Әкені іздеу (деректі хикаят)

Әкені іздеу (деректі хикаят)

Жолаушылар келесі ауылдың шетіне іліккенде Күн асқақ Алатаудың қарлы шыңдарын қызыл арай нұрға бөлеп, биік тау сілемдерінен ары асты. Осы сәт дімкәс көліктің «сырқаты» қайта сыр беріп, көкжөтел буған адамдай қақалыпшашалып ақыры тоқтап тынды.

– Ой, мына нәлеті ескі әуеніне қайта басты. Ел орынға отырып, ымырт үйірілген шақта көлік жөндейтін шеберді қайдан таппақпыз, – деді жүргізуші шарасыздығына күйінгендей.

– Ел шетіне жетіп жығылғанымызға шүкір. Бұл – менің ауылым. Көлік жөндеушіні де табамыз. Жөндетеміз. Біздікіне қонақ боласыңдар, әлгінде уәделескеніміздей апамның әңгімесін тыңдаймыз. Ашаршылық елімізге бас салған, бүгіндері құжаттарға айналып архивтерге тасталған, қаншама адам өмірімен қоштасып, қара жерді мәңгілікке жастанған демекші, халқымыздың санын азаюға осы жеткізген – қолдан ұйымдастырылған ашаршылық екенін бәріміз білеміз. Ел басына төнген нәубетті қаршадайынан басынан өткерген, ата-анасына, бауырларына қамқор болған, жақсылықтан үмітін үзбей тек алға ұмтылған апамның жанкешті әрекеті ерлік емей немене? Жүргізушінің қатарындағы Жексенбі қызына сөйлеп тоқтады.

– Дұрыс айтасыз. Апамның сергектігі, жадының мықтылығы он бес жасында тұрғызған тас ошағының орнын іздеп тапқанынан-ақ байқалды емес пе? – деді жас әйел таңданысын жасыра алмай.

«Көлікті сүйреп жеткізетін жанашыр табыла қалар ма?» екен деген дүдәмал оймен орнынан тұрған Жексенбі жол жиегінде ары-бері өткендерге қол көтере бастады. Ақпейілдің аты арып, тоны тозбайды деген. Тоқтай қалған тракторшы танысын көндіріп тоқтап тұрған көлікті тіркетті де алға жылжыды. Қалғандар соңдарынан ілесті. Тоқтыхан әжені алға салып бұлар есіктен енгенде, диванда әлдеқандай іс тігіп отырған ақсары келіншек орнынан ұшып тұрды.

– Амансыздар ма? Келіңіздер!

–Есенсің бе, келін шырақ? Ойламаған жерден беймезгіл уақта кеп қалдық. Айып етпе!

– О не дегеніңіз, апа? Еш айыбы жоқ. – Кең бөлмеге еніп, аяқ созып жайғасыңыздар, – деді Жексенбі есігі шалқасынан ашық тұрған төргі бөлмені нұсқап. Сонан соң келіншегіне:

– Жұлдыз, шай дайындап жібер, – деді. – Иә, қазір. Шайдан соң Тоқтыхан кейуана үй иелеріне ризашылығын білдіріп, батасын берді.

– Шырағым келінжан, алғаш көріп тұрсаң да жатырқамай, қабақ шытпай жайылып жастық, иіліп төсек болған сый-құрметіңді көріп, көңілім марқайды. Көңілден көңіл су ішеді деген сол. Атыңа затың сай жарқылдаған жан екенсің. Өркенің өссін! Қосағыңмен қоса ағар!

– Айтқаныңыз келсін!

– Әмин! – Апа, ет піскенше әңгімеңізге құлақ қойсақ, – деді Жексенбі қоңыр көздері күлімдеп.

– Иә, апа… Өзімен бірге келген сапарлас келіншек те әңгіме тыңдауға ықылас ауғанынан хабар берді. 

 

Бір қадақ бидай үшін сотталған

– Сол бір қасіретті күндерді еске түсіру дәп бір зілбатпан жүк артқандай қажытады ғой адамды, – деп кейуана аз-кем кідірді. Бір жөткірініп алып сөз бастады. – Әкем Қожақан еті тірі, тілге шешендігі де, ел бастайтын көсемдігі де бар, қиындықтан жол таба білетін сұңғыла адам еді. Колхозда бригадир болып еңбек етті. Еңбекқорлығының арқасында аштан өліп, көштен қалмадық. Ел қатарлы өмір сүріп жаттық. 1932 жылдың күзі. Егін орағы басталған қарбалас шақ. Әкем таңның атысы, кештің батысы қырман басында. О кезде астықты кол орақпен орады. Ер адам атаулы астықты төкпейшашпай, қамбаға құйып алғанша бел жазу жоқ. Жұмысты ұйымдастыратын, кімнің қайда барып, не істейтінін шешетін – әкем.

Бірде Елубай есімді колхозшы әкеме жағдайын айтып, көмек сұрапты. «Қожеке, біз ашпыз. Үйде бір түйір дән қалмады. Шиеттей бала-шаға қарным ашты деп жылағанда көз көрмес, құлақ естімес қу медиен далаға қаңғып кеткім келеді. Әйелдің ала жаздай жинаған сықпа құртымен шай сораптаймыз. Оның бойға күш-қуат дарытатын қауқары қайдан болсын. Бір білгенім тамағы тоқ, қайғысы жоқ адам қандай қиындыққа да төзеді. Кедей болдық, бірақ аштықтан бұратылған бүгінгідей сұрқай күндерді кім көріпті?»

– Қырман бастығына айтып, бір қадақ бидай бергізейін. – Рақмет, Қожеке, жақсылығың Алладан қайтсын.

