ЫМЫРТ ЕРТЕ ҮЙІРІЛЕТІН ӨЛКЕ

ЫМЫРТ ЕРТЕ ҮЙІРІЛЕТІН ӨЛКЕ

«Qazaqstan dauiri» газетінің «AMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі,  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ауыл» партиясы, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» сайты, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» атты дәстүрлі экспедициясы Шығыс Қазақстан облысында

 

11 қараша күні түс ауа экспедиция басшысы «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның Бас директоры Сәуле Мешітбайқызының бастауында Өскемен қаласына келіп жеттік. Сөз басында айтарымыз – бұл аймақта күннің ерте батуы болмақ. Жалпы 5-ші уақыт белдеуінің (UTC+5) еліміздің шығыс бөлігіне тым сәйкес келмейтіндігі, соның кесірінен туындайтын біраз қиындықтар туралы пікірлер көптеп айтылған болса да, халықтың талабы қазірше орындалған жоқ.

 

Рухани дағдарыстан шыға алу екінің бірінің қолынан келмейді

Өскеменге келіп, етек-жеңімізді түзеп алғаннан кейін облыс әкімшілігіне қарай бет түзедік. ШҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев мырза бізді жылы қарсы алды. Газетіміздің дәстүрлі экспедициясымен жақсы таныс Айдар мырзаның кеңсесінде отырып, жоспарланған кездесулер және өзге де бағыттар жайлы ақылдасып алдық. Айдар мырза біздің сапарымызға байланысты біраз жоспарлар жасап қойған екен. Келесі кезекте күн тәртібіне сай жиналыс залына кірдік. Онлайн және офлайн форматқа жоспарланған жиналысқа «AMANAT» партиясы ШҚО филиалы төрағасының міндетін атқарушы Аманбай Нұркенов мырза, сондай-ақ облыс әкімшілігіне қарасты басқарма басшылары мен аудан әкімшілігінің өкілдері қатысты.

Сөз   тізгінін   қолына   алған    Айдар    Садырбаев Абай, Шәкәрім сынды ұлылардың тағылымын бойына мықтап сіңірген, шешен тілді, терең білімді азамат екен. Әр сөйлемін шегемен қаққандай нықтап тұрып, көркем сөздермен өрнектей келіп, «Qazaqstan dauiri» газетінің дәстүрлі экспедициясы және оның мақсатына тоқтала келіп, бүгінгі мәжілістің қатып қалған ресми жиыннан гөрі емен-жарқын әңгімеге, ашық пікір алмасуға бағытталатындығын айтып өтті.

Алғашқы болып сөзге шыққан Сәуле Мешітбайқызы  көпшілікке газет жайын қысқаша баяндай келіп, 15 жылдан бері тынбай жалғастырып келе жатқан «ауылдарды аралап шығатын» экспедициямыздың түпкі мәнін түсіндіріп шықты. Ары қарай ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерден аспаса кем түспейтін руханият, арзандап бара жатқан ұлттық құндылықтар, өте күрделі жағдайда тұрған жастар тәрбиесі мен алмағайып заманда адасып қалған қазақы қалыбымыз, отбасы құндылығы туралы көңіліне түйген біраз жайларды ақтара келіп, естіген адамға ой салалық сауалдармен сөзін аяқтады.

Айдар Садырбаев мырза сөзді ары қарай іліп әкетті. Жастар тәрбиесіне жаны ауыратын есті азамат еш нәрсені жасырған жоқ.

– «Кейде көшедегі балалардың аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққанын көрген кезде, япырмай, бұлар қайда бара жатыр деп қатты қынжыламыз. Өкінішке орай, көйлектің көктігі мен тамақтың тоқтығына көбірек мән беріп кеттік. Ойбай, дағдарыс дейміз. Тарихқа көз жүгіртсек, экономикалық дағдарыстар ауық-ауық болып тұрған. Бірақ рухани дағдарыстан шыға алу екінің бірінің қолынан келмейді. Сондықтан жаңағы айтылған мәселелердің барлығының түп-төркіні, астары сонда. Осыны жақсы түсініңіздер.

