Алтынай пайдың манаты

Алтынай пайдың манаты

Ерлік қашанғы ескерусіз қала береді?

Қыршын кеткен қызының қатал тағдыры жүрегін аяусыз тілгілеп, тілімдейтіні оның мұңлы жүзінен, шаршаңқы көзінен, діріл қосылған дауысынан аңғарылып тұратын. Қаншама ұйқысыз түндерді жылаумен өткізді екен? Оны тек ойша ғана елестетуге болатын шығар. Осыншама ауыр қайғы-қасіретті кішкентай жүрегіне қалай сыйдырып жүр екен дейтінбіз пендешелікпен. Бірақ түрлі батпан ойлар қажытса да, тағдырдан жеңілмей өтті, жарықтық.

Ол жатса-тұрса маза бермейтін қызының құпия өліміндегі көптеген күмәнді ойларымен талай рет бізбен де бөліскен.

Иә, өмір деген қамшының сабындай тым келте. Бір қарасаң барсың, енді бір артыңа бұрылсаң, жоқсың! Ендігі қайтпастың кемесіне мінген марқұм осыдан отыз бес жыл бұрын қыршыннан қиылған қызының жанында шығар. Оны бір Алла біледі!

Дегенмен Алтынай Асанованың өлімі көбіміздің көңіл көзімізді ашып кетті. Үндемей жүріп те үлкен істер тындыруға болатынын ол өз өмірімен дәлелдеп берді.

Алтынай апаймен соңғы рет былтыр күзде жолыққан едік. Ол: «Ажал айтып келмейді» деп жатады ғой, алда-жалда олай-бұлай болып кетсем, Ләззатымды іздейтін жан қалмай ма деп қорқамын», – деген сонда. Басқаны күтсем де, апайдан мұндайды күтпеп едім. «Олай демеңіз, апай. Қазақ бар да, Ләззатты жоқтамай тұрмайды», – деп жұбаттым. Ол: «Халыққа ренішім жоқ, жабылып жүріп өзі оқыған мектептен Ләззаттың мұражайын ашты. Жаркент қаласының орталық алаңынан Ербол Сыпатаев екеуіне еңселі ескерткіш тұрғызуға мұрындық болды. Рахмет! Менің ренішім билікте! «Халық Қаһарманы» атағын қаншама жылдан бері сұрап келеміз. Оның ерлік көрсеткені деректермен, құжаттармен дәлелденді. «Қаһармандық» атақ берейік, Ләззаттың ісі соған лайық деп белгілі жазушылар, депутаттар Президенттің атына арнайы хат та жазды. Селт еткен бірі болсайшы!» – деді мұңайып. «Қам жемеңіз, апай. Уақыты келмей жатқан шығар. Алла қаласа, Ләззаттың «Халық Қаһарманы» атанатын күні алыс емес деп ойлаймын», – дедім. Дауысым сенімді шыққаны сондай, өзім де қайран қалдым.

– Айтқаның келсін, айналайын. Бірақ... – деді ол маған бұрылып.

–Жыламаған балаға емшек бермейтінін білетін шығарсың. Келесі жылы Желтоқсанның 35 жылдығында ресми мәртебе беріледі деп шулап жүр ғой жұрт. Жұрт айтса, бекерге айтпайды. Егер Желтоқсанға ресми мәртебесін қайтару қарастырылатын болса, оның ішінен өз қаһармандары шықпай тұрмайды. Сол тізімде менің Ләззатымның аты-жөні тұрса болмай ма?! Болғанда қандай! Алтынай апай сәл ойланып қалды да:

– Олай болса, осы мәселеге өзіңнің баскөз болғаныңды қалар едім, – деді.

– Өтініш қой!

Мұндай өтініш жасап тұрған анаға қалай қарсы болайын, келістім. Басқа амалым да жоқ еді. Сол жүздесуден бірнеше күн өткен соң, апай қайта хабарласып, іші сарғайған газет қиындылары мен құжаттарға толы бір бума қағаз жеткізіп берді. Ішінен өзіме керекті деген бірнеше газет пен құжаттардың көшірмесін жасап, қалғанын өзіне қайтардым.

Уақыт өтіп жатты. Алайда мен уәдемді мезетінде орындай алмадым. Себебі артынша дертке шалдығып, бір ай ауруханада жаттым. Ауруханадан шыққан соң қалпыма келу үшін тағы бір айдай қиналдым. Үрей мен қорқыныш билеген жерде тиянақ болмайды екен... Қазір соған қатты өкінемін.

