Сыр – Алаштың анасы, еңбекпенен дүбірлейді даласы

Сыр – Алаштың анасы, еңбекпенен дүбірлейді даласы

«Qazaqstan dauiri»  газетінің   «AMANAT»   партиясы,   ҚР   Ауыл  шаруашылығы   министрлігі,    ҚР   Оқу-ағарту     министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі,  «Ауыл» партиясы,   «Ардагерлер кеңесі»  РҚБ,   «ЕлАна»   сайты,   «Мөлдір   бұлақ»    журналымен бірлескен «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» атты дәстүрлі экспедициясы Қызылорда облысында

 

Тазалық жөнінен Қызылордадан үлгі алайық!

Ұшаққа отырып, Сыр өңірінің астанасы Қызылордаға бет алғанда, жуырда ғана Президентіміз Қ. Тоқаевтың облысқа барған сапары есіме түсті. Сол сапарында тамаша әуежай салынғаны туралы естіп, қуанып қалғанбыз. Міне, біз де сол жап-жаңа әуежайды тамашалап тұрмыз. Қай облысқа барсаң да, Кеңес кезінде тұрғызылған сұрқай әуежай қарсы алады. Ал мына әуежай нағыз заманауи тұрғыда салыныпты, қалай болғанда да бұл облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлының еңбегі екені даусыз. Содан кейін алып жылу стансасының пайдалануға берілгендігі де қала тұрғындарын қуанышқа бөледі. Ескі ТЭЦ-терді жамай бергенше, осындай жаңасын салғаны құптарлық бастама. Тағы бір соны жаңалық – тамаша стадионның ашылуы Сырдың спорт сүйер қауымын бір серпілтіп тастады. Жалпы Сыр жұртшылығы өздерінің Қызылорда қаласын мақтаныш тұтады. Себебі соңғы он шақты жылда қала тотыдай таранып, түрленіп, сұлу да кербез қалаға айналды. Жоғарыда айтқан ірі құрылыстардан басқа, қаншама ғимараттар, тұрғын үйлер бой көтерді десеңші! Көшелерінің екі жағында әсем гүлзарлар, ұлттық нақыштағы көріністер көңілді тоғайтады. Ең бір тамаша нәрсе – тазалық. Мұның бәрі қала тұрғындарының өз қалаларын мақтаныш етіп қана қоймай, тазалықты өздерінен бастағандықтан деп білеміз.

Сіздерге бір қызықты айтайын: сонау Алматыдан осы Сыр жерін көктей өтетін күре жол салынды. Қарап отырсаңыз, жолдың екі жағы күл-қоқыс, пакет, қағаздардан көз сүрінеді. «Аманат» партиясы осы күл-қоқысты тазартуға үндеу тастайды. Алдымен алматылықтар бастап тазартады да, эстафетаны жамбылдықтарға береді. Олар түркістандықтарға, одан соң қызылордалықтарға дегендей жалғаса береді. Сонда не болды дейсіз ғой? Қызылордаға дейінгі жолдың екі жағынан тонналап күл-қоқыс жиналса, ал Сыр жерінен өте аз мөлшерде шығыпты. Шынында да, қай ауданға барсаң да, қызылордалықтар қолдарына қап алып, жан-жақты тазартып жүреді. Бұл — ғажайып дәстүр. Тазалық бар жерде тәртіп болады, ауру-сырқау аз болады. Үлгі алайық қызылордалықтардан!

 

ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНДА

 

Аққырға шекаралық ауыл мәртебесі беріле ме?

Сыр елінде біздің экспедиция сапарымыз негізінен Шиелі, Жаңақорған аудандарында өтетін. «Аманат» партиясы Қызылорда облыстық филиалының баспасөз хатшысы Нұрлыбек Қасымов мырза бағдарламаны тастай етіп жасап қойыпты. Ал мен сейсенбі күні келгендіктен, Жалағаш ауданына барып келуді шештім. Өздеріңіз білесіздер, Қызылқұм деген шөл барын. Қызылқұм — малға жайлы шұрайлы өлке. Бұрын осы өлке мал шаруашылығын өркендету үшін бірнеше совхоздар ашылған. Соның бірі – Аққыр ауылы. Осы ауылдар НӘН-нің озбырлығына ұшырап, талан-таражға түсті, іргелері сөгіліп, тұрғындарының біразы қалаларға көшіп кетті. Аққыр да сол кепті киді. Талай қиындықтарды, ауыртпалықтарды бастарынан кешті. Өз ауылын тонағандар әлі де жер басып жүр. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дегендей, олардың бірде-бірі «осылай жасап қойдым-ау» деп кешірім сұраған жоқ. Аққыр – өте әдемі ауыл. Көшелері түп-түзу. Екі жағындағы арықтардың бойымен ағаштар егілген. Бір тамашасы – ауыл ауызсумен жақсы қамтылған. Өкініштісі, ауыл тұрғындары аяқ судан таршылық көріп келеді. Соңғы бес-алты жылдың көлемінде Аққырға бір тамшы су келмепті. Табан тіреп, «ауылымызды тастамаймыз, тіршілігімізді жалғастырамыз» деп жүрген патриоттардың өзі енді көшуді ойлап отыр.

