Әр өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясы жергілікті жердегі ұлттар мен ұлыстардың мүддесін қорғайтыны белгілі. Батыс Қазақстан облысындағы Ассамблея да аймақ және қала жұртшылығын отансүйгіштікке тәрбиелеуге, ел ішіндегі достық пен бірлікті нығайту ісіне сүбелі үлес қосып келеді. Бұл туралы БҚО «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Айгүл Туркинамен аз-кем сұхбаттастық.
– Айгүл Серікқызы, жалпы Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі қызметі қандай?
– Халқымыз бірліктің және тыныштықтың қадірін біледі. Бұл – небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін қымбат құндылықтар. Осы құндылықтарды бағалай білгеннің арқасында жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр. Бұл – теңдессіз жетістік! Татулық пен келісімнің ерекше маңызды екенін жұрттың бәрі бірдей сезінбеуі мүмкін. Сол себепті кейде «Ассамблеяның қажеті жоқ» деген ұшқары, яғни күмәнді пікірлер айтылып жатады. Шын мәнінде, Ассамблея – мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым. Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр. Онда еңбек етіп жүрген азаматтарды «бірліктің елшісі» деуге болады.
Ассамблеяның жалпы мақсаты – әдетте, белгілі бір мәселелер бойынша маңызды шешімдерді талқылау және қабылдау, сондай-ақ мәселелерді бірлесіп шешу, сондай-ақ әртүрлі тараптар мен топтар арасындағы платформаны қамтамасыз ету болып табылады. Ассамблеяның миссиясы көбінесе нақты мақсаттарға жетуді немесе белгілі бір мәселелерді шешуді қамтиды. Мысалы, Ассамблеяның миссиясы заңдарды әзірлеуге және қабылдауға, жаһандық мәселелерді талқылауға, басқару жүйесін реформалауға немесе белгілі бір құндылықтар мен идеалдарды ілгерілетуге бағытталуы мүмкін. Жалпы, Ассамблеяның миссиясы – ортақ мақсаттарға жету және маңызды мәселелерді шешу үшін диалог, ынтымақтастық алаңын қамтамасыз ету.
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы құрылды. Бүгінгі таңда облыстық Ассамблея жұмысының негізгі мақсаты – ана тілін, мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерін сақтау және дамыту, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету. Бүгінде жалпыұлттық маңызы бар жобаларды жүзеге асырудамыз. Оның бәрі барша халқымызға ортақ рухани құндылықтарды нығайтуға арналған. Ассамблея волонтерлік және қайырымдылық шараларға ұйытқы болуда. Соның арқасында қоғамда әлеуметтік жауапкершілік идеясы орныға түсті. Жастармен тығыз жұмыс жасаймыз. Биылғы елімізде орын алған су тасқыны кезінде Достық үйінде «Жүректен жүрекке» арнайы жобасы аясында өңіріміздегі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсету үшін қабылдау пункті Ассамблея жастарының бастамасымен ашылып, тоқтаусыз жұмыс жасады.
– Жыл басынан бері облыстық Ассамблеяның бастамасымен қандай маңызды іс-шаралар ұйымдастырды?