Алайда әлі де кешікпегенімді білемін. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деп жатады ғой. «Аманатқа қиянат жүрмейді» деп мақалдайтын да сол қазақ. Олай болса, бүгінде о дүниелік болған Алтынай апайдың аманатын орындау үшін, әруақтар тыныш жатсын деген ниетпен қолыма қалам алдым.

Ләззат би үйірмесінде. (Сол жақтан бірінші) Фото: Tengrinews.kz алынды

24 жыл бұрын Ләззатты «Халық қаһарманы» атағына ұсынған қос хат

Ол 1986 жылы жүгенсіз кеңестік билікке қарсы бас көтерген ұлт-азаттық күресінің жазықсыз құрбаны, желтоқсаншы Ләззат Асанованың аяулы анасы болатын. Ол жалғыз Ләззаттың ғана анасы емес еді, түсінгенге бүкіл қарға тамырлы қазақтың рухын шыңдаушы, ұландарымызды ұлы істерге даярлаушы шын мәніндегі «Ұлт Анасы» болатын. Өкініштісі, оны көбіміз әлі түсініп болған жоқпыз. Мен апаймен жиі жүздеспесем де, түрлі жиындарда кездесіп қалатын едік. Ондай кезде ананы-мынаны сөз етіп, шүйіркелесе кетуден қашпайтынбыз. Одан, әйтеуір, өзіме деген бір жақындықты сезетінмін. Аурасы таза-тұғын. Жасыратыны жоқ, жыл сайын желтоқсан айы жақындаған тұста, ол кісі өзінен-өзі белсенді болып кетер еді. Шақырылған жерден қалмайтын, өз бетімен ешқайда бармайтын. Сөз берілсе, батыл сөйлеуге тырысатын. Қажырлы, қайратты жан еді.

Осы қазір менің алдымда еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанның» 1997 жылғы екі саны жатыр. Екеуінде де еліміздің тәуелсіздігі жолында жас жанын құрбандыққа шалған Ләззат Асанованы Отанымыздың ең жоғарғы наградасы «Халық Қаһарманы» атағымен атап өтуді сұраған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атына жолданған хат жарияланған. Сондай-ақ хаттардың екеуі де «Дат!» айдарымен жарық көріпті. Олай болса оқырманға түсінікті болу үшін алдымен қос хаттың мәтінінен үзінді бере кетейін.

Осынау аса маңызды тарихи оқиғаны жүзеге асырған асыл ұлдарымыз бен қыздарымыз – ұлтымыздың, бүкіл қазақстандықтардың есімдерін қастерлеп, құрметтеп ауызға алар қаһармандары. Солардың бірі – біздің жерлесіміз, қаһармандығымен ерекше көзге түскен, сол кездегі Алматыдағы Чайковский атындағы училищеде оқып жүрген он алты жасар студент Ләззат Оразханқызы Асанова.

Арнайы тексеріс Ләззат Асанованың Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісінің нағыз қаһарманы екендігін дәлелдеді. Өйткені ол алғашқылардың бірі болып Республика алаңына шыққан, Қазақстан Компартиясы Пленумының Г.В.Колбинді республика партия ұйымының басшысы етіп сайлағанына қарсы болған. Ләззаттың «Долой Колбина», «Казахстану – независимость» деген ұрандарды алғашқылардың бірі болып алып шығуы – Республика алаңына 16 жастағы балғын қыздың саналы түрде, ел тағдыры  жан қиюға дайын болып келгендігін айқындайды.

Қазақстанның тәуелсіздігі жолында жас жанын құрбан еткен Ләззат Асанованың ерлігі Қазақстанның «Халық Қаһарманы» атағымен аталып өтуге лайық деп есептейміз.

«Егемен Қазақстанның» 12 шілдеде, 1997 жылы шыққан бұл хатқа оншақты белгілі тұлғалар қол қойған.

Ләззат домбыра үйірмесінде. (Төменгі қатарда сол жақтан екінші) Фото: Tengrinews.kz алынды

Екінші хаттан үзінді

«Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында мынадай жолдар бар: «Күрделі кезеңнен күйбеңмен жүріп, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын толық дәрежеде бағалап үлгерген жоқпыз... 1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары қазақ жастарының ұлттық санасының қаншалықты өскенін көрсетіп берді. Бір ғасыр бойы халықты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған өктемдік үрдістің алдындағы қорқыныш алғаш рет еңсерілді. Жастар айдай әлемнің алдында кез келген ұлтқа тән ұлттық намыс бұдан былай ешқандай баса-көктеуге мойынұсынбайтынын паш етіп берді» (34-бет).

