80 мың киіктің тағдыры ойыншық емес! Үкіметтің шешіміне халық неге қарсы?

80 мың киіктің тағдыры ойыншық емес! Үкіметтің шешіміне халық неге қарсы?

Жаңа технология заманының бір жетістігі – барлық ағайын әлеуметтік желіге тіркелген. Өз ойын, өз пікірін айтуға одан қолайлы жер табу қиын. Нағыз демократия сол жерде. Елдің көңіл күйін білгің келсе, сол жерді шарла! Ащы сын мен ауыр айыптауға да кезігесің. Үкіметтің әр ісіне, биліктің әр қадамына баға да беріліп  жатады. Көпшілік жер болғасын, кейде артықтау, кейде кемшін тұстары да жетерлік. Құптарлығы, халықтың ой-санасына қозғау салып, жақсылық пен жамандықтың аражігін ашуға таптырмайтын орта. Жоғары биліктегілер бұқараның «қан қысымын өлшегісі» келсе, әлеуметтік желіні үнемі бақылап отырғаны абзал. Сонда ғана қиыс кетіп, қия тартып, халықтың ашуын туғызудан аулақ болары хақ.

 

Жайылым мен егінді таптап жатыр

Айтайын дегенім, соңғы уақытта әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан мәселе – киік жайы. Кәдімгі сар даланың еркесі – сары бөкені. Сүйкімді жануар. Қазақ халқы киелі жануар санап ардақтағанымен, таңсық етіне бола кейде атып алатыны бар. (Киелі болса неге атады екен? Киесі ұрмай ма!).  Қуырдағын сүйсіне жеп, текесінің мүйізін жинап, жасырын сатуға да кет әрі емес. 

80 мың ақбөкенді ату керек пе? – сауалнама - Қазақстандағы Ислам

Бір заманда құрып кетуге әзер қалып, «қызыл кітапқа» аты жазылған киіктер соңғы жылдары күрт көбейіп кетіпті. Көбейгені құрысын, сары даланың төсін шаңдатып, егістіктерді таптап, шабындықтарды ақтап шығыпты. Кәсіпкерлердің кәсібіне, шаруалардың нәсібіне тигізген зияны шаш етектен көрінеді. Бөкендердің тез көбеюіне экологтардың шаралары мен киікті атуға салынған тыйым әсер еткені даусыз. Биыл киік саны миллионнан асты деген дерек бар. 

Бір қуанышты бір уайымның басатыны сияқты, өрекпіген көңілді су сепкендей басатын жағдай болып тұр. Киіктің көбейгені дұрыс-ау, бірақ... Мысалы, Батыс Қазақстан облысы фермерлері егістік жерді киік таптап жатқанын былтырдан бері айта бастаған еді. Ал биыл жағдай ушығып кетті дейді жер иеленушілер.

«Былтыр бірінші рет (егін) ектім, мұндай болмады. Болса да, қуып жіберетінбіз. Көп жүрмейтін. Биыл (киік саны) артып кетті. Алқабымның жартысын таптап тастады», – дейді Батыс Қазақстан облысының Ресеймен шектесетін Жәнібек ауданында тұратын фермер Бауыржан Сабанов «Азаттық» радиосына берген сұхбатында.

Киіктің көбейгені бірден байқалды: облыстағы бірнеше ауданда егістікті, шабындық пен жайылым жерді киік таптап жатыр дейді фермерлер.

«Жәнібек ауданы Тынысты ауылында 200 гектар судандық ектім. Жартысын жайпап кетті. Қазір онда төрт-бес мың (киік) жүр. Таптап жатыр. Төрт-бес мың (киіктің) алқапта жүргенін елестетіп көріңізші. Несі қалады? Тиісінше, (киік) өсімдіктерді құртып, жояды. 

Шағымның көбі Жәнібек, Қазталов, Бөкей ордасы аудандарынан түсіп жатыр. Бірақ қазір Бәйтерек ауданына да киік жеткені жайлы хабарлама бар, – дейді Бауыржан Сабанов. Бұл – облыс орталығына ең жақын тұрған ауылды жер.

