Сабыр Қожатайұлы Сәбеков мектепте жүрген кезінен заңгер болуды армандапты. Үздік бітіріп, бір ғана сынақты «беске» тапсырып, әйгілі ҚазМУ-дың заң факультетіне түседі. Қызметін тергеушіліктен бастайды. Облыстық Ішкі істер бөлімінде тергеу бөлімін басқарады. Сарыағаш ауданында он жылдай Ішкі істер бөліміне басшылық етеді. КСРО Ішкі істер министрлігінің академиясын үздік бітіріп, Павлодар облысында Мемлекеттік тергеу комитетіне төраға болады. Ол таратылған кезде облыстық Ұлттық Қауіпсіздік комитеті бастығының орынбасары қызметінде жүріп, демалысқа шығады. Одан кейін шығармашылықпен айналысып, «Тергеуші жазбалары» деген кітабын шығарады. Сабыр аға өткен жылы арамыздан мәңгілікке алыстады. Таяуда «Тоғанай Т» баспасынан ол кісі туралы «Өз саласының саңлағы Сабыр Сәбеков» деген кітап басылып шықты. Оның бірінші бөлімі С.Қожатайұлының тергеушілік жазбаларынан тұрады. Мына төменгі әңгіме сол кітаптан алынып отыр.
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
баспа директоры
Бұл оқиға да сол Сарыағаш ауданында жүрген кезімде болды.
Әлі есімде, 17 сәуір болатын. Бірақ қай жылы болғаны ойымда қалмапты.
Келес өзенінің Сарыағаш шипажайын айналып өтетін жерінде бір кісі өліп жатыр деген суық хабар түсті. Ести салысымен бардық. Облыстық Ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары Оспан Байдәулетов те ести сала жетіпті. Қай жерде осындай күрделі қылмыс бола қалса, әдеттегісінше баратын сол кісі еді.
Не керек, бәріміз бірге болдық. Үлкен денелі әйел қайраңға шығып қалыпты. Жалаңаш денесі жарқырап жатыр.
Келес үлкен арналы өзен емес қой. Дереу жігіттерді шешіндіріп, судмедэкспертіміз бар, әйелді бері алып шығуға бардық. Ішкиімі тізесіне дейін түскен. Су ағызып әкелді дейін десең, оған мүлде ұқсамайды. Бұл кім, қай жақтың әйелі деп көз салсақ, қалалыққа келіңкірейді.
Кеңестік жүйеге жік түсе қоймаған жылдар ғой бұл. Өзбекстан мен Қазақстанның арасында шекара жоқ. Екі жақтың малы да, жаны да мидай араласып жатыр. Сарыағаштықтардың көбі Ташкентте жұмыс істейді. Өзбекстандықтар да біздің жақта жұмыста. Демалыс кездерінде қаптап келеді. Қызғалдақ теруге келеді, саңырауқұлақ тереміз деп келеді. Қалай көктем шықса болды, Сарыағаштың даласы жан-жақтан қаптап келген адамдарға толады. Дені өзбектер. Қарап тұрып, бүкіл Ташкент еңсеріле көшіп келген бе деп қаласың. Қыз-келіншектерімен келеді, топтанып жігіттердің өздері жетеді. Әлгі әйел де сөйтіп демалуға келген ташкенттік шығар деп ойладық. Дәл солай дейін десек, нақты ештеңесін білмейміз. Жанынан аты-жөнін айғақтайтын ешқандай деректік жазу қағазын таба алмадық. Енді қайттік, қайдан, неден бастаймыз? Өстіп тығырыққа тіреліп отырғанда ойымызға Өзбекстаннан келер жолдардағы МАИ посттары түсті. Олардың саны төртеу болатын. Міне, солардан басқа үй-үйдің араларынан шығатын жолдардың қанша екенін санадым дегенді естімеппін, ондайлар көп еді. Әлгі төрт постты ауызға алып отырғаным, онда кезекшілікте тұрған кісілер түнгі он екіден таңғы сегізге шейін Ташкент жақтан өтетін машиналарды тоқтатпай тіркеп, тізімге түзіп жазып отыратын. Сұрай қалсаң, сіз айтқан мына нөмірлі машина мынадай уақытта өтті дейді. Басқа қайдан іздейміз деп, бүкіл ісімізді сол жерлерден бастағанда жөн көрдік. Жігіттерді төрт постқа бөліп, он бесінен бері Ташкентке қарай өткен машиналардың бәрін біліп келіңдер деп жібердім. Бір посттан он алтысы күні Сарыағаш жақтан бір Жигули машинасы өтіпті. Кейбіреулерінде тіпті жоқ. Төртеуі арқылы өткен машиналарды саралай отырып, бізге жобасы келетіні әлгі Жигули секілді болып көрінді. Өйткені он жетісі күні өлік табылып отыр ғой.