Тоталитарлық режимге, оның мұздай қаруланған жендеттеріне қарсы тұрған ержүрек жастарымыз, солардың ішінде Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігі ұранын қаймықпай көтерген жалын жүрек, от кеуде қызымыз.

– Алматыдағы Чайковский атындағы музыка училищесінің студенті Ләззат Асанова көз алдымызға келеді. Тарихи оқиға оның ерлігін мынадай қырларынан айқын көрсетіп берді:

  1. Ләззат Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы етіп Г.В.Колбинді сайлаған Орталық Комитет Пленумының шешіміне алғашқылар қатарында қарсы болды;
  2. Ләззат 1986 жылдың желтоқсанында Жаңа алаңға «Долой Колбина», «Казахстану – независимость» деген ұрандармен шыққан;
  3. Ләззат Желтоқсан көтерілісі кезінде жастарды КОКП мен Кеңес Одағының халыққа жат саясатына қарсы шығуға шақырған;
  4. Ләззат өзінің жастығына қарамастан алаңға Қазақстан халқының мұраттарына адал, ел тағдыры үшін жанын қиюға әзір болып келген;
  5. Ләззат Қазақстан тәуелсіздігі жолында тоталитаризмнің құрбаны болды.

Жоғарыда айтылған жайларды ескеріп және Алматы облысы Панфилов ауданындағы жерлестерінің ұсынысына қолдау білдіре отырып, біз Ләззат Асанова Отанымыздың ең жоғары наградасы «Халық Қаһарманы» атағына лайық деп санаймыз.

Бұл хатқа М.Әлімбаев, ақын, Қазақстанның халық жазушысы;

Г.К.Бельгер, Президенттің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты;

Г.М.Дулатова, зейнеткер; Қ.Қ.Қайсенов, Халық Қаһарманы; М.Ж.Жұмаханов, қоғам қайраткері;

В.И.Осипов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары;

Д.Ф.Снегин, Қазақстан Республикасының халық жазушысы;

М.Д.Симашко, Қазақстан Республикасының халық жазушысы;

Хасен Қожахметов, Қазақстанның «Азат» азаматтық қозғалысының төрағасы; 

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атына жолданған хатқа К.А.Ақылбеков, Е.А.Келемсейітов Парламент Сенаты мен Мәжілістің бұрынғы Талдықорған облысынан сайланған депутаттары Б.Д.Төкенов, С.Ә.Тәжиев, В.И.Осипов қол қойған. («Егемен Қазақстан» 26 шілде, 1997 жыл).

Көріп отырғанымыздай, Ләззат Асановаға «Халық Қаһарманы» атағын беру туралы мәселе осыдан 24 жыл бұрын көтерілген. Алайда бұл мәселе шешімін тапқан жоқ. Бас газетімізге хат жазып, қыршын ғұмырдың есімін есте қалдыру мақсатында әрекет жасаған Жаркент ауданының жұртшылығы да, бұрынғы Талдықорған облысынан сайланған халық қалаулылары да жерлес батыр қыздың ақталғанына шүкіршілік еткендей үнсіз қалды. Ал ұсыныс хатқа қол қойған көптеген ұлт зиялылары бүгінде арамызда жоқ. Алайда көп жылдан бері Желтоқсан тақырыбымен үздіксіз айналысып келе жатқан, аталған істің жай-жапсарын жақсы білетін журналист-зерттеуші ретінде біздің жанымыз байыз табар емес. Баршаға белгілі, биыл өтпелі де өткелді жолдардан өткен еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі мен қасіретті Желтоқсан көтерілісінің 35 жыл толатын күнді зор өрлеу үстінде атап өтуге дайындалуда. Әйтсе де сол бір ызғарлы Желтоқсан мен ызбарлы жүйенің жанға салған жарасы естен шығар емес. Сондықтан да осы атаулы күндердің қарсаңында осыдан 24 жыл бұрын елім деп ерте солған қаршадай қыздың ерлік ісін лайықты бағалауды Бірінші басшыдан сұраған, бірақ белгісіз себептермен ескерілмей келе жатқан мәселені біз қайыра көтеруге мәжбүрміз.