Батыс Қазақстан фермерлері үкіметтен «киікпен күресіп», шығынның орнын толтыруға көмектесуін сұрады. Сабановтың сөзінше, маусымның басында олар Премьер-министрмен кездесіп, осы мәселені жеткізген. Экология министрлігі жанынан комиссия да құрылған.

«Мені экология министрлігі жанынан құрылған киік популяциясы мәселелерін қарастыратын республикалық жұмыс тобына қосты. Осылай аталатын сияқты. Олар биологиялық зерттеу жүргізіп жатқандықтан, отырыс әзірге болған жоқ. Айдың аяғына дейін бәрін зерттеуі керек, сосын отырыс болады. Заң бойынша қазір атуға болмайды. Бірақ Премьер-министр 15 шілдеге дейін шешім қабылдайтынын және күзге қарай атуға рұқсат берілуі мүмкін екенін айтты», – деді Бауыржан Сабанов.

Жоғарыда біз сөз еткендердің бәрінен хабары бар үкімет «қысылғаннан қыз болғандай» кепке түсіпті. Әрі ойланып, бері ойланып бастары қатыпты. Ақыры тығырықтан шығар жол тауыпты.  29 маусым күнгі Мәжілістің пленарлық отырысынан кейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Жайық популяциясына жататын 80 мың бас киікті ату туралы шешім қабылданғанын БАҚ өкілдеріне мәлім етті. «Биологиялық негіздеме аяқталды. Ғалымдар киік санын реттеудің қажеттілігі бар дегенді айтып отыр. Бұл Жайық популяциясына қатысты болады. Қазір бұл популяцияның саны 800 мың бастан асады десек, соның 10 пайызы, яғни 80 мың бас киік реттеуге жатады», – деді. Сондай-ақ, Серікқали Брекешов киіктердің ауылшаруашылығына кедергі келтіріп отырғанын да жасырмады. 

«Ауылшаруашылығында малмен бәсеке болмас үшін киік санын реттеп отыру маңызды. Батыс Қазақстан облысында жайылымдық жерлерден бөлек егінге де түсіп жатыр. Бұл да өз кезегінде біржақты мәселе», – деді министр.

Батыс Қазақстан облысы шаруалары жайылым мен егістік жерді киік таптап жатыр деп Үкіметке шағымданғанын жоғарыда айттық. Алайда еліміздегі ғалымдар жердің тозып, шөлейттеніп бара жатқанына түз жануары кінәлі емес, мәселеге ғылыми тұрғыдан қарап, шешім қабылдау керек деп отырғанын жасырғымыз келмейді.

 

Оны атуға қарсылар неге көп?

Нурбек Бекбау (@NurBekbau) / TwitterӘлеуметтік желіге белгілі журналист Нұрбек Бекбау: «80 МЫҢ КИІКТІ АТУҒА РҰҚСАТ беріліпті.  Иә, киік қырғынға ресми рұқсат беріліпті. Себеп сол – егінді таптады, суатты ішіп қойды. Бірақ кімнің, қанша гектар егістігі тапталды? Шығыны қанша? Ондай есеп естігеніміз жоқ. Тек таптады, құртты деген айқай ғана...

Сосын айтқан желеулері рас болып шыққаның өзінде, киікті қырып тастағанша, егін алқаптарын қоршау  қымбаттау болса да гуманды шаруа болар ма еді?» – деп жазды.

«Шопан ата» бірлестігінің жетекшісі Алмасбек Садырбаев бұл жолы тағы да үнсіз қалуды жөн көрмепті. 

«Ауыр тақырып болған соң, біразға дейін үндемеп едім… Бірақ Үкімет: «Киікті атудан басқа амал қалмады» деп дабыл қаға бастады. Енді біреулері «дала жануарларын өзге өңірлерге айдау – жатқан шығын» десе, үшіншілері «киік ауру таратады, оларды жою керек» деп жатыр. Ау, ағайын?! Обал туралы ойланғандар бар ма? Обалдың мәнін білетін қазақпыз ғой.

1. Обал болады, егер дұрыс өңдемей/соя алмай, даланы қан-жын сасытып, ысырап болса.

2. Обал болады, бейберекет шектен тыс атса. «Шопан ата» агро-қозғалысы мен барша шаруалар қауымы білек сыбанып дайын отыр. Қолдан келгенше көмек қылуға дайынбыз деп отыр.

