Әлемдік сауда соғысы қызайын деп тұр

Әлемдік сауда соғысы қызайын деп тұр

 

Дональд Трамп 2 сәуір күні АҚШ-қа шетелден келетін тауарларға кемінде 10% баж салығын үстемелейтіндігін және 9 сәуірден бастап «сауда бұзушылықтары» бар деп есептелетін кейбір елдерге жоғары тарифтерді енгізіп, жан-жақты жаңа өзара тариф саясатын жүзеге асыру туралы жарлыққа қол қойды. Трекеңнің бұл жарлығы біраз елді әбігерге салғандай. Аты шулы тарифтік жоспар жариялана салысымен бірден қор нарығында толқу пайда болды. Бұның ішінде ең алдымен Еуропаның қор нарығы құлдырай бастады.

 

Әлемді әбігерге салған жарлық

 

Трамп Америка Құрама Штаттарына кіретін барлық импорттық өнімдерге 10 пайыздық «базалық тариф» 5 сәуірден бастап күшіне енді. Бұл оның өткен жылғы сайлау науқаны кезінде жұртқа берген уәдесінің бірі еді. Трамптың тырнағынан аман қалғандардың қатарында Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур, Бразилия, Австралия, Жаңа Зеландия, Түркия, Колумбия, Аргентина, Сальвадор, Сауд Арабиясы сияқты базалық тарифтерге жататын бірнеше елдер ғана бар.

Әлемді әбігерге салған жарлықта Трамп 60-қа жуық сауда серіктестеріне, соның ішінде Еуропалық Одақ пен Қытайды «ең нашар құқық бұзушылар» деп атады, әрі Қытайға жоғары баж салығын енгізгендігін мәлімдеген еді. Ол 9 сәуірде күшіне енетін болды.

Жаңа тарифтің мазмұнында ЕО 20%, Қытай 34%, Вьетнам 46%, Тайланд 36%, Жапония 24%, Камбоджа 49%, Оңтүстік Африка 30%, Тайвань 32%, Қазақстан 27% деген деректер бар еді. Қытай баспасөзіндегі мәліметтерге қарағанда, жаңа шаралар қытайлық тауарларға тағы 34 пайыздық баж салығын қосқан. Қолданыстағы 20% тарифпен біріктірілгенде АҚШ-тың Қытайға тариф деңгейі кем дегенде 54%-ға көтеріледі екен. 

Қазіргі таңда сарапшылар АҚШ-тың жаңа Тариф саясатын Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бері халықаралық сауда тәртібіндегі ең үлкен өзгеріс ретінде қарастырып жатыр. Ал мұның соңы бүкіл әлемде экономикалық дағдарыстар әкелуі мүмкін дейді олар. Қазірге дейін Ақ үй 100-ге жуық елдің тізімін жариялап, Америка Құрама Штаттарының оларға енгізетін тарифтік мөлшерлемелерін атап көрсетті.

 

Еуроодақ үн қатты

 

АҚШ-тың ең үлкен сауда серіктерінің бірі Еуроодақ болып табылады. Тосын өзгерістерді талқылау үшін Еуропаның ығайлары мен сығайлары Люксембургте бас қосып, Трамптың әрекетіне жауап беруді ойластыра бастаған еді. Германия АҚШ-тың тариф саясатын «нонсенс» деп атады. Люксембургтегі жиналыстан кейін ЕО-ның жауаптылары мәлімдеме жасай бастады. Қазірге белгілі болғаны Еуропалық Одақ Америка Құрама Штаттарымен нөлдік тарифтік сауда келісімі бойынша келіссөздер жүргізуге дайын екенін ескертуі еді. Дегенмен қажет болған жағдайда «жауап қайтаруға» дайын екендіктерін де жасырған жоқ. Еуропа Одағының сауда министрлері дүйсенбі күні Люксембургте кездесіп, одақтың АҚШ-тың ЕО-дан жеткізілетін болат пен алюминийге салынатын тарифтеріне қатысты жауабын талқылады. Мүше мемлекеттердің көпшілігі сауда соғысын болдырмау үшін келіссөздер жүргізуді қолдағаны белгілі болды. Люксембургтегі кездесуден кейін ЕО Сауда комиссары Марош Шефчович журналистерге ЕО мүше мемлекеттердің пікірлері негізінде қарсы шараларын түзететінін мәлімдеді.

«Біз болат, алюминий және олардың туындылары бойынша саудадағы 26 миллиард еуро (28 миллиард доллар) туралы айтып отырмыз. Біз бүгін кешке тізімді аяқтаймыз, бірақ мен ол 26 миллиард еуро деңгейіне жетпейді деп айта аламын, өйткені біз мүше мемлекеттердің пікірлерін мұқият тыңдадық»,  деді ол.

