Аман Төлеев және қуғын көрген тұлғалар

Аман Төлеев және қуғын көрген тұлғалар

Қазақ елінен шыққан ардагер азамат, Ресейдегі мемлекет қайраткері А. Төлеевтің қайтыс болғанына 24 ақпанда жүз күн толады. Осынау өз есімін алтын әріппен жазып кеткен асыл азаматтың Алматыдағы ағайындары жүз күндік садақасын атап өтіп, құран бағыштағалы жатыр. Осыған орай Аман ағаға қатысты кейбір тарихи жағдайларды еске салуды жөн көрдік.

 

Даңқты тұлғаларымыз неге сыртқа кетті?

 

     Қазақ елінің табиғи тазалығын, яғни туған халқының рухани құндылығы қандай болатынын Аман аға жан-жақты көрсетті. Ол шын мәнінде жалғыз Балықшы ауылы немесе Адай руының ғана емес, Қазақ елінің, бүкіл түркі халықтарының ғана емес, тіпті Ресейдің де аса құрметті азаматы болып тарихта қалды. Халыққа адал қызмет етудің қандай болатынын ол ерекше және жан-жақты көрсете білді. Әрине, жалпы Ресей халқының аузы осы ХХІ ғасырдың өзінде де аққа тие қойған жоқ. Ресей басшылары мен жалпы халықтың арасы өте алыс жатыр. Кезінде ХІХ ғасырдағы Ресей жағдайын Ш.Ш.Уәлиханов екі Ресей бар екенін және олар  бір-біріне қарама-қарсы екенін көрсеткен еді. Оларды Белинский, Добролюбовтың, яғни халықтық Ресей және Патшалық Ресей деп көрсеткен-ді. Гейнс, Ядринцев, Потанин сынды ғалымдар тек Шоқан  тағдыры ғана емес, біздің халқымыз туралы «...Неужели этот прекрасный народ угасают ...» деп қынжыла жазғандары осыны дәлелдейді. Қазір шовинистік көзқарастағы ресейліктер көбейді. Қырымды басып алып, соншама халықты жәбірлеп жатса да, Ресей басшылары Сібірдің байлығы көп жерлерін Қытайға беріп жатқаны туралы көп айтып жүргені бүгінгі күннің шындығы екенін қалай жасырамыз?

      Кейбір адамдар «Аман Төлеевтен мынау проблемасы көп еліміз не көрді? Ресейге жасаған жақсылығын өз халқына неге жасамады?» деген сияқты неше түрлі қисынсыз әңгімелер айтады. Ресейде көтерілген Аман Төлеевке ұқсас кейбір атақты адамдарымыздың Қазақстанға келіп опа таппағаны туралы сөз қозғасақ, Ғалым Әбілсейітов, Нағашыбай Шайкенов, Зейнолла Алшымбаев т.б. сынды белгілі тарихи тұлғаларымыздың тағдырларын айтпай өте алмаймыз. Олар шын мәнінде Ресейде көзге түскен жұлдыздарымыз еді... Қазақстанға келгенінен сол керемет ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қандай пайда тапты?.. Оларды Қазақстан басшысы, әрине, олардың таланты мен іскерлігін және ғылымдағы орнын еліміздің игілігіне пайдалану үшін әкелмегені айдан анық көрініп тұрған жоқ па?  Біздің халық осыны біле ме екен? Әрине, білмейді...

   Қазірдің өзінде және бұрынғы кезде де әлем алдында қазақ ұлтының айбынын асырып жүрген тұлғаларымыздың басым көпшілігі сырт жерде болғаны тарихи шындық. Мысалы Орта Азия геологиясының патриархы, белгілі ғалым Н.Кенесарин, бейнелеу өнерінің майталмандары О.Таңсықбаев, Ә.Бұхарбаев сынды суретшілерімізді кезінде Қазақстанға сыйғызбаған соң, Өзбекстанда тұрды... Мұндай мысалдар көп...

