Әлемдегі маңызды саяси оқиғалардың бірі ретінде елдің есінде қалған АҚШ-тың Президент сайлауында жеңіске жеткен, Құрама штаттардың 47-президенті біздің уақыт бойынша 20 қаңтар күні ант беріп, ресми түрде қызметіне кірісті.
Байден Үкіметін ашық сынады
АҚШ-тың саяси дәстүрінде президенттің ұлықтау рәсіміне шетелдік басшыларды шақырмайды екен. Дегенмен Трамп бұл дәстүрді бұзып, Қытай, Сальвадор, Аргентина, Италия және Венгрия басшыларын шақырған. Си Циньпин сенімді өкілін жіберіпті, ал басқа басшылардан салтанатты шараға Аргентина президенті Милле мен Италия премьер-министрі Мерони ұсынысты қабыл алғандықтарын айтқан.
Трамптың инаугурациясы ауа райының салқындығына байланысты ашық алаңда емес, АҚШ Капитолийінде өтті. Оған жаңадан жасақтап жатқан жаңа Үкіметінің мүшелерінен бөлек, ірі бизнес өкілдері, экс президенттер келіп қатынасты. Салтанатты шара кезінде Дональд Трамп ант беріп, АҚШ-қа адал қызмет ететіндігін білдірді. Ары қарайғы сөзінде Байден Үкіметін көп рет сынға ала отырып «Американың жетекшілік» орнын қалпына келтіруге, «сауатты ой төңкерісін» ілгерілетуге уәде берді және оның басшылығындағы АҚШ-тың болашағын «Алтын ғасыр» деп сипаттады. Трамп үкіметтің бұрынғы саясатын қайта-қайта сынап, иммиграция, энергетика, сауда және ұлттық қауіпсіздікті қамтитын бірқатар маңызды салаларға қатысты енгізетін жаңалықтарының шетін шығарды. Ол «Американың құлдырауы аяқталды» деп мәлімдеді.
– Осылайша Американың алтын ғасыры басталды. Осы күннен бастап халқымыз өркендеп, дүниежүзінде тағы да құрметке ие болады. Біз әр елдің қызғанышына айналамыз және бұдан былай өзгелердің бізді пайдалануына жол бермейміз. Трамп әкімшілігі әрқашан Американы бірінші орынға қоятын болады. Біздің егемендігіміз бен қауіпсіздігіміз қалпына келеді. Әділдік таразысы қайта орнайды. Әділет департаменті мен Үкіметтің зұлымдығы, зорлық-зомбылығы мен әділетсіз шешімдері аяқталады, – деді Трамп.
Бізді дәрменсіз Үкімет басқарып келді
Біз оқырмандарымызға түсінікті болу үшін Трамптың сөздерінің негізгі бөлігін аударып беруді жөн көрдік.
– Біз бүгін осында жинала отырып, үкіметімізге деген сенім дағдарысына тап болдық. Көптеген жылдар бойы радикалды және сыбайлас жемқорлық билігі мен байлығын азаматтарымыздан тартып алды, ал біздің қоғамның тіректері сынып, әбден тозған көрінеді.
Бүгінде бізде елдегі қарапайым дағдарыстарды да жеңе алмайтын Үкімет бар, алайда шетелде болып жатқан таусылып бітпес түрлі апаттармен арпалысып жүр. Ол біздің ұлы, заңға бағынатын американдық азаматтарымызды қорғай алмады, сөйте тұра қауіпті қылмыскерлерге қорған болып, қолдап отыр. Әлемнің түкпір-түкпірінен түрмеден босаған, жүйке аурулары емханасынан шыққан талай адам біздің шекарамыздан заңсыз ағылып кіріп жатыр.
