Арпалыспен өткен алты жыл һәм ПРЕЗИДЕНТ Мақтауға мұқтаж ба?

Арпалыспен өткен алты жыл һәм ПРЕЗИДЕНТ Мақтауға мұқтаж ба?

Хош, сонымен, отыз жыл бойы елді уысында ұстаған, басынан бақыт құсы шошып ұшпаған Назарбаев та өз миссиясын аяқтады. Билікті қимаса да, ертеңгі күнім не болады деп қиналса да, Президенттік орынтағын, өзі әбден зерттеген, зерделеген, тәрбиелеген, әлдилеген, өсірген, қателігі болса кешірген, артымды қазбас деп сенген, соңынан томпаңдап ерген Қасым-Жомарт Тоқаевқа аманаттады. Әйтпесе аузымен құс тістеген, өжет, батыл, қанына қарайса қатыгез, көңілі түссе көл, ашуына тисең шөл «ізбасарлар» жеткілікті еді, соның біріне бүйрегі бұрмай, біріне сенбей, біріне көнбей, «мұрагерлікке» Тоқаевты таңдауында үлкен сыр жатқандай...
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, тап 19 наурыз күні, Президент Тоқаевтың билікке келгеніне алты жыл толғаны Мәжіліс депутаттарының есіне түсіп, ой, бір аттың басын жіберіп, Кемел баласының кемелдігін дәріптеуге кірісіп кеткендей күйге түсірді. Тіпті Мәжілістің пленарлық отырысы әдеттегі қалпынан жаңылғандай, екінші Президентті мақтауға жаңа бір мүмкіндік табылғандай, бірінші Президенттің кезінен қалған жағыну мен табынудың жаңа бір үлгісін ұсынғандай көрініс берді.
Қызды-қыздымен депутат мырзалар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы үш жылын «қос биліктің қырқысымен өткен, сөйтіп, екінші Президенттің жолын кескен кезеңге жатқызып) соңғы үш жыл ішіндегі саяси реформаларын қорытындылауға кірісіп кетті. Мәжіліс депутаттары мен отырысқа қатысушылар Президент бастамаларын, үш жылдағы түрлі өзгерістерді оң бағалап, Тоқаевты ақтады. Мақтады. Басқа бір сөз таппады. Мәжіліс спикері көзін бақырайтып қойып атын атамаса да, бір кездері өзіне жасаған қамқорлығын ұмытып, экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаевты сынап, мінеп тоқтады.
Ол «Президенттің саяси реформаларын іске асыру – мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңі» тақырыбындағы баяндамасында, елде 30 жыл бойы суперпрезиденттік жүйе болып, үш жыл бұрын оның сеңі бұзылған. Қошанов Президенттің пәрменімен елде көптеген реформалар жүргізіліп, әділ сайлаудың арқасында Парламент жасақталып, елге активтерді қайтару жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Оның сөзінше, Президентті сайлау мерзімі өзгеріп, ауыл, аудан әкімдерінің сайлауы басталған. Дәрігерлер мен мұғалімдердің айлығы көтеріліп, студенттердің шәкіртақысы өскен...
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, жиынға қатысқандар кейінгі үш жылда саясатта, экономика мен әлеуметтік қорғауда, ғылым, білім салаларында көп оң өзгеріс болды деп тамсанды. Бейнелеп айтсақ, «Парламент сахнасында ән салды».
Спикерлердің көбі елде конституциялық реформа жүргенін, екі референдум өткізілгенін, «билік тармақтары арасында тепе-теңдік» орнағанын, «саяси плюрализм» жетілгенін, жергілікті жерлерде әкімдерді халық сайлай бастағанын үлкен жетістікке балады. Сөйтіп, тұнжырап тұрған қабақтар жазылып, маңайға шуақтар тарады. Тоқаев билігіне баға бергендер арасында түрлі-түрлі теңеулер, сан түрлі бояулы өнерлер көзге түсті.

ДЕПУТАТТАР АҒЫНАН ЖАРЫЛДЫ МА, ӘЛДЕ...

