Ақтөбеліктер Наурыз мейрамын алаңсыз тойлап, қалыпты тірлігіне қайта орала бергенде облыста төтенше жағдай орын алды. Елдің аузы аққа, малдың аузы көкке тиеді деп қуанған жұрттың үстіндегі үйі де, алдындағы малы да суға кетті.
Өңірдің бірнеше ауданындағы ауылдар су тасқынының астында қалды.
Қазіргі уақытта облыс аумағындағы Елек, Жем, Торғай, Ырғыз, Ойыл, Қарақобда, Үлкен Қобда, Темір, Тамды, Қауылжыр, Ор секілді оннан астам өзен деңгейінен асып, мұзы еріп, далалықтың бәріне жайылды, су қоймаларындағы су деңгейі көтерілді. Соның салдарынан 5 ауданда – Мұғалжар, Әйтеке би, Қобда, Темір, Ойыл және облыс орталығы – Ақтөбе қаласында төтенше жағдай жарияланды. Аталған аудандарда бірнеше ауылды, Ақтөбе қаласының іргесіндегі саяжайларды су алды.
2 сәуір кешкі сағат 19.00-дегі дерек бойынша, су тасқыны салдарынан облыста 762 тұрғын үй, 10 әлеуметтік нысан (Ақтөбе қаласы – 1, Қобда ауданында – 9), 189 аула мен 99 саяжай үйі зақымданды. Бірнеше ауылдардың арасын жалғайтын көпірлерді, жолдарды тасқын су шайып кетті, құлатты. Көлік қатынасы тоқтады. Тіпті, Ақтөбе қаласында орналасқан халықаралық әуежайдың да ұшу айлағын су басып кетуіне байланысты ұшақтар кешіктірілді. Ауылдар электр жарығынсыз, сусыз, қатынассыз қалды. Қанша мал судың астында қалды. Жұрт өз қолымен тұрғызған үйлерінің құлағанын өз көзімен көрді. Көзі жеткен жерге қолы жетпеді. Тасқын судың аузынан баспанасы мен жиған-тергенін жұлып аларлық қауқары болмады. Тек қана бас сауғалады. Аман қалсақ деді. Балалар мен әйел адамдар алдымен қауіпсіз жерге көшірілді. Ауыл-елдегі ер-азаматтар соңына дейін ауылдарын аман алып қалуға тырысты. Бірақ болмады. Ақыры ауылдағы судан қорғанарлық жерлерге тығылып, сырттан көмектің, тікұшақтың келуін күтті.
29 наурызда Ақтөбеге сол кездегі бірінші вице-премьер Роман Скляр келіп, облыстағы су тасқыны жағдайымен және жүргізіліп жатқан жұмыстарды үйлестіру барысымен танысты. Одан соң Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» фракциясының мүшелері де келіп кетті.
– Су тасқынына қарсы шараларға жеке құрамның 3 мыңнан астам қызметкері тартылды. 647 бірлік техникадан бөлек, іздестіру-құтқару жұмыстарына Қорғаныс министрлігінің алты тікұшағы жұмылдырылды. Су тасқыны салдарынан 6931 адам қауіпсіз орындарға көшірілді. Дайындалған орындар саны – 15 337. Сонымен қатар 7072 жануар қауіпсіз жерлерге көшірілді.
Өңірде құрылған жедел штаб тәулік бойы күшейтілген тәртіпте жұмыс жасап жатыр, – дейді Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Айбат Жаңабергенов.
Өңірде су тасқынынан зардап шеккендер білім беру ұйымдарында ашылған эвакуациялық пункттерге орналастырылды.
– Бүгінгі таңда облыстағы білім беру ұйымдарында 41 уақытша эвакуациялау пункттері орналасқан. Оның 39-ы мектеп, 2-і колледж. 1 сәуірден бастап мектеп оқушыларының көктемгі каникул уақыты аяқталып, 4-тоқсан басталатыны белгілі. Осыған орай эвакуациялық пункттер болып жарақтандырылған 39 мектеп, апаттан зардап шеккен және су басу қаупі бар 21 мектеп қашықтан оқытылатын болады. Қалған мектептер мен балабақшалар, колледждер штаттық режимде жұмыс жасайды, – деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.