Шынында да, мал шаруашылығын дамытуға қолайлы өлкедегі дап-дайын тұрған ауылды жойып алсақ, зор өкінішке қалуымыз әбден мүмкін. Жалпы Сыр елінің, жерінің күре тамыры іспеттес дарияның мүшкіл келбетін көріп, жүрегім қатты ауырды. Қасиетті күреңсе суы жер бауырлап ағып жатыр. Кез келген жерінен атпен кешіп өте беруге болады. Егер ертең дария өмір сүруін тоқтатса, Сыр өңірінде тіршілік тоқтай ма? Өте ауыр сұрақ. Құдай бетін әрмен қылсын! Бірақ ондай қауіп жоқ емес, бар. Мұны ел Президентінің пәрменімен тоқтатпаса, қалғандары бос тірлік сияқты. Ауыл тұрғындары, әлбетте, қапалы. Бірақ қолдан келер дәрмен жоқ. Бір жақсы жері — Қызылқұм шөлінің астында көл бар деседі. Скважиналар суы атқылап тұр. Сол скважиналардың әрқайсысын қазір кәсіпкерлер иеленіп, мал өсіріп, шаруашылықтарын жүргізіп жатыр.

Ауыл тұрғындарымен сөйлескенде, олар үміттерін біржола үзген жоқ. Себебі әрқилы сыбыстар бар, жобалар да жасалынған сияқты. Мәселен, Аққыр ауылының жері Өзбекстанмен шекаралас. Яғни ол шекаралық ауыл болып есептелінеді. Президент шекара бойындағы ауылдарға ерекше мәртебе беруге пәрмен берді. Егер ол беріле қалса, онда ауылға жаман болмасы анық. Сондай-ақ ауылдан 20 шақырым жерде коллектор-өзен ағып жатыр. Осы өзеннен ауылға канал тартылды. Егер ол жүзеге асса... Үшіншіден, Қызылқұмнан мұнай, алтын шығып жатыр деседі. Онда ауыл тұрғындарына жұмыс та табылып қалар. Міне, осы мәселелерді нақты білу үшін Аққыр ауылдық округінің әкімі Бауыржан Шынжыровпен барып жолықтым. Ол биылғы наурыз айында ғана әкім болып сайланыпты.

 

Ауылда атқарылған игі істер

Ауылдық округте 185 отбасы, онда 1053 халық есепте тұрады. Экономикалық белсенді халық саны – 511 адам. Жұмыспен қамтылғандар – 284, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 204. Зейнеткерлер саны – 112. 1-2-3 топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар – 36 адам. Округ бойынша көпбалалы аналар саны – 35, оның ішінде «Алтын алқа» – 21, «Күміс алқа» – 14.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба бойынша 1 ауыл тұрғыны жастар практикасына, 1 ауыл тұрғыны «Күміс жас» жобасына, 3 ауыл тұрғыны әлеуметтік жұмыс орнына тартылып, 17 ауыл тұрғыны тұрақты жұмысқа орналасты.

Ауылдық округ бойынша «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік жобасы аясында 6 ауыл тұрғыны құжаттарын өткізіп, оның ішінде 4 ауыл тұрғыны қайтарымсыз грант алып жұмыс жасауда.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 2 ауыл тұрғыны асыл тұқымды МІҚ малдарын және жылқы өсіруге құжаттарын өткізіп, қаржыландыруға ұсынылды. Жоба құны – 11,0 млн теңге.

Мемлекет басшысының 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасына орай, қазіргі таңда Аққыр ауылдық округі бойынша 12 жаңа жұмыс орны ашылды. 2025 жылдың 9 айында жұмыссыз ретінде 32 тұрғын тіркелді. Оның ішінде 17-сі тұрақты жұмысқа орналасып, 20 тұрғын ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. Ауылдық округ бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 97 бірлікті құрап отыр (58 шаруа-фермер қожалығы, 39 дара кәсіпкерлер). 97 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 99-ы немесе 100 пайызы нақты жұмыс жасап тұр. Ауылдық округ бойынша көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарымен еңбек ұжымдары, ақылы қоғамдық жұмысқа қатысушылар, ауыл тұрғындары белсене қатысуда.

№188 орта мектеп 1985 жылы пайдалануға берілген, 464 орындық. Қазіргі уақытта 158 оқушы білім алып, оларға 31 мұғалім дәріс беруде (оның ішінде жоғары санатты – 1, педагог-зерттеуші санатты – 5, педагог-сарапшы санатты – 9, педагог-модератор санатты – 9, 7 мұғалімде санат жоқ). Мұғалімдердің 96,8 пайызы – жоғары білімді мамандар.

2024-2025 оқу жылы мектепті 10 оқушы бітіріп, барлығы да ҰБТ-ға қатысып, грант иегері атанды. Орташа балл көрсеткіш – 72,3 пайыз.

Қазіргі уақытта ауылдық округтегі бүлдіршіндерді балабақшамен қамтамасыз ету мақсатында «Мейіржан» және «Алтын ұя» балабақшалары жұмыс жасауда.