Алыстан ат терлетіп апамыз келіп жанайқайға салып жатқан кезде, құр қарап отырғанымыз орынсыз болар. Ашық, емен-жарқын әңгіме өрбітейік, пікірлеріңізді айтыңыздар. Тегінде «тас түскен жеріне ауыр», «қонақ аз отырып, көп сынайды», ертең елімізден түрлі оғаш қылықтар шықпасына кім кепіл? Апырмай, сол кезде айтып кетіп едім ғой деп апамыз қынжылар Астанада отырып. Сондықтан қалай барамыз, не істейміз? Қалай күш біріктіреміз? Елді қалай оқытамыз? Жастарды қалай тәрбиелейміз? Осының сауалдарына жауап іздеп көрейік. Араларыңызда ұсыныс-тілек айтамын деушілер болса, мархабат!» – деді көпшілікке ой сала.

 

Алтайда әкелер форумын өткіздік

Алғашқылардың бірі болып пікір білдірген Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарқызы болды.

 «Сәуле Мешітбайқызының айтқан пікірлеріне толық қосыламын. Бұқаралық ақпарат құралдары өсіп келе жатқан ұрпақтарды тәрбиелеуде, жастардың бойына адалдық, жауапкершілік қасиеттерді сіңіруде маңызды рөл атқарады. Адам тек қана оқу арқылы дамиды. Жоғарыда жастар тәрбиесі, сонымен қатар ата-ананың мәртебесі туралы жақсы ойларыңызды ортаға салдыңыздар. Бұл барлығымызды ойландырып жүрген тақырыптар. Осы бағытта біраз жоспарларымызды жүзеге асырып келе жатырмыз. Биыл ауданымызда алғаш рет әкелер форумын өткіздік. Бұл форум арқылы әкенің отбасындағы рөлін, бала тәрбиесіндегі рөлін көрнекілендіруді мақсат еттік. Шарамыз өте жақсы деңгейде өтті. Енді осындай форумдарды дәстүрге айналдырсақ деген жоспарымыз бар», – деді аудан көлемінде атқарылып жатқан игі істеріне хабардар ете келіп.

 

Кейбір орыстілді мектептердегі балалардың 80 пайызы – қазақтар...

Ары қарай сөз тізгінін қолына алған Өскемен қалалық Білім бөлімінің басшысы Арғынғазин Думанғазы Семейғазыұлы біраз жайға тоқталып өтті.

 «Сәуле апайымыздың айтып отырған мәселелеріне толық қосыламын. Менің де көптен бері көкейімде жүрген біраз дүниелер бар еді. Қазіргі күні ортамызда «қазақта ұлттық идеология жоқ» дейтін сыңаржақ пікірлер де төбе көрсетіп жүр. Мен өз басым осы сөзге қарсы адаммын. Ұлттық идеология неге жоқ? Абай тұнып тұрған идеология емес пе! Көп нәрсені қиындатпай, Абайдың 45 қара сөзін толығымен жаттап алуды ғана көздемей, балабақшадан, бастауыш сыныптардан бастап «бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол» деген қағидасын балалардың құлағына құя беру керек. Мультфильмдер де осы мазмұнды ұстануы керек. Мысалы, бір өтірікші баланы көрсетсе – құлағын тебінгідей етіп, шыншыл баланы әдемі етіп жасап шығарып жатқандар бар. Оның да тәрбиелік мәні бар шығар. Бұларды енді әлеуметтік желіге, ютуб каналдарға көбірек салып, қазақ тілді сапалы контентті дамытудың өзіндік пайдасы бар екенін түсініп отырмыз. Бізге осындай дүниелерін жасап алып келіп, «мектептерге апарып қойсақ» деген өтінішпен жүгінетін азаматтар көп. Қазір тегін ештеңе жоқ қой. Олар жасаған контенттерін балаларға тегін тарту етпейтіні белгілі. Оларға келісім берсең, директорлар ат тонын ала қашады. Олар ата-аналардан ақша жинауға қорқады. Балалар тәрбиелік мәні бар фильм тамашалапты дегеннің орнына «осыны сылтау етіп ақша жинап алып, аналармен бөлісіп отыр» деген дауға қалудан қорқады шындығын айтқанда. Бір ұлы адамның «мәдениетті сіңіру үшін мәжбүрлеу керек» дейтін сөзі бар. Өз басым осы көзқарасқа қосыламын».