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен бұған дейін ЕО өнеркәсіптік тауарларға «нөлден нөлге» тарифтік келісім бойынша келіссөздерге дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар ЕО келесі аптада АҚШ-тың таңдаулы импортына жауап тарифтерін енгізе бастайтынын растады.

Шефчович баспасөз мәслихатында: «Ерте ме, кеш пе, біз АҚШ-пен келіссөз үстеліне отырамыз және екі жаққа да қолайлы ымыраға келеміз», деді.

АҚШ президенті Дональд Трамптың протекционистік саясаты бойынша ЕО-дан жеткізілетін болатқа, алюминийге және автомобильдерге 25 пайыз, басқа тауарларға 20 пайыздық тариф енгізген болатын.

Соңғы деректер бойынша ЕО-ның АҚШ-тан импорты 2024 жылы 334 миллиард еуроны (366,2 миллиард доллар) құраған, ал ЕО-ның АҚШ-қа экспорты 532 миллиард еуроны (582,1 миллиард доллар) көлемінде екен. Қазіргі таңдау келіссөздер жасауға тиянақтап тұр. Ал қысқа күнде қырық құбылатын Дональд Трамптың алда тағы нелерді ойлап табатыны белгісіз.

 

Қытай мен АҚШ арасында сауда соғысы басталмақ

 

Қытайға қаратылған жоғары тарифтер бірден әсер еткендей болды. Гонконг акциялары соңғы үш онжылдықтағы ең үлкен бір күндік құлдырауға ұшырады. Air Force One бортында журналистер алдында сөйлеген Трамп өз әкімшілігінің ауқымды тарифтер енгізу туралы шешімін қорғап, көптеген көшбасшылардың «мәміле жасағысы келетінін» айтты.

Жаңа тарифтерден ең қатты зардап шегетін ел Қытай болғалы тұр. Қытайдың Сауда министрлігі бейсенбі күні мәлімдеме жасап, Қытайдың бұған үзілді-кесілді қарсы екенін және өз құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін табанды түрде қарсы шаралар қолданатынын айтты.

Сауда министрлігі Америка Құрама Штаттары халықаралық саудада шығынға ұшырағанын және «өзара» деп аталатын негіздер бойынша барлық сауда серіктестеріне тарифтерді көтергенін мәлімдеп, бұл тәжірибені жылдар бойы көпжақты сауда келіссөздерінде қол жеткізілген мүдделер тепе-теңдігін ескермеу және Америка Құрама Штаттарының халықаралық саудадан ұзақ уақыт пайда алғанын елемеу деп сипаттады.

Қытайлар бірден қарсылық танытқан ел болды. 4 сәуірде Қытай Америка Құрама Штаттарынан әкелінетін барлық тауарларға 34% баж салығын жариялау арқылы жылдам жауап қайтарды. Олар сонымен қатар АҚШ-қа қарата сирек жер металдарын экспорттау қызметіне бақылауды күшейтетіндігін мәлімдеді және сенімсіз субъектілер тізімін енгізді. Қарсы шаралар «тариф + технология» комбинациясын құрады деуге болатындай... Бұл батыл қадам Қытай мен АҚШ арасындағы экономикалық және сауда ойынындағы жаңа кезеңнің басталғандығын білдіретін еді.

Кезекті сауда соғысына қарата әркім әртүрлі болжамдар айтып жатыр. Біз солардың ішінде «www.china.com.cn» сайтында жарияланған «Қытайдың Америка Құрама Штаттарына қарсы кек қайтаруы  бұл жай ғана қадам емес, стратегиялық серпіліс» атты мақаладан үзінді келтіре кетуді жөн көрдік.

Аталмыш мақалада «Қысқа мерзімде Қытай мен АҚШ арасындағы ойынның шиеленісуі жергілікті қақтығыстардың күшеюіне әкеледі. Америка Құрама Штаттары Қытайдың жартылай өткізгіштері мен жаңа энергетикасына санкцияларды кеңейтуі мүмкін, ал Қытай АҚШ-тың ауылшаруашылық өнімдері мен автомобильдері сияқты саяси сезімтал салаларына назар аударып отыр»,  делінген.  