Қазіргі таңда 2649 адам уақытша орналастыру орындарында. Әкімдіктердің, азаматтық қорғаныс пен еріктілердің су тасқыны салдарын жоюға байланысты қабылдап жатқан шараларының арқасында 1730 ақтөбелік үйлеріне оралды.
1 сәуір күні облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу, жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысында тасқын кезінде аумақ территориясынан өтетін республикалық маңыздағы, сондай-ақ облыстық, аудандық автомобиль жолдарының су шайған жерлерін қалпына келтіру жұмыстарының атқарылу барысы баяндалды.
Ресми мәліметке жүгінсек, 25 наурыздан бері қар суының еруіне байланысты аймақта 42 жолда су жүру дерегі анықталған. Оның ішінде 10-ы – республикалық маңыздағы, 7-еуі – облыстық, ал қалғандары – аудандық маңыздағы жолдар. Бүгінде су шайған 20 автомобиль жолында қатынас қалыпқа келтірілген.
Су тасқыны кезінде 42 елді мекенде 2 422 абоненттің электр қуаты апатты түрде сөндірілген. Олардың көбі Ойылда (1 048), Қобдада (610), Байғанинде (274), Темірде (178) және Хромтауда (162) тіркелген.
Ақтөбедегі «Энергосистема» ЖШС директоры Ержан Жексембиновтің айтуынша, қайық болғанмен, ағыстың қаттылығына байланысты бірқатар елді мекендерге жарық қосу жұмысы қиындық тудырып тұр. Оның қатарында Ойыл, Байғанин аудандарындағы ауылдар бар. Сондай-ақ Алға, Ырғыз және Хромтау сияқты аудандардағы кейбір ауылдарға уақытша генератор қоюға мәжбүр болған.
Осындай сын сағатта халық абдырап қалмады. Топан судың тұтқынында қалған ауылдарға облыс орталығынан жылу жинаған жұрт Ақтөбе қаласының бірнеше жерінде арнайы пункттер ұйымдастырып, барынан айырылған жұртқа қажетті заттарды жинап, тікұшақпен жөнелтіп жатыр.
Облыс басшысы Асхат Шахаров төрағалық ететін су тасқынына қарсы жедел штаб 24/7 күшейтілген тәртібімен білек сыбана еңбек етуде. Жергілікті атқарушы орган өкілдері, құтқарушылар, ұшқыштар, медицина қызметкерлері, облысымыздың жанашыр азаматтары, жастар аяқтарынан тұрып, тасқынға тосқын болып, тәулік бойы қызмет етуде.
Ер-азаматтар етігімен су кешіп, тұрғындарды құтқаруға көмектессе, әйел адамдар далаға қазан асып, құтқарушыларға ыстық тамақ пісіріп беріп жатты. Қазақ бірлігін көрсетті.
Облыс әкімі Асхат Шахаров аудандарға барып, тұрғындармен кездесті. Барлық зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін, шығынның барлығы өтелетінін айтты.
Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсететін қор құрылды. Бұл қоғамдық бастаманы «Қамқор – Ақтөбе 2024» қоғамдық қоры жүзеге асырмақ. Қордың басты мақсаты – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес зардап шеккен әрбір облыс тұрғынына көмек көрсету.
– Қазір Ақтөбе қаласы мен облыстың бес ауданында келтірілген шығынды анықтайтын комиссиялар жұмыс істеп жатыр. Су тасқынынан зардап шеккендердің арасында мүлкінің құжаты жоқтар да бар. Олар – негізінен саяжай алаптарының тұрғындары. Қордың басты міндеті – осы азаматтарға материалдық көмек көрсету. Мұқтаж жандар туралы ақпаратты залалды анықтайтын ресми комиссиялар береді, – деді «Қамқор – Ақтөбе 2024» қорының басшысы Абдухат Мырзалин.