Қазіргі уақытта ауылдық округте тұрғындарға ауылдық дәрігерлік емхана 5 төсектік күндізгі стационарлық бөліммен қызмет көрсетеді. Дәрігерлік емхана 2014 жылы жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз етілген.

Ауылдық округте сыйымдылығы 50 орындық ауылдық клуб ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп келеді. Ауылдық клубта 6 үйірме жұмыс жасайды. Атап айтсақ: «Ару ана» әжелер ансамблі, «Алақай» қуыршақ үйірмесі, «Әсем ән» ән үйірмесі, «Күміс күй» домбыра үйірмесі, «Балбала» ұрмалы-соқпалы шулы аспаптар үйірмесі, «Шебер қолдар» қолөнер үйірмесі. Үйірме мүшелері сан түрлі байқаулар мен сайыстарда топ жарып жүр.

Ауылдық округте тұрғындар арасында спортпен шұғылдану және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында біршама жұмыстар атқарылды. Елді мекенде 1 спорт залы және 1 спорт алаңы бар.

Ауыл іші жолдарының жалпы ұзындығы – 5,6 км. Көшелер саны – 6.

2023 жылы ауылдың ішкі жолдарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында 5 көшеге жобалық-сметалық құжат әзірлеу үшін 3,5 млн теңге бөлініп, жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Жоба құны – 489 млн 858 мың теңге. «Қазақстан халқына» қоры арқылы 175 млн теңге қаржыға ауылдық округте ангар типтес спорт кешенінің құрылысы салынып, пайдалануға берілді.

2024 жылы «Үлгілі елді мекен» конкурсының облыстық тәуелсіз сарапшылық комиссиясының хаттамасына сәйкес, «Үлгілі елді мекен» номинациясы бойынша Аққыр ауылына абаттандыру жобаларын қаржыландыруға 15,0 млн теңге ұсынылып, жалпы құны 16,5 млн теңгеге «Спорттық жаттығу алаңы» (облыстық бюджет – 15,0 млн теңге, аудандық бюджет – 1,5 млн теңге) салынып пайдалануға берілді.

Кәсіпкер Әлібидің ауылдастарына қамқорлығы

«Жаңаталап», «Темірбек Жүргенов» атындағы күрішті ауылдарды өз қамқорлығына алған белгілі кәсіпкер, «Ералы» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов соңғы жылдары Аққыр ауылына да көмек қолын созып жүр. Алғашқы жылы ауылдағы әрбір отбасыға күзгі жиын-терімнен бір қап күріш, бір қап картоп және тағы да басқа өнімдерді тегін берді. Келер жылдары бір қап күріштен таратты. Өткен жылдан бастап ауылдың жерінің бір бөлігіне күріш егуді бастады. Бұған ауыл тұрғындарын тартты. Солардың бірі – Жәнібек Нұртай.

– Маған 30 гектар жер берді. Бәрін дайындап, екті. Мен және ауылдағы үш тұрғын жаз бойына күріш күтімімен айналыстық. Шүкір, әр гектарынан 68 центнер өнім алдық. Биыл сәл төмендеп қалдық. Айлық алып отырдық. Ең соңында сыйақысы да бар. Содан соң жоңышқа, жемді арзан бағамен алдық. 3 тонна көмір түсірді. 8 рулон жоңышқаны тегін сыйлады. Әлібиге рақмет! – деді ол ризашылықпен.

Жәнібектің жары Бибігүл Диханбаева – қоғамдық тазалықшы. Ауылда жұмыссыздыққа деген осындай қамқорлық бар. Ауылдың көшелері тап-таза. Әттең, ағаштар қурауға айналған. Бұрынғыдай қауын мен қарбыз егілмейді. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, ауыл тұрғындарының үміті біржола үзілген жоқ. Үміт үзілмесінші! Ауылдан осындай ақ тілекпен аттандық. Әумин.

 

ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫНДА

Ауданда атқарылған істер, алдағы межелер

Жаңақорған ауданы бойынша биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша хабарлама жасауға рұқсат етіңіздер. Мемлекет басшысының, Үкіметтің және облыс әкімінің қолдауымен ауданымызда біршама жұмыстар атқарылып, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерде өсімдер қалыптасып, мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобалар сәтті іске асырылуда.

Аудан бюджеті жыл басында 14,2 млрд теңге болып бекітіліп, қазіргі таңда 27,4 млрд теңгеге жетті. Яғни қосымша кіріс көздерін анықтау және жоғары тұрған бюджеттерден алынған нысаналы даму трансферттері есебінен аудандық бюджет 13,2 млрд теңгеге ұлғайды.

Барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім қамтамасыз етілді.

Бүгінгі күнге ауданда 8 елді мекен газдандырылып, халық санына шаққанда аудан тұрғындарының 52 пайызы қамтылған.

Биылғы жылы 7 елді мекенді (Сунақата, Еңбек, Екпінді, Қожамберді, Ақжол, Ақсуат, Өзгент) табиғи газға қосуға барлығы 4,7 млрд теңге бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары басталуда.