– Мемлекет басшысы мен қоғам арасында бұрын-соңды болмаған ашық, риясыз диалог халықтың билікке деген үмітін оятты, сенімін нығайтты. «Халықпен бірге» қағидасы Президент саясатының негізгі өзегіне айналды, – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов. Одан әрі Қаңтар оқиғасына тоқталып, сол тақырыпта «екі рет Парламенттік тыңдау өткізіліп, тергеу органдарының мәліметтері бүкпесіз жарияланды, ел көкейіндегі көптеген сұрақтарға жауап берілді» деп мәлімдеді.
«Азаттыққа» сұхбат берген, «Аманат» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Тоқаев енгізген реформалардың ең үздігі ретінде ауыл, қала әкімдерін сайлауды атады. Оның пікірінше, үш жылда елде «сайлаудың түр-түрі көбейді». Бұл реформа халықтың санасын оятуға, елдің сайлауға деген сенімін арттыруға бағытталып, біртіндеп жүзеге асып жатыр. Ең бастысы – сайлау сияқты науқандардың маңызды әрі қажетті екенін халық түсінуі керек. Ол үшін Қазақстанда әлі 3-4 сайлау өтіп, саяси мәдениет орнығуы керек деді депутат.
– Соңғы үш жылдың ішінде бес жыл бұрын сенбеген жайттар өмір шындығына айналып кетті. Мәселе – осы институттарды (әкім сайлауын – ред.) оларды заңды өмір өзегіне айналдыру, оларды шын мәніндегі қоғамдық және мемлекеттік институт ретінде бекіту, – деді Айдос Сарым.
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арқасында Қазақстанның ұлы жетістіктерге қадам басқанын терең толғаныспен тебірене жеткізді. Бірақ босаңсуға, босауға болмайды. Ақын мақтанатын, ақталатын, атқаратын жұмыс көп екенін жасырмады.
«Ұлудың жылдамдығымен жүрсек те, ұлы жетістіктерге бара жатқанымыз анық. Бұл – тікелей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси институттарға, ойы бөлек азаматтарға деген сенімінің арқасы. Қазақта «балпаң-балпаң кім баспас, басуға балтыр шыдаса» деген жақсы сөз бар. Осы сөздің мағынасын мен шынымен Мәжіліске келгенде ғана түсінгендеймін», – деді депутат. Сонымен бірге депутат күнде жұмысқа келе жатқанда халық алдындағы жауапкершіліктен аяғы дірілдейтінін тілге тиек етті. Алайда бірте-бірте оған да бойы үйренген көрінеді.
«Дегенмен беталысымыз жаман емес. Бүгінде мемлекетте болып жатқан өзгерістерді «көрмес» қана байқамайды. Парламент халыққа ашық түрде жұмыс істеп жатыр. Көтерілмей қалған мәселе, айтылмай қалған ой жоқ. Осылайша, қоғамды толғандыратын көптеген мәселе шешімін тауып, елдің іргесі беки түсті. Әрбір игі іс жүзеге асқан сайын халықтың билікке деген сенімі артып келеді».
Осылай деп көсілген депутат мемлекеттегі оң өзгерістердің барлығының негізінде Президенттің «ойлы саясаты мен батыл бастамалары» тұрғанын айтып, Қазақстанды уығы мықты үйге теңеді. Ал сөзінің соңында жыр арнап, көпшілікті «жалғанның жалтыраған бұйымы үшін таласпауға» шақырды.
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Қазақстан бүгінде тектоникалық саяси өзгерістер кезеңін өткеріп жатқанын байыппен жеткізді. Қызбалыққа бой ұрмады. Бірақ бәрін мойындады. «2019 жылы осындай күрделі кезеңде билік басына Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Ол билікке келісімен «Қазақстанда саяси реформалар жасамай, еліміздің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ету мүмкін емес», – деп мәлімдеді.
Мемлекет басшысының бастамасымен Саяси реформаларды жоспарлау үшін арнайы Ұлттық Кеңес құрылды. Ұлттық Кеңес елдегі ушығып тұрған саяси процесті эволюциялық жолмен шешуді көздеп, Президент өкілеттілігін Парламентке беру, оппозиция рөлін арттыру, Конституцияға өзгерістер енгізу және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік мәселелерін қарастырды.

Президенттің каденциясының басты мәселесі – елімізде қалыптасқан «жеке басқа табынушылық» процесін жойып, мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа тұрпатты, халықтың қоғамдық мүддесіне сәйкес келетін саяси жүйе қалыптастыру», – деді ол.