Біз баяғыда Өскеменде мектеп оқып жүргенде бұл қалада жалғыз ғана қазақ мектебі бар еді. Қазір қазақ мектептердің саны көбейді. Биылдың өзінде екі жаңа мектеп пайдалануға берілді. Енді осы жерде жасыруға келмейтін біраз проблемалар бар. Бізде кейбір аудандардағы орыс мектептері үш ауысыммен оқуға мәжбүр болып отыр. Яғни оқушы сыймай жатыр. Сол мектептердің 80 пайызы қазақ балалары екенін айта кетейін. Кейбір ата-аналарда «қазақ мектептердің білім беру сапасы нашар» дейтін ескі көзқарас әлі жойылмай келе жатыр. Жыл сайынғы ҰБТ нәтижелері, республикалық, халықаралық олимпиадалардан жүлде алып жатқан балалардың көбінің қазақ мектептерінің оқушылары екендігін неге ескермейтінін түсінбеймін? Бізде кейде аудандық, ауылдық жерлердегі мектептердің білім сапасының қаладағы мектептерден аспаса, кем түспейтінін айта кетуіміз керек.

Ал, балаларды кітап оқуға, газет-журналдармен етене болуға үйретудің маңыздылығы өте зор екені белгілі. Өкінішке орай, «Қазпоштаның» қызметі көңілден шықпайды. Ауылдардағы оқырмандардың қолына мерзімді басылымдарды уақытында жеткізіп бере алмайды. Қалалардың өзінде қазақша газет-журнал сатып алатын киоскілер жоғалып кетті. Барларының өзінде Мәскеудің газеттері қаптап тұрады... Менің ойымша, мектептерге қазақ газет-журналдарын жаздырып алып, оқушыларға оқуға жағдай жасау керек. Онсыз болмайды. Мұны алдымен директорлар өздері бастауы керек. Қазір газеттердің бағалары да жылдан-жылға қымбаттап барады. Кейбір директорлар осыны көлденең тартып, проблема көтеріп жатыр.

Отбасылық  құндылықтарды жоғалтуды көздейтін пропаганда жүріп жатқан сияқты...

Еркебұлан Балтабеков, Облыстық  Ішкі саясат басқармасы Жастар ісі жөніндегі бөлім басшысы:

«Кезінде ата-аналарымыз ұрпағын «ұят болады, обал болады, жаман болады» деген үш сөзбен тәрбиелеп келген болса, бүгінгі таңда құндылықтар мүлде өзгеріп кеткендей...

Қазіргі ауыр мәселелердің бірі – әлеуметтік желі беттерінде отбасылық құндылықтарды ойрандауға бағытталған біртүрлі теріс үгіт-насихат жүргізіліп жатқан сияқты. Біреудің ажырасқаны, отбасының бүлінгені секілді келеңсіздіктерді жарнаманың деңгейінде тарататындар көбейді. Мұндай пропаганданың мақсаты – қазақстандық жастардың ойын шектеу деп ойлаймын. Біз енді бүгініміз бен болашағымызға тікелей жауапты болғандықтан белгілі тақырыптардың аясында шектеліп қалмай, білім-ғылымның қадір-қасиетін арттыру, даму туралы, тіл меңгеру туралы, ел мен жердің тарихы жайлы алуан тақырыптардың аясында ой өрбітетін контенттерге көбірек көңіл бөлуіміз керек деп ойлаймын.

 

Қазақтілді контентті  дамытуымыз керек

Қозыбаева Бұлбұл Жомартқызы, ШҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары:

«Тәрбие отбасына басталады. Балабақшадан, мектептен келгеннен кейінгі уақытта ең негізгі тәрбие отбасында жүреді. Бұрын біздің тәрбиеміз басқаша еді. Жаңа айтып өткендей, ұят, обал дегендерді құлағымызға құйып өстік. Әкенің айбары бар еді. Олар ешқандай да қатал емес болатын. Балаларды ұрмайтын да, ұрыспайтын. Сөйте тұра аналарымыз әке сыйлауды, үлкенге құрмет көрсетуді, сол арқылы елге, жерге қызмет етуді бойымызға сіңіріп өсірді.

Қазір барлығы да өзгеріп кетті. Ата-аналар жұмыстан шаршап келеді де, балаларын тыныштандыру үшін, алдарқата тұру үшін қолына телефон ұстата салып құтылады. Ол балалар интернеттен не көріп отыр? Қайсы тілдегі материалдарды көріп отыр? – дегендерде шаруасы жоқ. Тіпті тілі шықпаған баланың өзі қытай тіліндегі мультфильмдерді көріп отырғанын байқаймын. Қазір балалардың тілі шықпай жатыр. Оның да бір себебі – қазақтілді контенттің аздығынан деп ойлаймын. Сондықтан балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре білетін, оларды дұрыс бағытқа жетелейтін сапалы қазақ тілді контенттерді көбейтуге барынша көңіл бөлуіміз керек», – деді.