Ләззаттың анасына жіберген соңғы хатынан қалған бөлігі. Фото: Tengrinews.kz алынды

Тәуелсіздік үшін жан қиған Ләззат Асанованың жұмбақ өлімі

Олай болса ең алдымен қылышынан қан тамған сол қиын күндерге қайта оралып, Ләззат Асанованың жұмбақ қазасының мән-жайына қысқаша шолу жасап алайық. Жазалаушы жақтың ресми құжаттарына зер салсақ, Ләззаттың өлімі Желтоқсан көтерілісіне еш қатысы жоқ, тұрмыстық жағдайда, студенттер арасындағы кикілжіңмен байланысты деп келген. Яғни Ләззатты «ұрлық жасады» деп бөлмелес қыздары «әшкере қылғаннан» кейін, ол істеген ісі үшін шыдай алмай, 1986 жылы 25 желтоқсанда бес қабатты үйден секіріп кеткен делінеді. Бұл жалған айыптау 1996 жылға дейін созылды. «Алайда оның өлімінде күдік келтіретін жағдайлар көп болды»,– дейді Желтоқсан оқиғасына түпкілікті баға беру жөніндегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жанынан құрылған Комиссияның құрбан болғандар мен ауыр жараланғандарды тексеру және анықтау тобының жетекшісі, заңгер Төлеген Әлжанов «Егемен Қазақстанға» («ЕҚ», 6 тамыз, 1996 жыл) берген сұхбатында.

– Кейін тәуелсіз тексерудің нәтижесінде белгілі болғандай, Асанова 19 желтоқсында орган адамдары тарапынан ұсталғаны анықталды. Оған қоса оның ұсталған кезде соққыға жығылғаны, қорланғаны, үстінен 65 баппен қылмыстық іс қозғалғаны мәлім болды. Дегенмен Желтоқсанға қатысты қозғалған қылмыстық істі орган қызметкерлері жойып жіберген. Біздің қолымызға тигені 1986 жылғы желтоқсанда № 30484 жүргізілген іс. Яғни бұл іс тек қана Асанова Ләззаттың үйден секіріп кеткендігіне қатысты.

Асанованың 19 желтоқсанда ұсталғанын қалалық прокуратураның тергеушісі Алдыбаев айқындап берді. Ол бұрынғы Желтоқсан оқиғасы кезіндегі республикалық тергеу тобының құрамында болған жігіт. Алматы музыка училищесінің жатақханасы Чапаев көшесінде орналасқан. Қайғылы оқиға болған жер Совет ауданына қарайды. Осы ауданның бұрынғы прокуроры Ж.Ысқақовтың берген түсініктемесі бойынша да Асанованың 19 желтоқсанда ұсталғаны, 65 баппен іс қозғалғаны айқындалды. Кейін Ішкі істер министрлігінен қосымша тізім табылды. Оған Ішкі істер министрінің сол кездегі бірінші орынбасары Э.Басаровтың қолы қойылған. «Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін жауапқа тартылғандар мен ұсталғандардың тізіміне қосымша» деп аталатын әлгі құжатта 87 адамның аты-жөні жазылған. Тізімде №76 болып Асанова Ләззат Оразханқызы тіркелген. Оның 1970 жылы туылғаны, Алматыдағы Чайковский атындағы музыка училищесінің студенті екендігі, қылмыс кодексінің ІІ тармақ, 65-баппен іс қозғалғандығы көрсетілген. Әрі онда «Қазақ ССР Прокуратурасының тергеу тобы» деген белгі соғылған.

Жоғарыда аталған №30484 қылмыстық істе Асанованың жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны туралы ешқандай дерек жоқ. Ал Асанованың өліміне қатысты қылмыстық іспен шұғылданған тергеу тобының тергеушісі Ю.В. Чуприлин комиссияға берген өз түсініктемесінде төмендегіше баяндайды. «1986 жылы 25 желтоқсанда мені ҚазССР Прокурорының орынбасары А.Мызников кабинетіне шақырып алды. Онда Бас прокурордың көмекшісі Стрельников, КазССР Прокуратурасы тергеу бөлімшесінің бастығы В.Волтунов және МҚК және Ішкі істер министрлігі басшылығынан адамдар болды. Мызников маған 24 желтоқсанда Совет ауданындағы Алматы музыка училищесі жатақханасының шатырынан секірген деген мәлімет КСРО Прокуратурасының ерекше назарында, өйткені, қалада 18 желтоқсанда демонстранттарды ұрып-соққанына қарсылық ретінде оның өзін өлімге қиғаны туралы қауесет бар дегенді айтты».

