Ақтау – Түркі әлемінің төрі!

Ақтау – Түркі әлемінің төрі!

 

Маңғаз Маңғыстауда, ақмаржан Ақтау төрінде түркі елдерінің басын тоғыстырған дүбірлі той өтті.  Бұл салтанатты жиында Ақтау Түркі әлемінің астанасы атанды.

«Ақтау – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанаты мемлекеттік гимнмен түрілді. Алты мемлекеттің туы көк аспанда желбіреп, теңіз жағалауында жиналған мыңдаған халықтың жүректерін толқытып, көңілін жадыратты.

Осынау мерейлі күнмен, тарихи сәтпен Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева шын жүректен құттықтап, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін жеткізді.

Бүгін біз еліміз үшін ғана емес, күллі түркі дүниесі үшін аса маңызды, тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Баршаңызды Ақтау қаласының ресми түрде түркі әлемінің 2025 жылғы мәдени астанасы мәртебесіне ие болуымен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгінгі салтанатты іс-шараға орай арнайы құттықтау хатын жіберді. Назарларыңызға ұсынамын: «Сіздерді Ақтау қаласының 2025 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы атануымен құттықтаймын! Бұл Қазақстан үшін ғана емес, барша бауырлас елдер үшін айтулы оқиға. Шежірелі Маңғыстау, қазыналы Үстірт аймағы тұтас түркі өркениетінің ажырамас бөлігі саналады. Киелі өлкеде ұлтымыздың, жалпы түркі дүниесінің сан ғасырлық рухани мұрасы сақталған. Тарихы тамырлас, дәстүрі сабақтас халықтардың ынтымақтастығын одан әрі нығайту баршамыздың ортақ міндетіміз. Осы атаулы жылда бауырластығымызды бекемдей түсетін басқосулар ұйымдастырылып, маңызды шешімдер қабылданады деп сенемін. Түркі мемлекеттерінің ықпалдастығын арттыруға зор үлес қосып жүрген ТҮРКСОЙ ұйымына және осы іс-шараны ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығымды білдіремін. Түбі бір түркі жұртының бірлігі нығая берсін! Баршаңызға бақ-береке, толайым табыс тілеймін!» деді құттықтау хатында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент атап өткендей, түбі бір түркі халықтардың ынтымағын нығайту, бірлігін бекемдеу – ортақ міндетіміз. Ақтаудың түркі әлемінің мәдени астанасы болып мойындалуы еліміз үшін үлкен мақтаныш ғана емес, сонымен бірге зор жауапкершілік. Бұл арқылы біз халқымыздың бай мәдени мұрасын, салт-дәстүрі мен өнерін күллі әлемге танытуға зор мүмкіндік алып отырмыз. Бұған дейін түркі әлемінің мәдени астанасы атағына бауырлас елдердің Эскишехир, Казань, Мерв, Шеки, Кастамону, Ош, Хива, Бурса, Шуша, Анев секілді қалалары ие болған еді. Олардың қатарында елордамыз Астана мен қасиетті Түркістан қаласы да бар. Осынау мәртебелі тізімді биыл мың бояулы Маңғыстау облысының орталығы Ақтау шаһары жалғап отыр. Бүгінгі Ақтау ежелгі тарих пен жаңа дәуірді ұштастыра білген жасампаз қалалардың бірі. Оның келбетінен ғасырлар қойнауынан сыр шертетін бай мұра мен жаңашыл рух қатар көрініс табады. Мұнда көшпелі және теңіз маңындағы отырықшы мәдениеттердің үндестігі айқын сезіледі. Кең даланың айбыны мен жағалаудың әсем табиғаты тоғысып, тұтас бір үйлесім тапқан. Қаланың рухы ашықтық пен қонақжайлыққа, мейірім мен ізгілікке толы. Кемеңгер Әбіш Кекілбаев айтқандай, Маңғыстау ашық аспан астындағы мұражай іспетті. Сисем ата, Шақпақ ата, Бекет ата жер асты мешіттері діни орталық ғана емес, сәулет өнерінің айрықша үлгісі ретінде бізге жетіп отыр. Табиғаттың ерекше тартуы Бозжыра мен Шерқала, Айрықтыға алыс-жақын шетелдерден келетін туристер легі үзілген емес. Қасиетті Маңғыстау өнері бай қазынасымен ғана емес, тағылымы мол тұлғалармен танымал өлке. Абыздар мен аңыздардың, күйшілер мен жыршылардың мекені. Сондықтан  киелі өңірді мәдени астана ретінде әлемге насихат ету баршамызға ортақ парыз деп білемін. Аймақтың даму тарихына көз жүгірте отырып, оның бұл мәртебесі қаланың халықтың арасындағы достықтың, бірліктің, шығармашылықтың орталығына айналатынына сеніміміз арта түседі. Бүгінгі салтанатты жиынға Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан елдерінен мәртебелі меймандар қатысып отыр. Қазақ еліне арнайы келген барша қадірлі қонақтарға шын жүректен алғыс білдіремін. Алда түркі мәдениетінің рухын терең сезінуге мүмкіндік беретін түрлі фестивальдер, концерттер, көрмелер мен театр қойылымдарына толы жыл күтіп тұр. Осы айтулы күні түркі мәдениетінің халықаралық ұйымның бас хатшысы Сұлтан Әкімұлы Раевқа зор алғысымды білдіремін. Сұлтан Әкімұлының басшылығымен ТҮРКСОЙ мәдениет саласын басты басымдықтардың біріне айналдырып, қазақ өнер ұжымдарының түркі мәдени кеңістігінде орны айшықтала түсті. Бүгінде ТҮРКСОЙ-дың бірде-бір іс-шарасы Қазақстанның музыкалық және театр ұжымдарының қатысуынсыз өтпейді. Бұл ұжымдар ұзақ уақыттан кейін алғаш рет өздерін үлкен түркі отбасының ажырамас бір бөлшегі ретінде сезіне бастады. Осы маңызды іс-шараны ұйымдастыруға және қаланың дамуына қосқан үлесі үшін Мәдениет және ақпарат министрлігі атынан Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайға ризашылығымды білдіремін. Бұл мәртебе қаланың дамуына жаңа серпін беріп, өңірдің өркендеуіне жол ашады. Ақтаулықтардың өміріне қуаныш пен игілік әкеліп, түркі халықтарының арасындағы достық нығая түссін деп тілеймін!  деп, Аида Ғалымқызы ақжарма тілегін айтты