«Орташа және ұзақ мерзімді перспективада Қытай мен Америка Құрама Штаттары арасында селективті «ажырату» және әртараптандыру қатар жүреді. Қытай мен Америка Құрама Штаттары жоғары технологиялық салада «ажыратуды» жеделдетеді, ал чиптерді, AI және кванттық есептеулерді оқшаулау жылдамдығы 30%-дан 50%-ға дейін артуы мүмкін; шығындардың артықшылығын ауыстыру қиын болғандықтан, Қытай мен АҚШ арасындағы жалпы тұтыну тауарларының саудасы сақталады; Қытай АСЕАН, Таяу Шығыс, Африка және Латын Америкасы сияқты дамып келе жатқан нарықтардағы сауда үлесін арттырып, Америка Құрама Штаттарына тәуелділігін азайту үшін әртараптандырылған стратегияны қолданады.

Болашақта Қытай-АҚШ сауда қатынастарының бағытын анықтайтын бірнеше негізгі айнымалылар әлі де болады. Біріншіден, АҚШ-тағы саяси сайлаулар мен қызығушылық топтарының ойындары тариф саясатының тұрақтылығына әсер етеді; екіншіден, Қытайдың ішкі сұранысының кеңеюі және нарықты әртараптандыруы оның АҚШ-қа тәуелділігін азайта алады, ал саясатты хеджирлеу сыртқы күйзелістерді жеңілдетеді; үшіншіден, компаниялар Қытай мен Америка Құрама Штаттары арасындағы «айыру» қарқынын шығындар мен тиімділік мәселелеріне сүйене отырып, бәсеңдетуге тырысады; төртіншіден, Еуропалық Одақ, АСЕАН және басқа аймақтар Қытай мен АҚШ арасындағы бәсекелестік үшін жаңа ұрыс алаңына айналуы мүмкін.

Қысқа мерзімді перспективада бұл тарифтік соғыс Қытайдың да, Америка Құрама Штаттарының да экономикасына әсер етеді, бірақ Қытай ішкі сұраныс нарығын кеңейту, технологиялық тәуелсіздікті арттыру және сауда серіктестерін әртараптандыру сияқты стратегиялар арқылы тәуекелдерге қарсы тұру қабілетін арттырады. Болашақта Қытай-АҚШ саудасы «суық саясат, бірақ жылы экономика» үлгісін көрсетуі мүмкін – қауіпсіздік саласындағы қарама-қайшылықтар тереңдей түседі, бірақ азаматтық сауда әлі де сақталады. Түпкілікті нәтиже кімнің «экономикалық тозуға» ұзақ төзе алатынына байланысты және Қытайдың стратегиялық төзімділікте үлкен артықшылығы анық»,  деп тұжырымдапты мақала авторлары.

 

PS: Өкінішке қарай, Трамптың саясаты алдағы уақытта тағы да өзгеретін сыңайлы. Тіпті бұлардың әрекеттері ерегіскен балалардың диалогтарына да ұқсап барады. Қытай тарапы да АҚШ-тан келетін тауарларға қарата баж салығын көтеретіндігін жариялай салысымен от алып қопаға түскен АҚШ Президенті 7 сәуірде Truth Social әлеуметтік медиа платформасында, Қытайға АҚШ-тың «өзара тарифтеріне» қарсы бұрынғы жауап тарифтік шараларын жоюды ескертті, олай етпегенде қытайлық тауарларға қосымша 50% баж салығын енгізетіндігін және Қытаймен келіссөздерді тоқтататындығын жариялады.

Өзінің жазбасында Трамп АҚШ-қа қосымша тарифтермен жауап қайтаратын кез келген ел айтарлықтай көтерілген тарифтердің жаңа кезеңіне тап болатыны туралы бұрынғы мәлімдемесін қайталады және Қытайға сейсенбіге (8-і) дейін 34% жауап тарифтерін жоймаса, «АҚШ Қытайға 50% қосымша баж салығын енгізетінін ескертті.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Ливитт 8 сәуірде АҚШ-тың Қытай импортына 104% баж салығын енгізетінін, ол 9-ы түн ортасында (9-шы сәуір, Бейжің уақыты бойынша түскі 12:01) күшіне енетінін хабарлады.

Бірақ ол сонымен қатар Трамптың Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің «мәміле жасағысы келетініне сенетінін, ол жай ғана неден бастау керектігін білмей отырғандығын» айтты және Қытай АҚШ-қа бірінші болып жақындаса, Трамптың «жомарттық көрсететінін» де жасырған жоқ…

Левитт сондай-ақ Қытайдың АҚШ-қа жоғары тарифтік кек алу туралы соңғы мәлімдемесі «қателік» екенін және «Америка Құрама Штаттары соққыға жығылғанда, президент одан да күштірек күресетінін» қайталады.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
10.04.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 4377
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 4555
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 19502
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 18157
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 21606