Оны баптаған атбегі Молдаш Әміреұлының хас шеберлігі
Жылқының төл отаны – Қазақ жері. Ал мұны күллі жұртшылық әлдеқашан-ақ мойындап қойған. Қала берді, қазақтың арғы-бергі тарихында есімін айдай әлемге әйгілеп кеткен Тайбурыл мен Құлагерлерді айтпағанның өзінде, ақиқат пен аңызды ұштастырған сәйгүліктер қай кезде де арамызда кеңінен таныла білген.
Әлемді таңқалдырған тұлпар биші болатын
Абсент – барлық халыққа бірдей құрметті ат. Ол 23 жыл ғұмыр сүріп, жер қойнына түрегеп тұрған қалпында берілді. Мұндай қадір-қасиетке кез келген ат бөлене бермейді.
Қазақ даласынан шыққан асылтұқымды жылқының бізге беймәлім тағдыры туралы не білеміз? Абсенттің тегі – Араб есімді айғыр. 1945 жылы маршал Жуков Жеңіс парадына осы Абсенттің арғы атасын мініп шыққан. Кедергілерден қарғудан одақтық жарыста 1947 жылы екі мәрте чемпион атанған Араб – Қазбек Қазақстандағы Луговой жылқы зауытына ауыстырылады.
Абсент Араб пен Баккарадан 1952 жылы Жамбыл облысының «Луговой» асылтұқымды зауытында дүниеге келген. Абсенттен ресми деректер бойынша 70-тен аса ұрпақ қалды. Олар: Ақын, Ақбілек, Айдар, Арарат, Аметист, Агдам, Абакан, Аргумент, Аконит, Эльба, Домбай, т.б. Абсенттің ұрпағы Граф деген сәйгүлік Кремльдегі ат гарнизонында әскери қызметке пайдаланылуда деген ақпаратты бірер жыл бұрын естіген едік.
Тарихта алғаш кеңестік спортшы салт міністің жоғары мектебіне тән спорт түрінен 1960 жылы Рим Олимпиадасының алтын медаліне ие болады. Абсентті ерттеп мінген Сергей Филатов чемпион атанады.
Алтыннан алқа таққан тұлпардың бұдан өзге тағы екі Олимпиадаға қатыса алатын қауқары бар болып шығады: Токиода (1964 ж.) қола медаль алады да, Мехикода (1968 ж.) төртінші орынға ие болады. Бұл жолы оған шабандоз И.Калита мінген еді. Осы соңғы Олимпиадада Абсентке «Әлемнің ең үздік спорт жылқысы» деген атақ беріледі.
Абсент алғаш рет 1958 жылы көзге түсті. Мәскеуде өткен Бүкілодақтық көрмеде таңдай қақтырып, тәкаппар жүрісімен елдің есін алған жануардың мүсіні мен сұлулығы білгір мамандардың өзін жалт қаратты. Мәскеудің ипподромында Абсент тәмам жұрттың алдында музыкаға орай құбылып, көсіліп, иіліп, текірештеніп, би билеуші еді-ау! Қынама камзол, қара қалпақ киген Лев Филатов құлағында ойнаушы еді! Адам мен аттың ымы-жымы сиқыр қимылға айналғанда мінбеде иін тірескен жұрт шапалақ шартылдатып тұратын. Биші жылқының ілтипатқа мойны иілгенде жалы күдірейіп, кекілі төгіліп, шоқтығын биіктете түсетін. Тізесін бүгіп, дүйім жұртқа сәлем еткенде біреулер күліп, біреулер сүйсініп тұратын.
1969 жылдан бастап сәйгүлік Молдаш Әміреұлының қолына тиеді. https://www.inform.kz/radmin/news/2022/ 07/28/220728110747207e.jpg
Филатов Абсентпен неге қоштасты?