– Қоғамдық саяси ахуалды ескере отырып, ай сайын этномәдени бірлестік төрағаларының қатысуымен отырыстар өткізіліп тұрады. Құқық қорғау орындары, мемлекеттік органдар тарапынан түрлі ұсыныстар түседі, сұрақ-жауаптар пысықталады, қандай да бір шиеленіс туғызатын мәселелерге көңіл бөлінеді. Облыс әкімі, БҚО ҚХА төрағасы бекіткен жұмыс жоспарына сәйкес қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету мақсатында этномәдени бірлестіктер мен құрылымдық бөлімшелердің қатысуымен бірқатар мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізіліп келеді. Айталық «Татар мәдени орталығы» ҚБ татар халқының музыкалық аспаптары, вокал және би өнерлері бойынша тегін шеберлік сағатын өткізді. Онда Татарстан Республикасының Қазан қаласынан келген «Риваят» этно-тобының жетекшісі, халықаралық фольклорлық және этникалық байқаулар мен фестивальдердің лауреаттары – вокал, татар музыкалық аспаптары бойынша, Қазан мәдениет университетінің «жоғары өнер мектебі» факультетінің хореографиялық өнер кафедрасының студенттері – би қимылдары бойынша өнер көрсетті. Өзіміздің «Ағайын» қазақ мәдени қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Шәмші әлемі» әдеби-сазды кеші де көпшілікті тәнті етті. Қазақ вальсінің королі атанған, алты алаштың оң қолын жүрегіне қойғызып, ән салдырған халқымыздың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың «Кешікпей келем деп ең», «Сыған серенадасы» және «Қайықта» әндерінің дүниеге келу тарихына байланысты қойылым көрсетіліп, аталмыш қоғамдық бірлестік өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылып, арасында сазгердің көзін көрген тұлғалардың бейнесұхбаты мен Шәмші әндерінен бейнероликтер көрсетілді. Қазақстан халқы бірлігі күніне орай өткен «Береке – бірлікте!» атты мерекелік шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Б.Нарымбетов су тасқынына қарсы атқарылған жұмыстар жөнінде айтып өтті. Бірліктің арқасында елдің талай белесті бағындыратынын тілге тиек еткен Бақытжан Хаберұлы жиналғандарды мерекемен құттықтап, толағай табыстар тіледі. Расымен де, көктемгі су тасқыны кезінде Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жедел штаб құрылып, қала мен ауылдарды аман алып қалу үшін шұғыл шаралар қабылданды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, өңірімізді тасқын су басқан кезде шет қалмай, еліміздің түкпір-түкпірінен келген еріктілер мен әскери сарбаздар сыни сағатта жерлестерімізге қолдау білдірді. Ер-азаматтар бөгет тұрғызып, қыз-келіншектер гуманитарлық көмекті үлестіруге атсалысты. Ел бірлігінің арқасында, сарбаздарымыздың күшімен Жайықтың жағасына ұзындығы 140 шақырымнан астам, биіктігі 2 метрден 7 метрге дейін жететін бөгет салынды. Сонымен бірге Оралдағы Достық үйінде облыс әкімі Н.Төреғалиевтің төрағалығымен өткен «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты облыстық Ассамблеяның XXVI сессиясының отырысына БҚО ҚХА ақсақалдар және аналар кеңесінің мүшелері, облыстық қоғамдық медиаторлар кеңесі, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, сондай-ақ этно-мәдени бірлестіктер қатысты. Жиынға қатысушылар БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының ағымдағы жылы атқарған жұмыстары туралы баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Өңірімізде орын алған табиғи апат кезіндегі Қазақстан халқының бірлігі сөз болып, Ассамблея жастарының ерен еңбегі де назардан тыс қалмады. Бүгінде өңірімізде республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда. Ел Президентінің тапсырмасымен бастау алған акцияға облыс әкімдігінің басқармалар ұжымы да жұмылдырылды. Аталған шара аясында БҚО Қоғамдық даму басқармасына қарасты мекемелер ұжымы сенбілікке белсене қатысып, қала тазалығына өз үлестерін қосты. Ассамблея жастары бастаған этномәдени бірлестіктердің өкілдері Бәйтерек ауданының Чувашка ауылындағы мектептің ауласына ағаш отырғызды. Облыстық Ассамблеяның «Бірлік» әзірбайжан этно-мәдени бірлестігінің бастамасымен бой түзеген 50 түп ағаштың 35-і жеміс ағаштары болса, 15-і қылқан жапырақты ағаштар. Сондай-ақ игі іске Элгун Джаналиев жетекшілік ететін Ассамблеяның еріктілер қозғалысы, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері және Чувашка ЖОББ мектебінің ұжымы да қол ұшын созды.
Облыстық Ассамблея қазақ халқының ұлттық құндылықтарын дәріптеу мақсатында мемлекеттік тапсырыс бойынша жыл сайын біркүндік «Этнос күнін» өткізеді. Іс-шаралар барысында шығармашылық бөлімдер әр этностың мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттап, көрсетеді. Шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттік бағдарлама, театрландырылған көріністер, этностардың мәдениетін бейнелейтін қолданбалы өнер бұйымдарының, тұрмыстық заттардың, ұлттық тағамдардың көрмелері ұйымдастырылады.