Журналист Асылхан Мамашұлы: «Өкімет 100 мың киік атамыз дегелі даланың ерке жануары туралы жан тебірентетін өлең жариялай бастаған ақындарды Батыс Қазақстанға апарса, сонда киіктің қорлығын көріп жүрген мыңдаған шаруа алдында өлең оқытса…

Оралдың киігін Үстірт пен Бетпаққа айдай салмай ма, көзін жәудіретіп атқаны несі дейтін, офисте отырған жүрегі нәзік адамдарды да Оралға апарып, астына ат беріп, ал Үстірт пен Бетпаққа өзің айдай ғой десе…».

Айтпақшы, астанада киік тақырыбына арналған талқылау өтіпті. Онда «Ақбөкен» бастамашыл тобының мүшесі Мейір Сәкенұлы киікті атуға берілген шешімнің логикасын түсінбейтінін айтыпты. Бұл туралы Ulysmedia.kz порталы жазды. «...Білуімше, киікті ату шаруасы күзде жүруі тиіс. Киіктер шаруаларға қажетті шөп пен бидайды отап кететін болса, киіктерді күзде атудың пайдасы қанша? Мағына қайда? Келесі жылдың қамын ойлап отыр дейін десек, сіздер бүгінгі күнді айтып отырған жоқсыздар ма? 80 мың киікті атудың қажеті қанша? Бұл – «полная туфта»!» – дейді ол.

Оның айтуынша, зоология институтының тұжырымына сене беруге болмайды. Жануардың осы түрі бойынша мемлекет үлкен жоспар құруы тиіс.

«Ақбөкен, киік – қазақтың киелі аңы. Кие деген сөзді естен шығармаңыздар. Зоология институтының мамандарына толық сене бермеңіздер. Олар да қателеседі. Биыл онсыз да қаншама қан төгілді? Қанды Қаңтар өтті басымыздан. Украинада қан «өзен» болып төгіліп жатыр. Қазір сіздер 80 мың киікті атқалы отырсыздар. 240 литр қан! Бұл дұрыс па?» – деп түйді ол.

Еске сала кетсек, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов осыдан бірнеше күн бұрын Орал популяциясына жататын киіктердің 10% (800 мың киіктің 80 мыңы) «реттелетінін» мәлім етті. Министрдің «атамыз» деген сөзді әдепті түрде «реттейміз» дегені содан бері қызу талқыланып жатыр. Киікті қорғаушылар Үкіметтің бұл шешімін құп көрмей, атудың да, атылған киікті пайдаға жаратудың да механизмі жетілдірілмегеніне наразы. Ал «атқан дұрыс» деп есептейтіндер киіктің көптігінен ең алдымен шаруалар зардап шегіп жатқанын айтып, сол аргументті барлық жерде келтіріп жүр.

Үкіметтің 80 мың бас киікті күзде атуға шығарған шешіміне наразылар көп. Шынында, киікті неге күзде атады? 

«Түз тағысын тек қыркүйек, қазан айында ғана атуды бастайды» деп хабарлады «Хабар 24».  Яғни күзде 80 мың киік атылады. Неге 80 мың? Неге 100 мың немесе 70 мың емес. Бұған дейін «киік егінді жеп қойды» деп жар салдық. Ал бұл уақытта диқандар егінді түгел жинап алмай ма? Сонда жоқ егінді киік жеп қояды дегенге қандай қисын бар? Ал 80 мың киікті қырсақ, қалған сегіз жүз мың киік егінді жеп қоймайды дегенге қандай кепілдік бар? 

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің бас сарапшысы Бақытжан Исахаев: 

– Күзгі мезгіл деп отырған себебі, нақты ол кезге дейін шөпті жеп, өздерінің күйі болады да, қысқы мерзімге дайындық жүреді. Бір жағынан, ол мезетте күн салқындау, атылған киіктің етін тоңазытқышқа апаруға, сақтауға, тасымалдауға мүмкіндік береді. Одан бөлек желтоқсан айында жануарлардың күйлеу мерзімі басталады. Оған кері әсер тигізбеу үшін осы мерзімді пайдаланып отыр. 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні,  алдағы күз айларында 80 мың ақбөкен атылуы мүмкін. Киікті де өлтірмей, диқанды да шығынға батырмай алып шығу оңай іс болмайын деп тұр. Бәлкім ақбөкенді атуға бөлінетін ақшаны фермерлерге өтемақы ретінде берсе жеткілікті болмай ма?» деген сауал да ойға оралады. Онда шаруа да мәз, түз жануары да аман. 

