АЛТЫНДЫ ТІСТЕП СЫНАЙДЫ

АЛТЫНДЫ ТІСТЕП СЫНАЙДЫ

(Бұл – «регрессивтік жрецтер», «прогрессивтік құлдырау», «суррогаттық сана мен саясат» ұғымдарын әлемдік дағдарысқа ұшыраған мемлекеттердің балама портреті ретінде сипаттайтын әмбебап пікір мен ойдың оймақтай түйіні)

 

«Суррогаттық сана» құлдырауға апарады

Шын мәнінде суррогаттық саясаттың созылмалы дертіне шалдыққан елдерде ақыл-ой элиталары қадірсіз, елеусіз күй кешеді. Дамымаған, дағдарысқа ұшыраған елдер, оның билік өкілдері көбіне: «ұлт бақытын, өз жетістігін» әсірелеп, әдемі сөздермен сендіруге аса шебер болады. Бұл – сырттай прогресс, ішкі мазмұнында құлдырау; сырттай тұрақтылық, ішкі жағында «жүйесіздіктің» үрейінен титықтаудың көрінісі. Мұндай мемлекеттерде билік өзіне тән емес идеялар мен модельдерді «жатырға салып», өз табиғатына қарсы «жасанды жүкті» көтеріп жүреді. Біз мұны «суррогаттық жүктілік» деп атайық. Соның салдарынан қоғам регрессивтік «жрецтердің» қолында қалып, прогрессивтік бағыттың өзі құлдырау көзіне айналады.

Дәл бір елге емес, әлемнің әр түкпіріндегі ұқсас дағдарысқа түскен мемлекеттердің ортақ, болжамды әлеуметтік портретін ғана елестетіп көреміз, ішкі қалтарыстары бізден шалғай.

Суррогаттық Сана – ессіз еліктеумен, көзсіз таңырқау және нысанасыз, көздеусіз құлшыныс.

«Суррогаттық саясат» – биліктің жасанды бейнесі мен әрекетіне тән атау.

Әлемді құрсап жатқан дағдарыстар тек экономикалық немесе саяси құбылыс емес. Бұл – рухани-психологиялық күйзелістің терең қабаты, оның түбінде екі бірдей жылан көмей жұтпа жатыр: Регрессивтік «Жрецтер» мен Прогрессивтік «Құлдырау».

Бүгінгі таңдағы әлемдік дағдарысқа тап болған дәрменсіз ұлттардың шынайы болмысын дәл осы екі құбылыс пен қайшылықтан іздейсіз.

Регрессивтік жрецтер: Ескі билік архетипі, жүйені ұстап тұратын жабық элита. Прогресс атаулыны тежейтін шешімдер қабылдайды. Халықтың ой-сезімін басқару арқылы билікті сақтайды.

Прогрессивтік құлдырау: Жаңғыру көрініп тұрады, бірақ ішкі жүйе өзгермейді. Реформа бейнесі бар, реформа рухы жоқ. Қоғам қозғалғандай, шындығында орнында, сол тұрысы.

Суррогаттық сана: Жалған модерн, жасанды оптимизм, қолдан жасалған шындық.

Халықтың көңілін уақытша алдарқату механизмі. Шынайы өзгерістің орнына символикалық өзгерістер келеді.

Суррогаттық саясат: Декларация бар, нәтиже жоқ. Ұран көп, мазмұн аз.

Халықтың түпкі мүддесін алмастыратын жалған мақсаттар.

Кландық құрылымдар: Экономика олигархиялық топтардың бақылауында.

Қоғамның өмірлік ресурстары кландар арасында бөлінген. Әділдік механизмі формалды.

Бұл құбылыстар әлемнің түрлі аймақтарында байқалады. Африка құрлығының ішкі және батыс өңірлері, Оңтүстік Азияның тығыз қоныстанған белдеуі, Таяу Шығыстың орталықтанған жүйелері, Латын Америкасының популистік саясатқа бейім бөліктері, Орталық Азия мен Кавказдың өтпелі аймақтары – бәрінде де кедейлік, экономикалық тоқырау, жемқорлық пен сенім дағдарысының ортақ көріністері сезіледі. Бұл аймақтарда билік көбіне ескі басқару әдетімен өмір сүрсе, халық үмітін жасанды уәдемен жалғауға мәжбүр. Қоғам шынайы даму емес, тек сыртқы жылтыр қалыпқа тәуелді болып қалады.

