Бала тәрбиесі, балаларды кітап оқуға баули білу өте өзекті орынға көтерілгені мәлім. Қазір техниканың дамыған заманы, балалар өте ширақ, өте зерек. Тіпті бір жастағы баланың қолына телефон берсең, өзіне қажеттісін тауып алып жатады. Сол себептен де болар, қазіргі заманда біздің елімізде түрлі жағдайлар болып жатыр. Мысалы, балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид біздің елімізде өсе түскен. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид жасау әрекеті мен кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылық арта түскен. Кейбір статистикалық мәліметтерге сенер болсақ, әлеуметтік желіде уақыт өткізетін балалардың саны 72,2 пайыз, кітап оқымайтындар 40,3 пайыз екен. Айта берсек, статистика өте жоғары. Бұл біздің елімізге төніп тұрған үлкен қауіп. Өйткені бала біздің болашағымыз деп, оларға үлкен үміт артып отырмыз. Сондықтан қазірден бастап дабыл қағып, қолға алмасақ, ертеңгі күніміздің не болары белгісіз болып тұр. Елімізде күн сайын түрлі-түрлі жан түршігерлік жағдайларды естіп жатырмыз. Бірақ селт етіп жатқан қоғамды көріп отырған жоқпыз. Енді осының қалай алдын алуға болады? Осындай өзекті мәселелермен ой бөлісу үшін Республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ақатай және педагог психолог Назым Ділтаймен әңгімелесудің сәті түскен еді.
Ең бастысы – отбасы, ата-ана жауапкершілігін күшейту
Ғалия Есқұлова:
– Назым ханым, сіз мектепте жиырма жылдық тәжірибеңіз бар мамансыз. Бала тәрбиесі туралы қаншама еңбектер жаздыңыз. Ата-аналармен, балалармен семинар, тренингтер өткізіп жатырсыз. Жалпы тәрбие жұмысы туралы айта кетсеңіз?
Назым Ділтай:
– Атақты ақын, қазақтың көрнекті педагогі Мағжан Жұмабаевтың: «Бала тәрбиесі – бір өнер. Өнер болғанда, жеке ғылым иесі болуды тілейтін өнер», – дегені бар. Өкінішке қарай, біз осы мәселеге әлі күнге дейін жеткілікті деңгейде назар аударып отырған жоқпыз. Балаға кітап оқыту, ұлттық тәрбие беру, ата-әжелеріміздің тәрбиесі, қазақ қоғамының ұрпақ өсірудегі дәстүрі, ХХ ғасырдағы ұлт зиялыларының қалыптасуы туралы көп айтылып келеді. Алайда бұл мәселелердің көбі сөз жүзінде қалып, іс жүзінде жүйелі қолға алынбай отыр. Негізінде мұның бәрі – отбасы тәрбиесіне, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа келіп тіреледі.
Соңғы уақытта отбасы ішіндегі жанжалдарға қатысты заңнаманың 73-бабына өзгерістер енгізілді. Бірақ бұл мәселені тек сот арқылы шешумен шектелуге болмайды. Ең бастысы – отбасы институтын, ата-ана жауапкершілігін күшейту. Бүгінгі күні ең өзекті мәселелердің бірі – баланы ақпарат тасқынынан қорғай білу. Бұрын жүздеген жылда бір жаңалық пайда болса, қазір әр минут сайын мыңдаған ақпарат тарайды. Оның қайсысы пайдалы, қайсысы зиян екенін бала ажырата алмайды. Ал ата-аналардың көбі күнкөріс қамымен жұмысбасты болып жүр.
Қазіргі қазақ әйелдерінің де жағдайы туралы ойланатын уақыт келді. Жалпы, оларды шартты түрде екі топқа бөлуге болады. Біріншісі – өзін дамытуға ұмтылатын, кітап оқитын, білімін жетілдіретін, ізденетін аналар. Мұнда мәселе семинарға баруда емес, адамның өзін үздіксіз дамытуында. Екіншісі – айналасына қарап өмір сүретін, өзін өзгертуге ұмтылмайтын ата-аналар.