– Айтпақшы, басқармаға кіріп, үйелмелі-сүйелмелі жеті баланың аш қалғанын айтып, бір қап бидай босатуын өтінсеңші. Мен де айтайын. Елубайға жасаған көмегі басына пәле боп жабысып, әкем түрмеге қамалды. Бір қадақ бидай берген қырман бастығы ат-тонын ала қашып, ештеңе көрмеген, білмеген, сүттен ақ, судан таза боп шығады. Әкемнің басшылар, ауылдастар алдындағы беделін күндегендер астыртын ұйымдасып, әкемнен құтылуға асыққан сияқты. Ішінде өз туыстары да бар.  

Кейуана сол сүреңсіз күндерді есіне алғандай ойланып қалды. Тыныштықты жүргізуші бұзды.

– Әкеңіздің аға-інілері бар ма еді?

– Әкем бір атадан жалғыз. Артынан ерген бес қарындасы жатжұрттық боп, өз орындарын тапқан. Әкемді он екі жылға соттап, Жаркент түрмесіне жөнелтеді.

– Апа, әкемді іздеп барайық та, – дедім бірде анам Күмісжанға:

– Әкеңнің халін білу менің де ойымда бар. Жөн білетіндерден жолын тәптіштеп сұрап алайық. «Көрмеген жердің ой-шұңқыры көп». Әкеме деген сағынышымды баса алмай оңашада көз жасыма ерік беретінімді ешкімге сездірген емеспін. Апама да. Көп кешікпей Жаркенттің жолын сұрастырып білдік. Азық-түлік алып, әкемнің торқасқасына мінгесіп, таң құланиектене жолға шықтық. Кетерінде інім Мұқамеди: «Тоқа, менің шалбарымды, тұмағымды ки. Қыз екеніңді қарсы кездескендер білмеуі керек. «Сақтықта қорлық жоқ» деген. Егер қиын болмаса жолсызбен жүргендеріңіз мақұл. Арам ниетін ішіне бүккен әлдебіреулердің көзіне түсіп қап, әкемнің несібесіне қол сұғып, тұлпар пішіндес есік пен төрдей торы атты астарыңнан аударып алып жүрмесін деген күдік қой. Мынаны ала жүріңдер. «Керекті заттың ауырлығы жоқ», – деп, оқтаудан сәл ұзынырақ, жұмыр таяқты ұстатты. Жас талдың сыртқы қабығын жонып арнайы жасапты. Апам екеуміз таяқты дәп бір ғажайып нәрсе көргендей кезек-кезек ұстап, Мұқамедидің жас та болса алдын ойлайтын ақылы мен зеректігіне іштей риза боп, оған сүйсіне қарадық. Күні бойы торқасқа иесін жалықтырмайтын жортақ жүрісінен танбады. Күн түнге орын беріп, биік таудан ары асып, жер бетін қою қараңғылық бүркеді. Бұндай мезгілде кім жүріп көріпті. Қорқа бастадым. Жан-жақтан әлдеқандай құбыжық шыға кеп, тарпа бассалатындай зәрем ұшты. Сананы қорқыныш билесе, одан арыла қою оңай емес екен. Бірақ апама қорқынышымды білдірмеуге тырыстым. Бір кезде апам:

– Қызым, демалайық. Торқасқаға да обал болды, – деп, жол жиегіндегі қалың ағашқа қарай басын бұрды. Аттан түсіп, көрпені алып терек саясына төседік. Торқасқаның ауыздығын босатып, екі аяғын тұсап жібердік. Үйден ала шыққан етті жеп, айран іштік. Киіммен көрпеге қисайдық. Ұйқым келсеші, кірпіктерім қамаспай-ақ қойды.

 

Түрмедегі кездесу. Қорлану

Апама бірдеме деуден қорқып жатып ұйықтап кетіппін. Таң қылаң бере тағы жүрдік. «Сұрай-сұрай Меккені де табасың» демекші, діттеген жерімізге жетіп, түрмені де таптық. Әкеммен жылап көрістік. Әкем арыған, екі жағы пышақ жанығандай, көңілі пәс. Өткір қара көздерінде мұң.

– Біреуге көрсеткен титтей көмегім жамандық болып жабысты. Сендердің күндерің не болады деп, күндіз-түні уайымым сол, – деді. Әкемді біз, балалары, Жәке дейтінбіз.

– Жәке, «уайым түбі тұңғиық, батасың да кетесің» деуші едіңіз ғой? Мұқамеди екеуміз жақсы-жаманды, дұрыс-бұрысты айыра алатын жастамыз. Отбасымызға тіреу, апама сүйеу болуға жарадық. Өзіңізді өзіңіз мүжи бермеңіз, – дедім.

– Оған күмәнім жоқ, қызым. Сендерді қылмыскердің ұрпағы атандырып, көздеріңе шұқытқаным жаныма шаншудай қадалады.

– Отағасы, басқа түссе баспақшыл деген. Адам пешенесіне жазылғанды көреді. Біз су тисе еріп кететін қант емеспіз. Қандай соққыға да міз бақпайтын тасқа айналмасқа әбдіміз жоқ, – деді манадан әліптің артын баққан анам.

– Оған сөз бар ма? Сендерді сүтке тиген күшіктей бейшара күйге түсіргенім үшін кешіріңдер. Айыбым – аш-жалаңаштарға деген жанашырлығым.

– Сіздің бәлендей кінәңіз жоқ, әке. Бетке күле қарап, сырттан тісін қайрайтын қаскөйлердің дұшпандығынан түрмеден бір-ақ шыққаныңызды ауылдағылардың бәрі айтып жүр. – Елубай қалай? – Не қалайы бар. «Қожекеннің обалына мен қалдым. Жазаланатындай титтей жазығы болса екен-ау», – деп өткенде кіріп шыққан, – деді апам. Бірдеме керек боп жатса айтыңдар. Қолымнан келген көмегімді аямаймын деп кетті.

– Рақмет оған! Әкемнің жүзіне жылылық үйіріліп, сәл күлімсірегендей болды.

– Кездесу уақыты аяқталды, – деді сұсты жүзінен ызғар шашқан күзетші.