«Регрессивтік жрецтер» феномені мен «прогрессивтік құлдырау» парадоксы қатар жүруде. Әрине, бұл заңдылық, қатар жүреді, неге?.. Қараңыз!.. Терминдік тұрғыдан алғанда «жрец» – элиталық танымның иесі. Ал «регрессивтік жрец» – билікті сақтап қалу үшін жаңғыруды тежейтін, қоғамды тұрақсыздықтың жасырын цикліне түсіретін әлеуметтік топ. «Қилы-қилы заман болды, қарағай басын шортан шалды» деген осы. Жұмбақ күш, сонымен қоса айқын амал. Қиыннан қиыстырып билік пен қаржының асханасына тамыр салып алған «кактустар» жылдың төрт мезгілінде тікенектеп, гүлдеп тұр.

Ұстайын десең тікені бар, қарамайын десең гүлі бар. Олар үшін өмір тым жайлы және сұлу да, қызықты.

 (Жрец (жрецтік институт) – бұл ежелгі «ақыл-ой элитасы» еді.)

Ақыл-ой элитасын тұтастық пен ұлттық ортақ мүдделестікке шақыру – бүгінгі күннің ең үлкен аманаты. Халқымыздың болашағын қорғау саналы тұлғалардың түпкі борышы. Ар-ожданын күнкөрістің, саясаттың салулы төсек, салқын үй, оңай олжа, жылы құшағына ауыстырмайтын зиялы қауым қажет. Санаға – сауыт, ерге – қуат, елге – қорған болатын ұлдар керек. Халықты қорғау – имани борыш.

 

Ел тағдыры парасатты адамдарға жүктеледі

Құранда Алла:

«Шын мәнінде ақыл иелері ғана үгіт ала алады» («Зүмәр» 9-аят) дейді.

Демек, елдің тағдыры, қоғамның бағыты ең әуелі ойы ояу, парасаты биік адамдардың жауапкершілігіне жүктеледі.

Пайғамбарымыз (с.а.у): «Кімде-кім адамдарды зияннан қорғаса, Алла оны қиямет күні қорғайды» (Муслим).

Елге қорған болу – рухани тұрғыдан да қорған болу.

Елдік мүдде, ұлттық сана, ұрпақ болашағы – зиялы қауымға берілген үлкен аманат.

Би – шешен, бірегей тұлғалар қайда?.. Дәуір айналып, сан ғасырлардан соң бұл ұғым жаңаша, қосалқы мәнге ие болды. Себебі, адамзат соншалықты өзгерді, қалыптасқан қағидаттардың өзі түпкі мағынасынан ажырай бастады. Осындай мысалдың бірі: регрессивтік «Жрецтер».

Бүгінгі регрессивтік Жрецтер – қоғамды ым-жыммен билейтін, өркениетке емес, үрей мен құрсау – құлыпқа сүйенетін топтар. Бейнелеп айтқанда ақ сүттің бетіндегі «қара қаймақтар».

Регрессивтік жрец – дамуға емес, мүмкіндікті сақтап қалуға; еркіндікке емес, бақылауға; парасатқа емес, қорқыныш пен манипуляцияға қызмет ететіндігін адамзат өз тәжірибесінен біліп болған.

Бұл – адами формадағы консервациялық механизм. Олар, регрессивтік жрецтер: «Өмір мен қоғам» атты өзеннің өзегін жайлап алған акулалар. «Жұту мен Ұту» жолын таңдаған су астындағы сұраусыз патшалықтың сұлтандары. Ал жағадағылар жағы түскенше: «Ел мен Жер» деп зарлап жүр, оларға су астындағы «Сұлтанат» күліп қояды. Осы қайшылықтардың барлығын өз мүддесіне жарататын «Салқын жүректі» саясаттың ойыны тіптен бөлек. Бұл ойын әу басында «Сайлау бөлімшелерінен» басталады.