Сайыровтың сөзінше, бұл реформаларға ескі жүйе дәуірінде Қазақстанның саяси сферасына, экономикалық жүйесіне дендеп кіріп алған олигархиялық, бюрократиялық топтар қарсы болған.
«Мемлекеттің ішінде саяси реформаларға қарсы пиғыл мен реваншистік топтар пайда болды. Осы реваншистер 2019 жылдан бастап жүргізіліп жатқан реформаторлық курсқа жүйелі түрде қарсылық білдіріп келді. Бұл қылмыстық топтың жымысқы әрекеттері Қаңтар оқиғасындағы ауыр жағдайларға алып келді.
Қаңтар кезеңінде ел Президенті Қазақстан мемлекетін ауыр алапаттан құтқарып қалды! Қаңтар оқиғалары саяси реформаларға жаңа пәрмен берді. Осы жерде баса айтатын мәселе, жоғарыда айтылғандай, саяси реформалар 2019 жылы басталған», – деді депутат.

АКАДЕМИК ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЕКІ ЕРЛІГІН ҰМЫТПАУҒА ШАҚЫРДЫ

Академик, ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі ерлігін көпшілікке паш етті.
«Мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі ерлігін айтқым келеді. Біріншісі, 2022 жылы үлкен сын келді. Қазақ мемлекетінің шаңырағы шайқалды, бірақ құлаған жоқ. Жалауы жығыла жаздады, бірақ құлаған жоқ. Алматы өртке оранды. Мен он екі жасымда Алматыға келдім. Талай жыл Мәскеуде жүрдім. Алматы маған өгей қала көрінетін. Бірақ отқа оранған Алматыны көргенде мен өзімді алматылық сезіндім. Апырмай, біздің басшы не қылады екен? Жалғыз қалды ғой. Бөтен елдің Президенттерінің бәрі майданнан қашып кетіп жатты. Осындай күмән туды. Тоқаев сертінен таймады. Туды құлатпады, туды берік ұстады. Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірінші ерлігі», – деді ол ерекше сүйіспеншілікпен.
Президенттің екінші ерлігі Ұлттық ғылым академиясын қайта жаңғыртуы екен.
«Ұлттық ғылым академиясы 1946 жылы құрылған, яғни Кеңес Одағының қиын кезеңінде құрылды. Бірінші Президент, қазақтың біртуар ұлы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев орасан зор жұмыс атқарған. Сол кезде ашылған кен орындары бүгінгі қазақ қазынасына 90 пайызын беріп тұр. Осы кезеңде салынған электр стансалары әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Егер оның қосалқы бөлшектерін алып тастасаңыз, ол әлі тағы жүз жыл жұмыс істейді. Бұл білетін адамға ғылымның не екенін көрсетеді. Осы тұрғыдан алып қарасақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы құлаған академияны қайта тұрғызды. Бұл ол кісінің екінші ерлігі», – деп санайды академик.
– Елімізде толыққанды саяси реформа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы 16 наурызда халыққа Жолдауынан басталды. Осы Жолдауында Мемлекет басшысы елдің саяси дамуының жаңа моделін ұсынды. Тосын ойға толы Жолдауында Президент алдымен биліктің бір ғана қолға шоғырлануын шектеу бағытындағы өзгерістерге ерекше мән берді. Содан соң, билік пен қоғам арасындағы сенім мен білікті нығайтуды негіздеген бірнеше тың ұсынысты жариялады. Ол ұсыныстар конституциялық реформаға ұласқаны әрі ол реформаның қоғамның түбегейлі жаңғыруға деген терең сұранысынан туындағаны жайлы атап өткен жөн, – деді VIII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің жанындағы қоғамдық палатаның мүшесі, экономист Ж.Күлекеев.
Оның айтуынша, ең үлкен өзгеріс ретінде жеке монополистердің үстемдігін шектей отырып, әділ нарықтық бәсекелестіктің дамуына жол ашуға бағытталған саяси-экономикалық шешімдерді атап өтуге болады. Кезінде заңсыз жекешелендірілген біраз актив қайтарылып, шағын және орта бизнестің дамуына оңтайлы жағдай жасалды. Соның нәтижесінде шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 37 пайыздан асып, олардың ел экономикасына инвестиция салуы арта түсті.
– Қазіргі кезде ел экономикасына тартылып жатқан инвестицияның жартысынан астамы осы шағын және орта бизнестің үлесіне тиесілі. Аталған саяси реформалар кейінгі жылдары экономиканың тұрақты дамуына ықпал етіп отыр. Бұл ретте, жалпы ішкі өнім былтырдың қорытындысы бойынша 288 млрд долларға жетіп, жан басына шаққанда 14 мың доллардан асты. Шетелдік инвесторлар өңдеу өндірісіне молынан инвестиция тарта бастады. Соның нәтижесінде елімізде жаңа өндіріс салалары пайда болып, өңдеу саласы қарқынды дамып келеді, – деді экономист.