– Елге жеткен соң, бір қойдың жарты етін пісіріп, бауыздау қанын қарынға құйып жеткізіп бере аласыңдар ма, қызым? – деді әкем.

– Бере аламыз, әрине. Қойдың бауыздау қаны неге керек?

– Бір қажетіме жаратпақ ойым бар. Іске аса ма, жоқ па, о жағын ашып айтпай-ақ қояйын. Айтпақшы, Тоқа, туыстардың бірін жолбасшы етіп, келесіде өзің кел. Апаңды әурелеме. Ал сау болыңдар, Аман-сау көрісуге жазсын. 

Қоштастық. Әкем маңдайымнан сүйді. Сөйтіп, қимай-қимай кете бардық. Үйге аман-сау жеткенімізге қуандым. Әкеме екінші рет менімен бірге барып қайтатын адамдарды ойша тізімдегенде таңдауым Елубай ағаға түсті. Апам екеуміздің ойымыз бір жерден шықты. Кешке қарай Мұқамедиді жіберіп, Елубай ағаны үйге шақырдық. Апам мән-жайды түсіндірді.

– Мен үшін түрмеге түскен Қожекеңді бір рет іздеп баруға жарамасам, кім болғаным? Ертең тұрып бүрсігүні жолға шығайық, – деді. Әкем бізді көріп қуанып қалды. Елубай аға екеуі колхоз жайлы, ауылаймақ, ел-жұрт, күнкөріс туралы аз-кем сөйлесті. Азық-түлікті табыстап, дереу кері қайттық.

– Елубай, тәңір жарылқасын, аман бол, – деді әкем.

– Аман-сау көрісуге жазсын! Әке алдындағы бір міндетімді өтегеніме арқамнан ауыр жүк түскендей, өзімді жеңіл сезіндім. Колхоздың шолақ белсенділерінен көрген теперіші апамның жанын жаралауда. Бәріне үнтүнсіз көнуге мәжбүр. Қит етсе әкемнің сотты болғанын бетке басады. Әкемнің жазықсыздығын біле тұра, қасақана анамды күйдіру үшін айтатындарын мен де сеземін.

Бірде мектепке бара жатқанмын. Колхозшылар басқарма кеңсесінің алдында тұр екен. Қол астындағыларды бір шыбықпен айдайтын әпербақан бригадирдің енді топқа қосыла берген апама:

– Әй, қылмыскердің қатыны, неге ертерек келмейсің? – деп әкіреңдегенін естіп қалдым. Бригадирдің қасына жүгіре басып кеп, атының шаужайына жармаса кеттім

– Менің әкем қылмыскер емес. Әкемнің орнын иелену үшін жоғарыға арыз жазып, айдатып жіберген сенсің! (Расында ел аузында осындай пыш-пыш әңгіме шығып жүрген). Апамды дөрекі сөздеріңмен бұлайша тұқыртқаныңды тыймасаң, осы оспадарсыздығыңды мен де жоғарыға жазамын! – дедім айқайлап сөйлеп.

– Не дейді, ей, мына қара албасты! Ол маған таңырқай әрі өшіге қарады. – Апамды балағаттағаныңды мен де жазамын! – дедім ашуым басыма теуіп.

– Ой, ұқсамасаң тумағырдың әкесінен аумай қалуын. Ұл болса тіпті сұмдық болғандай екен.

Бүкіл көпшілік алдында жер болған бригадир атының басын кері бұрып беталды шаба жөнелді.

– Қызым, үлкен кісіге сүйегінен өтердей қатты айтқаның жарамады, – деді апам үйге келген соң.

– Ол сені тілдеп жатса, қарап тұруым керек пе?

– Қыз баласы орныңды біл.

– Апа, әкемді айдатып жіберген осы адам дейді ғой жұрт. Неге оны аяуым керек?

– Жұрттікі долбар. Шындыққа көз жеткізбейінше долбарды малдану – үлкен қателікке жол беру.  

Үш күннен кейін көрге де үйренеді деген. Апам колхоздың қара жұмысына ат боп жегілуге әбден төселген. Мұқамеди екеуміз апама көмекке сабақтан соң барамыз. Кеш бата сүріне-қабына жетеміз. Майшамның болымсыз жарығымен сабақ оқимыз. Кешкі астан соң төсекке құлаймыз

Осы әрекетіміз күнде қайталанады. Бала боп сыртқа шығып ойнау дегенді білмейміз. Қысқасы, өмір ауыртпалығы бізді ерте есейтті. Бірде түнделетіп үйге бір бейтаныс мосқал адам келді. Арғы беттен екенін, әкем Қожақанмен бір жерде тұратынын айтқанда, Мұқамеди де, мен де:

– Рас па-а? – деп орнымыздан өре түрегелдік.

– Сонда қалай? Әкем түрмеде еді ғой?

– Шетелге қалай тап болған?

– Түрмеден қалай құтылған?

Бейтаныс адамды сұрақтың астына алдық.

– Сабыр етіңдер, балалар. Сөзімді біреу-міреудің құлағы шалып қалса, жолымды торып, жібермей ұстап қалуы, тіпті түрмеге тоғытуы әбден мүмкін. Баспағып түнделетіп жүргенім сол. 

Қожекең сіздерге дұғай-дұғай сәлем айтты. «Халім жақсы, денім сау, тамағым тоқ. Уайымым – өздерің.Туған жерді, бала-шағамды бір көру – арманым», – деген сәлемін жеткізді.

Апам қазанның астына от жағып түнгі қонаққа шай қамдады. Бір уыс талқан, екі-үш тал сықпа құрт пен сүт қатқан шайды қонақ екі самайынан тері сорғалап отырып ұзақ ішті. Сонан соң әкемнің түрмеден қалай қашып шыққанын әңгімелеп, бізді қайран қалдырды.