Ол уақытта екі жақ та ашық. Қызмет бабындағы әлгіндей жағдаймен бара қалсаң көмектерін аямайды. Ретіне қарай біз де солай қол ұшын аямай береміз. Сондықтан кіріп шыққан машинаны табу бізге қиындық келтірмеді. Иесі өзбек жігіт екен. Сондағы механикалық зауытта жұмыс істейді. Сөйлестік. Үйі тура Сарыағаштың түбінде. Оған келу үшін МАИ постынан өтеді. Машинасының нөмірі тіркеліп қалған.
«Не үшін өттің?» десем, «Үйіме бардым ғой» дейді.
Үйі тура Ташкентке апаратын республикалық күре жолдың бойында.
Айтқанын нақтылайын деп үйіндегілерден сұрасам, «иә, үйге келген» дейді.
Содан соң да маған бұның сөзіне сенуге болмайды деген ой келді. Әйелдің суретін түсіртіп алған едім, соны ұстатып жігіттердің бірін зауытқа жібердім. Апарып көрсетсе, «иә-иә, бұл әйелді жақсы танимыз, біздің буфетші әйел ғой» депті.
– Ол қайда, біз соны іздеп келіп едік, – дейді жорта қулық жасап қызметкеріміз.
– Қайда екенін білмейміз. Әйтеуір екі-үш күннен бері көрінбей қалды, – дейді олар.
– Аты кім?
– Пәленше, тегі мынадай. (Әрине, аты-жөнін толық айтады ғой).
– Енді қайда тұратынын білу қиын ба?! Үйіне бардық, көрдік дегендей әңгіме ғой. Өзі жеке басты әйел екен.
Қайтыс болған хабарын естіген ағайын-туыстары жиналып келіп, денесін алып кетті.
Әйткенмен сонымен іс біткен жоқ. Өйткені қылмысты дәлелдеуіміз керек қой. Сондай мақсатпен Өзбекстанға тергеушіні жібердім. Ол әйелдің кім екенін, өмірбаянын анықтады, ағайын-туыстарымен жүздесті, араласатын жора-жолдастарын да қалыс қалдырмады.
Иә, енді ана жігіт бар емес пе, әлгі машинасына мінгізген жігітті айтамын. Ол механикалық зауытта электрик болып жұмыс істейді екен. Сұрастырып көрсек, араларында байланыс бар. Бірақ екеуінің жас айырмашылығы біршама алшақ болып шықты. Нақтылап айтқанда жігіт он бес жастай кіші. Келісті әйел сауда саласында істеген. Киімі де жақсы, тұрмыс жағдайы да жаман болмаған сыңайлы. Жан-жақты анықтау мақсатымен жігіттің үйіне тінту жасадық. Алып бара жатқан дүние көзге көрінбеді. Бір шетте павидло салатын үш литрлік қалбырды көрдім. Содан қылтиып бірдеңе көрінгендей болды.
– Бұл не? – деп сұрап едім, ана жігіт естімеген сыңай танытты.
Көңіліме бірден күдік ұялап, жігіттерге “мынаны алып жүріңдер” дедім. Бөлімге әкелген соң кабинетіме апарғыздым. Оны бөлменің бір бұрышына қоя салыпты.
Ана жігіттің өзін де ұстаған едік. Онымен тергеуді бастаған. Ә дегенде-ақ онымен байланысым болғаны да рас еді. Қарым-қатынасымыз жақсы болды. Бірақ мен оны не қыламын, өйткені өз отбасым бар деді.
Қалыптасқан заңдылық бар. Ол бойынша үш күн ұстайсың, ол уақытта қылмысын дәлелдей алмасаң, уақытты он күнге ұзарта аласың. Біздің ұстағанымызға он күнге таяды, енді болмаса амалсыз босатуға тура келеді. Онымен тергеуді басқа жігіттер жүргізіп жатқан. Бір күні үйреншікті өз әдісіме салып, оңаша сөйлесіп көрейінші, не дер екен деп кабинетіме алдырттым. Аты Тахир еді. Сәл отырған соң:
– Мені жіберіңіз, қылмыскер емеспін, – деді ол.