ОППОЗИЦИЯНЫҢ ҚЫС-КӨҢІЛІ ЖІБІГЕН КҮН

– Мен 25 жылдық оппозициялық қоғамдық қызметтен кейін мемлекеттік биліктің бір өкілетті бұтағына сайлау арқылы келген адаммын. Бұл арадағы негізгі тірек тіркес – сайлау арқылы. Бұдан 20 жыл бұрын жойылған бірмандатты мажоритарлық сайлау және сайлану мүмкіндігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен реформаның арқасында қайтадан қалпына келгені даусыз. Біз бұл сайлау жүйесінің мүмкіндігін дамыта түсуіміз керек, – деді депутат Ермұрат Бапи.
Осы орайда Ермұрат Бапи «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы маңызды қадамдарды атап өтті.
– Президенттің «Әділетті Қазақстанды» қалыптастыру мақсатында жылыстатылған активтерді елге қайтару бастамасын бірінші кезекте айту керек. Бұл Мемлекет басшысының өз сайлаушыларына, яғни Қазақстан халқына берген Президенттік уәдесі ғана емес, ең бастысы, перзенттік парызы деп түсіну керек. «Ескі жүйеде» есесі кеткен халықтың қазынасын толтырудың қамымен кейінгі екі жылдың ішінде 2 трлн теңгеге жуық актив қайтты деген ақпарат бар. Басқасын қайдам, сол 2 триллионның тең жартысын екі олигарх қана қайтарған екен. Ал Президенттің тілімен айтқанда, «ел қазынасының жартысын иеленіп алған олигархтан қайтарылуға тиіс активтер қайда? Елде баяу болса да, қадау-қадау жүзеге асып жатқан реформалар турасында айтқанда, Президенттің тікелей өкімімен құрылған Ұлттық құрылтайды да ауызға алмауға болмайды. Ел дамуының болашақ стратегиялық перспективасын анықтауға септігін тигізетін бұл құрылым қоғам мен мемлекеттік билік арасындағы диалогтік алаңға айналғанын жуықта ғана өткен Бурабай құрылтайы тағы да дәлелдеді. Жергілікті әкімдердің сайланып қою жөніндегі Президенттің тағы бір реформалық бастамасын тілге тиек еткім келеді. Иә, бұл мемлекеттік басқару вертикалын демократияландыруға бастайтын батыл қадам болғаны даусыз, – деп сөзін түйіндеді Ермұрат Бапи.
Ең қызығы, бұрын оппозицияда болып, тіпті Президент, Парламент сайлауларына қатысып, билікке ашық қарсы болып келген, кейіннен бағыты өзгерген Жалпыұлттық социал-демократиялық партия атынан сайланған депутат Асхат Рақымжанов та Тоқаевтың реформасын жақтай сөйледі.
– Ел Президенті жариялаған «әділ Қазақстан» идеясы ең алдымен саяси плюрализмнен көрініс тапты. Қазақстан қоғамының конструктивті сегментіндегі барлық дауысқа құлақ асты, – деді ол.
Бір кездегі оппозицияның шыңы болған «Ақ жол» партиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың және ел дамуындағы жаңа өзгерістердің маңыздылығына тоқталды.
Депутаттың айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан реформалары үш жылдың ішінде ел өміріне үлкен серпін берді. Ата Заңға түзетулер енгізілді, Парламенттің өкілеттігі күшейді, Конституциялық сот құрылды. Ауыл әкімдерін сайлау жүйесі жаңарып, халықтың сенімі артты. Мемлекетке қайтарылған заңсыз активтер құны 2 триллион теңгеден асты. Ол Әділетті Қазақстан қағидатының негізгі тірегі заң мен тәртіп екенін атап өтті.

