Қазақтың ақбас сиырын қайта көбейтуге кедергі жоқ

Қазақтың ақбас сиырын қайта көбейтуге кедергі жоқ

Қазақ даласында қазір сиырдың небір тұқымын кездестіруге болады. Мал басын арттыруға, асылдандыруға үкіметтен қолдау көрсетілген соң, шетелдік тұқымдардың көбейгені заңды да. Негізі, малсаң қауым еліміздің әр аймағында сиыр тұқымының өзіндік ерекшелігі қандай болатынын жақсы біледі. Мысалы, қысы салыстырмалы түрде жылырақ келетін оңтүстік-шығыс аймақтардағы сиырлардың бітімі әдетте ірі келсе, қуаңшылық қысып жатқан аумақтарда ірі қаралар шағындау болады. Шағын болғанына қарамай, суыққа төзімді. Осы ірі қаралардың ішінде қазақ ақбас сиырының өз артықшылығы жетеді. 

Қазақ ақбас сиырының тарихы шамамен 1930 жылдардан басталады. Малдың осы тұқымы қазақ, қалмақ сиырларын герефорд бұқасымен будандастыру арқылы пайда болған. Сол үшін де тұрпаты жағынан бірден көзге түсетін ерекше тұқым басқа аймақтарға қарағанда қазақ даласында көп кездеседі. Басты артықшығы – еттілігінде әрі жайылым талғамайтындығында. Жайылым жайлы, жем-шөбі жеткілікті күйі жақсы болса тез ет жинайды. Далалы және шөлейт жерлерде таралған ірі қараның бұқасы шамамен 850 – 900 килоға дейін ет беруі мүмкін. Ал аналығы болса 450 – 500 килоға дейін жетеді. Қазір елімізде асыл тұқымды ірі қараны шетелдерден, ол десеңіз мұхиттың арғы жағындағы елдерден алып келетін жағдай жиіледі. Шетелден келетін малдың көбінің құны қымбат. Көлік шығынының өзі қалтаға оңай соқпайды. Мақалының басында да осы жайды айтқанбыз. Шетелден келетін малдың ішінде тек сүтті сиырлар ғана сатып алынса құба-құп. Ал, етті ірі қара қажет болса, басқа елдерге елеңдемей, өзіміздің ақбас тұқымның өрісін кеңейтуге не кедергі? Көпшілік біле бермеуі мүмкін, бірақ елімізде Қазақ ақбас тұқымы республикалық палатасы жұмыс істейді. Ол – коммерциялық емес, өзін-өзі қаржыландыратын қоғамдық ұйым. Палата қазақтың ақбас сиырын өсіру және олардың асыл тұқымдық қасиеттерін сақтау, жақсарту жұмыстарымен айналысады. Жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін қорғайды. Палатаның атқарушы директоры Бақтияр Өтелбаевтың айтуынша, кейінгі жылдары қазақтың ақбас сиырын көбейтуге дұрыс көзқарас қалыптасып келеді. Бірақ, ол жұмыстарды тежейтін себеп-салдар да жоқ емес.  

–Соңғы 15 жылда Қазақстанда аграрлық саясаттың мақсатты түрде дамып келе жатқанын байқаймыз. Әсіресе, етті мал шаруашылығы саласында қазақтың ақбас сиырының санын көбейтіп, ет өндірісі және мал өнімділігін арттыру бағытында оң өзгерістер байқалды. Бұл — етті мал шаруашылығын субсидиялау мен несиелеу сияқты мемлекеттік қолдаудың нәтижесі. Алайда бірнеше жылда салаға көрсетілетін қолдаудың көлемі азайып, субсидиялардың бір бөлігі қысқартылды,– дейді Бақтияр Өтелбаев. 

Орайы келіп тұрғанда қазақ ақбас тұқымы республикалық палатасының негізгі жұмыс бағыттары туралы да аз-кем айта кеткеніміз жөн болар. Палатының қызметі асыл тұқымды мал басын дерекқорда тіркеу, малға асыл тұқымды мәртебе беру, асыл тұқым куәліктерін беру немесе олардың күшін жою, тұқым бойынша селекциялық асылдандыру жұмыстарын үйлестірумен байланысты. Сонымен қатар палата тұқымды ел ішінде танымал ету үшін ауыл шаруашылық көрмелеріне, аукциондарға қатысады, шетелдік көрмелерде де тұқымның ерекшеліктерін таныстырады.

