"АНАҒА ҚҰРМЕТ" МУЗЕЙІНДЕГІ КҮБІЛЕР

"АНАҒА ҚҰРМЕТ" МУЗЕЙІНДЕГІ КҮБІЛЕР

«Анаға құрмет» музейінің экспозициясында көрмеге 2 күбі қойылған. Пішіндері әртүрлі күбілердің жасалу технологиялары бір-біріне ұқсамайды. Төрт құрсаулы үлкен күбі жеке тақтайшаларды біріктіру арқылы жасалған. Төменгі жағы жоғарғы бөлігіне қарағанда жуандау, бірнеше тақтайшадан құрап жасаған қақпағы бар. Піспегі ұзын жұмыр ағаштан жасалған. Төменгі жағы бірнеше куб тәріздес ағаштарды қиуластыру арқылы құрастырылған. Барлығы 12 тақтайша, 4 құрсау, түб (2 тақтайша), қақпақ (2 тақтайша), піспектен тұрады. 

Экспозицияға қойылған екінші күбінің жасалу әдісі бірініші күбіге қарағанда мүлдем бөлек. Біріншіден, жасалу технологиясы қарапайым және бүтін ағашты ойып, ішін үңгу арқылы жасалған. Белінде ешқандай құрсаулар қойылмаған. Тек төменгі түбіне жақын аумақта ғана сымтемірден жасалған құрсау бар. Қақпағы сақталмаған. Піспекті жіңішке жұмыр ағаш бұтағынан шапқылау арқылы жасаған. Көлемі бірінші күбіге қарағанда әлдеқайда кіші. Күбіні құраушы элементтерге күбінің негізгі денесі, түбі және піспек жатады. 

Қазақ халқы арасында күнделікті өмірге қажетті дәстүрлі ыдыс-аяқтардың түрлері кең таралған. Оларды арнайы ұсталар ағаштан, теріден және металдан жасаған. Солардың ішінде көп таралған ыдыстардың бірі – күбілер. Күбілер ас дайындайтын ыдыстар қатарына жатады. Археологиялық қазбалардан оның ертеректегі керамикадан жасалған түрлері, ал этнографиялық кезеңде ағаштан жасалған күбілердің жиі пайдаланғандығын байқаймыз. Ас ішу адам үшін ең маңызды болғандықтан, оны дайындау да үлкен үдеріс. Қазақ халқының дәстүрлі тағамында сүт өнімдері маңызды орын алатындықтан, оны дайындайтын ыдысқа да мұқият қараған.

Қазақ халқының дәстүрлі ыдыстары  туралы зерттеулер Ә.Х. Марғұланның, Х.А. Арғынбаевтың, Э. Масановтың және т.б. ғалымдардың жұмыстарында көрініс тапқан. Ә.Х. Марғұлан өз зерттеулерінде қолөнер шеберлерінің дәстүрлі ыдыс-аяқтарына тоқталып өткен. Ғалым бұйымдардың жасалу әдістерін, оларға салынған түрлі ою-өрнектер, қандай заттан жасалғанын, олардың пайдаланылу қызметін, терминдерін қарастырған. Х.А. Арғынбаев қазақтардың тұрмысында ыдыстарды кең таралғаны жөнінде айтады. Үлкен, әрі көлемді ағаш тегене қымыз құюға арнап жасалған. Ұзынша немесе сопақтау астауды ет, немесе қыс айларында құрт жібітуге арнаған. Сондай-ақ көлемді ағаш тостағанды, шара аяқты пайдаланғанын жазып, сабы бар тостағанды «сапты аяқ» деп атаған. Зерттеушінің «Қазақ халқының қолөнері» еңбегінде күбілер туралы қарастырады.

Белгілі этнограф Қарлығаш Ерғазықызы қазақтардың дәстүрлі ыдыс-аяқ түрлерін зерттей келе, қазақтардың дәстүрлі ыдыс-аяқтарын қолөнер шеберлері жасаған материалына байланысты бес топқа бөлген:

1. Ас-тағам сақтайтын ыдыс-аяқтар;

2. Тағам сақтайтын дәстүрлі тері ыдыс-аяқтар;

3. Дәстүрлі металл ыдыс-аяқтар;

4. Саз балшық, қыш, фарфор тас бұйымдар;

5. Жүннен жасалған дәстүрлі ыдыс-аяқтар.

