Атандай ақырған қыс һәм бойыма қуат берген құрт көже

Атандай ақырған қыс һәм бойыма қуат берген құрт көже

Бір жарым ай жүріп келіншегім ауылдан келді. Жай келмепті, құрт-май, бір қой, бір ешкінің семіз етін  алып келіпті.  «Саған қыста құрт көже істеп беру үшін құрт қайнаттым. Сенің сүйікті асың ғой» деп қояды және. Бәлкім әзілі, бәлкім қыжыртпасы. «Әй, қатын-ай, осы құрт көже болмағанда жаман байың бүгінде қасыңда отырар ма еді» дегім келді. Бірақ демедім. Одан да бұл оқиғаны жалпақ жұртқа жария еткенді жөн көрдім. 

 ***

1995 жыл. Қақаған аяз қақшаңдап тұр. Ұшқан құс, жортқан аң жан сауғалап кеткендей жым-жырт. Сұрланған аспан саз беттеніп безеріп алған. Қазақы пештің көмейіне қанша отын тықса да жылуды сезінбеген қараша үйлер  қалш-қалш етеді. Бойындағы бар жылуын түйе мойын мұржалардан аяз сорып алып жатқандай кеп.  Боздаған қара түтін сәл биіктегесін бозара түсіп  тоз-тозы шығып  тарқайды. 

Шынымды айтайын,   мұндай аязды  бұрын-соңды көрмеппін. Одан кейін де көргем жоқ. Аяз тілімен жалап тұр. Қыс қаһарына мініп бурадайын жарап тұр. Түкірік жерге мұз болып түседі.  Құй сен, құй сенбе! Ақша қар да сол жылы аз жауған. Аттың шашасы ғана көмілердей. Сары аяздың әкіреңдеткені сондай, «ақ көрпесі үстінен сырғып түссе», қара жердің төсін қақ айырып жібергісі бар... Төрт түлік мал жылы қорасынан сыртқа шыққысы келмей көткеншектеп әуре. Шаруа баққан елдің мазасы қашқан тұс – менің есімде өшпестей қалған қыс еді...

«Жау жағадан алғанда бөрі етектен тартады» демекші, «Ресейдi соқамен қабылдап, соңына атом бомбасын қалдырған»  Кеңес үкіметінің күйреп, азаттықтың ақ жалауы желбіреп, қазақ даласын  рухтандырып тұрған кез... Бірақ жағдай өте қиын еді...  Торғай – Арқалық тас жолында көлік қатынасы азайған. Құмырсқаның илеуіндей құжынап ағылып жататын дәурен көзден бұл-бұл ұшқан заман.  Солярка мен бензин түгілі азық-түлік қат. Мал мен ақшада құн жоқ. Халықта пұл жоқ.  Адуынды арлан- аяз шеттеп қалған  Торғай атырабын  табыннан бөлініп қалған торпақтай алқымынан алып  жәукемдеп жатқандай көрініс... Ауылдағылардың көлігі ат шана.  Салт атпен жүру үлкен мәртебе. Кімнің аты бар, соның айдарынан жел еседі.   

Қара жолдың бойында автобус күтіп тұрмын. Сақа студентпін. Үшінші курстың қысқы каникулынан Ақмолаға бет алған бетім.  Алдымен Арқалыққа жетіп алсам, ары қарай пойызға мінем. Бұл айтуға ғана оңай. Дәл қазір маған Арқалыққа жету арман. Тісім-тісіме тимейді. Сары аяз жалап тұр. Басымда зорман терісінен тігілген жүні тықыр құлақшын. Жалбағай болмағандықтан,  бетті үсікке шалдырмау үшін мойнымдағы ұзын шалманы екі қайтара орап алғам. Көзім ғана жылт-жылт етеді. Шалманың бу шыққан жеріне мұз қатып сүңгі тұрған.  Қолымда шешем тоқып берген жүн қолғап. Ол да аязға сеп болмады.  Қақиып қалған саусақтарымның ұштары ине сұққандай тыз-тыз етеді. Үстімде етегі белден келетін  «жаңа мода» жылқы терісінен тігілген биттің қабығындай қара куртка. Ішінде мойынды жауып тұратын ақ водалазка мен қалың күртеше.  Өзімше сықиып киініп алған түрім осы. Бірақ ол кімге керек? Арқаның ақ аязы «Мә, саған сәндік қуған. Көрсетейін көресіңді!» дегендей сүйегімнен өтіп барады.  Шыбын жаным шырқырайды. 