Өзі сұратқан қойдың бауыздау қаны қолына тиісімен сол күні кешке қарай ішіп алып, құса бастайды. Күзетшіні шақырып, қан құсып жатқанын көрсетіп, сыртқа шығуға мұрсат беруін өтінеді. Ол да пенде емес пе, есік алдына жіберіп, қасында бақылап тұрады. Қожекең лақылдатып құса берді. Күні бұрынғы келісім бойынша әкемнің қасындағы екі досы күзетшіні ұрып-жығып, байлап тастайды да, азық-түлік, киім-кешектерін алып, қараңғыға сүңгіп жоқ болады. Сол қашқаннан түні бойы жүріп шекарадағы өзенге кеп тіреледі.

Біраз аяқ суытып, тамақтанады. Түн жарымында арттарынан иісшіл ит ерткен қуғыншылар да жетіпті. Үшеуі суға түсіп, отырып алады. Иісшіл ит судағы адамды таба алмаса керек. Үш күн судан шықпапты. Қуғыншылар кетті-ау дегенде өзеннен шығып, малмандай су болған киімдерін кептіріп, бірер сағат дамылдапты да, арғы бетке аман-есен өтіпті.

Қонақ кетерінде: «Қожекең қатты қапалы. Әйел, бала-шағаммен қауышсам, бұ жалғаннан армансыз-ақ өтер ем. Мен сормаңдайдың пешенесіне жазылғаны жалғыздан-жалғыз сарғаюмен таңды атырып, күнді батыру екен ғой деп үмітсіздікке салынатын кездері көп», – деген. Әкемнің жағдайы мені қатты алаңдатты. Әкемді неге іздемеске деген ой туды. Ойымды бірде апама айтып ем: «Әкеңді іздер-ақ едік, бірақ ит өлген жерге тобымызбен, жас баламен жету қайда-а?» – деді. Әңгіме осымен біткендей болған.

Өрістен мал қайтқан абыр-сабыр шақ. Күнде осындай мезгілде бұзау өзі келіп тұрушы еді. Бүгін жоқ. Іздеуге тура келді. Еміп қойса, бір күнгі астан қағыламыз. Ауыл шетіндегі бұзаулар жайылатын алаңға жүгіре басып келе жатқанмын.

– Әй, қылмыскердің қызы, кімді іздеп жүрсің? – деген дарақы дауыс шыққан жаққа жалт қарадым. Анадай жерде ұрынарға қара таппай екі иығын жұлып жеп жүретін бригадирдің сотқар ұлы үнемі жұптары жазылмайтын досы екеуі не дер екен дегендей күле қарап тұр.

– Қашқын болмасыңа көзің жете ме? Алдыңнан тағдыр қандай сый дайындап тұрғанын қайдан білесің? Әкем аш қалған шиеттей бала-шағалы отбасыға бір қадақ бидай бергені үшін жазықты болды. Бұл – қылмыс емес! – дедім.

– Менің көкеме соқтығыпсың ғой әкемді ұстап берген сенсің деп.

– Өтірік пе ұстап бергені? Бүкіл жұрт айтып жүр.

– Ел оттай береді. Дегенмен әкесіз саған қиын-ақ. Қорғаушың жоқ. Ертең әлі жеткен біреу әйелдікке алып қашып кетеді-ау деп қорықпайсың ба? – дегені. 

Кезінде Мұқамеди жасап берген жеңді білектей жұмыр таяғымды сілтеуге бейімдей көтере ұстап, қасқайып қарап тұрған екеуге тура жүгірдім. Олар менің ештеңеден тайынбайтынымды сезді-ау деймін, қаша жөнелді.

Әкемнің жоқтығын пайдаланып басынғандарына ішім алай-дүлей. Бірақ бұл жағдайды апама білдірмедім. Қай жетісіп жүр дейсің. Таңның атысы, кештің батысы колхоздың қара жұмысымен айналысудан азып-тозып, шөгіп те кетті. Әлгілерден естігенімді апама кешкі тамақтан соң айттым. Апам ойланып қалды.

 

Жанкешті жолға шығу

– Тастары өрге домалап тұрғандарға қарсы шығуға қауқарсызбыз ғой, қызым. Бұзық ойынан хабар беріпті. Ондайлармен тіресіп береке таппайсың. Көрсең де көрмегенсіп бұрылып кет, – деді апам. Мықтылар үстемдігінен тауы шағылып, зәрезап болған жанның не көрсең де көне бер, дымың ішіңде болсын дегенімен келіспесем де үндемедім. Көп кешікпей апам әкемді іздейік дегеніме келісті.

Әкемнің торқасқасына азық-түлік, киім-кешек, керекті заттар салынған қоржынды, көрпе-төсеніштерді арттық. Ине-жіпке дейін ұмытпадық. Атқа алдына бес жасар Мұқажанды алып апам мінді. Мұқамеди екеуміз жаяу жүрдік. Наурыз айында ауыл қалың ұйқы құшағында жатқанда жолға шықтық. Үй-жайымызды тастап кете бардық. Алдымызда піскен ас, салулы төсек дайын тұрғандай-ақ, ешқашан табанымыз тимеген жат өлкеге жетуге құлшынысымыз арта түсті. Бұл әкемізбен қауышуды армандаған игі ниетімізден туған жанкештілік екені анық. Мен қағаз, қалам алып алғанмын. Қанша күн жүргеніміздің есебін жазып отырдым. Наурыздың он бесінде туған жерді тастап шығысқа бет алғанбыз. Сәуір, мамыр, маусым айларында толассыз жүріп отырдық. Түнде ұйқыға жатарда апам қара ала арқанмен төңірегімізді қоршап тастайды. Бас жағымызға үлкен пышақты қойып қояды. Өзі білетін сүрелерлі айтып жаратушыдан іштей тілек тілейді. Далаға түнеуге де үйрене бастағандаймыз. Алғашқы кезде түні бойы көз ілмей шығатынбыз. Әбден титықтап барып, екі-үш сағат көз шырымын алатынбыз. Бұл кезде азығымыз да таусылып, дорба түбіндегі құртты талғажау еттік.