     1984 жылы ғылым және техника саласында КСРО-ның мемлекеттік сыйлығының иегері, КСРО Ғылым Академиясы лазер институтының негізін қалаушы және тұңғыш директоры Ғ.Әбілсейітовтың потенциалын туған елі қажетсінбегені масқара жағдайдың бірі.

    1991 жылы Ғалым Әбілсейітов Қазақстанға Назарбаевтың шақыртуымен келді. Алғашқы Үкімет құрамында Премьер-министрдің орынбасары, Ғылым және жаңа технологиялар министрі қызметін атқарды. Ғылым министрі болып тұрғанда Елбасыға ғылымның керегі жоқ екенін түсінбеу мүмкін емес еді. Ол, әрине, Қазақстан басшысына ұнамаған себепті кетуге мәжбүр болғаны белгілі.

     Енді қазақтан шыққан Мәскеудегі  Орталық комитетте қызмет еткен, жалынды қоғам қайраткері, Зейнолла Алшынбаев туралы белгілі ғалым-философ А.Айталы өз естелігінде: «...Білім тәжірибесі мол, қайратты, елжанды, халық мүддесі үшін аянбай қызмет жасайтын, бірақ Қазақстан басшылығы оны өз деңгейіне сай орын ұсынып, потенциалын  толық пайдалана алмады...» деп мінездеме берген азаматпен таныстырайық.

 

 Атажұртынан өз орнын таппаған Зейнолла

 

    Ол – Зейнолла  Өтежанұлы Алшымбаев.  Кеңес өкіметі тұсында Мәскеуде Орталық комитетте отырып Сібірдегі өндірісі дамыған Омбы, Байкал сыртындағы Чита облыстарын қадағалап басқарып отырған инспектор-куратор еді. Алдында тараған Маңғыстау облысы қайта құрылатын кезеңде, онымен кездескенде Назарбаев оған облыстың бірінші басшылығына ұсынатын ойын айтқан еді. Себебі  Зейнолла Өтеженұлы Өзен мұнайгаз кәсіпшілігінде инженер, комсомол қызметінен бастап, Бозашыдағы Қаламқас, Қаражанбас мұнай кен орындарын игеру үшін арнайы құрылған Мұнайлы ауданының бірінші секретары, Мәскеуге қызметке кеткенге дейін облыстық партия комитетінің өндіріс мәселелерін басқаратын секретарына дейін көтерілген болатын. Оның үстіне ол Маңғыстаудың тумасы болғандықтан, облыстың шаруашылығын одан артық білетін адам жоқ болатын. Зейнолла Өтежанұлына Алтай өлкесі мен Хакасия басшылары өздеріне жоғары басшылық ұсынғанымен, ол еліне қызмет етуді ойлады. Осылай екінші Аман Төлеев болғалы тұрған жігіт Ресейдегі керемет перспективасымен қоштасып, Назарбаевтың қол астына түседі... Себебі Қазақстанға келген соң Назарбаев Маңғыстауға бірінші етіп Новиковты қояды да, Зейнолла Өтежанұлына оның орынбасары қызметін береді. Осы жерде айта кету керек, сол, 1990 жылдың тамыз айында Назарбаев қатысып, өзі басқарып өткізген  Маңғыстау обкомының ұйымдастыру пленумында Зейнолла Өтежанұлы облыс басшыларын баламалы жолмен, осы қызметтердің жауапкершілігін көтере аламын деген азаматтарды да қатыстырып өткізуді ұсынады. Себебі, ол кезде оның қызмет еткен Сібір, Қиыр шығыс өлкелерінде басшыларды осылай баламалы кандидаттар қатысып, халық өзі сайлап алатын. Бұл шындық. Сол жиынға қатысқан адамдар қазірде ортамызда бар. Бірақ, біраз еңбек жолынан өтіп, тәжірибе жинаған жас жігіттің өз ойын республика басшысының алдында қаймықпай айта алатыны Назарбаевқа ұнаған жоқ. Оны кейінгі жылдар көрсетті...