Бұған Бақытжан Исахаев былай жауап беріпті: «Атылған киік еті өңдеуші ұйымдарға, кәсіпорындарға беріледі. Олар еті мен терісін өңдеп, өздері әрі қарай жаратады. Оның мүйізін аулаған мекеме өзінің қоймаларында сақтайды. Оларды маркілеп, әрқайсысына жеке нөмір беріп, базасында сақтайды».   

Орал киіктерін азайтамыз деп жүргенде онсыз да саны аз Үстірт пен Бетпақдала тұқымы оққа ұшып кетуі мүмкін деген қауіптің барын несін жасырайық? Әсіресе бұл жағдайды оң жамбасына пайдаланғысы келетін браконьерлер қарап қалмасы белгілі. Осы ретте тәуелсіз экологиялық шолушы Сәкен Ділдахметке құлақ түрелік: «Қазір фермерлер бой көтергеннен кейін себебімен емес, салдарымен күресу жұмыстары жүріп жатыр, бұл орынсыз. Киіктің 1 миллионнан асқаны бізге ешқандай атуға құқық бермейді. Кем дегенде 2-3 млн басқа жеткізіп алуымыз керек. Реттеу керек. Жер кезінде оңды-солды берілді. Қайтарып, ревизия жасап, киіктердің миграциялық жолдарын қалыпқа келтіру керек», – дейді ол.

 

Киіктер қырылғанда компартия қандай шаралар қолданды?

Саны миллионнан асқан киікті атуға қимай, жақ-жақ болып айтысып жатқанда, тіл мен көз тиіп, ауруға шалдықпаса екен деп тілейік. Дала тағысының жауы көп.  Осыдан жеті жыл бұрын тап осы кезеңде (2015 жылы) киік қырылғанын естен шығармайық! Халық бір, Үкімет екі дүрлікті. Сағат сайын Ақмола, Торғай, Ақтөбеден қырылған киіктер жайлы үздіксіз  ақпараттар келіп жатты. 28 мамырда Ақтөбеде  505 киіктің өлексесі табылды. Қырылған киік саны 120 мыңнан асты. 

Зерттеушілер өлген киіктен анализ алып, сараптамаға жіберді. Киіктердің жаппай қырылуына себеп болған, тырнақшамен айтқанда, бірнеше «версия» ұсынылды.

Алғашында «пастереллез» ауруы деді. Сайын даладан алғаш рет 100 шақты киіктің өлексесі табылғанда браконьерлерден келген бәле ме десті жұрт. Кейін «гептилді» кірістірдік. Қысқасы, арнайы құрылған жұмыс тобы мүшелері де бір мәмілеге келе алмай әуреге түскені бар.  Алайда пастереллезбен ауырып түскен адам болған жоқ.

Ақырында «пастереллез» деген дауасы жоқ диагнозға депутаттар да қарсы шықты. Олар ғалымдардан басқа себеп іздеуді талап етті. Өйткені жұқпалы ауру болса, сол маңдағы басқа мал да қырылар еді. Қисын жоқ. Кейбірі қызды-қыздымен  киіктерге жыл сайын осы індетке қарсы вакцина жасауды ұсынды.

«Антигептил» қоғамдық қозғалысының белсенділері: «Протонның ұшу траекториясын қараңыздар. Байқоңырдағы Төретам станциясынан Арқалық, Қостанай, Ақмоланың үстінен өтеді. Протон Алтайдан асып, Байкалға жеткенде орбитаға ілінеді. Ал 70-80 шақырым жерде киіктер лақтайтын Үрпек деген жер бар. Зымыран сынығы сол киіктердің «перзентханасына» түскен. Содан уланды», – деп, Үкіметті кінәлады.