Мысалы, сайлау бөлімшесіне отбасымен үдере келіп, үмітін сабақтап, шыққанда қырыққан тоқтыдай жуасып, бүрсеңдеп, аңғал сенімін «алдау жәшікке» қалдырғанын сезінгендей, адамдар ізіне қарайлап, кер күннің кемесіне мініп кетіп бара жатады. Дәрменсіздік және дәмегөй үміт. Азаматтар сайлау бөлімшелеріне барғанда бюллетеньді жәшікке тастаған сайын «...бұл жолы басқаша болады» деп ойлайды. Психологияда мұны «созылмалы оптимизм» дейді. Дағдарыс жайлаған елдердің «созылмалы оптимизм» дертіне шалдыққанын олардың ойран болған ұлттық және мемлекеттік шерлі – шемен, ішкі сыр, сыртқы сұлбасынан көріп тұрасың.

Қаланың түнгі шамдары жәй қараған көзге төрт құбыланы түгел құлпыртып көрсететін жарық пен қараңғының көше бойлаған жарқылы, көңілдің алданышы, түннің серігі. Өтірік сайлаулардың жарығы да дәл сондай, мерекелік шерулерге ұласады. Ал түптеп келгенде, өмірден өзгеріс күтіп шаршаған, шалдыққан, діңкелеген адамдардың жүзін жасырғысы келетін, перінің перде ұстаған қызындай алдампаз жырқыл. …Біз адамдар сондаймыз!.. Бір сәттік жарық пен жырқылдың ритмінен ләззат аламыз. Қоғам жарқырап дамып бара жатқандай болады.

Түсінген жанға: «прогрессивтік құлдырау» – сырттай модернизацияланған, бірақ ішкі мәні әлсіреген, ұлттық иммунитеті төмендеген қоғамның көрінісі. Бұл – ескі жүйе жаңа реңкпен жалғаса беретін, ал прогресс тек формальді сипатта қалатын жағдай. Қазіргі әлемдік саясаттың басты парадоксы – сөз бен әрекеттің ешқашан бір уақыт пен кеңістікте кездеспеуі. Сөз – жарық. Әрекет – көлеңке. Сөз – биік. Әрекет – төмен. Сөз – бояулы. Әрекет – елес.

Осы екіліктің немесе «екі шалғай, бір бүтіннің» арасындағы диссонанс қоғамдағы сенім дағдарысын тудырады, селкеу түсіреді. Бірақ келеңсіздік мынада: билік те, қоғам да осы диссонансты қалыпты жағдай ретінде қабылдап кеткен. Жалған жарасым – регрессияның ең қауіпті маскасы.

Алексис Токвиль деген бір таным иесі: «Көпшілік әділетсіздікке үйреніп кетсе, демократияның өзі тиранияға айналады», – депті. Біздің шалдар: «Ой, жарықтық, осы «демократия» дегеніңде кімге бар, кімге жоқ, баяғы Кеңес Үкіметінің тұсында хатшының қатындары ғана киетін қызыл етік сияқты нәрсе-ау деймін», – деп күлісіп отырады. Шынында да осының өзі тегінде бар нәрсе ме?.. Бар болса, не хатшының қатынының аяғынан, не қара халық, қойшының таяғынан бір көрінетін уақыты болды ғой?..

 

Саяси бояу: жасанды реализм

Өмір өлшеулі, сонысымен қоймай жасанды. «Біздің көше жап-жарық», – деп, балаша байпап, байларша шайқап: қоғамның епіршіген елесін, көпіршіген кеңесін, өңештен өткізіп қызыл ойға құлатып жүрміз.

Міне, мұны «жарасымдық концепциясы» деп атауға болады, яғни саяси шындық пен «елес-әрекеттің» жасанды үйлесімі. Сөздегі саяси бояу: жасанды реализм.