Бірде ағаш арасымен келе жатқанбыз. Тал басындағы құстың ұясынан пыр етіп әлдеқандай құс ұша жөнелді. Манадан сол ұяға көз тігіп келе жатқан Мұқамеди ағаш басына өрмелеп шығып, бес-алты жұмыртқа алып түсті. Өлмегенге өлі балық деген. Мұқамедидің алғашқы табысын пісіріп жеп жан шақырдық. «Ұлымның кәдеге жарағанына тәуба!» – деді апам. Шілденің ми қайнатар аптабы басталып, күндіз жүрісіміз өндімеді. Әйтсе де алға жылжи беру – мақсатымыз. Табиғаты мәуілжіген, шалғыны белуардан келетін неше түрлі құстардың сайраған әндері көңіл құсымды самғата жөнелген шағын тоғайға келіп кірдік. Құдды теңіз ортасындағы арал дерсің. Тоғайдың батыс жағын жанай өзен ағып жатыр. Өзен жағалауын зәулім тал, теректер көмкерген. Самал соқса жапырақтар жайқала тербеліп, сыбдыр қағып сөйлескендей әсер қалдырды. Осынша сұлулық көзімді арбап, жан-жағыма қарап тұра беріппін.

– Қызым-ау, не қарап тұрсың? – деді апам. Мен үшін Мұқамеди жауап берді.

– Апа, адам үнемі осындай, тамаша табиғат аясында өмір сүрсе, жаны да, тәні де сау-саламат болар еді. Сөйтсем, ол да тұмса табиғатқа сүйсініп, жаны жадырап тұрған сәті екен.

– Осы араға біраз аялдайық. Әбден кірлеп кеттік. Шомылып, кір-қоңымызды жуып тазаланып алайық, – деді апам. Кешке қарай Мұқамеди тағы он шақты жұмыртқа тауып әкелді. Бұларды пісіріп, ертеңге сақтап қойдық. Құртпен шай ішіп жатып қалдық. Апта бойы салқында жүріп отырдық, күн ысығанда демалыс жариялаймыз. Сүрлеу жол бізді биік белеске бастады. Белесті асып түскенімізде жазықта үш-төрт қазақ үй тұр. Солай қарай бұрылдық. 

 

Ақсақалдың көмегі. Аштық

Үлкен үйге жақындай бергенімізде алдымыздан жүзі жылы кейуана шығып, бізге таңырқай қарады. Қысқаша аман-сәлемнен соң апам: «Шешей, алыстан келеміз. Балалардың қарындары ашып, бір жағынан шөл қысып, әл-дәрмендері қалмады. Қастарыңызда бірер сағат демалып алуға рұқсат етіңіз», – деді.

– Үйге кіріңдер. Жаңылхан, тездетіп шай қойып жібер, – деді жастау келіншекке. Тамақ ішіп отырып, апам жөнімізді баян етті. Жол жүріп келе жатқанымызға бес ай болғанын естігенде, кемпір:

– Обал болған екен. Бүгінше осында қонып тынығып алыңдар, – деді.

Қуана-қуана келістік. Үйінің қасында қойма есебінде кішірек жаппа тұр екен. Соған түнедік. Төсекке қалай жамбасым тиді, тырп етпей ұйықтаппын. Танымасақ та адамдардың арасында қауіпсіз сезінгендіктен болар. Күндегі әдет бойынша үйге жарық түскенде оянып кеттім. Апам да тұрыпты, сыртта жүр екен. Мұқамеди мен Мұқажан әлі ұйқы соғуда.

Үй иесі бізді шайға шақырды. Ішке бас сұққанда көрдім, үй тола адам. Кеше ерте жатып қалғандықтан, кемпір мен келінінен басқасын көрмегенбіз. Бұлары несі? Әлде бізге деген бөтен ойлары бар ма? – деп іш жидым. Төрде отырған ұзын ақ сақалды қария именшектеп тұрған бізге: – Кел, қарақтарым, жасқанбаңдар, төрге шығыңдар. Қалғандары өз балаларым, – деп жөн айтты. Екі жас жігіт әкелерінің қасынан тұрып, бізге орын босатты.

– Ее-е, келін шырақ, қайдан келесіңдер? – деп жөн сұрады. Апам қайдан шығып, қайда бет алғанымызды, себеп-салдарын шып-шырғасын шығармай баяндап берді.

– Шырағым, бұның екінің бірінің қолынан келе бермейтін, жүрегінің түгі бар адамға тән ерлік. Таңырқап та, мүсіркеп те, сүйсініп те отырғанымды несіне жасырайын?! Жетпістен асқан шағымда дәл өзіңдей отбасын сақтап қалу үшін жанын шүберекке түйіп, арып-ашып, бес ай бойы жол жүріп, далаға түнеп келе жатқанына қарамастан мұқалмаған жанкештілерді алғаш көруім. Әлі де алдарыңда қаншама жол жатыр. Оқасы жоқ, шешінген судан тайынбайды. Дендерің сау болса, отағасымен қауышатын кездерің де алыс емес. Алла қауышуға жазсын деп тілейік. 

– Айтқаныңыз келсін, ата. Сіздерге де рақмет. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» деген. Мүшкіл халімізді бірден түсініп, апам дастарқанға шақырды. Қонып та шықтық. Өздеріңіздей жақсы адамдар бар екен. Осыдан біршама уақыт бұрын тағы бір отбасына кездесіп, түнеп шыққанбыз. Кірімізді жуып, балаларды жуындырып, тазарып бір жырғап қалдық. Сіздерге де алғысым шексіз. Жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын. 

–  Мініп келген торы ат өздеріңдікі ме? 

–  Өзіміздікі, ата. 

–  Жылқы киелі түлік қой. Көп көмегі тигені көрініп тұр. Мына кішкентай балақан жаяу жүре алмас еді. 

– Дұрыс айтасыз, ата. 

– «Жол азабын жүрген біледі» деген. Осы азаптарың рақатқа ұласып, жайбарақат уайымсыз, қайғысыз өмірді нәсіп етсін Алла. 

