Ата-аналар балаларының денсаулығына көңіл бөлсе деймін...

Ата-аналар балаларының  денсаулығына көңіл бөлсе деймін...

18 мамыр күні Нұр-Сұлтан қалалық №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында балаларға арналған ашық есік күні өтті. Шара барысында жоғары санатты балалар инфекционистері мен аурухана бөлімшелерінің меңгерушілері пациенттерге жұқпалы патология мен пульмонологияның алдын алу бойынша кеңестер беру жағы көзделген екен. 10:00-18:00 аралығына жоспарланған бұл шара туралы алдын-ала хабарламалар таратылғандықтан келушілердің де қарасы мол көрінді. Осы орайлы сәтті пайдаланып, аталған ауруханада өтіп жатқан игі істің жай-жапсарымен танысып қайттық. Әрі осы орайда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі ШЖҚ «№3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы» МКК директорының медициналық бөлім жөніндегі орынбасары жоғары санатты дәрігер, педиатр Өтегенова Роза Баженқызымен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Төменде осы сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

-Бүгінгі ашық есік күні туралы айтып өтсеңіз?

-Бүгін біз қаладағы балалар үшін ашық есік күнін өткізіп отырмыз. Президентіміз биыл балалар жылы деп жариялады ғой, осыған орай қаладағы алғашқы медициналық көмек көрсететін ұйымдарға, ашық есік күнін өткізетініміз жайлы алдын-ала хабар жібердік. Кімдердің қабылдау жасайтындығы, кеңес беретіндігі туралы  толық мәліметтер айттық. Бүгін 10:00-18:00 аралығында мұнда келген балаларға түрлі медициналық кеңестер беріліп, инфекциялық аурулар жөнінде, пулманологиялық аурулар жөнінде, тыныс жолдарының қабынуынан пайда болатын түрлі аурулар жөнінде кеңестер беруді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі қабылдауға Республикаға тынмал мамандар кеңес берді. Олардың қатарында кафедра меңгерушісі, профессор балалар инфекциялық дәрігері Динагүл Әліпбекқызы Баяшева, педиатр Қуанғали Әбдірахманов, доцент пульманолог Ләззат Рамазанова сондай-ақ біздің аурухананың жоғары санатты дәрігерлерінің барлығы қабылдауға қатысады. Біздің жұмысымыз бүгін жақсы нәтиже береді деп ойлаймыз. Біздің ауруханаға экстра-стационарға 200-ден астам балалар келіп қаралып жатады. Мұндай қабылау бізде күнделікті жүргізіліп жатады. Дегенмен жедел респираторлы, жедел инфекциялы ауруы болмаса да осы тектес проблемалары бар балалар келіп қабылдауға қатыссын деп отырмыз. Олар бұл жерден түрлі кеңестер алады. Әркім жағдайына қарай ары қарай емдеуге немесе түрлі медициналық күтімге жіберілуі мүмкін.

-Сіздерде мұндай ашық есік күні үнемі өткізіліп тұра ма?

-Биылғы жылы 1-рет өткізіліп жатыр. Дегенмен бұл соңғысы болады деп айта алмаймын. Алдымызда балалар күні келе жатыр. Мүмкін сондай атаулы күндерге орайластырып тағы да өткізетін шығармыз. Күнделікті жұмысымыз да осындай. Әркүні келіп кеңес алатын 200-ден астам баланың қабылдауында 30-35-і ғана жатқызылады. Қалғандары үйлеріне амбулаторлық кеңес алуға кетіп жатады.

-Бүгін бүкіл қала бойынша келіп  жатыр екен. Барлығына кеңес беріп үлгере аласыздар ма?

-Үлгереміз, себебі бүгін осындағы барлық дәрігерлерден бөлек кафедраның меңгерушілері, ассистенттері де қабылдауға қатысып жатыр. Мамандар жеткілікті.

-Пандемия басталғалы көбейіп кеткен тыныс жолдары аурулары адамдарды алаңдатып жатыр. Осы жағындағы түрлі өкпе-тыныс жолдары ауруларының балаларда кездесуі, балаларда таралу жағы қалай болып жатыр?