Баяғыда, Кеңес Үкіметінің тұсында жүйе үшін жағымсыз ақпараттың бәрі «қажетсіз» саналып, шындық пен өтіріктің арасында жік жоқ, әбден жымдасып, тұтас бір майлы қасық, мамыражай аймаққа айналған болатын. Мал құлағы саңырау болды, малтасын езіп Мәскеу қаулы мен қарарларды тоғытып жатты. Халықтың өмірі қаншалықты ауыр болса да, оның үстіне жабыстырылған плакаттар мен ұрандар жасандылықтың отын жағып, алаулап тұратын еді. Кеңестік реализм – қоғам шындығын реттеуге емес, оны жоққа шығаруға құрылған жендеттік амал еді. Ал «жарасым» деп аталатын нәрсе тек өтіріктің епті түрде ұйымдастырылған формасы ғана болды. Халық еріксіз еді, билік не айтса да сенуге, қолдауға, жарыса мақтауға тиісті еді және міндетті болатын. Аз ұлттарды қызыл шақа қылып шыңғыртып, қызыл алаңдағы қызыл туға телміртіп қойған да солар.

«Жасанды реализм» міне осы. Саяси тілде қолданылатын бояу – қарапайым риторика емес.

Бұл: оптимистік гипноз, жалған тұрақтылықтың суреті. Шынайылықты ауыстыратын символдар, қоғамдық көңіл күйді бақылаудың құралы. Олар көшедегі бағдаршам секілді, өңі мен түсін өзгертіп тұрады.

Саяси бояудың үш негізгі функциясы бар: шындықты жұмсарту. Нақты проблемаларды «оң сөздермен» бояп, ауыртпалықты жеңілдету. Үмітті «орнықтыру» ойыны. Бітпеген істің, өлген әрекеттің тұрпатынан «тірі сөз, тәтті елес» жасау.

«Жалған жанашырлық» пен мін тағу әдісі өрістейді. Мысалы, мен осы орайда «қазақтың бүгінгі тойы» туралы жеке ойымды айтайын: Қазақты «кредиттен қорықпайды, той жасайды» деп сынайтынымыз бар, бірақ оның астарында бейберекеттік емес, кей жағдайда ертеңгі күнге деген сенімсіздік жатқан жоқ па?

Ертеңгі күніне «сенім кредиті» жоқ халық, бүгінгі күннің қолда бар кредиттік мүмкіндігін оңды-солды пайдалануы мүмкін ғой?.. Мемлекеттен әділ қамқорлық, өмірден сұлу салтанат көрген рухы тоқ халық қана болашаққа қарызсыз барғысы келетін болар?.. Жарлының әйелі базарға барса, жарты әлемге ақшасын шашып келеді, неге?.. Себебі, ол ақша ертеңге бәрібір жетпейді, жыртығы көп, онанда бүгін отбасымен бірге: «...айдай-ай... сары самаурын, кең дастарқан» деп әуелетіп, әндетіп бірге отырғанын дұрыс көретін болар. Бірақ оны билік те, регрессивтік жрецтер де сезіне алмайды. (Жеке ойым, дұрыс емес шығар...) Бірақ біз, қарапайым халық: «жыланға түк бітсе қалтырауық болады», – деп, жалған бай, жарамсақ «зиялыларды» менсінбейміз, рухымыз жоғары. Түсінеміз... айнала соғыс, тыныштыққа шүкір етеміз, саясат майданындағы ауыртпалықты сезінеміз. Алайда мұның барлығы әділ заң аясында ел басқаруға кедергі емес, ұлттық «ақыл-ой элитасының» ертеңгі болашақ үшін, бүгінгі күні амал жасауына бөгет емес. Билік: ақыл-ой элитасын активтендірмесе, пікірлерімен санасып, өсу және өркендеу мінберін бермесе, олардың ұлттық, тектік серпіліс қуаты әркімнің қолында кетеді.

Ондай жалғандық жайлаған елдерде сансыз партиялардың атын жамылған «саяси дәруіштер» топ-тобымен құйындай ұйытқып, бұқараны есінен тандырады.

Билік өзіне жақын болмаған халықпен сөз арқылы «жасанды байланыс» орнатады.

Бұл – психологиялық ресурс. «Сөз ұзарту» арқылы сенімге кіріп, «қол ұзарту».