Айтпақшы, бұл салнататты жиынға құрметті қонақ ретінде арнайы шақырумен газетіміздің басшысы Сәуле Мешітбайқызы  қатысты. Ол кісінің бастамасымен  Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақовтан сұхбат алдық. Ол газетімізде жарияланып отыр.

Одан соң сөз тізгінін алған ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымның бас хатшысы Сұлтан Раев жүрекжарды лебізін білдіріп, ауқымды шараның маңыздылығына, мәніне тоқталды:

– «Мәңгілік ел» мұратын жалғап, ұлттық дәстүрі мен мемлекеттік мәдениеті қайта жаңғырған, арманда кеткен Алаш арыстарының асыл мұратына мыңжылдықтар тоғысында қол жеткізген, айы оңынан туып, Тәңір тілегін берген, тарихта кеткен есесін түгендеп, еңсе тіктеген, бүгінде абыройы асып, атын әлем таныған киелі Қазақ жеріне – «Түркі әлемінің мәдени астанасы Ақтау» атану рәсімінің салтанатты ашылуына қош келдік! Құдай қазаққа қырын қарамаған: пейіліне сай етіп ұлан-ғайыр жер берген, жерінің асты-үстін толтырып кен берген, ақ көңіл, адал ел берген, жаны үшін малын, ары үшін жанын садаға ететін ер берген. Қазақстан – қазір ұлттық рухы берік, саяси жүйесі тұрақты, халықаралық аренадағы беделі зор, қуатты мемлекет. Орта Азияның, түгел Түркі дүниесінің жарқыраған жұлдызы – Қазақстан. Қазақ халқы – татулыққа ұйыған, жастары жасампаздыққа ұмтылған ел. Күллі әлем таныған, құрметтеп төріне оздырған беделді мемлекет. Маңғыстау  Атырау өңірі тарихи қазына мен рухани байлыққа өте бай өлке. Бұл елдің халқы ғана емес, тіпті төскейінде жатқан тасына дейін көне тарих жайынан төгіледі, сыр шерте алады. Aсқар таулар ғасырлар бойы Қазақ жерінің тәжі ғана емес, күллі Түркі әлемінің бесігі саналды. Орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр Әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан.  Ел аузында «Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет» деген сөздің айтылғанына аз уақыт болмағандығы да айдан анық. Әр топырағы, әр тасы «сөйлеп» тұрған терең тамырлы тарихы бар кең-байтақ Қазақстан мұнымен қатар – Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Махамбет пен Құрманғазы, Шоқан мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Биыл туғанына 180 жыл толып отырған ұлы Абай бүгінгі Қазақ мемлекетінің баға жетпес символдық капиталы саналады. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген қазақ даналығын әлемдік биікке көтерген хакім Абайдың асқақ есімін биыл Түркі дүниесінде одан әрі асқақтату мақсатында ТҮРКСОЙ ұйымы тарапынан бірқатар маңызды шаралар жоспарлап отырмыз. Интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясын ту етіп көтерген Абай әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеген. Сондықтан Абай сөзі тек қазақ халқының ғана емес, түгел Түркі дүниесінің бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет деп ойлаймын. Бүгінде Қазақстан – бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан барлық ұлт өкілдерін бір мақсат, бір мүддеге біріктіру арқылы толеранттылық сақтап, әлемге ұлтаралық келісім мен бірліктің мекені ретінде танылып отыр. Қазіргі Түркі дүниесіндегі тұтас Тұран, «Жеті