Молдаш Әміреұлы ел-жұртқа сыйлы, қазақи болмысты, қысылғанда талай адам келіп арқа сүйеген беделді жан еді. Шырайы жарқын, кесек ойлы, жанары әрдайым жарық жұлдыздай жанып тұратын өнегелі азамат, өзіне ғана тән ұтқыр да ұшқыр сөзімен, ісімен ағайынның ақылшысы, қамқоршысы болыпты. Ес білгелі атам туралы естіген әңгімелерімді сіздермен бөліскім келеді.
Молдаш Әміреұлы 1915 жылы қазіргі Құмарық ауылында (Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы) қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Әміре малшы болған. Балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келгендіктен, еңбекке ерте араласқан. Күндіз шаруашылықта мал бағып, соқаға жұптап жегілген өгіздермен жер жыртып, егін егіп, орақпен шөп шауып, пішен тасып жұмыс жасаған. Елге белгілі нәубет жылдары ата-ана бауырларымен Қырғызстанға көшкен. 1935 жылы елге оралып, жаңадан құрылып жатқан Жылқы зауытының іргесін қалауға аянбай үлес қосып еңбек еткен.
КСРО-ның спортқа еңбек сіңірген шебер Серей Филатов 1960 жылы Рим олимпиадасында осы Абсентке мініп алтын жүлде алды. 1964 жылы Токиода қола алды. Осының себебін түсіндіргенде былай дейді: Токиода Сергей Филатов жүрістің бір кезеңінде жаңылыс кеткен Абсентті қатты ұрып жіберген. Ал бұл ұрғанды ұнатпаса да, нақ сол жерде қатесін түзепті. Бірақ кейін басқа жарыстар кезінде Абсент нақ сол қате жіберіп, таяқ жеген жеріне келгенде Филатовтың командасын мүлде орындамай мелшиіп тұрып қалатын болған. Осыдан кейін Филатов Абсентпен мүлдем қоштасты. Абсент өзі ұнатпаған адамды тыңдауды қойды. Осы оқиғадан кейін төрт жылдан соң 1968 жылы Мехикода Абсентке басқа адам – Иван Калита мінді. Ол тағы да алтын медаль алып берді...
Абсент ғасырдың арғымағы атанды. Әрине, ол бәйгеге, ұзақ шабысқа, аламанға түскен жоқ. Өйткені ол әсем жүрістің, сұлу ырғақтың, музыка дыбысын жүрегімен сезетін, сол ырғақты аяғымен орындайтын әрі сымбатты, әрі сол бір көркіне орай ақылды ат етіп тәрбиелеген, әрине, менің атамның еңбегі екені анық.
Абсент әбден қартайып барып 1975 жылы 23 жасында өлді. «Құлдыраңдаған құлын кезінен бағып-қаққан ақылды жануардың ақтық демі таусылар сәттей мүшкіл халін көру маған өте ауыр соқты. Әсіресе, демінің соңғы күндерінде жем-судан тартынып, қозғалуға да шамасы келмей, жатып қалды. Тек мені көрген кезде ғана бар күшін жинап, әрең дегенде оқыранатын. Мына жарық дүниені адам сияқты қимай, көзінен мөлтілдеп жас ағып жатты. Біздің зауыттың кейбір жігіттері, мамандары «еті қашпай тұрғанда сойып алайық» деп пышағын жалаңдатып, ашуымды келтірді.
– Естерің дұрыс па, бұл сендерге соғым емес, ауылымыздың, күллі еліміздің, ең бастысы, қазақтың даңқын төрткүл әлемге танытқан текті тұлпар емес пе?! «Сойып алайық» деген сөзді қалайша ауыздарың барып айтып тұрсыңдар?» – деп қатты-қатты айтып тастаған соң ғана олар райынан қайтты. Көп ұзамай ақтық демі таусылған Абсентті ақ кебінге орап, жамбасымен жатқызбай тік қойып, арулап көмдік. Дүниедегі ең бір асылымнан, сырлас-мұңдасымнан айырылғандай көпке дейін көз жасымды тыя алмай жүрдім». Бұл – Молдаш ақсақалдың әңгімесінен үзінді.