– Не дейсің? – дедім де назарын қалбырға аударттым. – Ана әйелді өлтірген жоқсың дейін, бірақ сен мынау үшін жауап бересің. Осы үшін кемінде бес жыл мойныңа ілінеді.
Түріне қарап тұрмын, әлгі сөзім оған кәдімгідей әсер етті. Содан кейін даусымды күшейте түстім.
– Сен бұның ішінде не бар екенін білесің бе? (Солайын солай деп тұрмын-ау, алайда ішінде не барын өзім де білмейтін едім). Мен мынаны істен шығарып тастайын, бірақ сен болған оқиғаны жасырмай өзің айтуға тиіссің.
Алайда ол бірден шешіле қоймады. Не дерін білмей әбден ойланды. Жаны мұрнының ұшына келгендей қиналғаны тыпыршыған отырысынан, бетінен моншақтап аққан терінен көрінді. Тығырықтан шыға алмасына көзі жеткендей болған сәтте ғана жыбырлап сөйлейін деді.
– Иә, ол әйелді өлтірген мен едім, – деген сөзі ап-анық естілді.
– Сонда қалай болды?
– Біраздан бері екеуміздің қатынасымыз жақсы еді. Содан машинаммен демалайық деп шықтық, – деді. Мен де оның демалуға алып келген жерін өте жақсы білетін едім. – Келестің жарқабағының үстінде әкелгендерімізді ішіп-жеп отырдық. Сонда ішкеніміз бір шампан ғана. Қандай оймен айтқанын, әйтеуір бір кезде ол маған «Сен к...ң, сенің ... маған кішкентай» деді. Сол сөзі шымбайыма батып кетті де, ішкен бөтелкемізбен басынан бір-ақ ұрдым. Өзім қатты қорқып кеттім. Денем дір-дір етіп, әйтеуір әрекетіме есеп беретін жағдайда емес едім, оны жарқабақтан әрмен қарай итеріп жібердім, – деді.
Біздің эксперттің анықтауы бойынша, ол әйел бастан алған жарақаттан емес, өзенге тұншығып өлген екен.
– Дұрыс, Тахир, енді сен сол оқиға болған жерді көрсетесің бе?
– Көрсетемін.
Оны осы сөзінен кейін машинаға мінгізіп алып, тобымызбен сол жаққа қарай жөнелдік. Прокуратураның тергеушісін де жанымызға қосып алғанбыз. Барсақ, айтқанындай отырған жерлеріндегі қалған нәрселер сол күйінде жатыр. Әйелдің мойынға таққан алқасы, қол сөмкесі, оның ішіндегі заттары – бәрі сол күйі қалған. Ол жаққа басқа бір кісілер барса, әлгі нәрселердің талайын алып кетер еді. Соған қарағанда ешкім аяқ баспаған. Заттардың сол күйі қозғаусыз жатқаны Тахирға дем берді-ау, шамасы:
– Бөтелкемен ұрарымды ұрып алып қорқып кеттім. Жардан итеріп жібердім де қашып кеттім, – деді кабинетімдегі сөзін қайталап.
Мен соның алдында ғана жауапты кісілерімді сол жерді көріп келуге жіберген едім. Олар екеуі отырған жарқабақтың үстіне бармай, соның айнала төңірегін шиырлап шарлаумен қайтыпты.
Осылай кісі өліміне байланысты қылмысты оп-оңай анықтадық.
Кісі өлтіруші Тахирмен кабинетіме қайтып келдік. Көзім әлгі қалбырда. Бір жағы ішінде не барын білгім келіп:
– Әй, ананы ашпай-ақ қояйын, өзің айтшы, соның ішінде не бар? – деп сұрадым. Сөйтсем: «Оның ішінде не барын сіз білмесеңіз, мен қайдан білемін?» – дейді. Ал мен бұны наркотик, әлде алтын секілді қымбат нәрсе салынған қалбыр шығар деп ойлағанмын. Сондай пиғылмен наркотикпен айналысатын жігіттерді шақырып, сол күйі далаға шығартып тексерсек, мен қауіп көретіндей бәле емес, әншейін гүл, соның сабағы екен. Балалары ма, әйтеуір біреуі еккен ғой. Сол ебепке себеп болды. Соны жай айта салып едім, сол сөзім қылмыстың ашылуына ілік болды...
Аяғында Тахир өз ісіне сай жазасын арқалап кетті.
