     Елбасының осындай әрекеттері мен қылықтары   қазақ баласының Ресей жерінде көтерілгеніне қызғанышпен қарайтындығын дәлелдейді...

     Бұдан артық қандай қопалдық пен өгейлік әлде сұрқиялық болуы мүмкін. Ештеңеден хабары жоқ, таныс емес, қайдағы Новиковқа аса ірі өндірісі бар мұнайлы өлкені басқартуды, яғни жат біреуге бергені ешкімді де тыныш қалдырмайтын оқиға емес пе?

     Осы жағдайлардан соң Зейнолла ағамыз АҚШ-қа оқуға кетіп қалып, сол  жақта он жылдан астам тұрып келуге мәжбүр болды. Яғни турасын айтсақ, нарықты меңгерген басқару кадрлері жетіспей жатқан кезде шақыру болған жоқ.  «Алтынды тот баспайды» дегендей, ол, өзі қызмет жасап жүрген Техастағы мұнай компаниясының вице-президенті дәрежесіне дейін көтеріліп, елге инвестиция әкелуге, оның ішінде Маңғыстауға алғашқы Американ – Қазақстан біріккен кәсіпорнын құруға  көп еңбек жасады... Ол басқа арнайы мақаланың үлесінде. Елбасы оған Америкадан келгеннен кейін де қызмет  бермегені ақиқат. Алайда Зейнолла ағамыз 2004 жылы елге келіп, он бір үміткер қатысқан бір мандатты сайлау округінен сайлауға түсіп, Парламентке депутат болып сайланған   соң, туған өлкесі Маңғыстауға көп жақсылық жасап, елдің игілігіне барлық күш-жігерін арнады... Халық әрқашанда өз батырларын біле бермейді. Осындай сегіз қырлы жерлесімізді, яғни біздің заманның батырларының бірі Зейнолла Алшымбаевты біз білсек те, көпшілік білмеуі мүмкін. Осындай Аман Төлеевке қатысты іс-шараның себебімен аз сөзбен Зейнолла ағамызды таныстырып өтуді жөн көрдік.

     Аман Төлеев сияқты азаматтардың өсіп жетіліп, халыққа қызмет етуі сол кездегі Ресейдегі аз да болса демократиялық жағдай екенін айтуға міндеттіміз. Сол Горбачев тұсындағы «гласность» жылымық кез болмағанда Аман ағамыздай қоғам қайраткерін халық сайлай алмайтын еді... Жергілікті басшылық түгілі үш рет Ресей президенттігіне ұсынғаны тарихи шындық.

   Қорыта айтқанда, қазақтар арасынан талай Аман Төлеевтер шыққан еді. Алайда олар өз орнын таба алған жоқ... Бұған біздің заманымыз бен тағдырымыз кінәлі.... Себебі Қазақстандағы «гласность»  Ресейдегідей ешқашан болған жоқ...

 

   Қазақ елінің мақтанышына айналған Аман Төлеевтің әрбір игілікті істерін біздің халқымыз жіті қадағалап отырды. Мысалы оның әкесі Молдағазы Төлеевтің 100 жылдық мерейтойын қалай өткізгені дәлел бола алады.

     2014 жылы Ақтөбенің Ойыл ауданында, яғни оның 1938 жылға дейін қызмет істеген жерінде Аман Төлеевтің ағайындары оның аяулы әкесінің мерейтойын ерекше атап өтті. Қазақ елінің Аман Төлеевке деген ықыласы мен ниетін көріп, біз шын мәнінде таңғалдық. Халық ұйымдастырған осынау салтанатты шараға Аман аға келе алмады. Оның себебі ағайындар оның өз басына күзет мәселесін шеше алмайтын еді. Ал оған Ресей жерінде талай қастандық жасалғанын біз жақсы білеміз, кіші баласы  Андрей Ташкентте қаза тапты. Өзі әлденеше рет жасалған қастандықтан күзетінің мықтылығынан аман қалды. Қазақстан өкімет басшылары оның келуін құптамаған себепті әкесі Молдағазының халық дүбірлетіп өткізіп жатқан салтанатты мерейтойына Астанадан да, Ақтөбеден де биліктегі басшылардың ешқайсысы төбе көрсетпеді... Соған қарап,  жергілікті газет-журналдардан ешкім келмеді.