Бұдан басқа да пікір білдірген азаматтар ұлттық құндылықтар мен жастар тәрбиесіне, отбасы мәселелеріне қатысты өз ойларында жүрген пікірлерін ортаға салып өтті. Сондай-ақ аудандарда атқарылып жатқан игі істері жайлы ақжолтай жаңалықтарымен бөлісе кетті.

 

«AMANAT»-тың аманаты

«AMANAT» партиясы еліміздегі саяси партиялардың ішінде «Qazaqstan dauiri» газетімен талай жылдан бері тығыз байланыста болып, қолдап-қуаттап, бірлесе жұмыс істеп келе жатқан, біздің дәстүрлі экспедицияның басты қолдаушыларының бірі болып табылады. Біздің ШҚО-ға кезекті сапарымызда «AMANAT» партиясы ШҚО филиалы төрағасының міндетін атқарушы Аманбай Нұркенов мырза екі күн бойы экспедиция құрамында болды. Сонымен қатар Аманбай Нұркенов облыс көлеміндегі кейбір әлеуметтік мәселелер туралы біраз ұсыныстарын жеткізді. Біз «аманатқа қиянат етпеу» мақсатында шығыстағы партия белсенділері тарапынан әзірленген сол ұсыныстарды қалпын құратпай беруді жөн көрдік.

Ұсыныс (толық сипаттамасы және іске асыру жолдары): «Әкімшілік-аумақтық құрылым туралы» ҚР заңында ерекше мәртебесі бар әкімшілік-аумақтық бірлік ретінде «шекара маңы ауданы (аумағы)» ұғымын бекіту.

Негіздеме (мәні, нақты негіздеме): Мемлекеттік қолдаудың арнайы бағдарламаларын қолдану үшін заңдық база құру, бұл шекара бойында орналасқан аумақтардың стратегиялық, демографиялық және экономикалық маңыздылығын ескеруге мүмкіндік береді.

Ұсыныс (толық сипаттамасы және іске асыру жолдары): Шекаралас аудандар үшін ауылдық округтегі халықтың ең аз санын 500-ден 300 адамға дейін азайту.

Негіздеме (мәні, нақты негіздеме): Шалғай шекара маңындағы аудандардағы ауылдық округтерді сақтауға және олардың іріленуіне немесе таратылуына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Ұсыныс (толық сипаттамасы және іске асыру жолдары): Шекара маңындағы ауылдарда мектеп ашу үшін білім алушылар санының шегін 81-ден 50 адамға дейін төмендету.

Негіздеме (мәні, нақты негіздеме): Халықтың төмен тығыздығын және жергілікті жерлерде, әсіресе көші-қон ағыны жағдайында білім алуға қол жеткізу қажеттілігін ескереді.

Ұсыныс (толық сипаттамасы және іске асыру жолдары): Ауылдық жерлерде бюджеттік сала қызметкерлеріне үстемеақыны шекара маңындағы аудандар үшін 25%-дан 50%-ға дейін арттыру.

Негіздеме (мәні, нақты негіздеме): Шара кадрлардың (дәрігерлер, мұғалімдер және т.б.) кадр тапшылығы қатты сезілетін шалғай шекара маңындағы ауылдарда жұмыс істеуге ынтасын арттырады.

Ұсыныс (толық сипаттамасы және іске асыру жолдары): Шекара маңындағы аудандарға келетін мамандар үшін көтерме жәрдемақы мен бюджеттік кредитті екі есеге арттыру.

Негіздеме (мәні, нақты негіздеме): Жас мамандарды шекара маңындағы ауылдарға көшуге ынталандыру, көшуге және жайластыруға қосымша шығындарды өтеу.

Ұсыныс (толық сипаттамасы және іске асыру жолдары): Ерікті қоныс аудару қағидаларында «шекара маңы ауданы (аумағы)» анықтамасын бекіту.

Негіздеме (мәні, нақты негіздеме): Шекара маңындағы аумақтарды құқықтық саралау және стратегиялық маңызды өңірлерге көші-қон ағындарын бағыттау үшін қажет.

Ұсыныс (толық сипаттамасы және іске асыру жолдары): Шекара маңы аудандарына өз еркімен қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау мөлшерін екі есе ұлғайту.