Бұл жөнінде Мұхтар Әуезовтің «Адамзаттың негізі – әйел» атты мақаласындағы ойы ерекше мәнге ие. Ол: «Әйелдің басындағы тұман сейілмейінше, халыққа адамшылықтың дәні егілмейді», – дейді. Себебі бала тәрбиесінің алғашқы жүгі көбіне ананың мойнында. Әрине, бүгінде ер-азаматтар да, әйелдер де жұмыс істейді. Дегенмен отбасыдағы тәрбиеге уақыт бөлудің маңызы кеміген жоқ. Біздің бала кезімізде анамыз үй шаруасымен айналысты, ата-әжеміз тәрбиемізге ерекше көңіл бөлді. Әлі күнге дейін есімде: атам кешкілік бәрімізді жинап алып, батырлар жырын мәнерлеп оқытатын. Ол кезде оның мәнін толық түсінбейтінбіз. Кейін есейгенде сол сөздердің, сол тәрбиенің адам санасында қайта жаңғыратынын ұқтық. Батырлар жыры бізге рух, жігер, қайрат сіңірді. Бүгінде көптеген ғалымдар ұлттық тектіліктің, рухани арналардың әлсіреп бара жатқанын айтып, дабыл қағып жүр. Қоғамдағы жігерсіздік, мақсатсыздық, депрессияға бейімділік те рухани тәрбиенің әлсіреуінен туындайды. Қазір мұны «мотивация» деп айтып жүрміз. Ал оның түпкі мәні – адамның алдына мақсат қоя білуі. Балаға кішкентайынан: «Сен еліңе қызмет ететін азамат боласың», «Мықты бол», «Берік бол» деген сөздерді айтып өсіру керек. Осындай қарапайым сөздердің өзі баланың рухын қалыптастырады.
Менің түсінгенім – рух дегеніміз ақыл, нұр, сөз. Сондықтан кез келген баланы тәрбиелеудегі ең маңызды құрал – сөз. Екіншісі – ата-ананың өз үлгісі. Бала айтқаннан гөрі көргенін тез қабылдайды. Ата-аналардың бала тәрбиесінде жиі жіберетін қателіктерінің бірі – балаға уақыт бөлмеу, оның еңбегін бағаламау, жетістігін құнсыздандыру. Әр баланың табиғаты әртүрлі: бірі денсаулығы мықты, бірі әлсіз, бірі өнерге бейім, бірі ғылымға жақын. Сондықтан әр баланың бойындағы шынайы қабілетті байқап, соған сенім арту қажет. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар баласын үнемі кемсітеді. «Сенен ештеңе шықпайды», «Сенің қолыңнан түк келмейді», «Сен менің түбіме жетесің» деген сөздерді талай адам бала кезінде естігенін айтып, жылайды. Мұндай сөздер баланың өзіне деген сенімін жояды. Сондықтан әрбір ата-ана өзіне: «Менің балам ертең қандай азамат болады?», «Оның бойындағы қабілетті қалай ашамын?» деген сұрақтарды қоюы керек. Бала тәрбиесі дәл осындай саналы көзқарастан басталады.
Ғалия Есқұлова:
– Баланың бойынан сенімділік ұялата білу керек дейсіз ғой?
Назым Ділтай:
– Иә, соны айтады ғой Мағжан. «Баланың қатаң, қаһарлы қожасы болма, жұмсақ жолдасы бол», – дейді. Бала деген сенімпаз, аңғарымпаз болып өседі. Кішкентай кезінде-ақ соған өз күшіне өзін сендіріп үйрету қажет дейді балаға.
Әрбір баланың тағдыры – ұлттың тағдыры
Ғалия Есқұлова:
– Баян ханым, өңірлерді жиі аралап жүресіз ғой. Отбасылық түрлі оқиғалардың куәсі болып жатырмыз. Түрлі зорлық-зомбылықтар, балалардың өз-өзіне қол жұмсауы... Жаңа Назым ханым айтып жатыр, біз кітаппен тәрбиеленіп өстік деп. Балаларды қазір телефон тәрбиелеп жатыр. Балаларда кездесетін мұндай келеңсіздіктердің басты себебі неде деп ойлайсыз?