Жаңақорған ауданында 1 333 шақырым электр тарату желісі жүргізілген.

Желілердің тозуын төмендету мақсатында соңғы 3 жылда жалпы құны 9,4 млрд теңгені құрайтын 22 жоба (Жаңақорған, Екпінді, Еңбек, Сунақата, Қожамберді, Тақыркөл, Құттықожа, Бірлік, Қосүйеңкі, Манап, Аққұм, Әбдіғаппар, Жаңарық, М. Нәлібаев, Ақсуат, Өзгент, Қожакент, Келінтөбе, Түгіскен, Баспақкөл, Қандөз, Көктөбе) әзірленді.

Сонымен қатар, Жаңақорған кентінен тұрғын үй салу үшін жер учаскесінің кезегінде 13 мыңға жуық азамат тұр. Бас жоспарға сәйкес әрі кезектілікті азайту мақсатында Жаңақорған кентінің «Саяжай-1» аумағына инженерлік инфрақұрылымдар жүргізуге құны 6 млрд 991 млн теңге болатын 4 жоба әзірленген.

Биылғы жылы 35 453 гектарға ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш көлемі 7 300 гектарды құрап отыр.

Су тапшылығының алдын алу мақсатында аудандық бюджеттің шұғыл шығындарға арналған резервінен 28 млн теңге бөлініп, 8 ауылдық округтегі 43 шақырымды құрайтын 17 канал көктемгі егіске дейін толық тазаланды.

Су деңгейінің азаюына байланысты күріш егетін ауылдық округтер бойынша кезектілік кестесі жасалып, бекітілді.

2025 жылдың 1 шілдесіндегі статистикалық мәлімет бойынша мүйізді ірі қара 21,7 пайызға (75 816 бас), уақ мал 2,6 пайызға (қой мен ешкі – 329 214 бас), жылқы 7,6 пайызға (29 030 бас), түйе 1 пайызға (2 715 бас) артқан.

Ауданымызда 6 341 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, оның жұмыс істеп тұрғаны – 6 138 немесе 96,8 пайызды құрайды.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 72 жобаға 113 млн теңге мемлекеттік грант берілді.

Бұдан бөлек, осы бағдарлама аясында 860 млн теңгені құрайтын 127 жоба тіркеліп, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына ұсынылды.

Халықтың табысын арттырып, тұрмысын жақсарту үшін тұрақты жұмыспен қамтуға баса мән берілген.

Жыл басынан жұмыс іздеуші ретінде жұмыспен қамту орталығына 3 834 адам хабарласса (жастары – 1 333), одан 2 013 азамат немесе 52,5 пайызы жұмысқа орналастырылды.

2025 жылдың 1 шілдесіне ресми жұмыссыздар саны 1 580 адам болып, жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрады.

Ауданда денсаулық сақтау саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда.

Әлеуметтік маңыздағы аурулардың көрсеткіші тұрақты түрде төмендеп келеді.

Демографиялық көрсеткіштер бойынша биыл табиғи өсім сақталып, 6 айда 757 бала дүниеге келді. Ана өлімі тіркелген жоқ.

Республикалық бюджеттен бөлінген 739 млн теңгеге Жаңақорған кентіндегі аудандық көпбейінді орталық аурухана ғимаратына қосымша блок құрылысы қарқынды жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың ақпан айында басталды. Нысанды қазан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Өңіріміздің мәдени-рухани дамуына мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Ауданда 66 мәдениет ұйымы халыққа қызмет көрсетеді. Биылғы жыл аудан спортшылары үшін нәтижелі, жемісті жыл болуда. Жыл басынан бері аудан спортшылары әлемдік, халықаралық, республикалық деңгейдегі додаларда 40 алтын, 24 күміс, 20 қола, барлығы 84 медаль иеленді.

Әзірленген жобалар

2025 жылы Сырдария өзенінің бойында орналасқан 8 елді мекенді (Қожакент, Өзгент, Ақсуат, М. Нәлібаев, Жаңарық, Қыркеңсе, Байкенже, Билібай ауылдары) газбен қамтамасыз ету мақсатында «Қожакент елді мекеніне дейінгі жоғары қысымды газ құбырын жүргізу және ауылішілік газ тарату желілерін салу» жобасы және де Өзгент, Ақсуат, Ақжол, Жаңарық, Әбдіғаппар ауылдарын газдандыру жобалары демеушілікпен әзірленді.

Бұл жобаларды 2026-2030 жылдары жүргізілетін «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ның инвестициялық жобаларының жол картасына ұсыну жоспарлануда.

Он жылдан бері арақсыз өмір кешкен ауыл

Таң сәріден жүргізуші Айбек Кеңесбекпен бірге Жаңақорғанға тарттық. Екі сағаттай уақыттан соң аудан орталығына кірдік. Бізді «Аманат» партиясының Жаңақорған аудандық филиалының төрағасы Арман Мәжитов аудандық қоғам даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов және аудандық мәслихат депутаты Лаура Бибісарова қарсы алды. Көп бөгелмей:

– Арақпен қоштасқанына оншақты жыл болған ауылға барамыз, – деді Марат салтанатпен.

