Өткен аптаның жексенбісінде оралдық ардагерлер сенбілікке шығып, шаһардың гүлденуіне үлес қосты.
Орал қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қаланың Зашаған кенті аумағындағы Мұрат Мөңкеұлы көшесінде орналасқан тынымбақта ұйымдастырылған сенбілік жұмыстарына «Германиядағы Кеңес әскерлері тобының» ардагерлері қатысты. Демалыс орнын абаттандырып, қоршаған ортаға қамқорлық танытқан ардагерлердің бұл игі ісі – жас ұрпаққа үлгі-өнеге болары сөзсіз. Олар тынымбақты қураған шөптерден тазартып, гүлзарлардың айналасын ретке келтірді.
– Бұл тынымбақта біздің ардагерлеріміздің аллеясы бар. Бізге осы жерге тал-теректер отырғызуға қалалық әкімдік мүмкіндік жасаған болатын. Алдыңғы буын ағалардың жолын жалғастырып, ерлігін насихаттауды мақсат тұтқан ардагерлеріміз тазалық шарасына белсене қатысты. Жастарды табиғатты аялауға, сүйікті қаламыздың келбетін таза ұстауға шақырамыз, – деді «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісімшарты әскерінің тобы ардагерлері» Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Ұзақбай Жахсылықов.