Баян Ақатай:
– Жаңа ғана аталған статистикадағы барлық көңілсіз жайттар – бір-бірімен тығыз байланысты құбылыстар. Оларды жеке-жеке қарастыруға болмайды. Себебі әрқайсысы екіншісінің салдарын ауырлата түседі. Вейп те, есірткі де, буллинг те, басқа да зиянды факторлардың бәрі баланы күйзеліске, депрессияға, психологиялық әлсіздікке итермелейді.
Бүгінгі бала өзін жан-жақтан іздейді. Мен үнемі: «Бала – күнбағыс сияқты. Оған жылу, жарық, мейірім мен көңіл қажет», – деп айтып жүремін. Мамандардың да айтып отырғаны – осы. Егер бала оны өз үйінен таппаса, сырттан іздейді. Қай жақтан жарық көрсе, сол жаққа бұрылады. Өкінішке қарай, кейде ол жарық жалған болып шығады. Жарыққа ұмтылып, қанатын күйдіріп алатын көбелек сияқты, көптеген балалар да жалған жылу мен жалған қамқорлықтың соңынан кетіп қалып жатыр. Біз саны көп халық емеспіз. Сондықтан әрбір баланың тағдыры – ұлттың тағдыры. Ал қазір түрлі тәуелділіктердің кең таралуы үлкен қауіпке айналып отыр. Цифрландыру – адамзаттың зор жетістігі. Бірақ оны дұрыс пайдалана алмасақ, ол игіліктен гөрі қауіпке айналуы мүмкін. Бүгінде цифрлық технологиялар арқылы есірткі тарату, түрлі зиянды ақпаратты насихаттау оңай болып кетті. Сондықтан қандай заман келсе де, кітап оқудың маңызын ешқашан төмендетуге болмайды. Бұл – ұлттық әрі адамзаттық құндылықтардың бірі. Сонымен бірге балалардың қабылдау ерекшелігін де ескерген жөн. Мысалы, Абайдың, Шәкәрімнің және басқа да ұлы тұлғалардың шығармаларын мультфильм, анимация, қысқа бейнероликтер түрінде ұсынсақ, балалардың санасына әлдеқайда тез сіңер еді.
Адам миының ерекшелігі сондай – бір қарағанда ұмытылғандай көрінетін ақпараттың өзі қажет кезінде қайта жаңғырады. Сондықтан баланың санасына жақсы сөзді, жақсы ойды, жақсы үлгіні қайта-қайта сіңіре беру қажет. Біз «ана тілі», «әйел ер-азаматты төрге де, көрге де сүйрейді», «әйел – мойын, еркек – бас» деген мақалдарды жиі айтамыз. Осындай мақал-мәтелдердің өзі қоғамдағы белгілі бір құбылыстардан туған деп ойлаймын. Соғыстан кейінгі кезеңде әйелдердің қоғамдағы жауапкершілігі артты, отбасының ауыр жүгі көбіне солардың мойнына түсті.
Бүгінде бізге елдің иесі болатын, жауапкершілігі жоғары, рухы мықты ер-азаматтарды тәрбиелейтін жаңа идеологиялық ұстанымдар қажет. Бізге жетектегенге ілесе беретін емес, елді бастайтын азаматтар керек. Әрине, жасы қалыптасып кеткен адамның мінезін өзгерту оңай емес. Бірақ аналардың қолында үлкен мүмкіндік бар. Олар ертең өз отбасына қамқор болатын, адал еңбек ететін, жарын құрметтейтін, балаларын сүйетін, үйінде де, қоғамда да қауіпсіз орта қалыптастыратын азаматтарды тәрбиелей алады. Өйткені жас буын бүгін біздің қолымызда.
Қазір қоғам ауыр оқиғаларға да селт етпейтін күйге жақындап барады. Бұл – тәрбиедегі ең үлкен кемшіліктің бірі. Оның ең қауіпті салдары – немқұрайлылық. Бүгінде «бұл – менің мәселем емес» деген көзқарас, эгоизм күшейіп келеді. Шын мәнінде, кез келген жағымсыз құбылыс әрбір отбасының табалдырығына келуі мүмкін. Сондықтан балаларды тек отбасы ғана емес, олар өсетін ортаның өзі тәрбиелейтінін ұмытпауымыз керек. Демек, біз тәрбиемен қатар сол ортаны да сауықтыруға міндеттіміз.
