Атом полигонынан азап шеккен қазаққа АЭС қажет пе?

Атом полигонынан  азап шеккен қазаққа  АЭС қажет пе?

Даудың басы – Президенттер ұсынысы

Бұған қараша халық әу бастан қарсы шықты. Дегенмен билік те оның пайдасы әрі қажеттілігі туралы айтудан талмай тұр. «2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергияcының тапшылығы болады. Ал әлемдік тәжірибеге сәйкес, тиімді шешім бар. Ол – бейбіт атом. Иә, оңай шаруа емес. Сондықтан осы мәселені ұтымды шеше білуіміз керек, сан алуан болжам мен эмоцияға жол бермейік», – деді Президент. Бұл осыдан бірнеше жыл бұрын басталған жырдың жалғасы. Естеріңізде болса, Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен болған кездесуде «ресейлік технология» бойынша АЭС салу туралы ұсыныс жасаған еді. Бұл ақпараттан кейін жұрт дүрлікті. Арнайы «АЭС салынбасын!» деген ұран тасталды да. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Алда-жалда апат болса, зардабын кім тартады? Әрине, жергілікті халық. Ал енді біз бұған не дей аламыз? Журналистік бейтараптықты белінен басып, бар ақпаратты басып жеп, талғажау етпек ниеттен іргені алшақ салмаққа, бар мен жоқты ортаға салып көрмекпіз. 

АЭС: Пайдасы мен зияны

АЭС дегеніміз не? Ядролық электр станциясы – атом ядросының энергиясын электр энергиясына айналдыратын құрылғы. Жалпақ тілмен айтқанда, тоқ өндіретін станция. Отын ретінде уран, плутоний, торий изотоптарын пайдаланады. Бұлардың жылу шығарғыш қабілеті мұнай, газ, көмірден бірнеше млн есе артық. Станцияны салу 10 жылға дейін созылуы мүмкін. Бір реактордың құны – 5 млрд АҚШ долларына пара-пар. Ал күрделі құрылысқа мамандар керек. Біздің елде ондай адамдар жоқ десек те болады. Шетелдік жұмыс күшінің қаржысы тағы бар. Кез келген АЭС 30-35 жыл жұмыс істеп, 10-15 жыл демалу керек. Содан кейін оны қайта бөлшектеп, зардабы тимейтіндей бұзу керек. Ол үшін дәл сондай қаражат кетеді. Істемей бос тұрған АЭС-тің қауіпсіздігі үшін де қомақты қаржы жұмсалады. Ауаға көмірқышқыл газын шығармай, жаһандық жылыну кезінде тиімді электр энергиясын алуға таптырмайтын мүмкіндік деп те айтуға болады. Дегенмен таяқтың екі ұшы бар. Радиоактивті қалдықтарды қайда жібереміз? Адамдар атомды пайдаланып үйренгенмен, оны залалсыздандыруды білмейді. Пайдасы шаш етектен атом энергетикасының зияны да соншалықты. 

Мамандардың бас қатыратын себебі бар. Бұқара халық «ядролық қалдық» деп атайтын радиоактивті қалдықты залалсыздандыру – адамзат шешімін таба алмай келе жатқан күрделі мәселе. Бұл түйткілді шешудің жолдарын  атомды қолдана бастағаннан-ақ ойластырып келеді. Кезінде АҚШ ядролық қалдықтарды ғарышқа шығарып, күнге қарай ату керек деген ұсыныс жасаған. Кішкентай жарылыс алып жұлдызға еш әсер етпейді деп, оған Жердегі барлық зиянды қалдықтарды жеткізу керек деген теория айтқан. Дегенмен бұл өте қымбатқа түсетін процесс. Ғарышқа жеткізілетін кез келген жүктің бір келісі 10 мың АҚШ долларына тең. Ал бұндай қалдық Жер бетінде жүздеген мың тонна. 50-ші жылдары неміс ғалымы Антарктидаға тасу керек деген идеяны алға тартты. Қалдықтар – өте ыстық, ал оны суыту үшін ондаған жылдар кетеді. Антарктида – Жер ғаламшарының табиғи мұздатқышы. Тіпті ол жерде қалдықтарды «жерлейтін» ор қазып жатудың қажеті жоқ. Ұшақпен тасталған ыстық ядролық заттар мұзды ойып, өзі-ақ кіріп кетеді. Кейін үстін қайта мұз қаптайды. Бір жағынан жақсы идея, дегенмен ғалымдар мұз көп ерісе, мұхит деңгейі көтеріліп, жағалаудағы елдерге қауіп келетінін алға тартты. Сонымен қатар бұл климаттың өзгерісіне де кесірін тигізетіні анық. Табиғатты қорғаймыз деп, оның өзге бұрышын ластауымыз да гуманизмге жатпас. Сөйтіп бұл идея да жарамсыз болып қалды. 80-ші жылдары жерүсті бункерлерінде сақтау теориясы шықты. Бірақ жел мен жаңбыр жерасты суларына қарағанда сақтау нысандарын тезірек бұзатыны мәлім болды. Бұл идея тек уақытша қабылданды. 40-50 жылда жерүсті нысандарында қалдықтар ұзақ уақытқа сақтауға дайындық процессінен өтеді. Біріншіден, сол уақыт аралығында суыту кезеңі болады, екіншіден, ғалымдар «мәңгілікке» сақтайтын басқа әдіс тауып үлгереді деп үміттенеді. Бүгін «мәңгіге» сақтау әдісі деп терең ор қазып сақтау тәсілін айтады. Атом энергетикасы саласында әлемде алдыңғы қатарда жүрген Франция қалдықтарды көмуден де үлгі көрсетіп отыр. Франция мәңгілік сақтау орындарының құрылысын бастаған үш елдің бірі. Швеция мен Финлияндия да бұл істе ілгері басты. 2025 жылы сақтау нысаны толық дайын болады деген болжам бар. Ғалымдардың айтуынша, мәңгілік сақтау үшін, яғни кемі 100 мың жыл тұратын қойма үшін саз, тұз, гранит және құмды жер керек. Тереңдігі кемі 100 метр, ал жерасты суының жылдамдығы секундына 100 микроннан аспауы тиіс. Бұл жағдайда бір тамшы су 317 жылда 1 метрге ғана жылжиды. Бұндай сақтау әдістерінде сазды жер өте ыңғайлы деуге болар. Себебі гранитті жарып немесе бұрғылау әдісімен қазады. Бұл дегеніміз ол жерде микро сынықтар пайда болуы мүмкін деген сөз. Егер олай болса, сол сынықтан өткен су қалдықтарға түсіп, радиоктивті заттарды «жұқтырып» алады. Ал құм мен тұз жер асты дүмпулері немесе тектоникалық қозғалыстар кесірінен жылжып кетуі әбден мүмкін. Сол үшін германиялық мамандар қалдықтар салынған контейнерлерді кез келген уақытта алуға мүмкін болатындай жасауға тырысатынын айтты. Бірақ жүз жылда қалдықтар көмген жерден табылмауы мүмкін. Себебі құм мен тұз сырғып кетуі ғажап емес. Ал Қазақстанда бұл мәселе қалай шешілмек? Бізде тағы бір полигонның қажеті бар ма? Семей полигоны, Ақтаудағы АЭС, Арал теңізі, Байқоңыр, Жезқазған, Қарағанды, Алматы, Торғай даласы, енді ластанбаған қай жер қалды? Онсыз да экологиялық ахуалы мәз емес елде тағы бір аса қауіпті қалдықтардың қорымына айналатын жер дайын ба? Біз оны қауіпсіз ете аламыз ба? Франция секілді технологияға қол жеткізе аламыз ба? Мамандарымыз дайын ба? Сұрақ көп. Әзірге толыққанды жауап жоқ. 