– Айтқаныңыз келсін, ата. Рұқсат болса біз жүрейік, – деп апам орнынан тұруға айналды. 

– Құдайға бір кепе атадық. Келін пісіріп жатыр. Соның жарты етін қоржындарыңа салып береді. Азық етесіңдер. Сәл сабыр ет, – дегенше кемпір ағаш астауға салған піскен етті алып кірді. Қария құран оқып, бетін сипады. Отырғандар оның қимылын қайталады. Сол сәтте екі көршісі бір-бір кесе талқан алып кірді. Үй иелерімен жылы қоштасып, шығысты бетке алдық. Мұқамеди әлгіндегі отбасының үлкен ұлынан ағашта қыстырулы тұрған садақты оғымен сұрап алыпты. Сол жүргеннен шамамен бір айдай толассыз жүріп, түнейтін шұңғылдау орынға жайғастық. Сол түні тұсап қоя берген Торқасқа ұшты-күйлі жоқ. Аяқ жетер жерге дейін іздедік. Қолды болғанына көзіміз жетті. Апам отыра қалып ал жыласын.  Осыншама заттарды енді қайтып көтереміз? Мұқажанның бізге ілесе алмайтыны белгілі. Мен де үнсіз жас төктім. 

– Апа, өзіміздің аман қалғанымызға шүкір дейік. Торқасқаны ұрлаған мүттәйімдер тастай қараңғы түнде бізді де тырапай астырып кетсе, кім іздеп, кім жоқтар еді? Көбі кетіп, азы қалғанда қиналмаңызшы. Қырқына шыдап, қырық біріне шыдамағанымыз жөн емес, – деген Мұқамедидің тоқтауы ой салды. «Рас-ау, – дедім іштей, – Торқасқамен қанағаттанып, қастандықтан қаға беріс қалдырғандарына тәуба!» Көретін күніміз бар екен. Бар заттарды бөліп-бөліп будық та, үшеуміз арқаладық. Жүгіміз ауырлағандықтан, жүрісіміз де баяулады. «Қыбырлаған қыр асар» демекші, қыбырлай бердік. Сөйтіп жүргенде азығымыз таусылып, ашыға бастадық. Жүкті арқалауға шама жоқ. Жүгін тастай беріп, Мұқамеди садақпен құс аулауға кірісті. Құдай жар болғанда оғы бір қырғауылға дөп тигені. Дереу жүнін жұлып, ішін тазалап, апам екеуміз шәугімге қайнатып жібердік. Сорпа ішіп, ет жеп тоғайып алған соң Мұқамеди тағы аңшылыққа кірісті. Садағының жебесіне тағы екі құс ілікті. Бәріміз мәзбіз. Көңіл күйіміз де қунақ тартып, алға жылжуға құлшынысымыз артты. Құстардың еті біршама күн қорек болды. Бір айдан астам уақыт жүрдік. Тамағымыз таусылып, аштықтан бұратылып, әзер қимылдаймыз. Бір жерде ескі жұртқа кездестік. Апам арқалаған жүгін былай қойып, жұртта қалған қой терісін көтеріп алды. Мұқамеди екеуміз де жүгімізді тастап, апамның жанына келдік. Өзенге апарып Мұқамеди екеуміз жуып, жібіттік. Жүнін жұлып, турап, шәугімге салып қайнаттық. Пісті-ау дегенде кішкентайдан турап жедік. Қаттылығы сондай, тіс өтпейді. Сол теріні аз-аздан талғажау еттік. Күні бойы шайнап сөлін жұтамыз да, теріні сыртқа түкіріп тастаймыз. Сөйтіп жүріп шекараға да жетіппіз. Қуанышымызда шек жоқ. Апам жылап жіберді. Шекарадан өттік-ау, әйтеуір. Бұрынғыдай ебіл-себіл боп, жанымызды шүберекке түйіп, алға, тек алға ұмтылудан тыйылып, бір жанға жайлы жайбарақаттықты сезіндік. Бірде демалып отырғанбыз. Мұқамеди сіріңке шағып өзімен-өзі. Оған мән бермедік. 

 

Бауырдан айырылу

– Апа, – деді ол кенеттен, – мен бал ашып отырмын. Сіздер әкеме қосыласыздар, ал мен қосылмаймын, – дегені. 

– Қой, балам, олай деме. Әкеңе жетуге енді аз күн қалғанда қайдағыны айтқаның не? – деп апамның түрі бұзылып сала берді.

– Апа, бал солай дейді.

– Қашаннан бері бұнымен айналысушы ең? Жеті атаңда жоқ балшылық саған қайдан дарыған? 

– Білмеймін, апа. 

Жолай егіс алқабына кездестік. Егіс алқабын қақ жарып шаңы бұрқыраған борпылдақ қара топырақты жол өтеді екен. Егісте қаптаған адам жұмыс істеп жүр. Ешқайсысы бізді байқамады. 

– Апа, мына кісілерден жөн сұрайық, мүмкін Жәкемді танитындар кездесіп қалар, – дедім. 

– Иә, мен де солай ойлап келем, – деді апам. Біз сөйлесіп келе жатқанда Мұқамеди аяқ астынан жүгіріп ала жөнелді. «Ақырын жүр, балам!» – деп дауыстаған апамды тыңдаған жоқ.  Ұзай бере етбетінен құлап қалды. Біз де жүгіре басып жеттік. Мұқамеди сұлқ түсіп жатыр. Көздері жұмулы. Екеулеп екі қолтығынан демеп, көтеріп тұрғызбақ болдық. Сол сәт астынан жеңді білектей жуан қара жылан сумақ етіп шыға келгені. Басынан екі аяғыммен баса қойдым.

Мұқамеди: «Апа-а», – деп ақырын ғана ыңырсыды да, басын ары бұрып үнсіз қалды. Апам маңдайын, денесінің ашық жерлерін ұстап көріп еді, суып кетіпті. 

