арендаға берілген» деп орыстар көп шоғырланған аймақты агрессиялық өктемдікпен тартып алмақ ниеттерін білдірді. Бұны Путин өзгенің аузымен айтқызып отырғаны белгілі. Иә, Путин Кеңес Одағы (КСРО) ыдырауын «орыстың құлдырауы» деп түсінеді. КСРО-ны қайта құрғысы келеді. Бұны өзі де ашық айтқан. Сөйтіп бұлар империя құрудың жаңа жолдарын қарастыруда.
Орыстың бұл қатерлі де қауіпті пиғыл-идеясы бізді өте-мөте ойландыратын жай. Елдігіміз бен егемендігімізге төніп тұрған қауіп деп түсінгеніміз ләзім. Жылы жауып, жайбарақат қарауға болмайды. Жұрттың санасына да болмысты болғандай етіп жеткізу азаматтық борышымыз. Елеп-ескермей, есінеп отыра беруге болмайды.
Өз ұлтыңның тарихын бұрмалау кімге зиян?
Орыстың ойына келгенін айтуға әуелі өзіміз себепкер болдық. Қазаққа деген қанқұйлы саясатына жолды өзіміз бастап бердік. Онсыз да қай жағынан сылтау тауып, ұрынуға қара таппай отырған басқыншыға қылбұрау шылбырды қолына ұстатып, қылша мойнымызды ұсындық.Орыс патшасының көктен іздегені жерден табылып, өрекпіген өзімшілдері тұс-тұстан андыздап, қазақ еліне құлқамытын кигізіп, елдік намысымызға тиетін небір қиямпұрыс сөздерін қарша боратты. Орысқұлды қазақ мандытып жауап та қайтара алмадық. Өйткені баяғыда-ақ басқыншы орыстан бұрын Елбасы қазақтың аузына құм құйып, қол-аяғын байлап тастаған болатын.
Иә, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бізде сөз бостандығы бар, «цензура» жоқ деген. Цензураны құлсаналы өзіміз қолдан жасап отырмыз-ау... Әңгіменің ақиқатына көшер болсақ, яғни «орыстың ойына келгенін айтуына» әуелі өзіміз себепкер болдық. Анығын айтсақ, сол тұстағы экс-президент, «Елі сүйген, Елін сүйген Елбасының» еліне қалдырған «қаралы сыйы» болды. Бұл «сыйды» Ресей басқыншылары таптырмас «көзір» ретінде бетімізге басып, бұлтартпас айғақ ретінде ұстап отыр. Путин кезіндегі экс-президенттің алжасқан сөзін әлденеше рет мықты мысал етіп, алдымызға «сыбаға» етіп тартты. Орыстар үшін таптырмайтын бұл сатқын, «сыбағалы сөзді» алқалы жиын-топта «Елбасы» бір емес, бірнеше мәрте айтты:
2011 жылы шілде айының 27-сі күні Алматы облысында өткен малшылар слетінде: «Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекеті болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ. Тұңғыш рет қазақтың шекарасын шегелеп, Біріккен Ұлттар ұйымына жеткіздік..! Ешқашан қазақ өзі таңдаған өз астанасын салған жоқ!» – деді. Н. Назарбаев мұндай пікірді 2005 жылы 24 тамызда айтқанын «Азаттық» радиосы да келтірген. Осы тақылеттес сөзді Ресей патшасының шақыруымен бүкілресейлік «Селигер – 2014» жастар форумына қатысып, қойылған сұрақтарға жауап бергенде Путиннің сұрқиялықпен көпшік қоя сөйлеген мадағына елітіп: «... Еш уақытта қазақта мемлекет болған жоқ («мемлекетті мен құрдым» дегендегісі), себебі шекара болған емес», – деп салды. Мұны іліп әкеткен Ресей Президенті: «Ол (Н. Назарбаев) ерекше нәрсе жасады. Ол ешқашан мемлекет болмаған аумақтан мемлекет құрды. Қазақстанда ешқашан мемлекеттілік болмаған», – деп, қазақты маңдайдан бір-ақ ұрды.