«Этнос күні» жобасы этностардың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін сақтау және насихаттау мақсатында одан әрі өз жалғасын табады. Мысалы, «Хаймат» Орал неміс мәдени-ағарту қоғамы осындай мақсатта мерекелік шара өткізсе, «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің қалалық филиалы да осы үрдісті жалғады. Мерекелік шара барысында балалар асық ойнаса, көпшілік ұлттық көрмемен, ұйғыр халқының ұлттық тағамдарымен танысты. Қаладағы мәдениет және демалыс саябағында «Масис» армян қоғамы ұйымдастырған халықтық дәстүрлі «Вардавар» мерекелік іс-шарасын тамашалаған оралдықтар да өте жақсы әсерде тарқасты. Армяндардың мерекесіне қатысушылар сәндік-қолданбалы өнердің, ұлттық тағамдар көрмелерінің куәсі болды. «Вардавар» жаз мезгілінің ыстық айында өткізілетін болғандықтан, оның басты дәстүрі – су, яғни барлық жастағы адамдар «су шайқастарына» белсене қатысады. Осының бәрі көңілді, жақсы көңіл күйде, ән-бимен өтеді. Бұл күнгі судың емдік күші бар деп есептеледі: жағымсыз әсерлерден тазартады, табыс пен амандық әкеледі деген сенім бар. Қонақтар үшін түрлі байқаулар және суға байланысты көңілді халықтық ойындар ұйымдастырылды. «Орыс мәдениеті орталығы» БҚО қоғамдық бірлестігінің «Славян жазуы мен мәдениеті күніне» арналған «Родного напева узорная нить» атты мерекелік шарасы да өз деңгейінде өтті. Бұл мереке славян алфавитін жасаушыларға, ұлы ағартушыларға, қасиетті апостолдар Кирилл мен Мефодийге арналған дәстүрлі іс-шараны жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды. Славян халықтары бүкіл әлем бойынша шамамен 300 миллион адам, олардың ішінде батыс славяндар – поляктар, чехтар, словактар; шығыс славяндар – орыстар, белорустар, украиндар; оңтүстік славяндар – болгарлар, сербтер, хорваттар, македондықтар, черногориялықтар деп бөледі.
Адамның кез келген мәдениетпен алғаш танысуы фольклордан басталады. Славян мәдениеті алуан түрлі және фольклордан классикалық музыкаға, рухани әндерден бард әніне дейінгі көптеген жанрлар мен бағыттарды біріктіреді. Олар – бесік жыры, ертегілер, эпостар, мақал-мәтелдер. Бұл – халық даналығы мен мәдениетінің сарқылмас қазынасы. Мерекелік концертте қалалық балалар саз мектептерінің, мектептен тыс жұмыс орталықтарының, вокалдық студиялардың, жергілікті халықтық вокалдық топтар мен ансамбльдердің өнерпаздары түрлі жанрда өнер көрсетті.
