Сұхбат алғалы отырған кейіпкерім – әріптесім, ағам, өзім «қара нар» деп атайтын қадірлі қимас досым – Ермек Назымұлы Сахариев деген азамат. Ерағаң жақында 70-ке толды. Туған жерінде Ерекең 15 жылдай ұстаздық етеді. Кейін журналистикаға келіп, бағын сынап, ақиық ақын, журналист, жазушыға айналды. Ол «Баспасөз саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. 2007 жылы «Жылдың үздік журналисі» атағын жеңіп алды. «Жігітке жеті өнер де аздық етеді» дегендей, бір басында бірнеше өнері бар бұл азаматтың әдемі қоңыр дауыспен ән салады, гармонь, гитара, домбыра тартады, жап-жақсы сурет салады. Енді сол ағамыздан сұхбат алуға асықтық.
500 сурет салған қара бала
– Ераға, 70-ке келіп жатқан мерейтойыңыз құтты болсын! Көпшілік жұрт сіздің есіміңізді біздің газет арқылы жақсы танитын да болар. Бірақ, өмірбаяныңызды өз аузыңыздан естіген бір басқа да, жақын адамның аузынан естіген бір басқа ғой. Ендеше сөздің басын әр адамның жүрегінде сақталып жүретін туған жеріңізден бастасақ.
– Рахмет! Ал бастасақ бастайық. Мен 1952 жылы 15 ақпанда Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданындағы Еңбек деген ауылда жарық дүниеге келіппін. Ауылымыздың бұрынғы атауы Таңба деп аталса керек. Сол ауылда арғы атамыз Сахария атты қара шалдың төрт ұлының ортаншысы Назымның отбасында туылыппын. Әкемнің кіндігінен жалпы саны 9 бала тараса, көп қыздың ортасында туған жалғыз еркек кіндікті ұл бала болғандықтан, мені кішкентай кезімде анам қатты еркелетіп өсірді. Бірақ соғыс көрген адам болғандықтан ба, әкем мені қатал ұстады. Еңбекке ерте үйретті. Ес білгеннен өзінің қасынан тастамай, жаздыгүні жайлауға өзімен бірге алып кететін. Содан болар жылқы малына өте үйір болдым. Тіпті бертініректе студент кезімнің өзінде жазғы демалысымды әкемнің орнына жайлауға барып, жылқышылармен бірге мал бағатынмын. Мектепте жақсы оқыдым, бірақ, аса тентек едім. Ауыл үйді былай қойғанда, мектеп мұғалімдері менің атым аталса зар еңірейтін. Тұзым жеңіл ме, әр үзіліс сайын мұғалімдер бөлмесінде болып, директор бастатқан ұстаздардың «ақыл-кеңесін» ұзақ тыңдау мен үшін жазылмаған заңға айналған-тын. Бірақ жақсы оқығандықтан, менің көп қылықтарымды мұғалімдер кешіретін еді. 8 жылдықты бітіріп, көрші Шыңғыстай атты ауылдағы интернатта тұрып, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы орта мектепте оқыдым. Орта әсер етті ме, қайдам, ауылдағы тентектігім басылып, жұп-жуас бала болып шыға келдім. Дегенмен, балалық шақ деген қызық қой. Сол интернатта оқып жүріп алғаш рет Жаңүлгі атты ауылдың қызына ғашық болып, көп күндерді арман-қиял жетегінде өткізген кездерді қалай ұмытарсың? Өмірдің өзі осындай ұсақ-түйектерден тұрмай ма, өткен өмірім сонысымен де қызық маған. Оны бітірген соң сол кездегі үрдіс бойынша оқу іздеп, Алматы қаласындағы политехникалық институтқа келіп оқуға түстім. Ол кездері біздің ауылдан жоғары оқу орнына әрі кетсе бес-алты үйдің балалары ғана оқуға түсетін. Сондай білім қуғандардың арасында мен де болғанмын. Негізі бала кезімнен суретші болсам деп армандайтынмын. Тіпті ауылға келгенде менің 500-ге тарта салған суреттерімді Алматыда тұратын жазушы ағам Баламер ағай алып кетіп, сурет училищесінің директорына көрсетіпті де. Ол: «бізге келсе де, он жылдықты бітіріп барып студент болады. Ініңіз асықпасын, орта мектепті бітіріп келіп бізге оқуға түссе де кенжелеп қалмайды», – депті. Алматыға келгенде, сол оқу орнына түсем деп келгем ғой. Бірақ, ағам: «Бала, сен әзірше суретті қоя тұр, өмірге қажетті бір мамандық алуың керек, аттестатың жақсы, инженерлік оқуға түс», – деп, политехникалық институтқа түскенмін. Бірақ, инженерлік мамандық маған ұнамады ма, әйтеуір, екі жылдан кейін оны өз еркіммен тастап кеттім. Жарты жылдай ауылда қара жұмысшы болып істедім.
Одан әрі Отан алдындағы азаматтық парызымды өтеп, Қиыр Шығыстағы «Березовск» атты ауылда орналасқан 49-ы арнайы танк полкінде жауынгер болдым. Сонда жүріп күреспен айналысып, полктің атынан жарыстарға қатыстым. Қиыр Шығыс әскери округі біріншілігінде топ жарып, чемпион атанып, спорт шебері атағын иелендім. Күреспен бертінге дейін айналысып, оны пединститутта жүргенде ғана тастап кеттім. Сол армия қатарында жүріп көп нәрсені үйрендік қой. Оны нағыз өмір мектебі болды десем, артық айтқандық болмайды.
