Оралдағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы ұжымы қайырымдылық айлығы аясында зейнеткерлерге мерекелік көңіл күй сыйлады.
Аталмыш филиалдың баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, бүгінде Батыс Қазақстан облысында 90 мыңнан астам зейнеткер болса, соның 47 мыңға жуығы Орал қаласында тұрады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Нәдір Құрымбаевтың айтуынша, мемлекеттік корпорация зейнет жасындағы қызмет алушыларға қашан да көбірек көңіл бөледі.
– Бізде зейнеткерлердің үйіне барып қызмет көрсететін мобильді топ бар. Әр бөлімде зейнеткерлер кезек күтпестен мемлекеттік қызметтер алатын жеңілдік терезесі бар, – деді Нәдір Шамұратұлы. Филиал ұжымы халықаралық қарттар күнінде зейнетке шыққан ардагер әріптестеріне құрмет көрсетіп, мерекелік дастархан жайған. Сондай-ақ оларды облыстық өлкетану мұражайына апарып, концерттік бағдарламамен көңілдерін бір серпілтіп, жылулық сыйлауға тырысқан.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының баспасөз қызметі зейнетке шығу үшін «Халыққа қызмет көрсету орталығына» жүгіну қажет екенін ескертті. Ол үшін болашақ зейнеткер қажетті құжаттарды жинақтап, зейнетақы төлемдерін рәсімдеу үшін аталмыш орталыққа зейнет жасына толғанға дейін 10 күн бұрын жүгінуі қажет екен. Еске сала кетсек, 2021 жылы Қазақстанда ерлер үшін зейнеткерлік жасы – 63, ал әйелдер үшін – 60 жас.