– Ол қандай ауыл? – дедім мен қуанғаннан іле-шала.

– Өзгент ауылдық округі.

Біздің байқағанымыз, қай ауылдың кіреберісінде болсын, аты жазылған әсем арка орнатып тастапты. Жаңақорғанның ауылдарына баратын жолдар ирек-ирек. Ауылдарының арасы жақын. Көп ұзамай Өзгент ауылына да жетіп келдік. Қарсы алған арықша келген жігіт осы ауылдың әкімі екен. Аты-жөні – Еркебұлан Жақудаев. Ол ауылын таныстыра бастады.

– Өзгент – тарихи жер. Осы өңірдегі ауылдардың бастауы – Өзгент. 1973 жылы Өзгент атауын алған. Біздің ауылға Ақсуат қарайды. 22 шаруа қожалығы, 25 кәсіпкер бар. 2 мектеп, 3 балабақша жұмыс істейді. Егін, мал шаруашылығымен айналысамыз. Күріш, бидай, мақсары, жоңышқа дақылдарын егеміз. «Алтын күз» тойында «Ең үздік ауыл» номинациясын жеңіп алдық. Ең үлкен жеңісіміз – он жылдан бері арақ-шарапты жолатпаймыз. 2200 мүйізді қара, 534 жылқы, 337 қой өргізіп отырмыз. Сәуірде халық сайлауында мені әкім етіп сайлады, – деп аяқтады өз сөзін Еркебұлан.

Мәдениет үйінде бізді халық күтіп отыр екен. Жиналыста әрқилы пікірлер тоғысы болды. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалиолла қалай арақтан құтылғанын қысқаша айтып өтті. Бастаманы ақсақалдар ортаға тастайды. Халық қолдады. Қазір ауылда қылмыс, ұрыс, төбелес сап тыйылды. Ақсақалдың айтуы бойынша, республикада 429 елді мекен арақсыз өмірді таңдаған. Ауылда байланыс нашарлығын ауыл тұрғындары таласа айтты. Бір жаманы – ауылда пошта жоқ. Газет-журналға жазылсаң, оны әкелетін поштаның жоқтығы бізді қатты таңғалдырды.

№224 орта мектепке ат басын бұрдық. 1973 жылы салынған бұл мектеп күрделі жөндеуден өтіпті. Мектеп директоры Сқақов Медет 50 мұғалім, 260 оқушы бар екенін жеткізді. 2 оқушы алтын белгімен бітірген. Спорттан, өнерден жүлде алғандар бар екен. Оқу-ағарту министрлігінен алғыс алған, Ыбырай Алтынсарин белгісімен марапатталған мұғалімдер де бар болып шықты.

– Мектептің іргетасы 1958 жылы №394 бастауыш мектеп болып қаланды. 8 мұғалім еңбек етіп, 8 сыныптың 160 оқушысымен бастады. Оның директорлығына Ермахан Бәйімбетов тағайындалып, ол 1967 жылға дейін қызмет істеді.

1968 жылдан 1970 жылға дейін мектепті Меңлібай Кенжебай басқарды. Сол жылдары 14 мұғалім еңбек етіп, 10 сыныппен 195 оқушы білім алды. Меңлібай Кенжебай жай мұғалімдіктен бастап, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары және директорлық қызметте болып, 1970 жылдан бастап Шиелі ауданы әкімінің аппаратында басшылық қызметте болған.

1970 жылы мектеп №219 сегіз жылдық мектеп болып қайта құрылды. 12 мұғалім, 8 сынып, 223 оқушы оқыды. Сегіз жылдық мектеп болып қайта құрылған кезінде мектеп директоры болып Нәзігүл Аханова тағайындалған. Ал 1974–75 оқу жылында сегіз жылдық мектеп он жылдық мектепке айналып, мұғалімдер саны 73-ке жетіп, 838 оқушы білім алып, тәрбие берілген. Қазақ даласына алғаш мектеп ашып, ұйымдастырған ағартушы ғалым, педагог Ыбырай Алтынсариннің 150 жылдығына орай мектепке Ыбырай Алтынсариннің есімі беріледі. 1987 жылы мектеп стандартқа сай жобадағы жаңа зәулім биік ғимаратына көшті. Нәзігүл Аханова 1994 жылы зейнетке шыққанға дейін мектеп директоры болып абыройлы еңбек етті.

Мектепте 1981 жылдан 1993 жылға дейін мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары қызметін атқарған Тасжан Тасқожа 1994 жылы директорлық қызметке тағайындалды. Қазіргі кезде бастауыш оқу ісі жөнінде орынбасары болып қызмет атқарады. 2008 жылдың қыркүйек айынан бастап мектебімізді Ергешов Абай басқарады. Қазір мектебімізде 150 мұғалім, 969 оқушы білім алуда. Мектебімізде 1 информатика кабинеті, 1 мультимедиялық кабинет, 1 лингафон кабинеті, 5 интерактивті тақтамен жабдықталған. Әрбір компьютер интернет жүйесіне қосылған. Оқушылар өз бетінше электронды оқулықтарды пайдаланады. Мектепте оқушыларды өнерге, спортқа баулу жүйелі түрде жүргізіледі. Спорт ойындарының барысында жарыстың қорытындысы бойынша мұғалімдер мен оқушылар спартакиадасында жүлделі орындарды иеленіп, 2002-2008 жылдары 1Ауданның ең үздік спорт мектебі1 атағына ие болған.