Көрермен славян мәдениетінің алуантүрлілігі мен орындаушылардың өнеріне тәнті болды. Славян жазуы мен мәдениеті күнін мерекелеу аясында «Орыс мәдениеті орталығы» қоғамдық бірлестігі қала мектептерінің белсенді орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімдері мен орыс тілі пәні бойынша республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпаз оқушыларын Алғыс хаттармен марапаттады. Осындай тағылымды шаралардың бірі – Нобель сыйлығының лауреаты Михаил Шолоховтың 119 жылдығына орай Дариян ауылында өткен «Дон жағасында» атты әдеби-музыкалық кеш. М.Шолохов 30 жылдан аса уақыт Қазақстанмен, қазақ жазушыларымен достық қарым-қатынаста болғаны белгілі. Ол шығыстың шұғыласы М.Әуезовтың шығармаларын өте жоғары бағалап, С.Мұқановпен жақын дос болыпты. 1954 жылы Қазақстан жазушыларының III съезіне қатысып, қазақ халқына және қазақ әдебиетіне өзінің бауырмалдық көңілін білдірген М.Шолохов қазақ және орыс ұлттары достығының мәңгі символына айналды. Осындай мәдени мұраны сақтау аясындағы мерекелік іс-шаралар, қайырымдылық концерттер өз жалғасын табуда. – Биылғы Ассамблея сессиясы Ассамблея өкілдерінің алдына қандай мақсат-міндеттер қойды? – Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында алдымызға көптеген жаңа бағыттар қойды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көп жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз. Ассамблея мүшелері «Қайырымдылық керуені» жобасы арқылы мұқтаж жандарға үнемі қолдау көрсетіп жүр. Былтырдың өзінде құны 1,7 миллиард теңгеден асатын көмек берілді. Бірлігі мықты халықтың күш-қуаты азаматтардың бір-біріне деген осындай қамқорлығынан айқын көрінеді» деді. Алдымен Қасым-Жомарт Кемелұлы Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіруді ұсынды. «Біз құрылтайдың Атыраудағы отырысында негізгі идеологиялық тұжырымдарды жинақтап, жүйелеп алдық. Жалпыға ортақ құндылықтарды айқындадық. Бұл – ең алдымен, Тәуелсіздік және Отаншылдық. Одан кейін – Бірлік және Ынтымақ. Келесі – Әділдік пен Жауапкершілік. Сондай-ақ – Заң және Тәртіп. Бұдан соң – Еңбекқорлық пен Кәсібилік, және Жасампаздық пен Жаңашылдық. Бұл – біздің саясат пен экономикадан бастап, білім мен мәдениетке дейінгі барлық саладағы бағыт-бағдарымыз. Мұның бәрі халқымыздың азаматтық бірегейлігін нығайтады. Сондай-ақ еліміздің болашақ келбетін қалыптастырады» дей келе, Ассамблея жұмысына арқау болып отырған қағидалар осы құндылықтармен толық үндесетінін жеткізді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына тоқталды. Қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, болмаса кемсітуге жол бермейтін орта қалыптастырудың маңыздылығын айтты. Президенттің тағы бір айтқаны – Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту. «Оның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керек» деді.
– Облыс орталығы – Орал қаласындағы белсенді жұмыс жасайтын этномәдени бірлестіктердің жұмысына тоқталсаңыз.
– Оралдағы Достық үйінде әрбір этномәдени бірлестіктер үшін кабинеттер бөлінген. Олар әрбір этномәдени бірлестіктің дәстүрлері мен тарихына сай жабдықталған. Облыстық Ассамблея жанында «Этномәдени қоғамдық бірлестіктер», «Ақсақалдар кеңесі», «Аналар кеңесі», БҚО «Ассамблея жастары» РҚБ, «Жомарт жан» орталығы, «Тіл мұра» қоғамдық қозғалысы, «Айбын» әскери-патриоттық клубы, достық үйлері мен достық клубтары сынды құрылымдық бөлімшелер жұмыс жасайды. Олар қоғамдағы демократиялық өзгерістерге, түрлі шығармашылықты дамытуға және өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге ықпал етеді.
Жалпы Батыс Қазақстан облысы – 90-нан астам ұлт өкілі тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан жерұйық мекен. Өңірімізде 4574 адамнан тұратын 53 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. 31 этномәдени бірлестік (2 республикалық және 29 облыстық филиал) әділет органдарында тіркелген. 27 этномәдени бірлестік (2 республикалық және 25 облыстық филиал) қоғамдық аккредиттеуден өткен. Ал қалада 16 этномәдени бірлестік бар: қазақ, орыс, әзірбайжан, армян, беларус, еврей, кәріс, неміс, татар, украин, ұйғыр, шешен-ингуш және үш казак этномәдени бірлестігі.
Татар, кәріс, армян, неміс және еврей этномәдени бірлестіктерінде туған тарихты, этномәдениетті және тілдерді зерттеу үшін жексенбілік сыныптар жұмыс істейді. Достық үйінде «Тіл мұра» қоғамдық қозғалысының ұйымдастыруымен мемлекеттік тілді тегін оқыту курсы ашылды. Курсқа қатысуға ниет білдіруші мемлекеттік тілді меңгергісі келетін өзге этнос өкілдерінің саны күн санап артып келеді.