 Сәндік немді алған десейші, бірте-бірте ашқарақтық түбіне жетіп, балықшының  жұтпасын жұтамын деп мұз астынан шоршып сыртқа  шығып, аяздан екі көзі алайып, сәлден соң мұз үстінде сіресіп қалған шортандай қақшидым да қалдым. Еңкейе алмаймын.  Еріксіз жүгірген болам.   Одан пайда аз.  Бірақ жүгірмеске тағы болмайды. Жүгірмесем қатып өлемін. Тұла бойым бір  жылынбайды-ау, жылынбайды. 

  Аяғымда табаны  жұқа қайыстан тігілген,   терісі су тисе жайылып сала беретін  қара ботинка.  Ішінен жүн  шұлық кисем де қамсау болмай, бақайларым  жансыздана бастады.   Оны анық сезудемін.  Бұтымда санға жабысқан гамаж бен  пышақтың жүзіндей қыры бар қара шалбар. Жастық – мастық деген осы екен-ау.  Шешем «Қалың киініп ал, тоңасың, автобусқа мінгесін де шешіп тастауға үлгересің» деп, мені екі орайтын тұлыпты алдыма тастай салғанда: «Ой, апа, сіз де қызықсыз, ол тұлыпты кім көтеріп жүреді ап-ауыр ғып», – деп сөзін тыңдамағаныма өкінемін. «Анашым-ай, осындай болатынын жүрегің сезген екен-ау!..» – деп кемсеңдеп жылап жібердім. «Ажалымның жеткен жері осы шығар».

 Анадай жерде салмағы зілдей екі сөмке ет тұр. Семіз жылқының еті.  Жалт бұрылып ауылға тартып кетейін десем, қу дүниені тастап кетуге қимаймын. Азығым. Тірі қалсам қорегім. Стипендияға жеткенше талғажауым.  Қу құлқын-ай,  қу тамақ-ай,  мұншама  ыстық болармысың!  

Таңсәріде  қалың кигізбен тұмшалап, ат шанамен інілерім әкеп тастаған. Пысынап әрең жеткем. Ыстығын-ай.  Оларды көп ұстамай қайтарып жіберген де өзім. Қайдан білейін бұлай боларын.   Автобус «енді келіп қалар, енді келіп қалармен» күн бесінге ауды. Автобус түгілі бір қара өткен жоқ.  Әбден тоңғаным сондай, тісім-тісіме тимейді. Қаққан қазықтай қақиып қалдым.  Енді ауылға жете алмасым айдан анық. Үсіп өлген деген осы.  Қу жаным үшін екі сөмке етті де садақа етіп жіберуге бармын.  Ол кімге керек бірақ? 

Тік тұрмын. Байқаймын, талықси бастадым. Денем бір түрлі қызып, ыси бастады.  Үйдегі пештің қасында отыр екенмін деймін. Рахат. Пеш гүр-гүр етеді. Қызуы бетке ұрады.  Ұйқы қысып барады. Бір кезде пысқырынған жылқының дауысы естілгендей болды.  Селк ете қалдым. Тез есімді жиып алдым. Тірімін. Ой, Алла!

Ту сыртымнан  «Ей» деген таныс дауыс естілді. Мойнымды бұруға шама жоқ, робот секілді бар денеммен бұрылдым. О, ғажап! Бауырым Айдарбек. Аталас туысым. Құрдасым. Айқайлап жатыр. Қолында қалың қолғап. Тобылғы сапты қамшысын бұлғап қояды. Мұздай болып киініп алған. Үстінде қалың шекпен.  Басында түлкі тымақ. Қалың мақта шалбары қорбаң-қорбаң етеді. Аяғында голош кигізілген қойдың ақ жүнінен тігілген ұзын пима.  Мініп келген атының омырауы ақ-көбік. Қалың қарды  оппалап жеткені көрініп тұр. 

Аттың қанжығасынан бір дорбаны түсіріп жатыр. Өзі мәз. Мен болсам тәй-тәй басқан бала құсап әрең ілбіп келем. Көзім тұманданып кеткен. Құлап қалмасам екен деймін...