Біздің Үкімет шетелдің шекараларын қорғау үшін қыруар қаржы бөледі. Бірақ Американың шекарасын және одан да маңыздысы өз халқын қорғаудан бас тартып отыр. Төтенше жағдай кезінде біздің ел тіпті қарапайым құтқару шараларын жасауға да дәрменсіз болып шықты. Жақында Солтүстік Каролинада осыны көрдік. Үкімет ол жердегі ақкөңіл тұрғындарға лайықты жәрдем көрсете алмады. Бірнеше ай бұрын болған дауылдың салдарымен әлі де күресіп жатқан штаттар бар. Кеше оқиға туылған Лос-Анджелеске қараңыздаршы, бірнеше апта бұрын шыққан өртпен әлі алысып жатыр. Қызыл жалын үйлерді, тұтас аудандарды жоқ қылды. Ол өрт тіпті еліміздегі аса ауқатты, ықпалды адамдардың өзін тақырға отырғызып кетті. Олардың кейбіреулері дәл қазір осында отыр. Олардың қазір үйі жоқ. Бұл ойланатын жағдай, бірақ біз енді оған жол бере алмаймыз. Енді бұның барлығы өзгеретін болады, – деді Дональд Трамп.
Ол елдегі дағдарыстарды жеңе алмаған Үкіметке өкпесін жасырған жоқ. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласы мен оқу-ағарту жүйесіне де көңілі толмайтындығын айтып өтті.
Енді барлығы басқаша болады
Президент сөз арасында өзіне жасалған қастандыққа да тоқталып өтті. Сондай-ақ науқан кезінде дауыс беріп қолдаған алуан түрлі нәсіл өкілдері мен атасы алыстан келген американдық азаматтарға шын ықыласымен алғысын айтып, «сіздермен біргемін» деді. Бұдан ары қабылдайтын шешімдерінің негізгі бағытына тоқталды.
– Бүгін мен бірқатар тарихи бұйрықтарға қол қоямын. Осы әрекеттер арқылы біз Америкада түбегейлі жаңару мен парасаттылық төңкерісін бастаймыз. Мұның бәрі парасаттылыққа байланысты.
Біріншіден, оңтүстік шекарамызда Ұлттық деңгейде төтенше жағдай жариялаймын. Елімізге шекарадан заңсыз кіру дереу тоқтатылады. Біз алдағы уақытта елімізге заңсыз ағылып жатқан миллиондаған қылмыскер мигранттарды келген жақтарына депортациялау процесін бастаймыз. Мен «Мексикада қалу» саясатымды қалпына келтіремін және «ұстап алып, босата салу» деген тәжірибені ендігі жерде қолданбаймыз. Мен ұлтымызға жасалып жатқан мұндай алапат шабуылдарға тойтарыс беру үшін оңтүстік шекарамызға әскер жіберемін. Бүгін мен қол қойған бұйрық арқылы есірткі картельдерін де шетелдік террористік ұйымдар қатарына жатқызатын боламыз. Ендігі жерде 1798 жылғы жат жұрттық жаулар туралы заңға жүгіну арқылы федералдық және штаттық құқық қорғау органдарының барлық күшін, АҚШ топырағына ауыр қылмыс әкеліп жатқан шетелдік бандылар мен қылмыстық топтарды жою үшін пайдаланатын боламыз.
Әрі қарай, мен өз кабинетімнің барлық мүшелеріне рекордтық инфляцияны жеңу және шығындар мен бағаларды жылдам төмендету үшін қолдарында бар үлкен өкілеттіктерді пайдалануды тапсырамын. Бұл инфляциялық дағдарыс шамадан тыс шығындар мен энергия бағасының шарықтауынан туындады, сондықтан мен бүгін ұлттық энергетикалық төтенше жағдай жарияламақшымын.
Америка қайтадан өндіруші елге айналады, бізде ешбір өндіруші мемлекеттерде жоқ әлемдегі мұнай мен табиғи газдың аса мол қоры сақтаулы тұр. Біз оны пайдаланамыз.
Біз бағаны төмендетеміз, стратегиялық резервтерімізді жақсылап толықтаймын, ендігі жерде американдық энергияны бүкіл әлемге экспорттаймыз.
АҚШ қайтадан қуатты елге айналады, аяғымыздың астында жатқан «сұйық алтын» сол мақсатқа жетуге жәрдем бермек. Мен бүгінгі әрекетім арқылы «Жасыл жаңа саясаттың» нүктесін қоймақшымын. Электр көлігіне бағытталған шектеулерді алып тастап, автоөнеркәсібімізді құтқаратын боламыз және американдық ұлы автожұмысшыларға берген қасиетті уәдемді орындаймын.