Міне, осыдан кейін жырынды даугер депутат Жириновский, Лимонов, Севестьяновтар қазақты ел санатына санамай, мемлекеттілігін де мойындамай, қазақтың бес облысын Ресейге қоса салу керектігін ашып айтты. Тіпті Ресей Мемдумасының жириновскилік ЛДП-ның депутаты Павел Шперов «Қазақстанның қазіргі отырған жерлері аз уақытта Ресейге қосылатын болады» деген пікірін білдірді.
Иә, бүгінгі Ресей – Украина соғысы кезінде Назарбаевтың бұл сөзі басты рөл ойнап, «Украинадан кейінгі басқыншылық соғыс Қазақстан болады» деп отыр. Бар пәле экс-Президенттің сұм сөзінен болып отыр. Яғни орыстардың бізді ойсырата орып-опырып, санамызды сансыратуына өзіміз себепкер болып отырмыз...
Енді ұлт жанашыры, көптің көкейінен шығатын салиқалы сөз айтқан Сансызбай Нұрбопа мырзаның (2014 жылғы) сөзіне құлақ салайық:
«Назарбаевтың бір сөзі бір сөзіне қарама-қайшы келіп отырады. Оның шын пайымына салсақ, 2014 жылы «Хабар» арнасына Ұлытау баурайында мынадай сұхбат берген болатын: «Мына өзіміз келіп отырған Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң, Берел қорғаны бар. Орталыққа келсең, қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң, Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекені бар. Оңтүстікке барсаң, Түркістан тұр.Қазақстанда осындай қасиетті жерлар көп»деген еді. Сонда Берел қорғанын кім тұрғызды? Жерленгеніне жиырма ғасыр асса да ондағы мүрделер күні бүгінге дейін қалай мықты сақталған? Мемлекеті жоқ жабайы халық адамдар мен аттарды мумиялап, мәңгілікке сақтаудың жолын қайдан меңгерді? Мемлекеті жоқ болса, қазақ халқы қалмақтармен неге шайқасты? Жылқысын қорғап па, әлде өрісін қорғап па? Мемлекеті жоқ тобырдың Сарайшық пен Түркістанды тұрғызуы мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Президентті ары қарай тыңдаңыз: «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады.Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда болған халық емеспіз. Бұл – жаңағы айтқан ғұндардың да, көк түріктердің де, Алтын Орданың да орталығы болған жер. Өзінің тұрған жері – Қазақстанның кіндік ортасы».
Міне, тегіңді тану мен тарихыңды білудің бұдан артық қандай үлгісі керек сізге?
Қазақты қорлап, қазақ халқын төмендетуден кім не ұтады? Путиннің ойы белгілі. Қарт кісіні арқадан қағып, үлкен бір мемлекетті Ресейге қосып алса, одан артық не керек?! Қазіргі тірліктің бәрі біртіндеп соған әкеле жатыр. Ал қазақ Президентіне ше?..
Жер тағдыры – ел тағдыры
«Егемен Қазақстан» газетінің белді тілшісі Ғабит Ескендірұлының сөзімен айтсақ, шәк кетпеспін. Бұдан артық тағылымды да танымды, жалпы жұртқа жұғымды жеткізу де бола қоймас... «Жер тұтас болмай, ел тұтас болмайтыны белгілі ғой. Алаш жұртының бойындағы иммунитет Жерге кіндігімен біржола байланған. Басқа мәселеде осалдық танытқанымен, жер мәселесіне келгенде Мөденің ұрпағы бабасының аманатына адалдық танытып келеді.