Бір қызық мәлімет айта кетейік, 70-жылдары киік саны 2 миллионға жеткен. Астананың шетінде Оразақ, Мәншүк деген егіншілікпен айналысатын жерлердің бәрінде киік болған. Көптігінен егінге шауып, маза да бермеген. Сөйте тұра шөп те, егін де Үкімет пен халық малына еркін жетіп тұрған.  Бірақ Кеңес үкіметі оларды қырып тастамаған.  Бәлкім біздің Үкіметке өткеннен сабақ алу керек шығар. Компартияның шығарған қаулысын зерттеп, шаруаларға маза бермей жатқан киіктерді «жөнге келтіруге» күш салар... Әйтпесе жағдай ушығып барады. 

Сонымен, Қазақстанда 80 мың бас киікті «ОхотЗооПром» мекемесі жасақтаған аңшылар ғана ата алады. Ал жануарлар дүниесі комитетінің өкілдері арнайы сараптамадан өтіп, тексерілген ақбөкеннің еті бұқтырылып, өнімге айналдырылады деп отыр. Ал сарапшылар киіктерді ату мәселесі біржақты қарастырылып жатыр деп наразы. Олар кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу керек деген пікірде.

Экология министрі қазан айынан бастап киіктердің саны реттелетінін жаһанға жария етті. Осыған орай, министрліктегілер жұмыстар қалай жүзеге асатынын түсіндіріп берді. Деректеріне сүйенсек, атылғалы отырған 80 мың киіктің 47 пайызы аналық, 5,5 пайызы аталық, ал қалған 47,5 пайызы төлі болуы керек. Айтуларынша, аңшыларды «Охотзоопром» мемлекеттік мекемесі жасақтайды. Кез келген адам ақбөкенді ата алмайды, оған қоса бұл қатаң түрде қадағаланады дейді шенеуніктер.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Бауыржан Исақаев: «Аңшыларды «Охотзоопром» мемлекеттік мекемесі жасақтайды. Кез келген адам ақбөкенді ата алмайды, оған қоса бұл қатаң түрде қадағаланады», – деп сөзін пысықтады.

Ату процесі жануарларды қорғау инспекциясына еш жүк түсірмейді. Олар бұл әрекетке броконьерлердің араласпауына тосқауыл қояды. Атып алынған киіктердің етін бұқтырып, өнім қылу көзделіпті. Ел аймақтарындағы бірнеше комбинат етті сақтауға және өнімге айналдыру жұмысында қол ұшын беруге дайын. 

Ал тәуелсіз экологиялық сарапшы Сәкен Ділдахмет Үкіметтің бұл бастамасына қарсы екенін жеткізді. Айтуынша, бұл – кешенді түрде шешілетін мәселе. Ақбөкендерді аулауға рұқсат беру үшін олардың саны 3 миллионнан асуы қажет дейді сарапшы. «Бүгінгі күні киіктер өте үлкен проблема болып отырған жоқ. Бұл – кешенді түрде шешілетін мәселе. Киіктерді кем дегенде 2-3 млн басқа жеткізу керек. Кейін киіктерді реттеу жолдарын қарастырған жөн».

Айта кетсек, қазір Қазақстанда 1 миллион 300 мыңға тарта киік бар деседі. Оларды азайту үшін ату қаншалықты дұрыс?  

Пенде болғасын көкейде ой да көп. Табиғат жан-жануар өсімін өз  реттеп отырады емес пе? Бір кездері қасқырларды снегахотпен қуып атып қырып тастағаннан киік проблемасы туындап отырған жоқ па? Егер қасқырды мыңдап атып қырмағанда киіктердің саны да қасқырдың саны да тұрақты бірқалыпты болар ма еді?

Киік лағының адам құшақтағаннан өліп қалатыны рас па? | SN.kz - жаңалықтар.  Қазақстанның жаңалықтары

«Байқоңырдан ұшып жатқан жер серіктерді (ракетаны) доғарса, бұрынғы өзен-көлдерге су толып, сонда жерге көк мол шығып, жануарлар шаруаның егісіне тиіспес еді» дейтіндер де бар.