«Қоғам кінәлі» деген жалпылама сөзбен толық келісу қиын. Өйткені қоғам дегеніміз – өзіміз. Сондықтан жауапкершілікті нақты адамдар өз мойнына алуы керек. Ең алдымен ата-аналар мектеппен байланысты күшейткені жөн. Бала тәрбиесінде мектеп пен отбасының мақсаты бір болуы тиіс. Бұл мәселеде екі жақ екі бағытқа кетпеуі керек.
Ата-аналар мектепке де, балабақшаға да серіктес болуы қажет. «Мектеп кінәлі», «балабақша кінәлі», «ата-ана кінәлі» деп бір-біріне жауапкершілік арта беретін ескі түсініктен арылатын уақыт жетті. Қазір жаһандану дәуірінің күрделі сын-қатерлерімен бетпе-бет келіп отырмыз. Сондықтан біз соған дайын болуымыз керек. Күн сайын болып жатқан алаңдатарлық оқиғалар бізге дабыл болуы тиіс. Ендігі жерде мәселені созбай, нақты әрі шұғыл шешімдер қабылдайтын уақыт келді.
Үлкен мәселелердің бірі – баланы тым еркелетіп жіберу
Ғалия Есқұлова:
– Кез келген ата-ана өзінің баласының дұрыс жолда жүргенін қалайды ғой. Сондықтан баласын телефонға тәуелді болмасын деп түрлі үйірмелерге беріп жатады. Ол балаға ұнай ма, ұнамай ма, шаруасы жоқ. Тек баланың бос уақыты болмасын дейді. Бұл әрекет қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз?
Назым Ділтай:
– Бүгінде тағы бір назар аударатын мәселе бар. Бұрын мектептерде түрлі үйірмелер көп болатын. Қазір олардың көбі қысқарып кетті немесе мүлде жоқ. Ал барлық ата-ананың баласын ақылы үйірмелерге беруге мүмкіндігі жете бермейді. Соның салдарынан балалардың бос уақыты көбейіп, олар қараусыз қалып жатады.
Жаңа Баян ханым әйелдердің ер-азамат тәрбиесіндегі рөлін сөз етті. Маған да қыз-келіншектерден: «Неге біздің жігіттеріміз табысты емес?», «Неге жауапкершілігі жоғары ер-азаматтар азайып барады?» деген сұрақтар жиі қойылады.
Меніңше, мұның бір себебі – ұл балаларды шектен тыс аялау. Қазір жалғызбасты аналар көбейді. Тіпті толық отбасылардың өзінде аналар көбіне ұлын қорғаштап, барлық ауыртпалықты келіннің мойнына артады. «Ұлым демалсын, ұйықтасын, бәрін сен істейсің» деген көзқарас жиі кездеседі. Соның салдарынан отбасындағы жауапкершілік тең бөлінбей, әйелге көбірек жүктеледі.
Бүгінде ХХІ ғасырдың үлкен мәселелерінің бірі – баланы шектен тыс қамқорлыққа алу. Психологияда мұны гиперқамқорлық деген сөздермен түсіндіріп жүр. Мен мұны «шектен тыс ана махаббаты» деп атаймын. Біз кейде ұлдарды тым нәзік, тым тәуелді етіп тәрбиелеп жібереміз.
Жаңа ғана Баян ханым «Бізге ерлер керек» деді. Мен бұл пікірмен толық келісемін. Бұрын әкенің отбасындағы орны ерекше болатын. «Әкең келе жатыр» десе, бүкіл үй тынышталып қалатын. Әкеге құрмет көрсетілетін, оның сөзі салмақты еді. Балалар әкесінің мінезіне қарап бой түзейтін. Ал бүгінгі күні кейбір аналардың басты қателігі – ұлын шамадан тыс аяуы. Қыз баланы «оқысын, өмір көрсін» деп алысқа жібереміз, ал ұлды жанымыздан шығарғымыз келмейді.