Енді Абсентке оралсақ. Облысқа келген үлкен-кіші ұлықтың бәрі Абсентті көзімен көріп кетуге тырысатын. Абсент келгеннен кейін асылтұқымды айғырларға бөлек қора салды. Әкем сол жердің бригадирі болды. Абсент көзі жұмылғанша сол қорада тұрды. Сүйегі де сол жерге көмілді. Көгершін жұртына Абсентпен бірге келген құт Көгершін ауылында қалды. Соның арқасында ауылымыз тікелей Мәскеудің қамқорлығына алынып, Луговой жылқы зауытына газ келді. «Әміре әулетінде әкемнің жолын қуып, шындап жылқымен айналысқан адам болмады.
Меруерт Молдашқызының естелігінен...
«Өзім Жамбыл облысындағы Көгершін ауылында тудым. Бұрын Луговая деп аталған. Шындығына келсек, Абсент басқа жылқы зауытында туған. Ал Луговой зауытына спорттағы мансабын аяқтаған соң ғана келді. 1936 жылдан бастап Семен Буденный жылқы зауыттарын Қазақстанда да ашқызған ғой. Ең бірінші қазіргі Тараз қаласының түбінде №49 жылқы зауыты ашылған. Абсент 1952 жылы сонда туған. Ал біздің атақты Луговойдағы №97 жылқы зауыты деп аталатын. Ол таудың етегінде болатын. Алатаудың сілемдеріне 3-4 шақырым ғана жерде салынған. Зауыттан сәл әріде Құмарық деген қоныс бар. Ата-бабаларымыз жылдар бойы сол қонысты мекендеген екен. Менің үлкен атам, яғни әкем Молдаштың әкесі Әміренің туған ағасы Жантелі – болыс болған кісі. Құмарық, Қарақойлы, Болтай деген мекендердің бәрі сол кісінің құзырында болыпты. Жетім өскеніне қарамастан, 27 жасында сайланғандықтан, «Бала болыс» деп атаған десетін. Жылқы зауыты құрылғанда сол Құмарықтағы жұрт жұмысқа қабылданады. Әкем екі кластық қана білімі болса да, сауатты еді. Жиырмадан енді асқан кезі. Сонысын ескеріп, малсақтығын ескеріп, зоотехник ретінде жұмысқа алады. 1939 жылы әскер қатарына алынып, сол кеткеннен соғысты аяқтап бір-ақ келеді. 1945 жылы әкеме совхоздың бүкіл жылқысын өткізіп берді», – деп бастады ол әңгімесін.
Молдаш Әміреұлы бәйге атын баптайтын атбегі болғанымен, Абсент зауытқа келген кезде шаруашылықты ұйымдастыруға жауапты басшылардың бірі болып жүрген еді. Ол кезде зауытта Иван Финько деген кісі директор еді. Сол кісі Абсентті әкеме тапсырады. Қазір ойлап отырсам, әкеме тапсыруының бірнеше себебі болған сияқты. 1957 жылы №97 жылқы зауытына Түркіменстаннан бір үйір ақалтеке әкелді. Ал біздің зауыттың тау етегінде тұрғанын айттым. Шетінен құмның жылқысы екен. Келген бетте бірнешеуі мертігіп үлгереді. Ақыры тұтас үйірді түгел әкеме сеніп тапсырады. Әкем сол үшін тауға көшіп, жылқымен бірге өмір сүреді. Кейін Вениамин Иванов айтып жүретін. «Тауға барсаң, Молдаш қайсы, жылқы қайсы, ұқпайсың, жылқымен бірге жайылып, жылқымен бірге тынығады», – деп күледі екен.
Абсентке қатысты қандай марапаттар, мақтаулар, жақсы деректер айтылып жатыр – оған қуаныштымыз. Бірақ Молдаш Әміреұлының сол Абсентті тәрбиелеп, баптаудағы еңбегі телегей теңіз десек, артық айтқандық емес. Себебі мінезі адам тақылеттес, өте сезімтал тұлпарды түсіне біліп, оны өзіне баулу нағыз хас шебердің қолынан ғана келеді. Біз атамызды мақтан тұтамыз!