Былайша айтар болсақ, сіздер бұдан былай қалаған көліктеріңізді сатып ала алатын боласыздар. Біз Америкада біраз жылдың алдында ешкім елестете алмайтын жылдамдықпен көліктер өндіре бастаймыз.
Мен американдық жұмысшылар мен отбасыларды қорғау үшін сауда жүйемізді кешенді түрде реформалауға дереу кіріспекшімін. Біздің істейтініміз – басқа елдерді байыту үшін өз азаматтарымыздан салық жинау емес, өз азаматтарымыздың игілігі үшін шетелдерге тарифтер мен салық салу болмақ. Осы мақсатта біз барлық кедендік төлемдерді, салықтарды және кірістерді бақылауға жауапты сыртқы салық мекемесін құрамыз.
Тек екі жыныс бар: ер және әйел
Трамп экономикалық жағдайды жақсартатындығын айтып өткеннен кейін АҚШ-та сөз бостандығына кепілдік беретіндігін айтып, үкіметтің барлық цензурасын дереу тоқтататындығын айтты.
– Осы аптада мен әлеуметтік инженерия арқылы қоғамдық және жеке өмірдің барлық аспектілеріне нәсілдік және жыныстық таңуды көздейтін үкімет саясатын тоқтатамын.
Біз әркімнің терісінің түсіне емес, қабілетіне қарай бағаланатын қоғам құрамыз.
Бүгіннен бастап АҚШ үкіметінің ресми саясаты мынадай болады: тек екі жыныс бар: ер және әйел.
Осы аптада мен COVID-ке қарсы вакцина егуге қарсылық білдіргені үшін әскери қызметтен негізсіз шығарылған барлық әскери қызметшілеріміздің қызметін қалпына келтіріп, жалақыларын толығымен қайтарып бергіземін, – деді.
Ол осы ұстанымы арқылы адамзатты дағдарыстарға бастайтын, тағы бір маңызды мәселеге нүкте қойғандай болды. Ары қарай қарулы күштерді қайта жаңғыртып, күшті армия құратындығын, алайда онымен әлемге құқай көрсетуден аулақ болатынын айтып өтті Трекең.
– Менің мақтан тұтар мұратым – бітімгер әрі біріктіруші болу. Иә, мен бітімгер және біріктіруші болғым келеді. Кеше ғана мен қызметке кірісерден бір күн бұрын Таяу Шығыстағы кепілге алынғандар үйлеріне, отбасыларына оралып жатқанын қуана хабарлаймын.
Трамп Панама каналына неге шүйлікті?
Трамп науқанда жеңіп шыққаннан кейін бірқатар шулы мәлімдемелер жасағаны белгілі. Олардың қатарында Канаданы «АҚШ-тың 51-штаты етіп қосып алу», «Мексика шығанағының атын Америка шығанағы деп өзгерту», «Гренландия аралын өздеріне қосып алу» сынды жоспарларын ашық айтып, жұртты айран-асыр етіп еді. Сөйтсек, миллиардер Президент бір ғасырдың алдында АҚШ үкіметінің шығындаған қаржысының қарымтасы қайтпағанына қапалы екен.
– Алдағы уақытта біз Мексика шығанағының атын Америка шығанағы деп өзгертеміз, ал таудың атын ұлы президентіміз Уильям МакКинлидің (William McKinley) есімімен Мак Кинли тауы деп атайтын боламыз. Оның есімі сол жерге лайық болмақ.