Әлеуметтік желідегі бір қолданушы: «Ағайын, бұрын Қазақстанда 56 миллион қойдың басы бар кезде де жерде шөп те жеткен еді, кейінгі кезде киікті қорғауды жеңілдету үшін белгілі бір аумақта қайырмалап жерсіндірілді. Ал енді бұрынғы жерлеріне жіберу керек. Ал атуға рұқсат берсек, таз кепешімізді қайта киеміз, 25 миллион киікті 1992-1993 жылдары 220 мыңға бір-ақ түсіргенбіз. 27 жылда бұрынғы көрсеткіштің жартысына зорға жеттік. Меніңше, әлі атуға ерте, кемінде 2-3 жыл қоя тұру керек», – депті. Тағы бір азамат: «Мыңдаған  гектар  жер   жекенікі   ғана, ал  ақбөкен  əр   қазақтың   жүрегіне   жақын.  Қара  жерде  жүз км-ге  елу   литр  май  жейтін  «Джиппен»   киікті   қайтармай,  жеңіл  жүретін   жүз км-ге   5-ақ  литр  май  жейтін   арнаулы  мотоциклдермен  қайтарып  тұру   қажет  жəне  сол  мотоциклдердің   глушительдерін  алып  тастаса,   дауысы    өте  алыстан  естіледі. Бір   жеке шаруашылыққа  бір  тəжірибелі  мотоциклші   киікті  аластан-ақ  қайтарып    отырады» деп ақыл айтып тастапты басы қатып отырған Үкіметке.

Иә, егер 80 мың киікті атуға рұқсат берілсе, браконьерлер де қарап қалмасы анық. Ол аздай, біздің елде тамыр-таныстықтың да құрығы ұзын. Сондықтан да қауіп көп, үміт аз. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, әлеуметтік желідегі көпшіліктің де Үкіметке сенімдері аз. Себебі әбден көңілдері қалған.  

 

Аңның киесі болса, даланың иесі бар 

ТҮЙІН СӨЗ: 

Қазақ халқы үшін киіктің орны ерекше. Ұлттық құндылықтың біріне айналған ақбөкен туралы жыр мен күй де аз емес. «Киіктің киесі ұрады» дегенді де естиміз. Қазақстанның ұлан-ғайыр атырабын мекен еткен түз жануарының ерекшелігі мен оларды қорғау хақында сөз қозғасақ, әңгіме ұзап кетеді.

Киіктер болжам бойынша осыдан 50-60 мың жыл бұрын мамонттардың дәуірінде пайда болған. Қуанышқа орай, қос тұяқты сүтқоректі осы күнге дейін тіршілігін үзбей келеді. Табиғатқа бейім, тіршілікке деген құлшынысы өте жоғары. Ғалымдардың айтуынша, қанша нәубеттен өтсе де, бүгінгі күнге дейін жойылып кетпеуінің бірден-бір себебі де осы. Қазір ақбөкен Қазақстан, Моңғолия, Өзбекстан, Түркіменстан және Ресей елдерінің аумағын ғана мекен етеді. Алайда көп үлесі Қазақстанға тиесілі.

Демократияны аңсайтын елміз, дамыған елдерге тамсана қараймыз. Әйтсе де көп жағдайда мәселенің тереңіне бойламай өре түрегелуге дайынбыз.  Жануар құқығын қорғаудан алдына ел салмайтын Аустралия осыдан екі жыл бұрын шаруаға зиянын тигізді, қатты көбейіп кетті деп, 10 мың түйені төбесінен тікұшақпен жүріп, «бісмілланы» айтпай-ақ қырып тастады. Шулаған жұртты көрмедік. Біздегі  киік атуды «обал» көретіндерге тигізіп айтып жатырмыз.  Киіктің еті – адал ас. Тонналап сақтап, кейін сатса, сөйтіп бюджеттің бір жыртығын жамаса, несі жаман? Киік басын көбейтеміз деп жүргенде жаман ауру шығып, киіктер қырылып  қалса, ол да өкініш.

Сондықтан бұл мәселені жан-жақты ойланып, толғанып, жеті рет өлшеп, бір рет кескен абзал. Ертең бәрін бүлдіріп алып, өкініп қалмайық, ағайын!

 

Нағашыбай Қабылбек, ҚР Ақпарат саласының үздігі
15.07.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 144
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 142
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 656
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 776
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 689
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 699

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8838
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8236
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11463
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9220
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10447