Екінші мәселе – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Мұндай жағдайлар бүкіл қоғамды алаңдатуы тиіс. Бірақ өкінішке қарай, әрбір осындай қайғылы оқиғадан кейін бізде мәселені жан-жақты талқылап, нақты шешім қабылдайтын жүйелі жұмыс байқала бермейді. Абай Құнанбайұлы адамның да, қоғамның да дамуына кедергі болатын екі қасиетті айтқан: бірі – уайымсыздық, екіншісі – салғырттық. Бүгінде сол сөздің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Өйткені бұл қауіп кез келген отбасының табалдырығында тұр.
Қазір қыз тәрбиелеп отырған ата-ана да, ұл тәрбиелеп отырған ата-ана да алаңдайды. Ақпарат құралдарынан күн сайын балаларға қатысты зорлық-зомбылық, өгей әкелердің қатыгездігі секілді ауыр оқиғаларды естиміз. Мұның бәрі қоғамды бейжай қалдырмауы керек. Сондықтан осындай әрбір оқиғадан кейін нақты ұсыныстар әзірленіп, тиісті органдардың қарауына жіберілуі тиіс. Әсіресе Аналар кеңесі сияқты беделді қоғамдық ұйымдар бұл мәселелерді көтеріп, мемлекеттік деңгейде шешім қабылдауға ықпал етуі қажет деп ойлаймын.
Баян Ақатай:
– Сіздің ұл балалар туралы айтқан пікіріңізді жалғастырайын.
Қазақ аналары ертеден-ақ ұлын елге қызмет ететін азамат болуға тәрбиелеген. «От бол, от болмасаң жоқ бол» деген сөздің өзінде үлкен мән жатыр. Яғни олар баласының ел намысын қорғауын өзіне үлкен абырой санаған.
Қазір де бата береміз, жақсы тілек айтамыз. Бірақ кейде сөзіміз бен ісіміз қабыспай жатады. Оның үстіне бұрынғы қазақ қоғамындағы тәрбиенің кейбір тетіктері бүгінгі қоғамда сол күйінде жұмыс істемейді.
500 оқушыға 1 психолог: аз ба, көп пе?
Назым Ділтай:
– Мысалы, бұрын жеңге мен қайын сіңлі, жеңге мен қайын, жезде мен балдыз арасындағы қарым-қатынас ерекше тәрбие мектебі болатын. Ата-ана айта алмайтын кейбір мәселелерді сол жақын туыстар түсіндіріп, жасөспірімдердің бойындағы күмән-күдікті сейілтіп, дұрыс бағыт беріп отырған. Әсіресе ерте жүктілік сияқты мәселелердің алдын алуда мұндай туыстық байланыстың рөлі зор еді. Өкінішке қарай, бүгінде сол туыстық институт әлсіреді. Оның орнын қазір психологиялық қызмет басуы тиіс. Алайда бізде білікті психологтар жетіспейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын мектептерде 800 оқушыға бір ғана штаттық психолог қарастырылған болатын. Кейін депутаттар бұл жүктемені азайтып, 200-250 оқушыға бір психологтан бекітуді ұсынды. Қазір бұл көрсеткіш біртіндеп жақсарып, шамамен 500 оқушыға бір штаттық бірлікке дейін төмендеп келеді. Болашақта 250 оқушыға бір психолог деңгейіне де жетерміз. Бірақ ең бастысы – олардың санын ғана емес, кәсіби деңгейі мен қызмет сапасын да арттыру. Біз бұған шынымен мұқтажбыз.
Баян Ақатай:
– Бүгінгі баланы бұрынғыдай қатал тәртіппен тәрбиелеу мүмкін емес. Заман өзгерді. Бірақ соңғы кезде айтылып жүрген «ата-ана баласына дос болуы керек» деген пікірмен де толық келісе алмаймын. Өйткені балаға ең алдымен бағыт-бағдар беретін темірқазық қажет. Ол – ата-ананың беделі. Егер ата-ананың сөзі мен тұлғасының салмағы болмаса, бала сырттағы темекі шегетін, арақ ішетін, дөрекі сөйлейтін немесе теріс жолдағы адамдарды үлгі тұтып кетуі әбден мүмкін.