– Ойбуй, шынымен кетіп қалдың ба, құлыным-ау! Енді қайттім? Алқын-жұлқын жүгіріп ала жөнелгеніңнен шошып едім. Ажалыңа асыққан екенсің ғой! 

Апам да, мен де озандап қоя бердік. Зарлы үніміз егіншілерді селт еткізді. Лезде адамдар қоршап алды. Денелі мосқал кісі табанымның астындағы жыланды қолындағы орағымен кескілеп тастады. 

Бір қария: 

– Туу, жеті жылдық ту жылан екен шаққан. Баланы сонадайдан арбап шақырыпты, – деді. Алтындай өң сұлулығы мен жан сұлулығы әдемі үйлесім тапқан бауырымды демде мәңгілікке жоғалтқаныма сене алар емеспін. Бірге келе жатып оны ажалдан арашалай алмағаныма өкінемін. Әлгіндегі қариялар да, басқалар да: «Сабыр етіңіздер. Жазмыштан озмыш жоқ. Алланың ісіне шара бар ма. Бекем болыңыздар», – деп басу айтты. Адам жарық дүниеге келмей жатып-ақ тағдырын маңдайына жазып қояды дегенге өз басым сенбеуші едім. Маған адам не істеймін десе де істей алатын алып күш, кемеңгер ақыл-парасат иесі боп көрінетін. Көзді ашып-жұмғанша Мұқамедидің ана дүниелік боп кеткені бұрынғыдай байламдарымды теріске шығарды. Қариялардың Алланың ісі дегеніне шүбәсіз қол қойдым. 

Жеті жылдық ту жылан деген болжам айтқан ата (есімі – Алпысбай) өте қайырымды жан екен. 

– Ойпырмай, сонша жерден арып-ашып сегіз ай бойы үздіксіз жүрістен шаршап-шалдығып, аман-сау жеттім-ау дегенде ержеткен ұлынан айырылып қалуы үлкен қасірет-ау бейшара анасына. Көмек қолымызды созайық, жігіттер, – дегенін құлағым шалды. 

– Әрине, қолымыздан келгенше жәрдемімізді аямаймыз. 

Жыланды орағымен кескілеген ата: 

– Әкең қайда тұрады? Есім-сойы кім? – деп сұрады.

– Қызылкүре деген жерде тұратынын айтқан бір кісі, аты – Қожақан, – дедім.

Екі қария Мұқамедидің жүзіне телміріп, еңірегенде етегі толып отырған апама келді. 

– Келін шырақ, жылау – Алланың ісіне қарсылық білдіру. Бұл – күнә. Көп жылай берме, ауырып қаласың. Мына баланы бұлай жатқызып қоймайық. Барар жерлеріңе мәйітті көтеріп жеткізу қиын. Көтерген жүгің, жетектеген жас балаң бар екен. Жерлейік. Рұқсат ет. 

– Айдалада жалғыз қалдырып кетеміз бе? 

– Жо-ға, осы маңда қалың қорым бар. 

– Рақмет сіздерге, жарайды. 

Сол күні Мұқамеди мәңгілік мекеніне, жер қойнына берілді. Әйелдер жағы бізді егіс алқабына таяу маңдағы жаппаларына ертіп кеп, ыстық шай беріп, апамның көңілін аулады. 

Алпысбай қария бізді үйлеріне қонуға шақырды. Әйелі де осында екен.

 

 

Әкеммен қауышу

Әкеме хабар жіберді. Келесі күні әкем ат жеккен арбамен келді. Әкемді көрген бетте кішкентай Мұқажан: 

– Әке-е! – деп алдынан жүгіргенін көрген жұрттың бәрі көздеріне жас алды. Әкем ұлын көтеріп алып сүйгіштеп жүр, жылап жүр. Апама, маған көрісіп әкем Мұқамедиді жоқтап көп жылады. Біз де жас төктік. Үйіне қондырған қарияға рақметімізді айтып, әкемнің тұрып жатқан ауылына бет алдық. 

Әкем қолынан да, тілінен де келетін өте пысық, құнтты адам ғой. Екі бөлмелі там үй соғып алыпты. Түпкі бөлмеде темір төсек тұр. Еденіне текемет төселген. Әйел ұстаған үйден кем емес. Біздің келгенімізді көріп, жан-жақтағы көршілер кірді. 

– Қуанышыңыз құтты болсын. Бала-шағаңызбен қауышуыңызбен! – деп ақжарма тілектерін білдірді. 

– Рақмет! Бірақ… Әкемнің көзінен жас құйылып кетті. 

– Ойбай, не болды, Қожеке? 

– Он үш жасар ұлымды екі күннің алдында жылан шағып, мерт қалыпты. Болайын деп тұрған бала еді.  Қайран Мұқамедиім. Бір көруге зар болғаным-ай! 

Апам да еңіреп қоя берді. Көршілер жұбатып көңілдерін аулады. Олар бізді кезек-кезек қонаққа шақырып, әңгімеге тартып, елдің жағдайын сұрауда. Бәрі де біздің жақтан келгендер екен. Бір-біріне көмектесіп, селбесіп жан бағатын көрінеді. 

Бірде әкем қой әкеп сойып, Мұқамедидің жетілігін таратты. Көрші әйелдер ыдыстарын әкеліп, дастарқанды өздері жасады. Апам осында келгелі сырқат. Онсыз да бірде аш, бірде тоқ толассыз жүрістен әбден әлсіреген ағзасын Мұқамедидің қазасы төсекке алып ұрды. Қонақтар кеткен соң, апам жатып қалды. Асты там-тұмдап қана ішеді. Ештеңеге зауқы да жоқ. Тек қана жатады. Ішкі бөлмеге бас сұққан әкем: 

– Өмірлік қосағыммен, балаларыммен қауышсам, мына жалған дүниеден армансыз-ақ өтер ем деп Алладан жатсам-тұрсам сұрадым. Мұқамедиден айырылу екеумізге де оңай соққы емес. Алланың салғанына көнбеске адам лажсыз. Маған көп жақсылық жасаған Құдай қосқан қосағымсың. Сегіз ай жол жүріп, кездескен қиындық атаулыны мойныңмен көтеріп, ебіл-себіл боп жеткеніңде мынадай жағдай болды. Адал ниетің, жігер-қайратыңның арқасында Алла кездесуімізді нәсіп етті. Бұл жақсылығыңды екі дүниеде де ұмытпаспын. Әкем апамның маңдайынан сүйді. 