    Аман Төлеевтің әкесі болмаған күнде де Молдағазы атамыз сол Ойыл ауданында 1938 жылға дейін қызмет еткен сол замандағы Қазақ интеллигенциясының бір өкілі еді. Тек сол үшін ғана Қазақстан билігі белсене араласатын жөні бар еді... Елбасының қаһарынан қорқып талай қызметтегі азаматтар қатыса алмады... Алайда халықтың көңілі мен ықыласы телегей теңіз екен, аталған мереке өте жақсы өтті.

    Жалпы Молдағазы Төлеевтің мерейтойына арналған үлкен салтанатты жиын Қазақстанда Шардара ауданында да өтті. Оның негізгі себебі Молдағазы атамыз сол жерде жерленген. Шардараға әкесінің жатқан жеріне Аманның өзі де талай рет келген еді. Сондықтан ол өңірде А.Төлеевке қатысты кез келген шараны өткізуге халық пейілді болатын. Сол Шардарада жақсы атап өтілген соң Жанәділ, Бұқарбай (А.Төлеевтің жақын туыстары) ағаларымыз Молдағазы Төлеевтің туған жері, ата-бабасының ертеден қонысы және оның  соңғы қызмет істеген жері Ақтөбе аймағы болғандықтан, сол Ойылда атап өтсеңіз, дұрыс болар еді деген ұсынысынан соң Ұлықпанов Ерсайын осы мәселеге қызу кіріскен екен. Өкімет тарапынан ешқандай көмек болмаса да, Адилов Ербол сияқты жігіттер қызу қолдапты.

    Енді осы мерекені жақсылап жоғары дәрежеде өткізгендер барлығы саусақпен санайтындай азаматтардың есімдерін атап көрсетіп, Қазақ елі атынан алғысымызды айтамыз. Дүзбағанбетов Сәрсенбай барлық шаруашылықты өз мойнына алып, жақсы атқарып шықты. Осынау ұлы дүбірлі мерейтой Баишев атындағы университеттің (ректоры – Бекежан Ақанов) Ойылдағы «Жас қайрат» пионер лагерінде өтті.   Басқа оқу орындары хабарласпай үнсіз жатқанда ректор Б.Ақановтың осы шараға қатысқаны, яғни жәрдем бергені үлкен азаматтық ерлік болды. Сол аталған пионер лагерьде мерейтой өткізілетін орын жеткілікті болса да, басшылықты түгел қолға алған Сәрсенбай азамат палаткалар мен  киіз үйлерді тіктіріп қойды. Жалпы ағыл-тегіл келген халық қарасы өте көп болды. Қорыта айтқанда, халықтың Аман Төлеевтің өзі мен әкесі Молдағазы Төлеевке ыстық ықыласы мен пейілі және шексіз құрметтейтін жағдайдың біз куәсі болдық.

   Адилов Ербол қаржылай көмек бергені бір бөлек, келген қонақтарға қызмет етуге қаншама жеңіл машина мен автобустарын бөліп қойды. Мысалы, нақтырақ айтсақ, Ербол, Бекбол (Абдулов) деген азаматтар бір миллион теңгеден қаржы беріпті. Жоғарыда көрсеткеніміздей, осы үлкен астың барлық шаруашылығын Сәрсенбай басқарған болса, жалпы жобасын және спорт ойындарын керемет ұйымдастырған Жанадилов Беркінжан еді. Сол сияқты көптеген жұмыстарды атқарған қарындасымыз Мәншүк Болатқызы Шалабаева болды... Елдің көптеген талантты өнерпаздары ән шырқап өнер көрсетті. Қылышбай Көшербаев пен Сырым Мамаев Маңғыстаудан жырау алып келіп күні-түні жырлатты...

