Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров облыс әкімі Асхат Шахаровпен бірге Әйтеке би және Хромтау ауданындағы шаруалармен кездесіп, көктемгі егіс егу жұмыстарының барысымен танысты. Бүгінде облыста 283,1 мың гектарға жаздық дақылдар егісі жүргізілді. Бұл өңірдің жалпы егіс алқабының 47,1 пайызына тең.
Президент тапсырмасы аясында өңірімізде минералды тыңайтқыштардың көлемін 27,2 мың тоннаға жеткізу жүктелген. Бүгінде тыңайтқыштар сатып алуға 2,7 мың тоннаға келісім жасалып, әзірге 2,5 мың тоннасы жеткізілген.
Айдарбек Сапаров жақсы өнім алу үшін жеткілікті көлемде тыңайтқыш енгізудің маңыздылығын, сондай-ақ бұл үшін министрлік қажетті жағдай жасайтынын айтты. Оның айтуынша, елімізде тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тетігі енгізілген, ал қазақстандық өндірушілер тыңайтқыштарды әкімдіктердің кепілдігімен жөнелтеді. Соның арқасында шаруаларға егін егу кезеңінде бірден төлем жасаудың қажеті жоқ.
Министр атап өткендей, биылғы егіс жұмыстарына 376 мың тонна дизель отыны бөлінді. Оның ішінде Ақтөбе облысына 7,2 мың тонна дизель отыны тиесілі.
Министр Әйтеке би ауданындағы «Алтынсарин», «Құмқұдық» шаруашылықтарының жұмысымен танысты. Осы ауданда шегірткеге қарсы жүргізіліп жатқан өңдеу жұмыстарының қарқынын білді. Сондай-ақ Хромтау ауданындағы «Ақжар Агро» ЖШС мен «АКМЭЗ» ЖШС май экстракциялық зауытында болды. Аталған зауыт өнімі ішкі нарықта сұранысқа ие, сондай-ақ Қытайға, Ресейге, Өзбекстанға және Тәжікстанға жеткізіледі.
Жұмыс сапарының соңында Айдарбек Сапаров шегірткемен күресу шаралары бойынша жедел кеңес өткізді. Онда Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетіне әкімдіктермен өзара іс-қимылды қамтамасыз етуді, сондай-ақ шекара маңындағы аумақтар бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды. Кеңесте облыс әкімі өңірімізде шегірткеге қарсы жаппай іс-шаралар қарқынды жүргізіліп жатқанын, көктемгі егіс егу жұмыстары басты бақылауда екенін жеткізді.
Биыл Ақтөбе облысында ауылшаруашылығы дақылдарының жазғы егіс жұмыстарын 601,2 мың га алқапта жүргізу жоспарланып отыр. Оның ішінде дәнді дақылдар – 432,8 мың га, майлы дақылдар – 62,2 мың га, мал азығы дақылдары – 94,9 мың га, картоп – 6,1 мың га және көкөніс бақша дақылдары 5,2 мың га жерге егілмек.
Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы егіншілік және тұқым шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Райымбаевтың айтуынша, сәуірдің аяғы-мамырдың басында басталған егіс егу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр:
– Шаруашылық құрылымдары егін егудің агротехникалық мерзімдерінің маңыздылығын жақсы түсінеді, сондықтан егіс жұмыстарының қарқыны артып, тәулігіне орташа есеппен 25-30 мың гектар жерге дән себіліп жатыр. Егер ауа-райы қолайлы болса, 4-5 маусымға дейін егіс жұмыстары аяқталып қалады деп күтілуде.
Көктемгі далалық жұмыстарын жүргізу үшін қажетті 7,2 мың тонна дизель отыны бөлінді. Дизель отынын шаруашылықтарға жіберуші операторлар «АЗС-Лидер» және «Батыс Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Шаруашылықтарға дизель отынын жіберу бағасы 1 литріне 249 теңге, бұл нарықтағы бағадан 15 пайызға арзан. Дизель отынын тасып алу жұмыстары жалғасуда.
Көктемгі далалық жұмыстарына 1,6 мың трактор, 100 аса егіс кешендерін, 1,3 мың тұқым сепкіштер мен 1,6 мың жер өңдейтін техникалары жұмылдырылуда, – деді ол.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми деректеріне сүйенсек, биыл егіс науқанын қаржыландыруға елімізде алғаш рет 5 пайыздық жеңілдікпен жалпы көлемі 580 миллиард теңгеге дейін қарыз қаражат бөлініп отыр. «Кең дала», «Кең дала-2» бағдарламалары бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы және форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» арқылы қаржы бөлінді.
– Ақтөбе облысына 5% сыйақы мөлшерлемесімен 2,3 миллиард теңге несие қаражаты бөлінді. Қазіргі уақытта 2,0 миллиард теңгеге өтінімдер қабылданып, мақұлданды. Өтінімдерді қабылдау жалғасуда. Бұдан басқа, өсімдік шаруашылығы саласын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 1,1 миллиард теңге бөлінді. Субсидиялау бағдарламалары бойынша өтінім қабылдау жұмыстары басталуда, – дейді басқарма басшысы.
Бүгінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі егіс және күзгі егін жинау жұмыстарын несиелендіруге қосымша 11,55 миллиард теңге бөлінген. Бұл несие қаражаты айналым капиталын толықтыруға, минералды тыңайтқыштар, дизель отынын, ауылшаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектерін алуға және тағы да басқа қажеттіліктерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақтөбе облысы филиалы несие бөлімінің басшысы Айнұр Медетованың айтуынша, облыста агроөнеркәсіп кешенін кеңейтуге бағытталған «Агробизнес» «Кең дала», «Іскер» «Жастарды шағын несиелеу» бағдарламалары жүйелі жүзеге асырылып жатыр.
– Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге арттыру керектігін де айтып өтті. 2024 жылға «Кең дала» бағдарламасы бойынша жыл басында 2,3 миллиард теңге және мамыр айында қосымша 7 миллиард тенге бөлінді. Қазіргі таңда 2 миллиард теңге игерілді, – дейді корпорациясы өкілі.
«Аграрлық несие корпорациясы» жастарды қолдау мақсатында өткен жылдың наурыз айынан бері 2,5 пайызбен берілетін несиеге құжаттарды қабылдау бастағаны белгілі. Айнұр Медетованың айтуынша, осы мақсатта былтыр мемлекеттік бюджеттен 935 миллион теңге бөлініп, 200 адамға жалпы құны 935 миллион теңге көлемінде шағын несие берілген.
– Шағын несие беру бағдарламасы 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Несие талаптарына сәйкес, өтініш берген сәтте жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген мерзімі 5 жылдан аспауы тиіс. Бағдарламаға жұмыс істеп жүрген жастар да қатыса алады. Несие 5 жылға беріледі. Несиелеу шарттарына сәйкес, жылдық 2,5 пайызбен мал шаруашылығын дамыту үшін 7 жылға дейін, бизнестің басқа бағыттары үшін 5 жылға дейін жалпы көлемі 5 миллион теңгеден аспайтын несие алу мүмкіндігі бар, – дейді ол.