Әлімжан Ашимов: «Өз ісіңді жаныңдай сүйіп, адал еңбек етсең, байлыққа кенелесің»

Әлімжан Ашимов: «Өз ісіңді жаныңдай сүйіп, адал еңбек етсең, байлыққа кенелесің»

Әрбір ауыл шаруасы алып агроөнеркәсіптің бір тетігі іспеттес. Олардың әрқайсысының өзіндік өмірі, тіршілігі, күнкөрісі, қат-қат шаруасы, өзіндік әлемі, там-тұм жинаған дүниесі, егіні, жері, асқақ арман, сан-сан жоспары бар. Мемлекетті мемлекет етіп, оның байлығын еселеп отырған – қарапайым еңбеккер, кәсіпкер жандар. Біз бүгін бір кәсіпкер шаруа жайлы, оның тыныс-тіршілігі туралы әңгімелемекпіз. Өзара әңгімеден түйгеніміз, өз мамандығыңды, шаруаңды жаныңдай сүйіп, адал тірлік етсең, байлық та, даңқ та өзі іздеп келеді екен. Сіздер де бұл азаматтың үніне құлақ түріңіздер, біраз өнеге аласыздар. 

 

5-сыныпта еңбек жолын қасапханадан бастады

 

Әлімжан деген қара баланы  елгезектігі үшін достары да, мұғалімдері де, тіптен ересек адамдар да жақсы көретін. Ол өте еңбекқор бала еді.  Әкесі Тохтының да (Әшімов) тапсырған істерін, отбасындағы жұмыстарды да тап-тұйнақтай атқаратын. Анасы Бақытжан да (Әбдіжалилова) «Әлімжаныма қандай жұмыс тапсырсаң да тез әрі ұқыпты орындайды!» деп мақтанып айтып отыратын. Осы қарапайым ғана отбасындағы 6 бала да тәрбиелі, саналы болып өсті. (Ділшат, Әблимит, Фархад,  Гүлімхан, Әлімжан, Азат) Қарапайым отбасы болғанда, әкесі жүргізуші, анасы райсполкомда қарауыл немесе басқа да қара жұмыстарды атқара беретін. Балалары үшін тандыр нан да сатты. Кім болса да жақсы өмір сүргісі келеді. Әлімжан 5-сыныптан бастап  түске дейін сабақ, түс ауа кез келген қара жұмыс істеуді әдетке айналдырды. Әлі есінде, алғаш рет қасапханаға барды.  Ондағылар: «Ей, бала, өзің титімдейсің. Неге күшің жетеді?» – деп менсінбей күлді. Жо-жоқ, тапсырған жұмысты тиянақты бітіретін оны көп ұзамай мойындады. Қасапханадан кейін қабырғасы қайысып, кірпіш зауытында істеді. «Шабашкіде» де біраз еңбек етіп, бозбала жігіт Әлімжан әбден шынықты. Шынықты демекші, ол бала кезінен бастап спортты серік етті. Той-томалақтарда етек-жеңін түріп, күреске кірісіп кететін. Ылғи жеңіс тұғырынан көрініп жүрді. Алдымен қазақша күрестен бастады. Кейін самбоға ауысты. Әсіресе әскерде жүргенде мұның бағы жанды. Бұларды Ауған соғысына дайындап, әскери самбоны, боксты, жекпе-жекті үйретті. Әскерде жарыстарға қатысып, ылғи жеңімпаз атанды. Қызық болғанда, сона-ау Ресейде әскери борышын өтеп жүргенде 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік туын желбіретті. Иә, ол спортты жанындай сүйді. Күрестен спорт шеберлігіне кандидат атағын да алды. Егер де осы жолды мықтап ұстанғанда кім білсін, әлем, олимпиада чемпионы болып кетер ме еді? 

 

 

 

Қара базар, доллар сиқырына бағынбаған жігіт

 

Әскерден келгендер күштері бойларына сыймай, бастарын тауға да, тасқа да соғады. Әлімжан да солай еді. 1993 жылы Кеңес империясының тарих қойнауына кеткеніне де көп бола қойған жоқ. Жас мемлекеттің ішкі әлемі құж-құж сан түрлі жаңалыққа толы. Қаптаған коммерсанттар. Рекэттер. Базар қазандай қайнап тұр. Ұры-қарылар қаптап жүр. Алаяқтар аңқау болдың ба, алдап аузыңды аңқайтып кетеді. Әркім білгенін істеп жатыр. Күнкөріс қамы. Ауылдар тоналған. Баяғы самсаған техника, қаптаған төрт түлік мал ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Жастардың дені қалаға келіп, базар маңында сауда-саттық жасайды. Әлімжан да тұрған ауылынан жұмыс таппағандықтан, Алматы қаласына келді. Базарды жағалады. Коммерциямен айналысайын десе, ақшасы шамалы. Енді не істеу керек? Денесі спортпен шыңдалған, сомдалған жігітті базар басшылығының көрмеуі мүмкін емес еді. Көрді. Нартәуекел деп, солардың ығымен кетті.  Өмір- өзен жаңқадай домалатып, кір, лас дүниеге қарай әкетіп бара жатты.  Базар маңында жүрсең осы: жын-шайтанның дәргейіне бағынышты боласың. Рубль сабанға айналды. Доллардың сиқыры Әлімжанды баурап басын айналдырды. Қалтасы қампайған сайын байлықтың құлына айналып бара жатқанын бір-екі оқыс оқиға басына тас тигендей ескертті. Бұл майшелпектен кету керек пе, кетпеу керек пе? Қатты ойланды. Кетсе қайда барады? Қандай кәсіппен айналысады? Терең толғанды. Әке-шеше, бауырларын ойлады. Бұл жұмыс түбі жамандыққа апаратынын білді. Бір күні тас-түйін жиналып, базар әлемін біржолата тастап, ауылына тартты. 