– Кірлеп кеттік, суға түссем. 

– Есік алдында анау-мынау керекті жабдықтарды, құрал-саймандарды сақтайтын шағын жай тұр ғой. Су ысытып сол жерге шомылып алыңдар. Далаға үлкен қазанды ошаққа асып берейін, – деп зып беріп тысқа беттеді. Байқаймын, әкем үй тіршілігіне де төселген сияқты. Бұрын апамның пісірген асын ішіп, үй шаруасына ебедейсіз-тін. Апамды шомылдырдым, өзім де шомылдым. Мұқажанды да жуындырдым. Кір жудым. Әкем күні бойы жұмыста. 

Келесі күні әкем бұзаулы сиыр әкелді. Сүтті сиыр екен. Ақ ішіп, май, ірімшік, құрт жасап, берекеміз кіріп қалды.

Осы бұзаулы сиыр берекенің бастауы болған сияқты. Жылда бұзаулайды. Екі-үш жылда таналары да бұзаулай бастады. «Құдай берем десе терезеден де береді екен» дегендей, әкем сиырлы бай атанды. Апам Асан-Үсен, Алмасай-Саймасай, Қадіржан-Кәріпжан атаған алты ұлды (үш егіз) дүниеге келтірді. Кәріпжаннан басқасы шетінеп кетті. Бопыхан, Дәнелхан, Әдемхан есімді үш қыз туды. Әдемхан ғана қалып, ана екеуі шетінеді. 

Мен де бойжеттім. Омархан деген оқыған азаматқа ұзатылдым. Анам Күмісжан 49 жасында өмірден өтті. Өмірге сегіз ұл, төрт қыз әкелген анамның артында екі ұл, екі қызы ғана қалды. Әкем кіші шешемізден (Асылхан) Нұрсұлтан, Сәбетжан деген екі ұл, Қәдірбүбі, Салтанат деген екі қыз көрді. 1962 жылы кезінде қашып барған қазақтар, тарихи отаны – Қазақстанға қайта оралды. Шекарадан өткенде әкем: «О-о, Туған жер! Сені де көретін күн болады екен-ау! Алланың бұнысына да тәуба!» – деп тізерлей отыра қап жерді сүйіпті. Жанарынан сорғалаған қуаныш жасы бүкіл бетін жуып кетіпті. Әкемді, Мұқажан інім бар, әкемнің жақын туысы, жалғызбасты інім Қәдірқұл бар, Шымкент облысының Шолаққорған ауданындағы Жуантөбе деген жерге жөнелтеді. Басшылар туған жеріміз Алматы облысында қалайық деген тілектеріне құлақ аспайды. Осында Қаракөл қойының артына салады. Кенже інім Кәріпжан о жақта да мал дәрігерлік оқу бітірген.  Жуантөбеде қалмай, Алматыға кетті. Астанамыздағы мұғалімдер даярлайтын бес жылдық оқуға түсіп, бітіріп шықты. Әкем 70-тен аса дүниеден озды. Сүйегі Жуантөбеде қалды. Өлерінде әкем Қәдірқұлға: «Сен Асылханға үйлен, бала-шағаға ие бол», – депті. Әкемнен кейін ел-жұрт болып Асылхан шешемізді Қәдірқұлға қосты. Екеуі отбасы болды. 

Өзімнің барған жерім де Қазақстанға өткен соң Нарынқол ауданының Қошқар деген жеріне қоныстанды. Бірақ бұл жерде көп тұрақтамай, Бақанас деген жерге қоныс аударды. Үлкен қайын атамыз Мергенбай деген кісі тоғыз әйел алған екен. Сол әйелдерден тараған отыз ұл отыз отбасы болып бөлініп-жарылмай шашау шықпай бір ауылда тұрып жатты. Омархан отағасы екеуміз төрт ұл, бір қыз көрдік. Әскерхан, Шәріпхан, Аятхан, Берікбол деген төрт ұл, Жайнахан есімді қызымыз бәрі әкелеріне тартып математикадан үздік оқыды. Шәріпханнан басқа төртеуі сол кездегі ҚазПИ-дің математика факультетін бітірді. Аятхан ауылшаруашылық институтының мехматын бітіріп, инженерлік мамандық алып шықты. Өкінішке орай, Әскерхан, Шәріпхан, Аятхан – үшеуі де келіншектерімен өмірден ерте кетті. Артында балалары қалды. Жайнаханым өте әдепті, кішіпейіл боп бойжетті, жалғыз қыз болғандықтан еркелетіп, Жайнаш деп атап кеттік. Шелек ауданындағы Қорам ауылына келін болды. Күйеу балам Мәлік кәсіппен айналысады. Жайнашым Қорам орта мектебінде математикадан сабақ береді. Аудан бойынша озат мұғалім. Ол да төрт ұл, бір қыздың анасы. Бірнеше жылдан кейін інілерім Шелек ауданы, Қаражота деген ауылға көшіп келді. Қара шаңырақты кенже інім Сәбетжан ұстап отыр. Келін Бақыткүл де өте пысық, туысқандарды қатты сыйлап, төріне шығармаса, көңілі көншімейтін ақкөңіл. 

 

 

Тұрсынхан ШӘЛДИБЕКҚЫЗЫ
26.01.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 38
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 97
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 30
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 38
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 44
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 37
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 92
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 97
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 292
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 286
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 907

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8984
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8379
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11604
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9362
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10588