Президент МакКинли біздің елімізді, тарифтер мен өзінің тапқырлығы арқылы өте бай еткісі келді. Ол талантты саудагер еді, Теодор Рузвельттің көптеген ұлы жетістіктерін қаржыландырды. Соның ішінде Панамаға ақымақтықпен өткізе салған Панама каналы бар. АҚШ-тың Панама каналын қазуға жұмсаған қаржысын ойлаңыздаршы, біздің ел тарихта бұдан өзге ешқандай жобаға мұншалық мол қаржы салып көрмепті. Панама каналының құрылысында 38000 адамның өмірі қиылды. Ешқашан болмауы тиіс бұл ақымақ сыйлықтың қарымтасы әділетсіздікпен қайтты және Панама бізге берген сертінен тайқып шықты. Біздің жасасқан келісімдеріміздің мақсаты мен шарттары толығымен бұзылды. Қазір американдық кемелер каналдан өткені үшін шамадан тыс салық төлеп отыр және оларға ешқандай әділеттілік көрсетілмейді, мұның қатарында АҚШ Әскери-теңіз күштерінің де кемелері бар. Ең бастысы, Панама каналын Қытай пайдаланып отыр. Біз оны Қытайға емес, Панамаға беріп едік, енді соны қайтарып алғымыз келеді, – деді Дональд Трамп.
Орталық Америкада орналасқан Панама каналы, Тынық мұхиты мен Атлант мұхитын байланыстыратын Панама Истмусын кесіп өтеді. Каналдың ең кең жерінде ені 304 метр, ең тар жерінде ені 152 метр, ұзындығы 82 шақырымдық бұл канал әлемдегі негізгі жүк тасымалдау жолдарының бірі болып табылады.
Француздар 1881 жылы Панама каналының құрылысын бастайды, алайда инженерлік мәселелерге және жұмысшылар арасында өлім-жітімнің көбеюіне байланысты көп ұзамай жұмысты тоқтатады. Кейін бұл жобаға АҚШ араласады. Сөйтіп 1904 жылы құрылысты бастап, 10 жылда каналды толық аяқтайды. Адамзат тарихындағы ең ірі инженерлік жобалардың бірі Панама каналы кемелердің Атлант және Тынық мұхиттары арасында жүру уақытын едәуір қысқартады, бұл кемелерге Магелланның шалғайдағы және қауіпті бұғазы мен Горн мүйісі маңындағы Дрейк пассажынан аулақ болуға мүмкіндік береді.
Канал құрылысы кезінде Колумбия, Франция және АҚШ қатарлы елдер канал маңындағы аумақты ретімен бақылап отырған. Америка Құрама Штаттары каналды және Панама каналы аймағын бақылау үшін бірнеше әскери база құрған. 1977 жылы Панама каналы туралы келісімге қол қойылады. Дегенмен екі ел каналды бірлесіп басқарып келеді де, 1999 жылы АҚШ каналды басқару құқығын Панамаға толығымен өткізіп беріп, әскерлерін алып кетеді.
Бұл канал арқылы әлемдегі теңіз саудасының шамамен 5%-ы жасалады екен. Соңғы жылдары Трамп каналдың жұмысы мен тарифтері туралы өзгеше ойларын айта бастаған. Соның ішінде жақында ғана «Қытайдың таңдаулы сарбаздары тым мүләйімсіген түрмен каналға заңсыз келіп, жұмысты бақылауға алып отыр» деген сөзі елді елең еткізген еді. Бұған қарата Панама мен Бейжіңдегі шенділер Трекеңнің сөзін жоққа шығарған болатын. Тіпті Панама Президенті Хосе Рауль Мулино Трамптың айыптауларын «оттаған әңгіме» деп атап, «Қытай мүлдем араласқан жоқ» деп ақталып бағып еді.
Сөйтсек, Трамптың байбалам салуының арғы жағында экономикалық мүдделер жатыр екен. Қытайға «сауда соғысын» ашуымен аты шыққан АҚШ президенті бұл туралы райынан әлі қайтпапты. Сенімді деген басылымдардың келтірген дерегіне жүгінсек, қазіргі таңда бұл каналмен Қытай кемелері көп жүзетін болыпты.
BBC агенттігінің қытайтілді қызметі 21 қаңтарда «Қытай Панама каналын бақылап отыр ма? Трамптың айыптаулары рас па?» деген тақырыппен сараптамалық материал жариялады. Онда: «Қытай үкіметінің каналды бақылауды жүзеге асырып жатқаны туралы нақты дәлелдер жоқ, бірақ қытайлық компаниялардың онда айтарлықтай ықпалы бар. 2023 жылдың қазанынан 2024 жылдың қыркүйегіне дейінгі аралықта Қытайдан Панама каналы арқылы тасымалданатын жүкттер 21,4%-ға жетіп, АҚШ-тан кейінгі екінші пайдаланушыға айналған.