«Арым – жанымның садақасы» дейтін қазақ Жерін де «жанының садақасына» айналдырғалы қашан. Туған жерін басқыншылардан қорғау үшін болған шайқастарда қаншама мың боздақ опат болып, қаншама бала жетім, қаншама әйел жесір қалды. Ата-бабаларымыздың тоқымдай жер үшін жанталасқан ерен ерліктерінің арқасында ғана Қазақ елі бүгінде төрткіл дүниеге тоғызыншы территория ретінде танылып отыр.
Тоғызыншы территория қазіргі кезде де талай-талай алпауыттың көзқұртына айналып отырғаны белгілі. Соңғы кездері Қазақ мемлекеттілігіне сәуегейлік айтатындардың үні жиі естіліп, қазақтың өз жерін өзіне «сыйға тартушылар» бой көрсете бастады. Кездейсоқ жандар болса бір сәрі, Ресейдің саясат сахнасында жүргендердің сандырағы көршілердің достық қарым-қатынасына сызат түсіретіні анық.
Ал шығыстағы көршіміздің бұқаралық ақпарат құралдары ара-тұра арандатушылық тұрғыда ақпараттар жариялайды. «Қазақстанды қашан қосып аламыз?», «Қазақстанда төрт жүз елу мыңдай Либайдың ұрпағы ұлы Жұңқуаның құшағына қашан кіреміз деп отыр» деген сияқты экспансиялық бағыттағы ақпараттар таратып,тату көршілікті араздыққа бастайтын әрекеті тыйылар емес.
Жер тағдыры – ел тағдыры. Қазіргі кезде жер мәселесіне қатысты заң жобасы Парламент қабырғасында қаралып жатыр. Жер шетелдіктерге сатылмайтын болды. Қазақстандықтарға да сатылмасын деген табанды тілегіміз бар. Өйткені біздің қоғам жемқорлықтан әлі арыла алмай отыр. Ендеше, жүйені билеп-төстегісі келетін жемқорлардың қазба байлықтарды ғана емес, бабалардан жеткен асыл аманаты – жерді сатып жіберуі таңқаларлық емес. Жер сатылды дегенше, ел сатылды, тәуелсіздікке қауіп төнді десеңші деп айтуға тура келеді».
Иә, ата газет тілшісі дұрыс атады. Жемқорлық жайлаған елден бәрін де күтуге болады. Ұлттық мүддені ойлайтын пенде біздің елде кемде-кем.
Шетел ақпаратына, көбіне Ресей, арагідік өз ресми ақпараттарымызға сүйенер болсақ, 1993-94 жылдары еліміздегі егіс алқаптарының ең шұрайлы жерлерінің 80 пайызын
С.Терещенко – 7 млн, С. Кулагин – 4,5 млн, Л. Батурина (Мәскеудің бұрынғы мэрі Ю. Лушковтың әйелі) – 3,7 млн, В. Розинов – 1,5 млн гектар т. с. с. бірнеше латифундистер өзара бөлісіп алған. Оның үстіне, экономист-сарапшылардың айтуынша, жыл сайын Үкіметтен бөлінетін субсидияның 86 пайызы солардың еншісінде кеткен көрінеді. (Иә, мұндай көлпалдықты экс-президенттің оларға тегін жасамағаны белгілі).
Жер орайында жер мәселесінің нақты шешімін таппай, қайта-қайта бес жылдан кейінге шегеріліп, мораторий жариялана беруінде де бір құйтырқылықтың бары рас-ау... Яғни әлгі ресейлік латифундист-олигархтары қазіргі иеленіп отырған астықты аумақтарын түбегейлі заңдастырып алу әрекетінде жүрген тәрізді. Орыстың бүгіндегі біздің Солтүстік аймақтарымызға ашкөздікпен ауыз салудағы бір мақсаты осы болар... Жер иеленуде қу Қытай да қарап қалмаған сияқты. «Қазақстан екі рет Қытайдың ығына жығылып, 1994 жылы шекара туралы келісімге қол қойып, 946 шаршы шақырым (гектар емес) жерді Қытайдың иелігіне бере салған. 1997 жылы Н.Назарбаев қазақ-қытай шекарасын демаркациялау туралы түпкілікті келісімге қол жеткізді. Сөйтіп, 407 шаршы шақырым жер тағы да Қытай еншісіне өтіп кетті (Әрине, мұндай жомарттықпен шекара мәселесін жеңіл шешіп, шегендеп алуға болады). Бірақ бұл құжат әлі еш жерде ашық жарияланған жоқ. Осы жайдан секемденген Қазақстан қоғамы Қытайға, шындығында, бірнеше мыңдаған жер берілген болуы мүмкін деген күдік білдіреді.