«Елес-әрекет» дегеніміз не?

Бұл – болымсыздықтың саяси формасы:

реформалар бар, бірақ өзгеріс жоқ;

бағдарламалар бар, бірақ механизм жоқ;

бастамалар бар, бірақ жауапты тұлға жоқ;

есеп бар, бірақ факт жоқ.

Бұл әрекет емес – әрекеттің имитациясы.

Сөз – болымсыз әрекеттердің символдық жамылғысы. Олар бір-бірін толықтырады: Әрекет бос, сондықтан сөз көп. Сөз көп, сондықтан әрекет қажет емес. Шын мәнінде – бұл қоғамдық сананың алдануы.

 

Прогрессивтік құлдырау – жаңашылдықты ұранға айналдыру жүйесі

Прогрессивтік құлдырау – жаңашылдықты ұранға айналдырып, оның ішін бос қалдырған, мазмұнсыз «заманға бейімделудің» жүйесі екенін айттық.

Жаңару тек формасында бар, ал мәнінде – бос. Міне, оқырман, біздің әңгімеміз біз таңдап алған осы атаулар мен балама портреттерге қатысты болмақ. Қайталап айтамыз, дүниеде болмай қоймайтын дағдарыстарға – әлемдік жүйенің «орталықтанып» үлгерген қаржылық ұйымдары, жаһандық алпауыттардың «ойын – кестесі» әсер етеді деп түсіндіріп тастаған. Оны екінің бірі біледі, сол үшін дағдарыстың негізгі себебін үнемі жат күштерден іздейді. Солай болғанына сенгісі келіп тұрады. Әрине, оның үстіне патриоттық сезім бар, өз елінің «жрецтерін» ондай ойынға қимайды. Әлем, әлем ғой, оның жыры таусылмас... Біздің ұлттың орны қай тұста, қайда кетіп бара жатырмыз?!.. Ұлт пен ұлттық биліктің, ұлттық ақыл-ой элитасының не ойлағаны бар?.. Кімнен, қайдан, неден сабақ аламыз, түсініксіз...

Дүние дүрбелеңге толы, халықтардың көзінде мұң, көңілінде мұнар бар. Біздер де сол жұмыр жердің тұрғынымыз. Осының барлығы біз сияқты ауылда жатқан қазаққа жұмбақ күйінде қалып отыр. Мысалы, қазақ елінде РЕФЕРЕНДУМ болмақшы, Ата Заңға үлкен өзгерістер енгізілмекші деген хабар желдей есіп тұр. Ал біздің әлгі «ақыл-ой элитасы» – жрецтеріміз дәл осы тұста қоғамды дұрыс бағытқа бастап, ортақ ұлттық мүддеге бәрімізді жұмылдыратын тұсы. «Не хабар, келді-кетті, кімдер бар?» – деп жатырмыз.

Дағдарысқа ұшыраған елдердің әлемдік деңгейдегі балама портреті бізге мәлім, ел аралап, дүниені кезіп жүрмесек те, танымдық тұрғыдан, ақпараттық сараптамалардан біліп отырамыз.

Хақтың қалауы мен уақыттың талауы арасындағы сергелдең тағдырлардың жүрек түбінен шыққан жансебіл үні құлаққа таныс. Құдыққа түскен құландай шыңғырып жатқан қорғансыз әлемнің көз жасын көрейін деп жүрген ешкім жоқ.

Әлемнің әр түкпіріндегі дағдарысқа ұшыраған елдерде бір ортақ құбылыс бар:

ұлттың жүрегі – үнсіз, биліктің тілі – өтірік, қоғамның болашағы – белгісіз.

Осындай елдерде саясат та, мәдениет те, қоғам да өзінің табиғи ырғағын жоғалтып, жасанды «өмір» сүретін күйге өтеді. Сол кезде пайда болатын ерекше құбылыс – суррогаттық саясат.

Бұл құбылыс – елдің тағдырына ие болғысы келетін топтардың әрекетінен туындайды. Олар – регрессивтік жрецтердің ортасынан шығады.