Соңғы жылдары Қытай Үкіметі канал маңындағы порттар мен терминалдарға қомақты инвестиция салды.
Каналдың екі жағындағы бес порттың ішінде Balboa және Cristobal 1997 жылдан бастап Hutchison Port Holdings еншілес компанияларымен жұмыс істейді және сәйкесінше екі жағында да Тынық мұхиты және Атлант мұхиты жағалауларында орналасқан.
Бұл компания Гонконгтағы бизнесмен Ли Ка Шин негізін қалаған конгломерат CK Hutchison Holdings компаниясының еншілес кәсіпорны болып табылады. Ол 24 елде, соның ішінде Ұлыбританияда порттармен жұмыс істейді.
Вашингтонда орналасқан Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) Америка бағдарламасының директоры Райан Бергтің айтуынша, порттарды пайдалану CKH-ге көптеген әлеуетті стратегиялық ақпаратқа, соның ішінде канал арқылы өтетін кемелердің қозғалысы туралы деректерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Міне, көріп отырғандарыңыздай, Трамптың айбат шегуінің астарында Қытайдың күн сайын артып бара жатқан экономикалық мүдделеріне тойтарыс беру ниеті жатқан секілді. Сөйтіп 100 жылдың алдында канал қазып жүріп қаза болған 38000 адамның қан қарызын көлденең тарта отырып, ескі дауды қайта қоздатқысы келетіндей...
Салтанатты ұлықтау рәсімінде жалынды сөздерді қарша боратқан қарт президент сөзінің соңында тіпті жігерлене түскен.
Ешкімге ұқсамайтын мемлекет боламыз
– Біздің еліміз соңғы жылдары көп зардап шекті, бірақ біз оларды ысырып тастап, оны бұрынғыдан да құдыретті етеміз. Біз ешкімге ұқсамайтын мемлекет боламыз, жүрегіне жанашырлық тұнған, қайратты, рухты халыққа айналамыз. Біздің күшіміз барлық соғыстарды тоқтатады, жаңа ынтымақтастық рухымызды, кекке тұншыққан, зорлық-зомбылық пен белгісіздік жайлаған болжауы жоқ әлемге алып кіреміз. Өзгелер Американы құрметтейтін бізге таңғалатын болады, олардың арасында жүрегіне нұр тұнған діндарлар мен ізгі ниеттегі адамдар да бар. Біз кемел келешегімізбен, күш-қуатымызбен мақтанатын боламыз, бұрын-соңды болмаған жеңістерге жетеміз. Бізді ешкім жаулап ала алмайды, ештеңе де бізді қорқыта алмайды, жеңілмейміз, берілмейміз. Осы күннен бастап Америка Құрама Штаттары еркін, егемен және тәуелсіз мемлекет болады. Біз батылдықпен орнымыздан тұрамыз, мақтанышпен өмір сүреміз, біз үлкен армандарға қол созамыз және бізді ештеңе де тоқтата алмайды, өйткені біз американдықтармыз. Болашақ біздікі, біздің Алтын ғасырымыз енді ғана басталды.
Америкаға Құдай өзі жар болсын! – деп аяқтады сөзін.
PS: Трамп қызметіне кірісе сала бірқатар бұйрықтарға қол қойып тастады. Енді Америка Құрама Штаттары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Париж климаттық келісімінен шығуға шешім қабылдады. Трамп өз сөзінде «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бізге өтірік айтып келді, бәрі Америка Құрама Штаттарын алдай түскісі келеді, мұндай жағдай енді қайталанбайды», – деген. Әрі дүйсенбіде қызметіне кіріскеннен кейін бірнеше сағат өткен соң бұйрыққа қол қойған. АҚШ-тың экономикалық мүдделерін барынша қорғауды көздейтін миллиардер президенттің билікке келуі алдағы уақытта әлемнің экономикасына елеулі өзгерістер әкелетін секілді.
Дайындаған – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