14 шілде күні Назарбаев университеті жанындағы Ұлттық талдау орталығында «Өндірістен сұранысқа дейін: отандық өңдеу өндірісінің дамуы» тақырыбында өткен дәрісте Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің 2021-2025 жылдардағы даму серпініне арналған аналитикалық шолу ұсынылды. Талқылауға Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің басшылығы қатысты. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Қазақстандағы өндіріс көлемі тұрақты өсіп келеді, импорттың өсу қарқыны баяулаған, ал өңдеу өнеркәсібінің құрылымы әртараптанып, технологиялық тұрғыдан жетілдірілуде. ҰТО-ның бағалауынша, кейінгі 5 жылда өңдеу өнеркәсібінің негізгі секторларындағы өндірістің орташа жылдық өсімі АҚШ доллары баламасында 11,2%-ды құраған. Ал 2025 жылы жылдық өсім қарқыны 12,1%-ға дейін жеделдеген. Сонымен қатар еліміздегі жоғары технологиялық өндірістердің үлесі 20,7%-дан 27,6%-ға дейін өсті.
Импорттың орташа жылдық өсімі 2021-2023 жылдардағы 23,9%-дан 2023-2025 жылдары 2,9%-ға дейін төмендеді. Талдау үшін машина жасау, металлургия, химия, жеңіл өнеркәсіп және басқа да салалар бойынша импортталатын 9 тауар тобы таңдалды, олар өңдеу өнеркәсібі өндірісінің шамамен 88%-ын қамтыды.
«Өңдеу өнеркәсібін дамыту – бұл өндіріс көлемінің артуы ғана емес, сонымен қатар экономиканың технологиялық деңгейі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Мемлекеттік саясат отандық өндірушілерді қолдауға, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға, терең өңдеуді кеңейтуге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға қолайлы жағдай жасауға бағытталған», – деді Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков.
Дәріске қатысушылар өңдеу өнеркәсібінің дамуы ішкі өндірістік базаның кеңейгенін, импортқа тәуелділіктің азайғанын және Қазақстанның шикізаттық емес экспорттық әлеуетінің нығайып келе жатқанын атап өтті.
Қазақстанның шикізаттық емес экспорттық әлеуетін нығайту – экономиканы әртараптандырудың және елдің жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты бағыты. Бұл үдеріс отандық өнімдерді сыртқы нарыққа шығаруға, сапаны жақсартуға және мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсетуге негізделеді. Мұндағы басым бағыттардың қатарында терең өңдеуді дамыту, қызметтер экспорты, логистиканы жақсарту, сыртқы нарыққа шығуды жеңілдету қатарлы жоспарлар қамтылған. Ал мемлекет өз тарапынан қаржылық қолдау, сақтандыру және кепілдік беру, экспортты ілгерілету жағына жәрдем беруді жалғастырып келеді.
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
