Статистикалық деректерге үңілсек, 1991 жылы қазақтың ақбас сиырының саны шырқау шегіне жеткен. Нақтыласақ,  1 млн 370  мың бас болған. Сол тұста елдегі ет бағытындағы сиыр саны 2,5 млн басқа жеткенін қаперге алсақ, ақбас сиырдың үлесі 55 пайызды құраған. Әрине, қазіргі жағдайдың ол кезбен салыстыруға келмес. Бірақ, салыстырмалы түрде жағдай аса күрделі деп айтуға келмейді. Субсидияға қатысты мәселе де жалпы ірі қара мал шаруашылғына қатысты болғанымен, нақты ақбас сиырға қатысты қолданылып отырған жоқ. Үкіметтен малдың осы түрін өсіруге қолдау болмаса, кедергі кедергі жоқ. Соның нәтижесінде республикада қазір 730 мың бас қазақтың ақбас сиыры бар. Оның 510 мың басы асыл тұқымды. 

Шын мәнінде қазақтың ақбас сиырының басқа ірі қаралардан артықшылығы тек ет жылдам жинайтынында және жайылым талғамайтынында емес. Малдың сипаты туралы Бақтияр Өтелбаев бізге егжей-тегжей баянады.  

–Қазақ ақбас сиырының биологиялық ерекшеліктері оның етті ірі қара тұқымдары арасындағы басымдығын айқындайды. Бұл тұқым Қазақстанның барлық аймақтарының табиғи-климаттық жағдайларына толық бейімделген. Соның ішінде шөл және жартылай шөлейт жайылымдарда тиімді өсіріледі. Қазақтың ақбас сиыры өсірілетін өңірлерге келсек, ғылыми зерттеулер мен практикалық тәжірибе көрсеткендей, бұл тұқымның малы Қазақстанның барлық табиғи-климаттық аймақтарына жақсы бейімделген және тиімді пайдалануға қолайлы. Тіпті оның таралу географиясына егіншілігі нашар дамыған шөл және шөлейт аймақтар да кіреді. Ақбас ірі қара ыстықты жақсы көтереді. Күннің астында тәулігіне 25–30 шақырымға дейін жүре алады. Жылуға төзімді бұл тұқым құрғақшылыққа да оңай шыдайды. Мал негізінен дала өсімдіктерімен қоректеніп, сонымен бірге дене салмағын шығынсыз сақтап қалады, өйткені ол табиғи түрде тез май жинай алады,– дейді ақбас тұқымның қасиеттерін жақсы білетін Б. Өтелбаев. 

2019 жылдан бастап қазақтың ақбас тұқымын және басқа етті асыл тұқымдарды экспорттауға тыйым салынған. Тек бұқаларды ғана квота бойынша шығаруға рұқсат етіледі. Алдағы уақытта Қазақстан мен Ресей арасындағы XXI өңіраралық форум өтеді. Иә, қазір Ресейде ақбас тұқымның саны аз болғанымен, онда да селекциялық жұмыс жүргізіліп жатыр. Ресей өз елінде осы тұқымды қолдан ұрықтандыру үшін біздің шаруаларымен тығыз байланыс орнатқан. 2014–2022 жылдар аралығында Ресейден шамамен 20 мың басқа жуық қазақтың ақбас тұқымы импортталған. Алдағы жоспарда Ресеймен бірлесіп қазақтың ақбас сиырының бірыңғай генетикалық деректер базасын құру, сондай-ақ бүкіл популяцияға арналған ортақ селекциялық бағдарламаны әзірлеу көзделіп отыр екен. Мұның барлығы қазақтың ақбас тұқымын көбейтуге бағытталған қадам. Бұл ретте екі ел арасындағы ынтымақтастық ортақ мақсатқа жетуіге септігін тигізбесе, еш кедергі келтірмесі анық.  

 

06.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

АҚТӨБЕДЕ – АУЫЛДЫҢ ЖҮГІ, «AQTOBE»-ДЕ  – ДӘУІРДІҢ ҮНІ
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы - 22.10.2025 685
Теріскейдегі жылы жүздесулер
Нұрсайын Шәріп - 16.10.2025 847

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 19612
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19423
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 34547
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33110
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 36930