«Егер №30484 қылмыстық іске сүйенсек», – дейді Т.Әлжанов одан әрі:

– Асанованың өлімі курстастарының араздығынан туындаған. Оған КСРО Прокуратурасының не қатысы бар? Совет ауданындағы «қатардағы» өзін-өзі өлтірушінің ісімен аудандық прократура емес, республикалық прокуратура тобының айналысқаны қалай?..

Түйіндей айтқанда, Асанова Ләззаттың өлімі тікелей Желтоқсан оқиғасымен қатысты екенін біз осылай дәлелдедік».

Ләззатты ақтауға атсалысқан Парламент Мәжілісінің депутаты, кейін Панфилов ауданының әкімі лауазымында болған Ермек Келемсейітовтің айтқан делелдемелері де осыған саяды. («Аңыз адам», №12, 2010 жыл).

Фото: Tengrinews.kz алынды

Ләззаттың жансыз денесін мәйітханаға кім жіберді?

Осы жерде Ләззат Асанованың жансыз денесін мәйітханадан көріп, оған сот-медициналық сараптама жасауға қатысқан Медицина институтының сол кездегі студенті және өзі де алаңдағы ереуілге қатысқан Ләззат Әшірбекова деген азаматшаның «Жас алашқа» жариялаған дерегінен (16 желтоқсан, 2014 жыл) үзінді келтірейік. Өйткені қаршадай қыздың қазасы бұл мәселеде әлі де күдік келтіретін түйткілдердің бар екендігімен назар аудартады. Л.Әшірбекова мақаласында өзінің 1965 жылы Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Құмөзек ауылында өмірге келгені, қазір осы облыстағы Бауыржан Момышұлы ауылында тұратыны, 1982-88 жылдар аралығында Алматы медицина институтында оқығаны, 1986 жылы желтоқсанда басқа да құрбы-құрдастарымен бірге алаңдағы ереуілге қатысқаны туралы айта келе, одан әрі мынадай мәлімет береді: «Сол күні «сот-медициналық сараптама» деген циклдық сабақтар басталыпты. Ол сабақ «Никольский» базары маңындағы мәйітханада өтетін. Сараптамаға бір қыздың денесін алып келді. Ол Ләззат Асанова екен. Мұны құжат қағаздарын толтырғанда білдік. Жасы он алтыда, музыка училищесінде оқиды... Бірге оқитын құрбыма: «Мына қызды алаңнан алып келген-ау, шамасы», – дегенімді мұғалім естіп қалып: «Онда ешкім өліп жатқан жоқ» деп дүрсе қоя берді бізге. Олай емес екенін бәріміз жақсы түсініп тұрмыз.

Ләззат Асанованың есімде қалған себебі, біріншіден, менімен аттас; екіншіден, біз сараптама жасаған алғашқы адам; үшіншіден, екеуміз де алаңда болғанбыз. Ләззаттың дене бітімі ерекше сымбатты еді. Ол арық та емес, толық та емес, орташа денелі, бойы шамамен 160-165 см. Денесі аппақ, қыр мұрынды, қасы-көзі қияқтай, шашын өріп қойыпты.

Ләззаттың денесіне түскен жарақаттар да әлі есімде. Екі тізесінен жоғары қара санына қатты соққы тиген. Қанталап, көгеріп тұрды. Басында ашық жарақат жоқ, ал басын ашып көргенімізде, көп қан ұйып қалғанын байқадық. Ауыр соққыдан болса керек. Аяғында гольфи бар еді. Сол тұста атлетикаға киетін ала тоқымалы гольфилер сәнде болған. Бұтында көк «трико», үстінде қызыл «кофта», иығы реглан келген, мойны жартылай жабық...»

Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады? Біріншіден, он екіде бір гүлі ашылмаған өрімдей қызды әлдебір қара күш өлімге итермелеген деуге болады. Екіншіден, өз жанын қиюға оған не мәжбүр етті? Неге мұндай қадамға барды? Үшіншіден, Ләззаттың өліміне тергеу орындарының қатысы болуы мүмкін бе? Бесіншіден, оның мәйітін студент-практиканттарға тәжірибе жасауға беріп, талан-таражға салуының астарында қандай құпия сыр жатыр? Сұрақ көп, жауап жоқ. Ең өкініштісі, осы күдіктердің бір де біреуі тиісті орындардың тарапынан тексерілген жоқ. Түрлі желеулерді алға тартып, жабулы қазан күйінде қалды.