Мектеп мұғалімдері мен оқушылар арасында дәстүрге айналған «Көңілді тапқыштар клубы» сайысында жүлделі орындарды иеленіп, облыстық сайыстарға да жолдама алып, өз өнерлерін көрсетуде. Осы көрсеткіштерді зерттеу барысында алтын ұя мектебімнің салауатты өмір салтын біліммен бірге алдыңғы қатарда.

Бүгінгі заман талабы – білімді жетілдіру, яғни ХХІ ғасыр – білім ғасыры, жаңа технологияны игеру. Алтын ұя мектебімізде бүгінгі заман талабына еріп, жұмыс жасап жатқан ұстаздар мен шәкірттерді мақтаныш ете отырып, алтын ұя мектебіміздің биіктерден көрінуіне болашақта өз үлесімізді қосамыз, – деді директоры Медет Сқақов.

Арақсыз ауылдың дүкеніне баруды ұйғардық. «Шаңырақ АА» ИП-сы арқылы жұмыс істейтін дүкеннен арақты емге таба алмайсың. Дүкенші Салтанат Ташимова бізді күлімдеп қарсы алды. Жары Асылбекпен бірге дүкенді 2021 жылы ашады. Асылбектің өзі дене шынықтырудан сабақ береді. Көкпардан жаттықтырушы. Салтанат 2021 жылы «Ауыл аманаты» жобасынан 5 миллион теңге алып, әртүрлі аппаратуралар сатып алады.

Қожакент ауылының патриоттары

Қожакент ауылында бұрын да болғанбыз. Осы ауылдың тұрғыны, белгілі кәсіпкер Изотулла Үсенов деген азамат ауылының көркіне көрік қосып, біраз қомақты шаруаның басын қайырған нағыз азамат. Бізбен бірге жүрген аудандық қоғамдық даму басқармасының басшысы Әбілғазы Төлегенов осы Қожакент ауылының арғы-бергі тарихын біліп қана қоймай, оның алғаш рет ірге көтеріп, өркендеуіне зор үлес қосыпты. Оның осы жөніндегі әңгімесін беруді жөн көрдік.

− Кеңес өкіметі кезінде Алматыда Ауыл шаруашылық институтын бітірдім. Мамандығым – ғалым-агроном. Әскерде болдым. 1992 жылы аудан әкімшілігінде жұмыс істедім. Ішкі саясат бөлімінде, әкімшіліктің әлеуметтік салаларында еңбек еттім. 1997 жылы әкім болдым. Сол кезде үлкен реформа жүрді. Күріштің егістігін жандандыру үшін 35 мың гектар жер бөлінді. Қаратөбе, Түгіскен, Келінтөбе, Қожакент, Өзгент, Мәшбек, Жаңарық ауылдары осы территорияда орналасты. Мен әкім болған Қожакент ауылына 5100 суармалы тегістелген жер бұйырды. Малға да қолайлы жер. Екіншіден, ауыл сайда орналасқан. Сол кезде ауылда 3500 тұрғын, 400 отбасы өмір сүрді. Мен басқарған кезде ауыл ауыр кезеңді бастан кешті. Мемлекет ауылдарды жекеменшікке берді. Жалпы, бұл ауылдың тарихы әріден басталады. 1928 жылғы ТОЗ кезінде Октябрь колхозы атанды. Иә, мен сол кезде 29 жастағы ең жас әкім болдым. Көп адамдар маған сын көзбен қарады. Әсіресе маған қиын тигені – жер үлесін әділ бөлу. 2000 жылы мемлекет тарапынан субсидия бөлінді. Оның құжатын жасау қиынның қиыны еді. Ағаларымыздың көмегі арқылы бұл қиындықты да жеңдік. Жер игеріле бастады. Ауыз су мәселесін анда-мында жүгіріп жүріп оңтайлы шештік. Кеңсе үйін талан-таражға бермей сақтап қалдық. Бұрынғы директордың кабинетін маған босатып берді. Ауыл саны да өсіп, қазір Қожакентте 3700 тұрғын болса, 410 отбасы бар. 2 мектеп, аурухана жұмыс істейді. Осы ауылға мен он бес жыл өмірімді бердім. Менің кезімде Beeline, Актив байланысын орнаттым. Тағы бір ерекше айтатын мәселе – ауылға Қожакент атауын беруде менің үлесім бар деп білемін. Ол кезде КПСС ауылы атындағы еді. 3-4 ат ұсынылды. Әкем Берден Төлегенов Қожакент болсын деді. Бекітіп берген адам – сол кезде облыс әкімі болған Бердібек Сапарбаев. Сонымен ауылда өндіріс орындарын ашуға тырыстым. Бірақ, әрине, мұның бәрін кейінгі ұрпақ білмейді, – деп Әбекең әңгімесін түйіндеді.