«Әділетті Қазақстанның бәріне бірдей «Заң мен тәртіп» қағидаты болмаса, бұлардың бірі де болмас еді. Дәл осы принцип Президенттің басты жеңісі деп білемін. Ұлттық қордан балалар болашағы үшін қаржы салуды алдымен өздерінің жеке байлықтарын көбейтуді ойлаған бұрынғы билік ешқашан болуы мүмкін еместей көрсететін. Ал қазір бәрі де мүмкін болып, әр баланың есепшотына алғашқы салымдар түсіп жатыр», – деді Қ.Иса.

Сонымен қатар депутат ұлттық дамудың негізі ұлттық идеология екеніне назар аударды. Мемлекет басшысының ішкі саясат тұжырымдамасын жасау жөніндегі тапсырмасы ұлттық идеологияның жаңа кезеңі екенін жеткізді. Ұлттық бірегейліктің негізі – мемлекеттік тіл екенін еске салды.
Қазыбек Иса Конституцияға енгізілген өзгерістердің ішінде «Жер мен жер қойнауы халыққа тиесілі» деген қағиданың тарихи маңызын атап өтті.
Сондай-ақ депутат жаңадан құрылған Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарының дамуға серпін бергеніне мән берді. Президенттің Торғай өңірін дамыту бастамасы мен Астанадан Арқалық арқылы Транскаспий дәлізіне шығатын автожол құрылысы туралы шешімін қолдайтынын жеткізді.

«Елімізді Жаңа дәуірге бастайтын салиқалы саяси реформа, ұлттық бірлік пен ынтымақ үшін бәріміз өз үлесімізді қосуымыз керек. Ол үшін Президенттің жанында антына адал, ісіне мығым азаматтардың топтасуы қажет», – деді Қ. Иса.

ІШКІ ЖАЛПЫ ӨНІМ – 288 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР

Мемлекет басшысының ел тізгінін қолға алғанына алты жыл толуына орай, Премьер-министр Олжас Бектенов көлемді мақала жазып, әр салада жеткен жетістікті жіліктеп шығыпты.
Онда келтірген деректерге сүйенсеңіз, шынында Қазақстанның экономикалық тұрғыда ілгерілеп келе жатқанын аңғару қиын емес. Тоқаев билікке келген алты жылда Қазақстанның ішкі жалпы өнім көлемі 288 миллиард долларға жеткен. Ал жан басына шаққандағы ІЖӨ мөлшері 14 мың долларды құрап отыр. Бұл – өте жақсы нәтиже. Еліміз бұрын-соңды мұндай деңгейде экономикалық тұрақты болған емес. Кезінде мұнай қымбат мамыражай кезеңде Ұлттық қорға долларлар шелектеп құйылып, табысымыз артып жатқандай көрінген. Алайда дәл қазіргідей экономиканы әртараптандыру, жаңа зауыт-фабрикалар салу секілді жобалар жүзеге асқан жоқ.
Сөзіміз дәлелді болсын. Алты жыл ішінде 130 миллиард тікелей инвестиция тартылды. Өндіруші өнеркәсіп 31,4 пайызға ұлғайды. Шикізат қана емес, өңделген тауар сатуға да кірістік. Сыртқы тауар айналымы 141 миллиард долларды құрады. Соның 29 миллиарды өндірілген тауарларды сатудан түсті. Осылайша, экономикадағы үлесі екі есеге ұлғайды.
Халықтың әлеуметтік жағдайына да ерекше мән беріліп келеді. Миллиондаған шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалақы, шәкіртақы, зейнетақы көбейді. Жаңадан жолдар салынып, ескілері жөнделіп жатыр. Өңірлерге газ тарту жұмыстары жүргізілуде.
Есте қалатын ірі оқиғаларға ғана назар аударғанда кейінгі алты жыл жағымсыз кейіпте еске түседі. Дегенмен іс жүзінде алты жылда экономикалық тұрғыда да, әлеуметтік тұрғыда да зор табысқа қол жеткіздік деп айта аламын дейді Үкімет басшысы.

27.03.2025

Ұқсас жаңалықтар

ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫ ГҮЛМЕН КӨМКЕРІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 31.03.2025 46
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ  ТӨЛЕБИЛІКТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 31.03.2025 97
ШАРДАРАЛЫҚ ЗІЛТЕМІР ШЕБЕРІ ТҰҢҒЫШ ЕЛ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 31.03.2025 30
ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА МАШИНА ТЕХНИКАЛЫҚ СТАНЦИЯСЫ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 31.03.2025 127

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 3439
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 3650
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 18572
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 17257
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 20676