Ләззат бесінші сыныпта. (Сол жақтан төртінші) Фото: Tengrinews.kz алынды

Желтоқсанда жазықсыз жапа шеккендердің тән мен жан жарасын кім емдер?

Еліміздің тәуелсіздік алуында үлкен рөл атқарған Желтоқсан көтерілісінің тарихында әлі зерттеліп, ашылмаған құпия-сырлары аз емес. Әсіресе жазықсыз жапа шеккендер мен жеке тұлғалардың ісі толық тексеріліп, тиісті әділ бағасы берілген жоқ. Соның ішінде Ләззаттың жұмбақ өлімі де өз құпиясын тереңде жасырып жатыр.

Анық бір нәрсе, Желтоқсан дегенде халық ең алдымен ереуіл барысында немесе алаң сыртында қаза тапқан Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджанова және бүгін біздің басты кейіпкеріміз болып отырған Ләззат Асанова сынды ұл-қыздарын төбесіне көтеріп, батыр санайды. Неге? Себебі бұлар жас қазақ демократиялық қозғалысының алғашқы құрбандары еді. Қайсарлығымен аты қалған Қайрат «еркек тоқты құрбандық» деп өршілдігінен таймай, түрмеде қайтты. Қазірше алаңда ат ойнатқан онмыңдаған желтоқсаншылардың арасынан «Халық Қаһарманы» жоғары атағына ие болған жалғыз желтоқсаншы – осы Қайрат болып отыр. Екі жақ бетпе-бет келген дәл айқас алаңында шүйдесінен тиген ауыр соққыдан жараланып қаза болған Ербол Ләззаттың көрші ауылда тұратын жерлес ағасы еді. Ал «ереуілді мен ұйымдастырдым, оған менен басқа ешкімді айыптамауларыңызды сұраймын» деп ағынан жарылған Сәбираның жас өмірі Өскеменде үзілді.

Ләззат Алматы қалалық сотының шешімімен 1996 жылы толық ақталды. Сәбира одан сәл кейінірек 2000 жылы қараша айында «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен соң ғана «Желтоқсан құрбаны» деп танылды.

Тірі адам тіршілігін жасамай тұрмайды, табиғат заңдылығы солай. Желтоқсанда жазықсыз жапа шеккендердің, қорлық пен зорлық көргендердің тән жарасын да, жан жарасын да уақыт жазады. Ал еліміздің бостандығы үшін жан қиғандардың рухы аспанда шалқығай! Алайда олар жасаған ерлік істі артында қалған ел-жұрты елеп-ескермесек, жастарымыздың Отан үшін өз жанын құрбандыққа шалған ерлігін ұлықтауды үйренбесек, онда біздің ел болғанымыз қайда? Кейінгі ұрпаққа не бетімізді айтамыз?!

Қорытындылай келгенде айтпағымыз, осыдан жиырма төрт жыл бұрын көтерілген бұл әңгімені аяқсыз қалдыруға болмайды. Тәуелсіз еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылуға тиіс қос атаулы күн қарсаңында, еліміздің азаттығы жолында қасық қанын төккен азаматтар еліміздің жаңа марапаттарымен аталып жатқан тұста, ішінде ерекше қайсарлық пен өжеттіктің үлгісін паш еткен батыр қызымыз Ләззат Асанованың да есімін тілге тиек етіп, өзіне тиісті нагарадасына ие болып жатса нұр үстіне нұр емес пе! Қалай десек те, жас қазақ демократиясының алдыңғы шебінде тұрған, Отанымыздың тәуелсіздігі үшін жан қиярлық іске барған батыр қызымыз Ләззат Асанованың ерлігі еліміздің ең жоғары наградасы – «Халық Қаһарманы» атағына әбден лайық! «Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші, біздің бұл ұсынысымызды Қазақстанды мекендейтін кез келген ұлттың өкілі қолдап-қостайды деген сенімдеміз.

Ләззат 4 жаста. Анасымен. Фото: Tengrinews.kz алынды

Ләззат 4 жаста. Анасымен. Фото: Tengrinews.kz алынды

 

 

Болат ШАРАХЫМБАЙ
01.10.2021

Ұқсас жаңалықтар

САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 29
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 41
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 24
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 40
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 17
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 53
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 155
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 159
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 341
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 342
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 959

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9036
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8432
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11660
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9415
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10641