ӘКЕМНІҢ АТЫНДАҒЫ КӨШЕ

ӘКЕМНІҢ АТЫНДАҒЫ КӨШЕ

Құдайға шүкір, әкемнің атына көше алдық. Көше ала қояйын деген жоқпын-ау, Молдан аға келіп қоймады емес пе? Біреу қоймай қылқылдай берген соң, өзің де намысшыл болып кетеді екенсің. 

 

– Әй, әкеңнің атына көше алмайсың ба? – деді бір күні сол кісі. 

– Көше алғаны қалай? 

– Бір көшеге әкеңнің атын қойдыр. 

– Оны қайтеміз?

– Жұрттың бәрі ата-бабасының атын түгендеп көшеге қойдырып жатқан жоқ па? Сен де сөйт. Жалпақ елге белгілі боласың. Пәленшенің баласы азамат екен деген атың шығады. 

– Әкем марқұмның ондай еңбегі жоқ еді. Ұят болмай ма? 

– Ұят болғаны несі-әй?! Сені өзі жалындап жанып тұрған намысқой жігіт пе десем, жігерсіз неме екенсің ғой! Елге еңбек сіңірген адам сенің әкеңдей-ақ болсын. Қалдыбай ағам соғысқа барды. Он бір жыл колхоздың кассирі болған жоқ па? Миллиондаған сом ақшасы бар кассаны ұстап тұру сол заманда оңай болды дейсің бе? Басқа қызметін былай қойғанда, ақырында колхоздың қоймасын күзетіп жүріп өмірден өткен жоқ па? Одан артық қандай қызмет керек?! 

– Енді ауылда көше де қалмады ғой, – деп сылтау айттым. 

– Көше қалмаса табамыз. Өзімнің жобалап жүрген көшем бар. Оны ешкімге айтпаймын. Тек сен әрекет қыл. 

– Сонда не әрекет қыламын? 

– Түк қиындығы жоқ. Бір малыңды сой. Ауылдың осы айтқанды қылады-ау деген ардагер ақсақалдарын шақыр. Әкеме бір құран оқытайын деп едім де. Арғы жағын сол басқосуда өзім айтамын. 

– Шалдарды жинап, тамақ беріп, әкемнің атына көше бергізіңдер деген ұят емес пе? Барлығы да біледі ғой ешкімнен артық емес екенін. 

– Әй, сен өз әкеңнің жолына аз дүние шашудан қашып отырған жоқсың ба? Бір жағынан сол қарттардың білгені жақсы. Бір-бір шапан жауып, иығын жылтыратасың. Ертең өздері-ақ газетке жазып, жиналыста мәселе көтеріп, ақыры бір көшені алып береді. 

Осылай күнде миымды жеп қоймаған соң, ақыры көндім. Көніп тұрып, сұрадым. 

– Молдан аға, осыдан сіз не ұтасыз? 

– Ой, боқмұрын! Мұрныңа саясаттың исі бармайды. Менікі «у ішсең руыңмен» дегендей, рудың намысы емес пе? Біздің атадан тағы бір кісінің көшеге аты қойылды деп мақтанып жүрмейміз бе? 

 

Сонымен айтылғандардың бәрі істелді. Шалдарың да мәрт екен, мәселені көтеріп берді. Қарсылар да аз болған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, жақтаушы да, даттаушы да табылды. Намыс деген бір қозғалса жаман екен, жүгірудей жүгірдік те, шабылудай шабылдық та. Ақыры біз дегенімізге жеттік. Ауылдағы бір көшенің соңғы жағында шағын бұрылыс бар еді. Соны бөліп алып, әкемнің атымен «Қалдыбай Малдыбайұлы көшесі» деп шешім шығарттық. 

Көшеде бар болғаны алты-ақ үй. Мейлі ғой. Аз болса, аз болсын. Әйтеуір әкемнің атында көше бар. Көрген жерде жұрт құттықтайды. Ағайындар да мәз. Қозғаушы болдым деп Молдан ағам да мақтана кеуде кереді. Әуелгіде қысылғанмен, етім үйренді ме, мен де ризамын. 

 

Қайыпназар ШОТБАСОВ, 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 

16.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 40
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 116
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 34
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 41
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 49
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 41
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 111
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 116
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 308
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 302
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 925

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8998
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8393
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11618
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9376
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10602