Мақаламыздың басында Қожакент ауылын көркейтуде сүбелі үлес қосқан азамат есімін сөзімізге тиек еткенбіз. Ол – Үсенов Изотулла. Ол алдымен «Спорт кешені» деген атаумен алып ғимарат салады. Оның ішінде үлкен футбол алаңы, екінші қабатында мейрамхана бар. 2013 жылы спорт кешені салынса, 2023 жылы «Қожакент аренасын» тұрғызды. Өткен жылы «Сыр моншасын» дүниеге келтірді. Изотулла туралы келесі нөмірде кеңінен жариялаймыз.

Сиқырлы өнер әлемі балаларды шақырады

Ауданның көрнекті орнында Оқушылар үйі мен Өнер мектебі қанаттаса орналасыпты. Бізді мұнда аудан әкімінің орынбасары Нуридинов Бектас және осы ұжымдардың басшылары қарсы алып, аралатты. Шынында да, мұнда неше түрлі үйірмелер бар екен. Домбыра, қолөнер, робототехника, би, сурет, тіпті жетіген аспабын үйрететін үйірме де бар. Ғимараттың іші әсем көрнекті көріністерге толы. Осы сиқырлы әлемде қара домалақтарымызды арнаулы мамандар сан түрлі өнерге баулиды. Иә, бәрі тегін. Тек ата-аналар балаларын уақытында әкелсе болды. Сондай-ақ мұнда балалар өнер әлемінде шыңдалып, сан түрлі олимпиадаларға, жарыстарға қатысады. Мемлекетіміздің әкелік қамқорлығын пайдалана біл, балаларыңды өнерге, ғылымға баулыңдар! деген игі тілекпен біз де әсем ғимараттан қимай әзер шықтық.

 

ШИЕЛІ АУДАНЫНДА

Облыс бойынша үздік атанған ауданда қомақты табыстар жетерлік

Қасиетті жұма күні таңертең Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков қабылдады. Бұрын Айтбай мырзаны аудан әкімінің орынбасары кезінде танысқаным есімізге түсті. 41 Социалистік Еңбек Ері шыққан ауданда ол осы салада көп жылдардан бері абыройлы қызмет атқарып келеді екен. Биыл аудан облыстық «Алтын күз – 2025» мерекесі мінберінен жеңімпаз атанып, «Үздік аудан» номинациясын иеленіпті. Аудан әкімі бізге жүзеге асып жатқан игі істерін, жетістіктерін айтып тауыса алар емес. Біз биылғы 10 айда жүзеге асқан аудан көрсеткіштерін сұрап, аудан әкімшілігі қомақты етіп жазылған жетістіктері жөнінде дайындап берді. Олардың бәрін газетімізге сыйғызу мүмкін емес. Ықшамдап назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» 2022 жылғы 03 наурыздағы № 826 Жарлығына сәйкес аудан және ауылдық округ әкімдері 2025 жылдың 1 қарашасында халықпен кездесті. Шиелі ауданының әкімі Айтбай Насриддинұлы Жандарбеков баяндама жасады. 

– Облыста жыл сайын өтетін «Үлгілі елді мекен» конкурсының «Еңбек күні» қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қызылордадағы Өнер орталығында «Адал еңбек – адал азамат» атты салтанатты шара ұйымдастырылды.

Оған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Н.Байқадамов, Мәжіліс депутаты М.Әбенов пен құқық қорғау органдарының басшылары, қала, аудан әкімдері, еңбек ардагерлері, зиялы қауым, шаруашылық өкілдері қатысты.

Салтанатты жиында аймақ басшысы «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы жеңімпаздарына 19 арнайы коммуналдық техника және қаржылай сыйақы табыстады.

«Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы өңірімізде қарқынды жүзеге асуда.

Қаламыздағы, аудан орталықтарындағы, ауылдардағы парктер, скверлер мен аллеяларды, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандырудамыз. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, тынымсыз еңбек еткен жерлестеріміздің арқасында аймағымыз таза әрі көркем аймаққа айналып келеді.

«Ауыл – ел бесігі», – деп дана халқымыз бекер айтпаған. Ауылды дамыту – мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі.

Елді мекендерді дамыту, оның ішінде ауылдағы ағайынның өмір сапасын жақсарту, қолайлы орта қалыптастыру, ауылдағы көркейту-көгалдандыру жұмыстарын ынталандыру мақсатында 2023 жылдан бастап дәстүрлі түрде «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізілуде.

Әр аудандағы бір ауылды абаттандыру, көркейту жұмыстарына 100 млн теңгеден астам қаржы беріледі.

Ауыл-аймақтың ажарын айшықтап, келбетін көркем етуге бағытталған «Үлгілі елді мекен» конкурсы алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасады.

«Үлгілі аудан» номинациясы бойынша 1-орынды Шиелі кенті иеленді.