мемлекет, бір халық» идеялары Қазақстандағы «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» концепциясынан бастау алып тұр. Маңғыстау аймағынан Қашаған, Абыл, Сүгір бабалар, Әбіштей абыз тұлғалар мен қаншама қаһарман батырлар шыққан, 362 әулиелі Маңғыстаудың алтын кіндігіндей Отпан тау – ата-бабаларымыздың аяғы, тұлпарларының тұяғы тиген, батырлар мен билердің басын қосып, ел тағдырын шешіп, шешім қабылдаған жер. Осы қасиетті өңірде туып-өскен, кейін бүкіл қазақтың ғана емес, барша түркі әлемінің аты шулы қаламгеріне айналған аңыз Әбіш көркем әдебиетте  мәңгүрттік идеясын ұсынса, оны заңғар жазушы Шыңғыс Айтматов ары қарай күшейтіп, дамытып, әлем оқырмандарының санасына тереңдете сіңірді. Биыл Пір Бекет ата Мырзағұлұлының туғанына 275 жыл толып отыр. Бұл мерейтой, бұйырса, бүгін салтанатты ашылуы болып отырған шаралар қатарында лайықты аталып өтетін болады. Егер біз Маңғыстау түбегінің тарихына үңілсек, ең алғашқы мәліметтер берген еңбектерінде осы өңірдегі көшпелі халықтың тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы сипатталған. «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт көшкен Маңғыстау» деген тәмсіл содан қалса керек! «Маңғыстау, сенде жұмбақ көп; бейітің неге – бесіктас, домбыраң неге – Кесікбас» деп ақындар осылай жырласа керек? Қазақ мифологиясын зерттеуге үлкен үлес қосқан ғалым Серікбол Қоңдыбайдың еңбектері қазақ халқының көне мифтері мен аңыздарын, түркі халықтарының дүниетанымын, символикасын және эпостарын салыстыра саралауға арналғаны мәлім. Ол бұл өңірді тек қана географиялық аймақ ретінде емес, ежелгі өркениеттер мен түркі-қаңлы мәдениетінің маңызды орталығы деп қарастырып, Маңғыстау мен Үстірттің түркілік мәдениеттің алғашқы қалыптасу ошақтарының бірі екенін дәлелдей отырып, қазақ халқының, жалпы түркі жұртының ежелгі рухани орталығы деп есептеді. Біз биыл осындай ұлы ғалымның шығармаларын түрік тіліне аударып, ТҮРКСОЙ тарапынан Түркиядан кітап етіп шығаруды қолға алғанымызды хабарлаймын. ТҮРКСОЙ Ақтауды 2025 жылдың мәдени астанасы етіп тектен-тек жариялаған жоқ. Биыл түркі әлемінің орталығында түркі ағайындар мәдениет пен әдебиеттің, салт-дәстүр мен тарихтың «түтінін түтетіп», қоян-қолтық араласып, бір-бірімен жақынырақ танысатын болады. Енді 2025 жыл бойы Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының «Түркі әлемінің мәдени Астанасы» атты іс-шаралары аясында әлемді аузына қаратады деп сенеміз! «Кезім менің! Жатырсың жырақты ашып, Қызыл гүлді барады қыр ап қашып. Жиырмасыншы ғасыр жүр Маңғыстауда Мұнаралар басынан шырақ тасып!» – деп, ұлы ақын Төлеген Айбергенов жырлаған Маңғыстау ХХІ ғасырда да қазақ өнерінің, қазақ мәдениетінің шырағын жарқырата жағып, күллі түркі дүниесіне жарық сәулесін түсіре берсін! Осы үлкен шараны өткізуде бізге қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасының Президенті Қасымомарт Кемелұлы Тоқаевқа, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызына, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Игілікұлына, барша Ақтау халқына шын жүректен алғыс айтамын!  деп сөзін түйіндеді ол.

