Тіл тақырыбында біз Фетхуллах Гүлен мен майдангер журналист Құрманбек Сағындықовтың кітабындағы әлі күнге өзектілігін жоғалтпаған, қазіргі қазақ тілінің жағдайына тікелей қатысты маңызды пайымы бар мақаласын әдейі шығарып отырмыз. Бұл мақаланы Қайнар Олжай арнайы қайта теріп шығыпты. Біз осы құнды материалды ана тіліміздің жай күйіне алаңдайтын барша көзқарақты оқырман назарына ұсынамыз.
Қарапайым көзім үнемі шалып жүрген үлкен қалалардағы жарнама тақталары, дәмханалар мен алып ғимараттар іліп қоятын қазақ тілінде жазылған сөздерге қарап, сондай пайымсыз, жетесіз көшпен ілесіп келе жатқандай күй кешемін. Ана тілімізді өзіміз жетімсіретпей, бастысы дұрыс қолданып, келер ұрпаққа дұрыс сөздің жүйесін жеткізу біздің борышымыз емес пе?
Google аудармашыға сүйенгендер
Келешекте ұрпақ тіл нормаларын дұрыс қолданбай, мағынасына сай ойын жеткізе алмайтын бейшара халде қалмасын десек, бүгіннен бастап барлық алаңдардағы, арналардағы, салалардағы қазақ тілінің қолданысына мән берейік. Мен қарапайым дәмхана, метролардағы есікте жазылып тұрған «Өзіңе қарай», «Өзіңнен кері» деген сөзді мысалға келтіріп, қазақта «тарт», «итер» деген сөздердің бар екенін ескерткім келеді. Бұндай қателер жетерлік. Google аудармашыға сала салып, олпы-солпы мағынасыз, «қазақша» деген аты ғана бар сөздерді іліп қою арқылы бұлар тілге деген немқұрайлығымен қатар, мәңгүрттігін көрсетті. Ал қазіргі өрімдей жас әншілердің әндерінің мәтініне қарап, мағына мен ойдың алшақтығын, көбіне калькамен сөйлейтінін көріп, жастардың қай буыннан үлгі алып келе жатқанын пайымдай беріңіз. Жастардың ендігі жерде мұндай сөздерді дұрыс деп ойлап, қолданып кете беретінін ойлаңыз.
Үлкен буын тіл мәселесіне алаңдай ма?
Өткен ғасырдағы ұрпақ ата-баба аманатын жеткізу үшін еңбек етті. Алаштықтар ана тіліміздің өресін биіктетіп, әдебиетте, ғылымда, сондай-ақ публицистистикада өз соқпағын салып кетті. Алайда 1938 жылы барлық ардақтыларымыздың оққа ұшқаны, айдалғаны, кейіннен тіліміз бен руханиятымыздың күйреуі, артынша кім екенін білмейтін, тарихына мелшие меңірейе қарайтын мәңгүрт ұрпақтың пайда болуы – біздің ұлтымыздың жадын өшіру мақсатында жасалған үлкен қылмыс. Бұл – ұлт қасіреті.
Тәуелсіздікке қолымыз жетті деп бөркімізді аспанға лақтырғанымызбен шұбар тілімізбен шүлдірлеп, наурыз келсе ғана ұлттық киімді көшірмелендіріп киіп алатынымыз, ұлттық дәстүрді, ертедегі тарихымызды жеткізгенде кібіртіктеп, арғы қазақ тарихына бара алмай, Кеңес кезінде жазылған кітаптардағы өзексіз, жаттанды дүниелерді қайталайтынымыз – дүниедегі сорлылық болар.
Тарихи жәдігерлер мен ана тілімізге, тарихымызға немқұрайлылықты көріп, кілең өзінің кім екенін, ата-бабасының кім екенін білмейтін, әбден орыстанған үлкен буын ғана билікте отыр ма деп қаламын. Кешегі қазақтың боқтығына дейін жинаған Ақселеу Сейдімбек сияқты азаматтар болса, қайтсе де осы олқылықтармен күресер еді.
Егер билік тізгінін ұстаған азаматтар расымен тіл мен ұлт мәселесінде қалыс қалмайтын, жанашыр болса, барлық өндіріс орындары, дәмхана, метро, көше-көшеден бастап ілініп тұрған тақтайшалар мен ана тілінде қате жазылған сөздерге өзгерту енгізсін!
Алайда 1938 жылы барлық ардақтыларымыздың оққа ұшқаны, айдалғаны, кейіннен тіліміз бен руханиятымыздың күйреуі, артынша кім екенін білмейтін, тарихына мелшие меңірейе қарайтын мәңгүрт ұрпақтың пайда болуы – біздің ұлтымыздың жадын өшіру мақсатында жасалған үлкен қылмыс. Бұл – ұлт қасіреті.