Бидай – дәнді дақылдардың ішіндегі ең танымалы. Оның тапшылығы халыққа ауыр соғатыны белгілі. Қазір бүкіл әлемде бидайға деген сұраныс артқан. Өкінішке орай, астықпен қамтамасыз етуде түрлі кедергілер туындап отыр. Мұның негізгі себептері екеу: 2021 жылы әлемді жайлаған қуаңшылық және биыл ақпан айында Украинада басталған әскери қақтығыс. Бұдан басқа құрғақшылықтан зардап шеккен Аргентина мен Аустралия сыртқа бидай шығару көлемін күрт азайтты. Ал Үндістанда астық түсімі жақсы болса да, ел басшылығы нарық жағдаятына байланысты бидайды экспорттауға уақытша тыйым салды. Оның үстіне Ресей Украинаның теңіз порттарын қоршауға алып, бидайын экспорттауға жол бермей отыр.
«Құрғақшылық Қазақстанды да айналып өтпеді. 2021 жылы Қазақстанда астық жинаушылар бидайды 2020 жылға қарағанда 17.1%-ға немесе 2.4 млн тоннаға аз жинады. Астықтың бітік шықпауы және қымбатшылық аясында ұн тарту өнеркәсібінің өнімдерін өндіру көлемі осы кезеңде 21.7%-ға (-243 мың тонна ұн), ал экспорт 11.9%-ға (-300 мың тонна ұн) төмендеп кетті. Сондықтан ұн тартушылар жыл өткен сайын шетелге шығаратын ұндарының көлемін азайта бастады», – дейді Jusan Analytics зерттеу орталығының талдаушысы Айжан Әлибекова.
БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымының (ФАО) 2022 жылдың маусымында жариялаған деректері бойынша бидай өндірісі соңғы бір жыл ішінде 770.8 млн тоннаға немесе 0.8%-ға азайды. Бидайдың қымбаттауы себебінен биыл жыл соңына дейін әлемде бидай саудасы 1.7%-ға қысқарады. Қазірдің өзінде оны әлемдік тұтыну деңгейі 0.4%-ға төмендеген. Негізгі бидай экспорттаушы елдерде қазір бидай қоры соңғы 8 жыл ішінде ең төменгі деңгейге жетті. Жыл соңына дейін бидайдың әлемдік қоры 0.1%-ға, яғни 299.3 млн тоннаға дейін қысқарады.
«Бидай бағасының қымбаттылығы бұдан кейін де сақталады. Біздің болжамымыз бойынша бидай саудасы бір бушель (≈ 27.2 кг) үшін 700-900 доллар деңгейінде жалғасатын болады. Күз және қыс мерзімдерінде тағы да шарықтау шегіне жетуі мүмкін», – дейді Айжан Әлибекова.
Қазақстанда жыл сайын жиналатын астық көлеміне қарайтын болсақ (2021 жылы – 11.8 млн тонна), ішкі өндіріс халықтың, олардың ішінде ұн тарту кәсіпорындарының бидайға деген қажеттілігін 100%-ға қамтамасыз ете алады. Бірақ соған қарамастан, елімізге шетелден бидай импорттау жалғасуда. Өйткені нарыққа қатысушылардың деректеріне сүйенсек, астық жинаушы компаниялар бидайды отандық ұн тартушылар үшін қолайлы баға – тоннасын шамамен 118 мың теңгеге емес, 140 мың теңгеге сатқысы келеді. Сәйкесінше қымбат бағаға экспорттаған тиімді. Бір сөзбен айтқанда, бизнес. Ал бұл ұн тартушыларға қымбатқа түсіп отыр.
«Ел ішінде бидай бағасының өсуі себебінен отандық ұн тартушылар 2021 жылдың күзінен бастап, ресейлік бидайды импорттауға көшті», – дейді Jusan Analytics талдаушысы, – өйткені ол арзан. Ұн тартушылардың бұл әрекеті 2021 жылдың қыркүйегі мен 2022 жылдың ақпаны аралығында елімізде ұн бағасын түсіруге мүмкіндік берді. Алайда Украинада әскери қақтығыстың және санкциялардың салдарынан, Ресей өз бидайын ЕЭО елдеріне, оның ішінде Қазақстанға экспорттауға уақытша тыйым салды».
Енгізілген шектеудің нәтижесінде Ресейде бидайдың ішкі бағасы төмендей бастады. Ал бұл ресейлік ұн тартушыларға оң әсер етті. Олар кәсіптерін одан әрі дөңгелетіп, өндірістерін белсенді жүргізіп, өнімдерін өте тиімді бағыт – Орталық Азия елдеріне сата бастады. Айта кетелік, қазір Ресей ұнының бағасы қазақстандық ұннан шамамен 10 АҚШ долларына арзан.
«2022 жылдың наурызында қазақстандық астық өңдеушілер дабыл қағып, бидайды экспорттауға шектеу қоюды ұсынды. Мақсат – отандық ұн тартушылардың мүдделерін қорғау, яғни ұн тарту өнеркәсібіне қолдау көрсету және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Алайда үкіметтегілер оларды дер кезінде қолдамады. Ұн тартушылар ұсынған шектеулер тек 2022 жылдың мамыр айында – ұннан жасалатын өнімдердің бағасы шамамен 30%-ға дейін көтеріліп кеткен кезде ғана енгізілді», – деді өз сөзінде А. Әлибекова.
Осылайша Қазақстанның ауылшаруашылығы министрлігі елде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2022 жылдың мамыр айынан қыркүйек айының соңына дейін бидай экспорттауға уақытша шектеу қойды. Сыртқа шығару арнайы белгіленген квота бойынша жүзеге асырылады: бидай – 550 мың тонна, бидай және бидай-қарабидай ұны – 370 мың тонна.
Дегенмен елімізде бидай экспорты жалғасуда. Ол тоқтаған емес. Мысалы, қуаңшылық орын алған 2021 жылы сыртқа 5.8 млн тонна бидай сатылды. ЕЭО елдері арасындағы тауар айналымын есептемегенде, Қазақстанның бидайын импорттаушы негізгі елдер: Өзбекстан, Иран, Тәжікстан, Ауғанстан, Түрікменстан және Италия.