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай да құттықтаушыларға қосылып, алыс-жақын шетелден келген қонақтар мен өңір халқына ақ тілегін арнады: 

«Мәртебелі меймандар! Қонағын құдайындай сыйлайтын елге қош келдіңіздер! Қазақ даласы – түркі халықтарының ортақ қонысы. Біз төскейде малы, төрде басы қосылған қаны – бір, ары – бір, жаны – бір елміз.  Бауырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени кеңістікке айналдыру негізгі мақсат екенін айтқан болатын. Бауырлас елдердің басшылары түркі жұртын біріктіруге баса мән беріп келеді. Бүгінгі кәрі Каспийдің жағасындағы ақмаржан Ақтау шаһарында бас қосуымыз – осының дәлелі. Баршаңызға қош келдіңіздер деймін! Халықаралық деңгейдегі шараның жоғары деңгейде өтуіне зор үлесімізді қосайық!».

Өңір өнерпаздары дәстүрлі ән мен жырдан шашу шашып, көпшіліктің көңілін серпілтті. Маңғаз Маңғыстаудың аңыздары мен тарихын толғаған туындылар тыңдарманды тамсантты. Күй өнері – қазақ ұлтының ең асыл мұрасы, қасиетті шежіресі, жабырқаса мұңдасы, жадыраса сырласына айналған халықтың үні. Абыл Тілеуұлы, Нұрым Шыршығұлұлы, Ақтан Керейұлы, Қашаған Күржіманұлы, Аралбай Оңғарбекұлы бейнесіне енген өнер саңлақтары бірде арынды, бірде мұңды, бірде көңілді, бірде желдірме күйді құйқылжытып, жүрекке жетер терең әндерді, сырлы сезімдерді орындап шықты. Ақ қауызға оранған аққулар биі, сұсты да ержүрек батырлар бейнесі, кимешек таққан аяулы әжелер мен ұлттық киім киген әдемі бойжеткендер сахнаға шықты, қонақтарға молынан шашу шашылды. Мерекелік концерт түркі тілдес мемлекеттерден келген өнерпаздардың биімен, әнімен жалғасты. Күллі әлемді ерек даусымен баураған  Әзербайжан әншісі Роза Зергерли, Өзбекстан жұлдызы Юлдуз Усманова, еліміздің белгілі эстрада әншісі Калифарния сахнада өнер көрсетті. Маңғыстау халқы үшін ең керемет тарту дүниежүзіне алтын дауысымен танымал жұлдызы, өнер көкжиегінде асқақ тұрған Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің сахна төрінен орын алып, халықпен қуана қауышты. Оның сахна төрінде жарқырата ән шырқағаны мереке ажарын аша түсті. 

 

100 мыңға тарта халық жиналған мерекелік кеш дрон шоумен жалғасын тапты. Бір мезетте 500-дан астам дрон көкке көтеріліп, Қазақстан туын, Маңғыстаудың бозжырасын, киігі мен аққуын, ұлттық мәдениеттің элементтері садақ пен қалқанын, ұлттық аспап – қобызын бейнеледі. Осылайша, әдемі естеліктерге, теңдессіз тарихқа толы ғажайып күн өз мәресіне жетті. Бұл тарихи күн үйіне қарай көптеп ағылған халықтың көңілінде ұзақ сақталатыны анық.

 

 

Жеменей Голрох
10.04.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 4377
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 4555
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 19502
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 18157
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 21606