Қаражатты аудару үшін банк есепшоты ашылды. Қор қызметінің ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз ету мақсатында тұрақты қаржылық-құқықтық бақылау ұйымдастырылған. Қордың құрамына заңгерлер, қоғамдық кеңес мүшелері, қоғам белсенділері кірді.
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, су тасқыны кезінде аудандарда көптеген проблема туындады.
– Аудандарда кадрлық мәселені қайта қарап, аттестациядан өткізу қажет деп ойлаймын. Себебі бірде-бір адам «жағдай осылай болады немесе осындай мөлшерде су күтілуде» дегендей болжам айтпады. Ең бастысы, кадр мәселесін және байланыс мәселесін күшейтуіміз керек, – деді аймақ басшысы.
Облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу, жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысында облыс әкімі Асхат Шахаров қалыптасқан жағдайға байланысты төтенше жағдай жарияланған өңірлерде аудан әкімдерінің барынша іс-әрекет жасап, жергілікті тұрғындармен бірге жұмыла жұмыс жүргізгендерін ерекше атап өтті.
– Алайда ол әлі де босаңсуға болмайды, су тасқыны аяқталған жоқ, жұмысты жандандыра түсу қажет. Сонымен бірге төтенше жағдай жарияланған аймақтарда құрылған комиссиялар материалдық шығындарды есептеу бойынша жұмысты дұрыс ұйымдастыруы қажет, – деді А.Шахаров.
Бүгінде шығынды есептейтін арнайы комиссия үй-үйді аралап, өз жұмысын бастап кетті. Апат салдарын жоюға арналған шара бір айдан астам уақытқа созылады.
Еріген қар суының қатты ағынынан бұзылып, қатынас тоқтаған 20 автомобиль жолы қалпына келтірілді.
Дегенмен, әзірге босаңсуға болмайды. Апта басында Ақтөбеге келген Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңірдегі су қоймаларында әлі де су қоры көбейетінін айтты:
– «Қазсушар» РМК, жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері бірлесе жұмыс істеп, тасқын суын қауіпсіз өткізуді қамтамасыз етті. «Қазгидромет» болжамы бойынша, 30 наурыздан 5 сәуірге дейін Ақтөбе су қоймасына 210 млн текше метр, Қарғалы су қоймасына 180 млн текше метр су келуі мүмкін. Сондықтан біз су қоймаларының жұмыс кестесін өзара үйлестіруіміз керек. Қазір біз «Қазсушар» РМК жүргізіп жатқан жұмысты талдап, қажетті шешім қабылдаймыз, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Бүгінде жалпы сыйымдылығы 245 млн текше метр болатын Ақтөбе су қоймасы 89%-ға толды. 27 наурыздан 2 сәуірге дейін су қоймасынан 246 миллион текше метр су жіберілді. Дерек бойынша, қазіргі таңда секундына 500 текше метр су жіберіліп жатыр.
2 сәуірде ауа райының жылынуына байланысты Ақтөбе қаласы аумағындағы Сазды және Жіңішке өзендерінің су деңгейі көтерілуі байқалды. Осыған орай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жоғары дайындыққа келтірілді. Бұған дейін синоптиктер 1-5 сәуір аралығында күндізгі ауа температурасының жоғарылауы болжамына және қардың жылдам еруіне байланысты өзен алаптарында су деңгейінің көтерілуі және өзендерде мұз кептелісі болуы мүмкін екендігін, Ақтөбе қаласында, облыс аумағында барлық өзендер қауіпті деңгейден асуы мүмкін екендігін айтып, дауылды ескерту жариялаған болатын.
... Жоғарыда айтқан комиссияның кезектен тыс отырысында облыс әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекетке жақын аралықта тазалық айлығын жариялап, шаһар аумағын күл-қоқыстан толықтай тазарту керектігін, ол үшін бұл іске мекеме, кәсіпорындар мен ұйымдарды жаппай жұмылдыру қажеттігін қатаң тапсырды.
М.ТАБЫН,
Ақтөбе облысы