Қытай қаупін де қаперден шығармайық
Қытай ешкімді ешуақытта айқай-сүреңмен, соғыспен жаулап алмайды. Ол сауда-саттықпен, өзара аралас алыс-беріспен, жымысқы қарым-қатынаспен, мысықтабандап ел ішіне еніп, инвестиция – кредитпен, қарызбен; экспансиялық әрекетпен жаулайды. Тіпті болмағанда жемқорлық жайлаған елдің осал тұстарын басып, өз ұпайын түгендейді.
Сөзімізді нақты дәйектермен тұздықтайтын болсақ: Қытайға ұтылған бір біз емес, Қырғызстанның бірінші президенті А.Ақаев 1999 жылы Бішкек пен Пекин арасындағы келісімге сәйкес Қытай тарапы 161 шаршы шақырым жерді алып қойған (оның ішінде маңызы бар Хан Тәңірі тауы кетті). Бұған қырғыз халқы қатты наразы болып, осы мәселе 2005 жылы елдегі тұңғыш революцияға әкелген басты себептердің бірі болды. Қазір Қырғызстанның Қытайға қарызы 5 миллиард доллар шамасында. Яғни ІЖӨ-нің 30 пайызын құрайды. Бейжің қырғыз меншігіндегі ең керекті нысаны мен жерін алып қоюды қарыз арқылы көздеп отыр. Сондай-ақ, қытайлардың пайдасына құрылған қытай-қырғыз кәсіпорындары жұмыс істейді. Мұны білген қырғыз халқы дүркін-дүркін бас көтеріп, Президентінен Қытай қарызынан, экспансиясынан құтылуды талап етіп келеді. (Мұндай жай бізде де жетіп артылады, бірақ біз көнбістік танытып, әрекетсіз отырмыз).
Қытайдың пайдасына өз жерінен айырылу жағынан тәжіктер де кенде емес. Қытай кредитіне белшесінен батқан тәжіктер Қытайға қайтаратын ақшасы жетпейтін кедей мемлекет ақыры қытайлық компанияларға – 51,7 және 117, 6 тонна алтын қоры бар кен орындарын, күміс және көмір кеніштерін беріп тынды. Сондай-ақ, қытай пайдасына жұмыс істейтін «Зарафшан» қытай-тәжік алтын өндіретін біріккен кәсіпорны бар. Бұдан басқа 300-ге тарта екі елдің бірлескен кәсіпорны қытай ықпалында жұмыс істейді. Бізде де Қытай пайдасына жұмыс істейтін жүздеген кәсіпорын, компаниялар бар.
Қытай бұдан басқа әлем халықтарының бірнешеуінің сорын қайнатып, сорпасын сапырып отыр. Африканың біраз елін қарызбен жаулап, жерін алып, мемлекеттіктен айырды. Замбия, Шри-Ланка, Пәкістан т.б. мемлекеттер жер телімі мен инфрақұрылымын, портын Қытайға ұстатуға мәжбүр. Қазақтың да жетісіп тұрған жайы жоқ. Қытай қазақ жеріне бекерге жабысып отырған жоқ. Жер жайының қайта-қайта нақты шешімін таппай шегертіле беруі тегін емес. Бірақ билік халыққа ешқашан шындықты айтпайды, жасырады.