Сондықтан бүгінгі күні бала тәрбиесінде мейірім мен талаптың тепе-теңдігін сақтау маңызды. Баланы түсініп, қолдап, арқасынан қағып өсіру керек. Бірақ сонымен бірге оған дұрыс бағыт көрсететін беделді тұлға болып қала білу де – ата-ананың басты міндеті.
Ғалия Есқұлова:
– Біз тақырыбымызға қайтып оралайықшы. Баланың суицидке барып жатқаны, қараусыз қалғанының барлығы отбасындағы ата-ананың тәрбиесінен деп отырмыз ғой. Сонда негізгі себеп – балаға жеткілікті көңіл бөлінбей отыр дейміз бе?
Назым Ділтай:
– Бұл мәселені тек ата-ананың жауапкершілігі деп қарауға болмайды. Баланы ең алдымен отбасы тәрбиелесе, одан кейін мектеп, ұстаз және оның өскен ортасы қалыптастырады. Сондықтан бұл – бәріне ортақ жауапкершілік.
Мен өзім жұмыс істеген мектепте үш мыңға жуық оқушы болды. Сонда небәрі екі психолог қызмет етті. Бірақ олардың балалармен жеке жұмыс істеуге уақыты жоқтың қасы еді. Себебі жоғарыдан келетін түрлі тесттерді, сауалнамаларды алып, есеп берумен айналысады. Баламен терең жұмыс жүргізуге мүмкіндік қалмайды.
Ғалия Есқұлова:
– Дегенмен баланың өміріндегі ең басты тұлға – ата-ана. Әке көбіне түзде, отбасының қамын жасап жүреді. Ананың да жауапкершілігі оңай емес. Үйдің тірлігі, бала тәрбиесі – бәрі оның мойнында.
Баян Ақатай:
– Иә, бірақ біз сол жауапкершіліктен қашпауымыз керек. Қазір қанша жерден «ер азаматтар әлсіреп кетті» деп өкінгенімізбен, әрекетімізді тоқтатпауымыз қажет. Өйткені біз болашақ ұрпақты тәрбиелеп отырмыз. Қандай кемшілік байқасақ, соны келесі буынның бойынан көрмеуге тырысуымыз керек.
Суицид мәселесіне келсек, өзіне қол жұмсаған балалардың бәрі өмірден түңілген деп айтуға болмайды. Оның себептері әртүрлі. Бірі кек алу үшін барады, бірі ойынның жетегінде кетеді. Жақында ғана әлеуметтік желілерде «жүгіріп өт немесе өл» деген қауіпті ойын тарады. Ондағы бала өлімнің не екенін толық түсінбейді, оны жай ғана ойынның бір кезеңі ретінде қабылдайды. Сондықтан суицидтің де себептері сан алуан. Бірақ ең жиі кездесетіні – баланың тығырыққа тірелуі. Қандай жағдай болса да, әр баланың үйінде бар сырын ашып айта алатын бір ересек адамы болуы керек. Ол анасы болсын, әкесі болсын, ағасы, көкесі немесе басқа жақын туысы болсын – ең бастысы, бала сенетін, арқа сүйейтін адамының болғаны маңызды.
Біз жұмыс істеп, табыс тауып жүргеніміздің бәрі – балаларымыздың болашағы үшін. Ендеше олардың жан дүниесіне де дәл сондай жауапкершілікпен қарауымыз керек. Өйткені қоғамның басты байлығы – балалар.
Өз қателігіңді өзің түзеп, қорытынды шығара біл!
Ғалия Есқұлова:
– Екеуіңіз де ұл-қыз тәрбиелеп отырған анасыздар. Өз тәжірибелеріңізде қандай қателік жібердім деп ойлайсыздар?