Рухани-идеялық көшбасшы болып көрінгенімен, іс жүзінде ұлттық бағдарды тұмандандырып, қоғамды «прогрессивтік құлдырауға» итермелейді. Осындай тұлғалар мен топтардың ықпалында болатын «әлди-билік» бетіне қарасаң, өкпелеп қалатын еркелігін қоймайды.

Суррогаттық саясаттың табиғаты:

Өзіне тән емес идеяларға үнемі «жүкті» болып жүру.

Суррогаттық саясат – бұл өзінің төл идеясы жоқ, сондықтан ешқашан бос жүрмейтін, бірақ ештеңе туа алмайтын жасанды саясат моделі.

Ол үнемі бөтен концепцияларға «жүкті болып» толғатып жүреді:

бір кезде – демократиялық бағытты көшіреді, кейін – сыртқы державалардың көлеңкесін саялайды, үшінші кезеңде – технократиялық жаңғырықты қайталайды. Ең соңында – ұлттық құндылықты «ұрандап» шақырады. (Бұл қой терісін жамылып, жан сақтауды ойлаған қорқаудың соңғы амалы болмақ.) Бірақ мұның ешбірі – оның өзінікі емес. Дамымаған елдердің даңғылымен жүрсеңіз, осы ұқсастықты байқайсыз. Бұл – идеялық суррогатизм.

Жрецтік институт ежелде: әділеттің, мәдениеттің, рухани кодтың, білімнің тасымалдаушысы еді.

Ал қазір, регрессивтік жрецтер – ой орманында ес пен санасын үрей билеген соқыр «соқпақшылар». Олардың белгілері: сөзінде – жарық, шешімінде – көлеңке, ісінде – елес, мақсаты – ұлт емес, жеке басы. Олар прогресс туралы айтады, бірақ прогрессивтік құлдырауды тудырады. Олар реформа жасаймыз дейді, бірақ қоғамды жасанды тыныс алдыру аппаратына қосып, өз қолымен тұншықтырады. Олар болашақ құрамыз дейді, бірақ болашақты сырттан импорттайды. Осылай қоғамда ақиқат шідерленсе, тұлға тұмшаланса, білім мен ақыл қалтамандардың «игілігіне» айналады. Дана мен абыздардың сайда саны, құмда ізі жоқ, шын ой мен ақылдың элитасы лақтырылған кесектей қараңғыға сіңіп кетеді. Сосын олардың орнын регрессивтік жрецтер басады. Сенбесеңіз, тарихқа сапар шегіп көріңіз.

Ол ертегілер мен әдеби прототиптерде де бар: «Ер Төстік» – жоғалған шындықты іздейтін халықтың рухы. «Шық бермес Шығайбай» – билікті ұстап, байлықты өз ортасынан басқаға таратпайтын элита.

«Жалмауыз кемпір» – қоғамның энергиясын сорушы құрылым.

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолындағы» кертартпа би-болыстар – регрессивтік жрецтердің дәлме-дәл үлгісі.

Прогрессивтік құлдырау:

Шын мәнінде: институттар әлсірейді, интеллектуалды жүйе жойылады, ғылыми кадрлар кетеді, басқару сапасы төмендейді. Еңбекке, қабілетке, білімге, адалдыққа негізделген билік жүйесінің (сөзде бар, сөреде жоқ күйіндегі) қаңқасы ғана кезіп жүреді. Бұл – қазіргі жаһандық дағдарысқа ұшыраған елдердің негізгі диагнозы. Мұндай елдерде: заң бар, әділет жоқ;

еркіндік ұраны бар, еркін сана жоқ және бәрі бар, бірақ түгі жоқ.

Бұл – өркениет формасының ішінде өшіп жатқан ұлттың портреті.

Сөз бен әрекеттегі үйлесімсіздік: елес пен болымсыздық мәдениеті.

Дағдарыстағы елдердің басты трагедиясы – сөз бен әрекеттің ажырауы.

Онда саясаткерлердің сөзі – бояулы, іс-әрекеті – бос болады.

Халықтың үміті – жарық, күнделікті өмірі – күңгірт.

Реформа – қағазда, өзгеріс – жарнамадан ары аспайды.