Қытай біздің елде тағы да ондаған ірі кәсіпорын ашпақшы. Қытайдың бүгінгі Үкіметі жаңа геосаясаты мен геоэкономикалық бастамасын жандандыру үстінде. Қытайға бұрыннан да қарыз болатынбыз. Президент жуырдағы сапарында тағы да 22 млрд доллар қарыз жамап қайтты. Қытай қарыз бергенге қуанады. Өйткені бір елді қарызға батырып, кіріптар етіп қойғаннан орасан пайда тауып отырған өсімқор ел.
Иә, «1,5 миллиард халқы бар қара қытаймен қарым-қатынаста қырағылық танытудың орнына оның бауырына кіріп, визасыз енгізіп, ішімізге өрбітіп жіберу – елдігімізге, егемендігімізге қауіп, жұтылып кетуіміз кәдік» дейді ұлт жанашырлары. Бәлкім, тарихтан сабақ алып, сараптама жасағандар біліп айтқан болар.
Шекарасыз ел болмайды, болған да емес
Қазақ қай заманда да жерді қастерлеп, өте құнды бағалаған. Алаш арысы Әлихан Бөкейханов: «Жер және жер. Өйткені жерсіз Отан жоқ. Жерсіз мемлекет болмайды», – деген. Ата-бабамыз қай заманда болмасын ұлтарақтай жері үшін жауларымен жан алысып, жан беріскен, қан төгісіп қорғаған. Сөйтіп, әлемдегі көлемі жағынан 9-орынды иемденетін кең-байтақ жерімізді ұрпағына мұра етіп қалдырған. Қазақта жер жайында мынадай да тәмсіл бар. Бірде жоңғар қонтайшысы шабарманын қазаққа жіберіп: «Қазақ, жүйрік атыңды бер!» – дейді. Қазақ ақылман ақсақалдарымен кеңесіп: «Қазақта жылқы бар болса, жүйрік те, тұлпар да туар, берейік», – дейді. Береді. Шабарман тағы да келіп, қонтайшының бұл жолы сұлу қатынын сұрағанын жеткізеді.Тағы да ақылдасып: «Ел аман болса, небір сұлу дүниеге келер, тыныштық керек, берейік», – деп шешеді. Қонтайшы мұнымен қоймай: «Қазақ, жеріңді бер!» – дейді. Сонда жер жайы жанына батқан қазақ: «Аттан, қазақ!» – деп атқа қоныпты.
Иә, ата-бабамыз мыңдаған жылдар қанын, терін төгіп, жанын пида етіп, ұрпағына, қазағына аманат етіп қалдырған Жер қымбат! Өйткені Жер – Ана! Жер – Отан! Жер – Тағдыр! Жер – мемлекет тағдыры! Жер – халық тағдыры! Жер – Тәуелсіздік! Тәуелсіздік бәрінен қымбат!
Бүгінгі күн орайында абыз ағамыз Шерхан Мұртаза: «Әлемнің картасы ауысты. Ел мен жер талан-таражға түсті. Тоналғандар жерсіз қалды. Көз жасы, қан төгілді. Жетім-жесір, аш-жалаңаш. Соғыстың аты – бақай есеп. Дүние дүрбелең. Мықты дейтін елдердің өзі мазасыз. Шаңырағы шайқалып тұр. Адамдық пен надандық арпалысқан заманда Алла надандықтан сақтасын! Көргендік пен көргенсіздік кескілескен кезеңде Құдай көргенсіздіктен сақтасын!» – деген еді. Жау жоқ деме...
Иә, мына заманда көргенділік те, көрегенділік те керек. Білімділік те, біліктілік те керек! Өз тарихымызды біліп, өзгенің де тарихына көңіл бөлгеніміз жөн. Өйткені тарих – тағдыр. Тарих – тағылым. Тарихтан сабақ алу – ел тұрақтылығы, ел болашағы.
ТҰРСЫНТАЙ ҚАЛДАРБЕКОВ,
зейнеткер, Жамбыл облысы
Мойынқұм ауданы Жамбыл ауылы