Жақындай бергенде Айдекең мені құшақтай алды. Сөйлей алар емеспін. Тісім-тісіме тимейді. Дір-дір етемін. «Ой, бауырым, тоңып  қалыпсың ғой. Адам осылай жеңіл киіммен жолға шыға ма? Өлдің ғой. Не мына тұрысың? Оқу деп жүріп омақа асуға аз-ақ қалыпсың.  Дала мен қаланы шатастырып алғаннан саумысың өзің?!».  

Сөйлеп жүріп дорбаның аузын ашты. Ішінен үлкен термос алып шықты. Оның қақпағына әкелген азығын  құйып аузыма тосты.  Буы бұрқырап қайнап тұр. Құрт көже. Бетінде мамырда сауылған сиырдың сүтінен алынған сары май кілкіп тұр.  Жұтып-жұтып жібердім. Сол-ақ екен, тұла бойыма қан жүгіріп, жаным кіре бастады. Көзім шырадай жанды. Міне, саған қазақтың қуатты асы! Екінші тостақты жалаң қолыммен қысып отырып өзім іштім. Алақаным ду-ду етеді.  Іштегі жылудың тырнақтарымның ұшына дейін,  бақайларымның басына дейін зулап барғанын сезіндім. Алпыс екі тамырым тулай жөнелді. Кәдімгідей қуаттанып күш жинап алдым.

 Ол күнді қалай ұмытармын? Бүгінгі балалар құрт көженің қадірі мен қасиетін біле ме екен?  Оның емдік күші мен қызуы жайлы  әңгіме айтсаң, сенер ме екен? Қатынның түрі анау «сенің сүйікті асың» деп, қыста жиі-жиі ішетінімді бетіме басып отырған.

Бірінші Алланың, екінші Айдекеңнің бауырмалдығының арқасында  үсікке шалынудан аман қалған едім сол жолы. Ол бәлкім бұл жақсылығын ұмытып та кеткен болар.  Ал мен  есімнен шығарған емеспін. Өзіне де бірнеше рет айтқанмын. «Ей, қойшы»  деп қолын сермеген.  Енді хатқа түсіріп отырмын. Осыдан дұрысы жоқ-ау...

PS: Ол кезде ағайын адамдар шаруа қожалықтарын құрып, азын-аулақ малдарымен  ілдебайлап күндерін көріп жатқан-тын. Айдарбек те  ағаларымен күре жолға жақын «Көпорды» мекендеп, мал бағып отырған еді. Бала кезінен  ерте тұруға дағдыланған Айдекең, көтерме жолдың  бойымен мені шығарып салған аттыларды көрген. Бірден таныған. Және үйге сөйлеп кірген. «Мына аязды күні Нәкең  қайда бара жатыр? Қатып өледі ғой. Соляркамен жүретін көліктер жолға шықпайды мұндай күні. Ал жанармай барлық жерде қат. Үсіп кетпесе жақсы болар еді», – деп уайымдап отырыпты шай үстінде.   Қар жамылған қыстаудан жол күткен адам ап-анық  көрініп тұратын. Менің ерсілі-қарсылы жүргенімді, аласұрып жүгіргенімді көріп отырыпты Айдекең.  

Содан  қой тұратын шашпаға шөпті апыл-ғұпыл шашып, анасына (жақсы кісі еді марқұм әжем)  «Тез су қайнатып құрт езіп жіберіңізші. Күрішін молдау қылсаңыз тіпті жақсы. Майдың сары майынан да аямай салыңыз.  Жол бойында балаңыз тоңып қалды, тез баруым керек» деп дегбірін алады. Дайын болған құрт көжені термосқа құйып алып, оны орап дорбаға  салып, аттың қанжығасына мықтап байлап, шабылмаған шабындыққа жиналған қасат қарды тіліп отырып маған жеткен.

Осындай азаматтың жақсылығын қалай ұмытарсың? Қаншама жыл өтсе де көкейде жүрген ой еді. Енді «уһ» деп отырмын. Мойнымнан бір жүк түскен секілді.  Жақсының жақсылығын айтқанға не жетеді, шіркін!  Бауырмалдық деген ұлы қасиет қой білгенге! 

 

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
11.08.2023

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 150
САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 60
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 186
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 55
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 183
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 48
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 150
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 297
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 295
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 511
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 468

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9169
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8567
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11795
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9563
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10775