      Молдағазы Төлеевтің 100  жылдық мерейтойын осылай өте жақсы атап өтіп, елдің алғысын алған жігіттерге ырза болдық.

      Ойыл ауданындағы кешегі жайқалған Шығанақ Берсиев атамыздың егін атыздарының бос жатқанын және ел көшіп кетіп, жұрты қалған ауылдарды көріп, әрине, көңіліміз құлазыды және көзімізге жас келді.              

     Кемерово облысындағы қалың ел Аман Төлеевті өз қызметінде әрқашан халық мүддесін бірінші орынға қоятын нағыз халықтық губернатор деп жоғары бағалады және құрметтеді... Ол өмір бойы басшы қызметте жүріп, тек халықтың қамын ойлады. Ол әлденеше рет Ресей президенті Ельцинге қатесін айтып, әлденеше рет жоғары мінбеде сөйлегенін халық көрді. Мысалы 1999 жылы шілдеде ол Борис Ельциннің «Құрмет» орденін алудан бас тартып, мұны былай деп түсіндірді: «Мен, негізінен, елді кедейлікке душар еткен үкіметтің марапаттарын қабылдай алмаймын», – деді...

    Аман ағамыз алыста жүрсе де Қазақ елімен тығыз байланыста болды. Маңғыстау мен Алматыда болған шараларға қаржылай көмектесті. Мысалы Маңғыстаудағы Балуанияз батырдың жерленген жеріндегі қойымшылықта реставрациямен айналысып жүрген бір өнерлі жігітке сонау  Кемеровода отырып Ескерткіштерді қорғау қоғамының құжатымен қоса көп ақша беріп жібергенінің біз куәсі болдық. Бұл оқиға  2010 жылдың 26 қаңтары еді.

      Дәл сондай құжатты Алматыда тұратын Шабай батырдың ұрпағы Талипов Сисенбай ақсақалға да берген еді. Ұлы Отан соғысының ардагері Сисенбай ақсақалға Қазақстанда болатын барлық мейрамдарда Правительственный телеграмма жіберіп құттықтап отырды. Біз сол телеграммалардың жетеуін «Ер Шабай» (Алматы, 2010) атты кітапқа кіргізген едік...

 

Ол Қазақстанды жіті бақылап отырды

 

 1996 жылдың 22 тамызында Ельцин Аман Төлеевті Министр по сотрудничеству Содружества Независимых Государств деген қызметке қойды. Ол осы қызметте отырғанда Қазақстанда болып жатқан жағдайларға көп көңіл бөлді. Онымен көптен бері қатынасып жүрген ағайынының бірі  Мырзаев Абдулла деген жігіт алдына барғандағы айтқандарынан есімде қалғаны мынау: көмекшісі Орынбордан шыққан қазақ жігіті екен... Қазақстанның тағдыры туралы бір папканы көрсеткен... «Қазақстанның шектен шыққаны соншалық, барлық зауыттары мен фабрикаларын сатып жатыр. Не деген масқара! Міне мынау тізімі» деп, қайда, кімге сатып жатқандарын көрсетіпті. Ең жаманы Қазақстанның өндіріс орындарын алып жатқандар шетелдіктер мен әлдекімдер екені... Қазақтарға сатпай, бөтен елдің адамдары алып жатқанын айтып, қатты қынжылып отырғанын ұзақ әңгімелеген еді сонда А. Мырзаев. Қорыта айтқанда, Қазақстанда болып жатқан келеңсіз жағдайларды әрқашан сараптап, қарап отырған екен Аман ағамыз...

    Аман Төлеев сынды мемлекет қайраткері, біздің заманның нағыз батыры, Ресей халқының аса құрметті азаматының дүниеден өтуі Ресей мен Қазақстан елінің ауыр қазасы болды. Қазақстанның көп жерінде халқымыз оның әруағына арнап ас беріп құран оқытып жатыр. Оның ерлігі көп жемісті өмірі мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды, жүрегімізде мәңгі сақталады...

Самат ӨТЕНИЯЗОВ
16.02.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1105
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7152
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11004
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7216
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7361