Осы кезде «елестік басқару» пайда болады:

қағаз жүзіндегі жетістіктер, статистикадағы гүлдену, шындығында халықтың күйзелуі басым болады.

 

Дағдарыста жүрген елдерде отбасылық мәдениет те әлсірейді

Жас отаулар ұлттық салт-дәстүрдің сабақтастығын менсінбейді, сыртшыл, сыңаржақ келеді.

Ұрпақ тәрбиесі – эмоцияға, эгоцентризмге, материалдық мақсаттарға тәуелді болады.

«Ұят болады» – ескірген ұғымға,

«Обал болады» – өшкен ұғымға,

«Айналайын, құлыным, ботам» – формальді сөзге айналады.

Ұлттық рух – отбасылық құндылықтан адасып, күнкөрістік мұқтаждықтың босағасын күзетеді.

Халықтың ішінде көрінбейтін қысым және дәуірлік діріл мен үрей пайда болады. Бұл – дәуірлік діріл. Оның белгілері:

түсініксіз үрей, халықтың бір-біріне сенімсіздігі, билік пен қоғам арасындағы эмоционалдық алшақтық, елдік жүйенің психологиялық шаршауы. Бұл – кез келген ұлт күйзелісінің алғашқы сатысы. Әлгі, біз айтқан: «салқын жүректі» саясат – эмоциясыз, халықсыз, ұлтсыз шешімдердің моделіне жүгінеді. Ол алгоритмге сенеді, жүрекке емес. Процеске сенеді, адамға емес. Әмеңгерлік «ыңғайға» сенеді, әділетке емес. Осындай саясат ұзаққа бармайды. Бұл – тарихта жүздеген рет дәлелденген заңдылық. Бірақ әлемдегі көптеген елдер өз бейнесін осы суррогаттық портреттен (айнадан) анық көреді: жүйесіз реформа, жасанды даму, регрессивтік элита, қарама-қайшы, қабыспайтын идеяларға жүкті саясат, ұлттық рухтың әлсіреуі – бұлардың барлығы тек бір мемлекетке емес, бүкіл әлемдегі дағдарысқа ұшыраған елдердің күнделікті ғұмырымен астасып жатыр. Бұл – әмбебап диагноз. Ал мұның шипасын кім біледі?!.. Ұлттық рухани өзектің арнасына қайта оралу, халықтық мәдениетті қалпына келтіру, салт-дәстүр сабақтастығын жандандыру, баланы ұлттық кодпен тәрбиелеу, сөз бен әрекеттегі үйлесімділікті қалпына келтіру, суррогаттық саясаттан бас тарту және регрессивтік жрецтердің идеясын әшкерелеуден бастау керек. Мысалы, «Жемқорлық» атты «Жын»: Ұлт санасын басып алған рухани індет.

Жемқорлық: тек қылмыс емес, тек экономикалық шығын емес, ол – рухани паразит.

«Жын» сияқты елдің ішіне кіріп, жүйке жүйесін, ойлау кеңістігін, моральдық иммунитетін билейді. Әділдікті көзден таса қылады, ертеңге сенімді өлтіреді, ұлттың өзін-өзі сыйлау қасиетін, кісілік тазалығын жояды, әділетсіздікті қалыпты құбылысқа айналдырады. Жемқорлық – бұл мемлекетке жасырын жасалған рухани төңкеріс, ол елдің дамуын емес, құлдырауын тудырады.

Ұлттық құндылықтан қашқан элита – «рухани тозғындар».

Бұл топ – ұлттық идеяға адал емес, халықтың болашағына жауапты емес. Олар: тамыры жоқ, тарихи жады жоқ, мәдениетке салқын, тілден алшақ, өз елінің жарасын сезбейтін өлі «ұяттың» тірі капсулалары.

Осындай элита билікке келгенде, мемлекет азаматтық емес, техникалық режимге өтеді. Техника бар, бірақ рух жоқ. Экономика бар, бірақ елдік мүдде жоқ. Кресло бар, бірақ жауапкершілік жоқ.