 

1 гектардан басталған бағбанның миллиондары

 

Әлімжан бұл шешімге оңайлықпен келген жоқ. Болашағын ойлаған ақылды, жаны таза, жүрегі үлкен азаматтың көңілінде жұптаған тамаша жоспарлары бар еді. Келе салысымен бұл жоспарын жайып салып, әке-шешесімен ақылдасты. Олар қуана қостады. Баталарын берді. Бұл оған рух-жігер берді. Бір емес, екі дүниені, екі істі бірден қолға алуға шешім қабылдаған Әлімжан алдымен абрикос өсіруді, оның бүге-шігесін зерттеді. Шонжының топырағында, ауа-райында бұл ағаш жақсы өсетіні бұрыннан дәлелденген. Тек оған жақсы тұқым, зор еңбек, тағы бір маңызды нәрсе – су қажет. Үйінің алдында бір гектар жер бар. Бастап кетті. Жерді өңдеді. Өсімтал тұқым, көшет екті. Шүкір Аллаға, алғашқы жылдың өзінде-ақ пайдаға кенелді. Көп ұзамай дәнекерлеуші цехты да ашты. Өмірге қажетті пеш, қоршаулар жасай бастады. Ол да болса пайда. Қазір бұл цехты кеңейтті. Үлкен жер алып, ол жерге цехпен бірге қойма да соқты, жан-жағын қоршады. Мұнда он шақты адам жұмыс істейді. Ал негізгі жұмысы абрикос егуді жыл өткен сайын кеңіте берді. Түрлерін көбейтті. Дәл қазір оның плантациясында 8 түрлі абрикос жайқалып, өсіп тұр. Түріктікі, өзбектікі, итальяндікі, армяндікі дейсің бе, бәрі бар. Әрине, ара-арасында қара өрік, алма, шабдалы ағаштарын еккен. Жүгері мен жоңышқаны да өсіреді. Көшет егу жұмысын да ұмытқан жоқ. Алғашқы жылдары 500 мың көшет отырғызған. Кейін 10 мыңға дейін азайтты. Негізі абрикостың көшеті өзге жерлерде 800-900 теңгеге дейін барады. Ал бұл 200 теңгеден бастап 300 теңгеге дейін ғана бағамен сатады. Мұның көшетін облыс-облыстардан, Қырғызстаннан келіп алады. Ковид кезінде көшеттерді тегін таратты. Ескі достарына арнап еккен учаскелері бар. Пісті-ау деген кезде олар жинап алады. Егетін жерін де кеңейтті. Алдымен 50 гектар, содан соң 85 гектар.

Қазіргі саябыр шақта ол 30 адамға тұрақты түрде жұмыс істетеді. Айлықтары 200 мыңнан асады. Арасында сыйақы да береді. Ал жиын-терін науқаны кезінде 300 адам еңбек етеді. Ол кезде оларға еңбекақыға деп күніне 3 миллион теңгеден артық ақша бөледі. Бірақ ақшаны ақша жасайды. Адамдар бұған алғыс айтып тұрғанда Әлімжан кәдімгідей марқайып қалады.

Әрине, көптеген жұмыстарға демеушілік етеді. Мешіт салуға миллиондап ақша аударған. Ондай көмектерді Әлімжан нақты айтуға тартынды. Иә, берген садақаны айтуға болмайды. Дзюдодан, у-шудан, ММА-ден өткен жарыстарға жыл сайын демеуші болады. Медальдары көп. Бас мүфти, облыс, аудан әкімдерінің, «Аманат» партиясының Алғыс хаттары жетерлік. Шіркін, осындай елі үшін жанқиярлықпен еңбек етіп жатқан азаматқа неге орден берілмейді? Медальдарды қомсынып жатқан жоқпыз. Алайда еткен еңбегіне қарай неге жоғары марапат бермеске? Айтпақшы, Әлімжан өзінің туып-өскен Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы. «Еңбек етсең ерінбей...» дегендей, еңбегі жанған азаматты қалай мақтасаң да тұрарлық.