Назым Ділтай:
– Иә, менде де ондай жағдай болды. Тараз қаласындағы №45 гимназияда жұмыс істеп жүргенде қызым бірінші, ұлым үшінші сыныпта оқитын. Бір жақсы әдетім – күн сайын үйге кітап алып келетінмін. Қазір қызым соны қуанып еске алады. «Сіз бізге күнде кітап әкелетін едіңіз, әкем екеуміз бірге оқитынбыз», – дейді.
Бірақ бір күні қызым маған хат жазып қалдырған екен. Мен өзім де сынып жетекшісі болғанда «хат жазу» әдісін қолданатынмын. Кейбір балалар айта алмаған ойын қағазға оңай түсіреді. Қызымның хатында: «Мама, сол жұмыстан сіз де шығып кетіңізші, мен де шығып кетейін» деген бір ғана сөйлем жазылыпты. Сол кезде мен оның мағынасына терең үңілдім. Бұл – менің таңнан кешке дейін жұмыста жүріп, балама жеткілікті көңіл бөлмегенімнің белгісі еді.
Кейін Робин Шарманың кітаптарын оқып, өз өміріме үлкен қорытынды жасадым. Жұмысымды азайтып, балаларыма көбірек уақыт бөле бастадым. Сол кезеңнен кейін өзімді өзгертуге ден қойдым. Қай жерден қателестім, қай жерде дұрыс жасадым – бәрін балаларымнан да сұрап отырдым. Тағы бір түсінгенім – ата-ана үшін баласынан кешірім сұрау өте маңызды. Өкінішке қарай, көп адам мұны әлсіздік деп қабылдайды. Шын мәнінде, қателессең, оны мойындап, баладан кешірім сұрай білу керек. Сонда ғана бала: «Қиналғанда мені түсінетін, қолдайтын адам бар», – деп сенеді. Баян ханым айтқандай, баланың өмірінде сенетін бір адамы болуы керек. Психологияда мұны эмоцияны сыртқа шығару, яғни «бу шығару» деп атайды.
Ғалия Есқұлова:
– Баян ханым, сіз не дейсіз?
Баян Ақатай:
– Қателіксіз өмір болмайды. Мен балаларыма үнемі: «Қателесуден қорықпаңдар. Ең бастысы – әр қателіктен сабақ алып, қорытынды шығарыңдар», – деп айтып отырамын. Екі ұлым да ер жетіп келеді. Бірі түзде, екіншісін де алдағы уақытта өз жолын табуға жіберемін деп ойлаймын. Ер-азамат өмірдің мектебінен өтуі керек. Өз қатесін өзі түзеп, жауапкершілікті өзі көтергенде ғана шыңдалады. Бірақ оның тәрбиесінің темірқазығы берік болуы шарт. Сол ғана оны теріс жолдан сақтайды.
Балалармен дос болу мәселесіне келсек, мен олармен сырласуға тырысамын. Әрине, ер балалар барлық сырын анасына айта бермеуі мүмкін. Дегенмен олар кез келген уақытта маған сеніп, ойын ашық айта алатындай орта қалыптастыруға күш саламын.
Ғалия Есқұлова:
– Балаларыңыздың мектептегі кезінде күрделі жағдайға жолыққан, тығырыққа тірелген кездері болды ма?
Баян Ақатай:
Бірде көпшілікпен болған вейпке қарсы күрес туралы әңгімеде маған: «Өз балаларыңыздың ештеңе қолданбайтынына толық сенімдісіз бе?» деген сұрақ қойылды. Мен: «Жоқ, толық сенімдімін деп айта алмаймын. Өйткені мен ер балалар тәрбиелеп отырмын. Олар әртүрлі ортада жүреді», – деп жауап бердім. Қазақтың: «Қызым үйде, қылығы түзде» деген мақалы бар. Бұл сөз ұлға да қатысты. Үйде жүргендегі тәртібі бір басқа, ал түздегі мінезіне қоғам баға береді. Сондықтан мен ұлдарыма үнемі: «Үйдегі болмыстарың мен түздегі болмыстарың бірдей болуы керек», – деп айтып отырамын.
– Уақыт бөліп ой бөліскендеріңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан –
Ғалия ЕСҚҰЛОВА
