-Соңғы жылдары таралып жатқан коронавирус балалар денсаулығына да өз әсерін тигізіп отыр. Осында жұмыс істеп жатқан дәрігерлер мен біздің емханамызға орналасқан медициналық университеттің балалар жұқпалы аурулары кафедрасының қызметкерлері бар, күнделікті аналитикалық талдату жасау барысында шығарған қортындымыз – коронавирустық жұқпа балалар денсаулығына өз әсерін тигізгендігін байқап отырмыз. Себебі бұрынғы аурулардың ағымы мен қазіргі ауруларыдың ағымын салыстырып қарайтын болсақ арасында айырмашылықтар өте көп. Бұрын типті түрде өтетін болса, қазір барлығы тиіпті түрде өтпейді. Біз ЖОО-да оқыған кезімізде аурулардың басты белгілеріне қарай отырып клиникалық диагноз қоюды үйрендік, әрі солай емдеп келе жатырмыз. Қазір біз жас мамандарға олай айта алмаймыз. Себебі тиіптік түр жоқ. Мүмкін коронавирус иммунитетті түсіргендігінен шығар... Балаларда кездесетін жел шешек секілді жұқпалы аурулар да иммунитетті қатты төмендетеді. Иммунитет төмендегенде кез келген жұқпалы аурулар өзінің ағымын өзгертеді. Әрине соңғы екі жылда болған коронавирус өзінің әсерін тигізіп жатыр. Бұлар ауыр кейде типсіз түрде өтіп жатыр, созылмалы түрде де кездеседі. Жасыратыны жоқ, коронавирус кеңінен таралып кеткен кезде, көптеген адамдар өздігінен емделді. Олар түрлі антибиотиктермен басқада «ауруға көмек береді» делінген дәрілерді алып өз бетінше қабылдады. Бұлда өз кезегінде адам денсаулығына әсер етпей қоймайды. Кез келген дәріні өзінің мөлшерімен ішсе оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Ал белгіленген дозадан артық қабылдаса кері әсер көрсетеді. Әсіресе балаларда соңғы кезде бауырдың функциясының жетіспеушілігі көп кездесіп жатыр. Бұл ата-аналардың бауырға токсикалық әсері бар дәрі-дәрмектермен қоса антибиотиктер, вирусқа қарсы алуан түрлі дәрілерді пайдаланғандығын айғақтайды. Тек қана антибиотиктер емес, ата-аналар арасында тенденция көп. Биологиялық белсенді препараттарды оңды-солды қолдану жағайды көп кездесіп жатыр. Олар емшілерге жүгінуі мүмкін, ғаламтордағы жазбаларға жүгінуі мүмкін, «ақыл айтқыштар» көп қой қазір. Біз дәрігерлер балаларға биологиялық белсенді препараттарды өз беттерінше қолдануға қарсымыз. Бұлардың ішінде қоспа өте көп. Сондықтан ондай препараттардың кері әсерінен болған ауруларды емдеу кезінде қай қоспаның қайсы ағзаны бүлдіріп кеткендігін анықтау қиынға соғады. Айлар бойы қабылданған дәрілер кері әсерін көрсетіп, ауруды жазбақ түгілі бауырды, бүйректі зақымдап ауырта бастаған кезде барып дәрігерге келіп қаралатын ата-аналар бар. Сондықтан ата-аналарға балалары ауырған кезде міндетті түрде дәрігерге келіп қаралуға кеңес беремін.

-Жалпы Қазақстан медицинасы турлы пікір айтушылар, бұл салада белгілі жетістіктердің бар екендігін айтады. Сіздің пікіріңіз қандай?