Ұлтсызданған элита – мемлекетті іштен аздырып, жаттың мутанттық болмысымен «некелестіріп» тынады. Сосын ол «мутанттық некеден» ақшадан басқа ештеңе керек емес құбыжықтар дүниеге келеді. Дағдарыстың түбі бір: рухани жадтың үзілуі, қоғамдық жауапкершіліктің жоғалуы. Жасанды элиталардың көбеюі, суррогаттық жаңғыру, эгоистік «жекешіл» тәрбие. Ұлағаттан, ұлттан безінген мәңгүрттік сана, сәулесіз – ниет, пайдакүнем – пиғылдың перілері «салтанат» құрады. Елімізден аулақ, Құдай сақтасын!..

Жобасыз прогресс, үнсіздікке тұншығу, мақтан мен мансапқа тойымсыздық.

Бұған қарсы тұратын күш – ұлттық сана, шынайы рухани бағыт және әділетті жүйе. Сен тербеп отырған бесік, сендер өсіріп, емізіп отырған сәби: ертеңгі ұлтымыздың қайнар бұлағы, жалғыз үміттің ақиқаты. Сонда сен қалай ұлттық саясаттан тыс өмір сүресің, Қазағым?!

Ұлт өзін өзі тани бастағанда ғана регрессия тоқтайды.

«Мен саясаттан тыс адаммын» синдромы – өте қауіпті, қателіктің рухани инфекциясы.

Дағдарыстағы көптеген қоғамдардың моральдық оппозициясы – жеке адамның мемлекеттіктен қашуы. Азамат өзін: саясаттан тыс, жауапкершіліктен тыс, ұлт тағдырынан тыс, рухани шеңберден тыс сезінгісі келеді. Бұл – ұжымдық мүгедектік. Бірақ шындық басқаша: әр адамның жүрегінде мемлекеттіктің жады бар. Алайда бұл жауапкершілік мойындалмаған күйде.

Жә, жарайды, уайымға берілмейік.

 

Түйін: ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ БІР ПАЛАТАЛЫ МОДЕЛЬГЕ ӨТУІ ҚАЛАЙ? 

 

Әлемдік саяси және әлеуметтік дағдарыста неміз бар. Бірақ әлемсіз қайда барамыз?!.. Ал, жарайды, өзіміздің елге қарай бетбұрыс жасайық:

ҚР-ның (Қазақ елінің) Бір Палаталы Модельге Өтуі Алдындағы Нақты Дайындық Пакеті дайындалып жатқанын білеміз.

Қазақстан бір палаталы парламенттік модельге өтуді көздесе, бұл жай техникалық өзгеріс емес, мемлекеттік жүйенің философиясын қайта құру деген сөз.

Зиялы қауым, тұтас ел болып ақиқаттың жолында ұлт үшін, ұрпақ үшін саналы күреске дайын болуымыз керек. Ақыл-ой элитасы алға шығып: ұлттық мемлекетіміздің өзгеріс қарсаңындағы референдумға жан аямай араласуы керек.

Қандай дәуір болмасын, қоғамның ең күрделі күресі – шындық үшін күрес.

Шындық – тек факті емес. Ол – құндылық, жауапкершілік, рухани салмақ. Ата Заңда ұлттық мүдде бұл жолы толық айқындалып, дамудың ұлттық болмысымызға тән өркениеттік бағытын таңдауымыз керек. Батылдық керек, бұғамыз деп бүкір болдық. Тіл мен ұлттың намысы түбегейлі төрге шықсын!

Әлемдегі дағдарыстық аймақтардың барлығында институциондық әлсіздік – басты ортақ фактор.

Элиталардың жабықтығы – саяси жаңару циклдарын тежейді.

Халықтың рухани шаршауы – суррогаттық сананың нәтижесі.

Экономикалық тәуелділік – кедейліктің емес, басқарудың салдары.

Ақпараттық манипуляция – «прогрессивтік құлдырауды» ұзартатын құрал.

Модернизация иллюзиясы – регрессивтік жрецтер қолданатын негізгі ритуал.

 

САБЫР АДАЙ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
18.12.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 21188
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 20969
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 36152
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 34591
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 38515