Соның ішінде ағаш ұсталары ыдыс-аяқ жасауға баса назар аударған. Әсіресе, қымызға арналған түрлеріне ерекше ден қойған. Көбінде бұл ыдыстарды қайыңнан, табылып жатқан жағдайда оның безінен жасауға тырысқан. Себебі, қайың ағашы берік, төзімді келген. Шеберлердің пікірінше, жақсы кепкен қайың ағашында нашар иіс те болмайды. Сол себепті оған құйылған қымыздың дәмі бұзылмайтын болған. Қымызға арналған ағаш ыдыстар ішінде күбімен қатар: тегене, ожау, шара, саптыаяқ, тостаған, піспектер бар. Күбі – малды тұрақты ұстайтын жерде көп пайдаланылатын ыдыс түрі.  Күбі шелекте ас «татымай» ұзақ уақыт сақталады. Күбіге қымыз ашытып, піседі, көже ашытады. Күбіні ағаштан жасалған саба, немесе, «іспе шелек» деп те атайды. Күбіні қайыңнан ғана емес, еменнен, аршадан, және теректен де жасайды. Күбі тек сүт өнімдерін өңдеп қана қоймай оны сақтауға мүмкіндік берген. Оның көлемі негізінен дөңгелек пішінді, іші қуыс, биік болып жасалады. Ыдыстың түп бөлігі кең болып келіп, аузына қарай қиғаштай сүйірленіп аяқталады. Күбінің ағаш қақпағы және пішіні әртүрлі болып келетін піспегі қатар жүреді. Бетіне жабылатын дөңгелек қақпағының ортасында піспектің сабы шығып тұратындай ойығы болады. Сыйымдылығы жағынан сабадан әлдеқайда кішілеу ыдыс. Оны көбінесе сауын малы аз орташа ауқаттылар май шайқауға пайдаланған. Күбіні пісуге және ішін тазалап ыстап отыруға ыңғайлы болғандықтан қымыз, шұбатты баптап дайындауға да пайдаланған. Күн райы ыстық оңтүстік өңірде күбіні көже ашыту, ашымал дайындауға ғана емес, сақтауға қолайлы бұйым ретінде әлі де болса қолданыстық мәнін жоғалтпаған. Күбіге құйылған сүт ашу үшін оның піспегі өткізілген қақпағының аузын мата орамалмен қымтап бітейді. Салқын болса сыртын жауып тастайды. Сүт ашығаннан кейін оны ұзақ уақыт піспекпен піссе, май бөлініп шығады. Осындай майды қалқып алып, қалған іркітін ішуге, құрт даярлауға пайдаланады. Қымызға арналған күбілер биік емес бірақ сыйымдылығы үлкен болып келеді. Олар 60-70 және 100 литр сүт өнімі сиятындай әр түрлі мөлшерде болады. Оның іші де апта сайын жуып кептіріліп, сүр еттің майымен, қойдың құйрығымен майланып, тобылғы дүзгін, құлмұрын ағаштарының, қоғажай, киік оты секілді шөптердің түбінің түтінімен ысталып отырады. Күбіні баптай білген үйдің қымызы мен айраны да дәмді болады. Қымыз еш уақытта темір ыдысқа құйылмайды. Саба, күбі піспегінің басы аршаның қызылынан ойылып, саба да жақсы ағаштан жасалған және сүйек, күміспен өрнектелген. Айран мен қымыздың бабы пісу мен сапыруға байланысты. Жиі-жиі піскен айран мен қымыздың дәмі кіре береді. Ал, пісуі жетпеген айран мен қымыз ірімтіктеніп, суы бір бөлек, тұнбасы бір бөлек болып, бұзылып, сапасын жояды. Көбірек пісілсе, ішуге сүйкімді бола береді. Күбіні, піспекті  қайың, емен, арша, талдан   дайындалған жұқа тақтайшалардан құрап   жасайды. Жеке тақтайшалардан құрап жасаған күбіге түп салынады, сыртынан темір    құрсаулармен  тартады. Күбіде төрт құрсау   болады.

Күбінің формасы Қазақстанның әр өңірінде әртүрлі болып келеді: оңтүстік-шығыс аймақтарда таралған күбілер аласа, бүйірі шығыңқы, ең басты ерекшелігі мойын жағы тарлау әрі қысақ болып келеді. Биік, әрі тұтас ағаштан ойылып жасалған күбілер Орталық Қазақстанға тән. Оңтүстікте аузы мен түбі бірдей болып келетін түрі де кездеседі. Солтүстік өңірде құмыра тәрізді қыштан жасалған аузы тар түрі таралған.

Қазақ халқы ыдыс-аяқ түрлерінің қызметін тұрмыс салтына қарай дұрыс пайдалана білген және ыдыс жасалатын оның материалына айрықша мән берген. Ата-бабаларымыз олардың химиялық әсерін, қосылыстарын білмеуі мүмкін, бірақ дәстүрлі ұзақ жылдық тәжірибенің нәтижесінде мұны түсініп, сақтай алған.

 

Балгүл ТІЛЕУБЕРГЕН,

 «Анаға құрмет» музейінің экскурсия жетекшісі 

05.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23729
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23387
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 40174
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36853
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41055