-Мен бұл салада 35 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Соңғы жылдары медицинаның дамуы, алыс-жақын шетелдермен тәжірибе алмасу жағында болсын ілгерлеушілік бар. Яғни дәрігерлердің біліктілігі төмен деуге келмейді. Дегенмен біздің халық әлі де болса, түрлі дәрі-дәрмекті өз бетінше пайдаланады. Сосын жас ата-аналар балаларының тамақтануына өте жеңіл қарайтын болды. Бұрын ата-аналар балалардың тамағын мұқият дайындайтын еді. Яғни қуатты тағамдарды үйлерінде әзірлеп, жақсылап жегізіп отыратын. Қазіргілер ондайға көп көңіл бөлмейтін болды. Сырттағы кафелер мен сауда орталықтарындағы фастфуттар мен жеңіл-желпі азықтармен тамақтандырады. Тіпті 3 жасқа толмаған балаларға да соларды жегізетін адамдар бар. Сонымен қатар газды сусындар мен түрлі бояғыштар қосылған тәтті сусындардың да зияны орасан. Оның зияны туралы үнемі айтылып келеді. Алайда соған көңіл бөлген, назар аударған адамдар аз. Жалпы айтқанда үйдің тамағымен түздің тамағы екі басқа дүние, екі түрлі әсер ететіні сөзсіз. Жас аналардың балалардың азықтану мәселесіне неліктен селқос қарайтындығы маған түсініксіз. Бүгінгі балалар ертеңгі ата-аналар ғой, ол жалпы ұлттың денсаулығына, сапасына өз әсерін тигізбей қалмайтындығы белгілі. Осыдан бастап антибиотиктермен емделген баланың ержеткенде ағзасы қалай болатындығын елестету де қиын. Ондай жарымжан ата-анадан қандай бала туылады? Бүгінгі бала ертеңгі ұлттың болашағы ғой. Әрине, ойланатын жағдай өте көп. Балаларда анемия, тыныс жолдары аурулары жиі кездеседі. Қазір балалардың денсаулығына әсер ететін нәрселер өте көбейді. Балалар күні бойы компьютердің алдында отырады. Қолдарынан телефон түспейді. Ата-аналар бұл жағын бас қатырып жатқан жоқ. Оларға балаларының бір сәттік тыныштығы ғана маңызды сияқты. Олармен сөйлесіп, әңгімелесіп балалардың ойын ары қарай дамыту жағына көңіл бөлмей отыр. Біз қабылдауға келген ата-аналарға осы мәселені үнемі ескертіп отырамыз. Өкінішке орай бұл кеңестерімізді қаперіне алып жатқандар аз болып тұр. Бұлар ең алдымен баланың даму қабілетіне кері әсерін тигізеді. Екіншіден техника баланың миына, көзіне зиян тигізеді. Жалпылай айтқанда балалардың азықтану мәселесі өте маңызды. Қазақта «ауру астан» деген бар ғой. Есейген кезде пайда болатын түрлі аурулар олардың бала кезінде пайда бола бастаған болуы мүмкін. Жалпы алғанда тамақ дұрыс болмағандықтан бала ағзасына қажетті түрлі дәрумендер жетіспей жатыр. Гемоглобин ағзаға оттегін тасымалдаушы болып есептеледі. Ол функциясын атқара алмағандықтан мидың, жүректің жұмысы әлсірей бастайды. Бұлар әлсірегендіктен жалпы адам ағзасы кез келген аурумен күресуге дәрменсіз болып қалады.

-Еліміз егенмендік алғаннан бері қарай медицина саласын дамытуға бағытталған бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Солардың соңғысы «Дені сау ұлт Ұлттық бағдарламасы» болып отыр. Сіз маман ретінде осы бағдарламаларға деген көзқарасыңыз қандай?

Әрине мемлекет тарапынан қабылданған кез келген бағдарламаға арнайы қаржы қарастырылып, оның игерілу барысын бақылап отырады. Еліміздің медицина саласындағы қабылданып жатқан түрлі бағдарламалар мен акцияларға көңілім толады. Мемлекет жақсы мүмкіндіктер жасап жатыр. Қаржы бөлу жағы да жаман емес. Дегенмен әр адам «ауырмайтын жол іздеп» денсаулықтарына көңіл бөлгені маңызды дер едім. Ал балалар ауруларының маманы ретінде тағы да қайталап айтатыным біздің ата-аналар балаларының денсаулығына баса назара аударса деймін.

-Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
19.05.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 51
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 579
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 693
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 607
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 617

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8753
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8153
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11382
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9136
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10367