Негіздеме (мәні, нақты негіздеме): Инфрақұрылымнан қашықтығы және қосымша логистикалық шығындарды өтеу үшін қажет.

Ұсыныс (толық сипаттамасы және іске асыру жолдары): Облысішілік қоныс аудару кезінде шекара маңындағы ауылдарды басымдыққа қосу.

Негіздеме (мәні, нақты негіздеме): Демографиялық тұрақтылық пен жергілікті экономиканы дамыту үшін шекара маңындағы аумақтарды нысаналы қоныстандыру.

Ұсыныс (толық сипаттамасы және іске асыру жолдары): Шекара маңы аудандарында бизнес ашуға гранттарды 600 АЕК-ке дейін ұлғайту.

Негіздеме (мәні, нақты негіздеме): Логистикаға, нарықтарға қол жеткізуге, кәсіпкерлікті ынталандыру қажеттілігіне қатысты жоғары шығындар ескеріледі.

Ұсыныс (толық сипаттамасы және іске асыру жолдары): Шекаралас аудандарда 5 жыл немесе одан да көп уақыт тұратын және жұмыс істейтін тұрғындар үшін мерзімінен бұрын зейнетке шығуды енгізу.

Негіздеме (мәні, нақты негіздеме): Қашықтық, медициналық қызметтердің болмауы және күрделі тұрмыстық жағдайлар жағдайындағы әлеуметтік әділеттілік шарасы.

Ұсыныс (толық сипаттамасы және іске асыру жолдары): Шекара маңы аймағында зейнетақы есептеу кезінде 1,5 жыл жұмыс өтілі ретінде 1 жылды есепке алу.

Негіздеме (мәні, нақты негіздеме): Стратегиялық маңызды шекара аймағында ұзақ тұруды және жұмыс істеуді ынталандырады.

Ұсыныс (толық сипаттамасы және іске асыру жолдары): Шекара маңындағы аудандардың түлектері үшін білім беру гранттарына квота енгізу.

Негіздеме (мәні, нақты негіздеме): Жоғары білімнің қолжетімділігін арттырады, жастарды ұстайды, мамандардың оралуына ықпал етеді.

Ұсыныс (толық сипаттамасы және іске асыру жолдары): Шекара маңындағы аудандардан азаматтар үшін жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеке квота (15%) белгілеу.

Негіздеме (мәні, нақты негіздеме): Шекара маңы аймақтарында кадрлық әлеуетті қалыптастыруға ықпал етеді, әлеуметтік лифт жасайды.

Ұсыныс (толық сипаттамасы және іске асыру жолдары): Шекара маңы белдеуінде ауылшаруашылығы қызметі үшін 10 жылға дейінгі мерзімге уақытша жер пайдалану құқығын беру.

Негіздеме (мәні, нақты негіздеме): Жерді ұтымды пайдалану, экономикалық айналымға тарту, шекараның аграрлық секторын дамыту.

Ұсыныс (толық сипаттамасы және іске асыру жолдары): Шекара маңындағы ауылдардың тұрғындарына жеке шаруашылық (жеке қосалқы шаруашылық) үшін аукционнан тыс жер беру.

Негіздеме (мәні, нақты негіздеме): Жұмыспен қамтуды, азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға, ауылдық жерлерде халықтың тамыр жаюына ықпал етеді.

Ұсыныс (толық сипаттамасы және іске асыру жолдары): Шекара маңындағы аудандарда тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаны енгізу.

Негіздеме (мәні, нақты негіздеме): Мамандар мен отбасылар үшін тұрғын үй проблемасын шешу, өмір сүру жағдайларын жақсарту.

Ұсыныс (толық сипаттамасы және іске асыру жолдары): Шалғайдағы шекара маңындағы ауылдарға сұйытылған газды жеткізу бойынша көлік шығыстарын субсидиялау.

Негіздеме (мәні, нақты негіздеме): Жеткізу құнын төмендетеді, газбен жабдықтауды жеткізушілер үшін үнемді және халық үшін қолжетімді етеді.

PS: Экспедицияның келесі күні Өскеменде жастар орталығында қаланың белсенді жастарымен кездесу өтті. Одан әрі қарай Қазақстанның түсті металлургия саласындағы көшбасшыларының бірі – «Казцинк» компаниясының мұражайына ат басын бұрдық. Бұл материалдарды газетіміздің келер нөмірлерінен оқитын боласыздар.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ,

Өскемен қаласы

 

20.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 20090
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19918
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 35047
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33619
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37440