 

«Аманатқа қиянат жасау мен үшін жат»

 

– Халық мені бірнеше рет аудандық мәслихаттың депутаты етіп сайлады. Бұл мен үшін зор жауапкершілік болды, – деді Әлімжан толғана сөйлеп. – Маған сенім артқан қарапайым адамдардың тапсырмаларын, тілектерін орындау мен үшін зор аманат: Аманатқа қиянат жасауға болмайды.

– Сізге өз шаруаңыз бен депутаттықтың қайсысы ауыр?

– Өз шаруамды өзім дөңгелетемін. Кемшілік болса өзімнен. Ал депутаттық жұмыстың жауапкершілігі өте ауыр. Ел аманатын барынша адал атқаруға тырысамын. Әрине, көп уақытымды алады. Іссапарға, жиналыстарға жиі барамын. Шүкір, көптеген адамдарға көмектестім, қиналғандардың жанында болдым. Рас, кейде біздің де қолымыздан келмейтін мәселелер де болады. Ондайда қатты қиналамын. Несіне депутат болып жүрмін деп назаланамын. Өзім намаз оқығаннан болар, көбірек сауап жинағым келеді. Адал қызмет істесең, халық ризашылығын білдіреді. Жақында маған «Үздік депутат» деген атақ берді. Бұған мен қатты қуандым.

– Жұмысыңның ілгерілеуіне техниканың алар орны бөлек. Қанша, қандай техникаларың бар?

– Иә, дұрыс айтасыз. Мен алғаш абрикос еге бастағанымда «Запорожец» машинасы болды. Оны да досымның ардагер әкесі сыйлады. Ой, қуанғаным-ай! Қазір шүкір, техникам жетерлік. Бірнеше «КАМАЗ»-дарым, ондаған тракторым, егіншілікке арналған сан-салалы техникаларым самсап тұр. Облыстың әкімі №82 МТ3 тракторын сыйлады.

– Біздің байқағанымыз – жеміс ағаштарының бұтақтарын ұстағанда аялап ұстайды екенсіз.

– Әр жеміс бақшаның иесі болады. Мен олардың сыбырлап сөйлескен үндерін естимін. Әлгі ағаштардың иесі бұлай деп ағаштарға тіл қатады: «Қожайын келеді. Бәрің де бас иіп сәлем беріңдер» дейді екен. Мен олардың жапырақтарының қошемет көрсетіп сипағанын сеземін. Біреулер арақ ішіп келсе, дөрекі сөйлесе, ағаштар жақтырмайды. Қысқасын айтқанда, ағаштар – тірі тіршілік иелері. Бәрін түсінеді.

– Шарын өзеніне қытайлар басқаратын өнеркәсіп орны дәу құбырларын салып, суын сормақшы. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Біз оның басшыларымен кездестік. Аудан әкімі Бота Серікбайқызы болды. Мен өз пікірімді білдірдім. «Өзеннің онсыз да аз суын сорсаңдар не болатынын көзге елестетіңізші. Өзеннің суы тоқтаса, өмір тоқтайды. Шаруалар егініне, малына суды қайдан алады сонда? Рұқсатсыз су алуға кім рұқсат берді? Мұны тоқтату керек. Әсіресе наурыз айынан қазан айына дейін өзеннен бір грамм су сорылмасын! Шарын өзенінен қолдарыңды тартыңдар!» – дедім.

– Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз.

– Мухаббат атты келіндеріңіз бар. Әлишер, Әдалинат, Әлина, Әл-Фараби, Әдила деген балаларым бір Алланікі деп білемін. Үлкен ұлым үйленген. Әлинам тұрмысқа шығып жатыр. Депутаттығыма байланысты ұлдарыма осы абрикос шаруашылығын қолға алуды тапсырғанмын. Әлі де өзім сияқты игере алмай жатыр. Сондықтан біраз нысандарымды қысқартуға тура келді.

Әлімжанның әкесі Тохты он шақты жыл бұрын бұл фәниден өтіпті. Анасы Бақытжанмен жолықтық. Әлі де тың екен. Баласына риза екенін айтып, бізге батасын берді. Гектар-гектар болып жатқан оның абрикос бағын араладық. Жаман емес. Енді бір аптадан соң тез пісетін абрикос тұқымы уылжып жемісін береді екен. Бақтың кірер аузында көп жұмыстар атқарылып, болашақта әуізі бар әсем гүлзар орнатпақшы. Жоспары көп. Біз де Әлімжанға батамызды беріп, онымен қимай қоштастық.

 

ЕРТАЙ АЙҒАЛИҰЛЫ,

АСЫМ СУЛАЙМАНОВ

Алматы облысы

Ұйғыр ауданы

 

30.05.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 145
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 143
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 657
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 777
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 690
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 700

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8839
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8237
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11464
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9221
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10448