Тірек және серіктес елді мекендер санатына кірмейтін ауылдардың абаттандыру жобаларын қаржыландыруға 15 млн теңгенің сертификаттары табысталды. Атап айтқанда, Шиелі ауданының Майлытоғай ауылдық округі жеңіп алды, – деп, аудан әкімі Айтбай Жандарбеков сөзін түйіндеді.   

 

«Ауыл аманаты» жобасымен кәсібін өркендеткендер

Әрине, бұл жолы да «Аманат» партиясы бізді қарсы алып, ауданды аралатты. Партияның аудандағы филиалының төрайымы Жібек Баймұратованы бұрыннан білеміз. Ауданның білім саласында көп еңбек сіңірген Жібек ханым әкімшілікте де көптеген лауазымды қызметтер атқарған. Қай жерде, қай ұжымда жұмыс істесе де табыс биігінен көрінетін ол өте жаңашыл һәм белсенді жан. Бұл жолы да сапар бағдарламасын тамаша етіп кеңінен жасапты. Уақыттың тығыздығына байланысты олардың көбісіне бара алмадық.

Алдымен «Ауыл аманаты» жобасымен жұмыс істеп жатқан ғимаратқа бардық. Төбесіне «Ауыл аманаты» жобасы деген сөзді көрнекті етіп жазған ғимаратта неше түрлі кәсіппен айналысып жатқан жандардың еңбектерімен таныстық. Солардың бірнешеуін сіздердің назарларыңызға ұсынайық.

Жұлдызай Серікбайқызы «Ауыл аманаты» жобасынан 6 миллион несие алады. Құрал-жабдықтарды сатып алып, күйеуі Мақсат екеуі осы кондитерлік жұмысты бастаған. Торттың неше түрін және самса да пісіреді. 5 баласы бар батыр ана. Азамат Ерназаров та осы жобадан 3 млн 600 мың қаражат алады. 2023 жылдан бастап «Нұрислам» жарнама орталығын ашады. Мектептер мен балабақшаларға стендтер, көрнекіліктер жасайды. «Фатима» тігін цехының басшысы Бақытова Нұргүл де жоба арқылы 10 миллиондай несие алып, тігін цехын дүниеге келтіреді. Отбасында 5 ұл бар. Қыз жасауынан бастап, үлкен қуыршақтар тігумен айналысады. 6 жылдан бері жеке кәсіпкер.

Жазира Қабылова жартылай дайын өнімдер жасайтын цех ашу үшін жобадан 6,5 миллион теңге несие алады. Жан жары Берік екеуі 6 бала тәрбиелеп отыр.

Осыдан кейін «Руханият» орталығына аттың басын тіредік. Гүлдана Жақыпова кітапхана меңгерушісі екен. Мұндағы кітапхана ұжымының рухани жағынан еселі еңбектерін көріп риза болдық. Сондай-ақ мұнда орналасқан мұражаймен танысып, аудан тарихымен, жетістіктерімен қанықтық.

 

Таза табиғи өнімдер шығаратын ұжым

Шиелі ауданының шетінде ғана орналасқан «Бидайкөл» ауылындағы «Барлыбай ИК» цехы 2023 жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. Ұжым директоры Қанат Мусаевті кездестіре алмадық. Жібек Баймұратова Қанатты рухани жағынан жан дүниесі бай азамат екенін айтты. Үнемі мұқтаж жандарға көмек қолын созады екен.

Ұжымның бас технологы Асылмен әңгімелестік. Цехта жұмыс істеп жүрген қыздар да көңілді. Алдымен олар қызанақ егумен айналысқан. Қызанақтың көбісі ысырап бола берген соң осы цехты ашады. Томаттар жасайды. Кейін ұжым қиярдан, баялдыдан өнімдер шығара бастайды. Түрлі салаттар, тосаптар жасайды. Бәрі де таза табиғи өнімдер. Сұраныс та көп. Қарбыз, қауын егіп, олардан да тосаптар жасап, көпшілікке ұсынады. Жалпы, олар 12-13 гектар жерге қызанақ, қияр, 4–5 гектарға қауын, қарбыз егеді. 15-20 адам жұмыс істейді. Айлықтары көңілдегідей. Өнімдерін тек аудан көлемінде ғана емес, Алматы, Астана және басқа да облыстарға өткізеді екен. «Атамекен» палатасымен бірлесіп жұмыс істейді...

Сыр өңірі «Алтын күз» мерекесін тойлап, ала жаздай еткен еңбектерінің қорытындысын шығарып жатыр екен. Су жетіспеушілігіне байланысты күріштен басқа да дақылдарды да еге бастаған. Еңбек дүбірі жиын-терінді аяқтағанмен, әлі де жалғасуда. Күннің ауа райы да биыл көңілдегідей. Біз Сыр елінен аттанғанда аспан шайдай ашық болып, табиғат та мамыражай қалпынан танған жоқ. Иә, еңбек майданы толастамасын. Аспанымыз ашық, бейбіт заман болсын деген игі тілекпен аттандық.

 

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ

20.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 20091
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19920
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 35048
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33620
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37442