Мен қалай журналшы болдым?
– Ұстаз болыпсыз ғой, оған қалай барып жүрсіз?
– Әскерден қайтқан соң тағы да сол Алматы қаласына келіп, Абай атындағы педагогикалық институтқа түстім. Онда біздерге Серік Қирабаев, Нығмет Ғабдуллин, Фатима Мұсабекова, Хасен Әдібаев, Нұржамал Оралбаева, Мекемтас Мырзахметов сынды білімді де білікті ұстаздар дәріс оқып, білім нәрінен сусындатты. Оқуды бітірген соң туған жерге оралып, білім саласында 15 жылдай ұстаздық қызметте болдым. Менен білім алып шыққан шәкірттерімнің көпшілігі әлі күнге дейін менімен хабарласып тұрады. Менің жолымды қуып, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығын алып, ұстаз болып жүргендері де бар. Олардың бәрін мақтан тұтамын. Сонау 90-жылдары билік жекешелендіру деген науқанды бастап, колхоз бен совхоздарды таратып, ауылдың шәт-шәлекейін шығарды ғой. Сол кездері жұмыссыздықтан екі қолдары алдына сыймай, отбасын асырап-сақтау қияметке айналған тұста, ауылды тастап қалаға көшкендер қатары өскен. Солардың бірі болып 1994 жылы мен де жылы орнымды тастап, өзіме үйреншікті Алматы қаласына көшкенмін. Ондағы ойым екі қолға бір күрек табылса деген дәме ғой баяғы. Сол кездері «Түркістан» атты апталық газетте жерлесім, белгілі жазушы Дидахмет Әшімханов бас редактордың орынбасары болып қызмет істейтін. Сол ағам мені газетке шақырып, бас редактор Қалтай Мұхамеджанов ағаймен таныстырды. Ол кісі менің Баламер ағамның сыйлас досы еді. Сол кісі ағамның аруағын сыйлап, мені жұмысқа алды. Осылайша мен қарапайым мұғалімнен жорналшы болып шыға келдім. Әлбетте, мұғалім болу мен журналист болудың арасы жер мен көктей екенін сол кезде жақсы сезіндім. Қалтай ағайдан, Дидаш ағамнан көп нәрсені үйрендім, қаламымды шыңдап, әдеби саланың қыр-сырына қанықтым. Сол үшін де оларға шын жүректен айтар алғысым шексіз!
– Ақындығыңыз да бар ғой. Қанша кітабыңыз шықты?
– Әзірге алты кітабым шықты. Ең алғашқы кітабым «Бақ пен сор» деген өлеңдер жинағы. Сосын «Біздің ауылдың адамдары» деген атпен әңгімелер жинағын шығардым. Әр ауылда мінезі қызық адамдар болады ғой. Біздің ауылда да ондай адамдар жетерлік. Соларды басқаларға таныстырғым келді. Одан кейін «Шың мен шыңырау», «Тәу етем саған, туған жер», «Жерұйық мекен», «Алтайдай жер қайда-ай!» атты өлең жинақтарын шығардым. Байқап отырғаныңдай, бұлардың бәрі туған жерге деген махаббаттан туған туындылар. Өмірді жай көзбен көру бір басқа да, оның қыр-сырына ақындық көзбен қарау екінші басқа екенін біреу білсе, біреу білмес. Ал ақын адамның айналасында болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарауы мүмкін емес. Себебі, жазушы, ақын дегендер – қоғамның айнасы, халықтың үні ғой. Сөзді бағалай білу де үлкен өнер. Әрі әрбір өлең соны шығарған автордың төл перзенті ғой. Адам өз перзентін қалай сүймесін? Сөз өнерімен айналысатын адамдардың саясаттан тыс қалуы мүмкін емес. Өйткені, айналада болып жатқан тіршіліктің бәрі-бәрі сол үлкенді-кішілі сондай сәттерден, оқиғалардан тұрады емес пе?! Сөз өнерімен айналысатын адамдың қоғам алдындағы жауапкершілігі өте жоғары. Өйткені, олар халықтың сөзін сөйлеп, мұңын мұңдап, олардың зарын жоғарыға жеткізетін жандар. Егер әрбір адам ондай жауапкершілікті сезінбесе, одан халық сөзін сөйлейтін жан шықпасы кәміл. Әрі оның сөзі жүректен шыққан, әділдікті ту қылып көтеретін мінбер болуы қажет. Алматыға көшіп келгеннен бері «Түркістан», «Жетісу», Ана тілі», «Zaman – Қазақстан», қазіргі күні «Qazaqstan dauiri» атты біраз республикалық газеттерде жұмыс істедім. Соларда қызмет ете жүріп жауапкершіліктің салмағын жақсы сезіндім десем, өтірікші болмаспын деп ойлаймын.
– Ераға, тағы да мерейтойыңызбен құттықтай отырып, ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, тұлпар шығармашылық тілейміз! Балаларыңыздың қызығын көруді Алла нәсіп етсін!
– Рахмет!