Атом және ядролық  энергетикадағы Қазақстан тәжірибесі

Қазақстанда Ақтау қаласындағы АЭС әлі күнге дейін бар. 1972 жылы жылдам нейтрондармен жұмыс істейтін БН-350 реакторы іске қосылған. 25 жыл жұмыс істегеннен кейін 1997 жылы Қазақстан Республикасының үкіметі БН-350 реакторлық құрылғысының жұмысын тоқтатты. Толық қолданыстан шығару үшін 50 жыл уақыт кетеді. Қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыс бюджетінен жылына 660-690 млн теңге бөлінеді екен. 2010 жылы қолданылған отынды Курчатовтағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығына ұзақ уақытқа сақтау жобасы аяқталыпты-мыс. Бүгін бұл АЭС толықтай үкімет қарамағында. Ақтаудағы бұл станцияны қашан толық қауіпсіз етеді немесе оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары қалай жүріп жатқаны туралы ақпарат жоқтың қасы. Тіпті Курчатов қаласындағы ядролық орталықтың жұмысы туралы да бейхабармыз. Ақтау халқы АЭС үшін қосымша үстемақы алуы керек пе, жоқ па деген сұраққа да жауап таба алмадық. Осындайда ғаламторы жүйрік заманда ақпарат ағыны да қолжетімді болса дейсің. 

Кімнің қандай жұмыспен айналысып жатқанынан бейхабар халықтың мазасы қашатыны анық. Мысалы Франция халқы «Бейбіт – атомға» қарсы шерулер Испанияға қарағанда аз болады. Оның себебі Францияда жүздеген ғалым түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Қағазбастылыққа еті үйренген кейбір шенеуніктер секілді құрғақ статистиканы емес, «түсінікті тілде» халықпен сөйлеседі. Егер АЭС соншалық қауіпсіз болса, мамандар қайда, жоба қайда, түсіндірме жұмыстары қайда? Олай болмаса, халықтың да аузына қақпақ болу дұрыс емес секілді. Қазақстан халқы ядролық сынақ алаңында қасірет шеккен ел. Ақ қан, гендік өзгерістерге ұшыратқан радиоактивті қалдықтардан әбден азап көрді. Енді келіп міне АЭС саламыз деу, кім кімнің де болсын шамына тиетіні сөзсіз. Тіпті Ресейге жабысқанымыз жабысқан деп, «Құдай қосқан көршімізге» біресе электронды өкіметімізді жасатып алмақ болдық, енді АЭС салдырғымыз келеді. Бүгін Ресей халықаралық атом энергетикасында беделінен айырылған елге айналып барады. Жасаған станцияларынан ақау шығып, жөндеу жұмыстарын жиілетіп кеткенге ұқсайды. Сол үшінде әлемнің мықты экономикалы елдері Ресеймен келісімшарт жасасар емес. Көршіміз бізді жағалап жүрген секілді. 

 

АЭС-ті кім салу керек?

Бұл жерде сырттан тон пішіп, «Өлдің Мамай, қор бол болдың!» деуден аулақпыз. Күрделі саладағы дүрбелең тудырған мәселеге мынау ақ, мынау қара деп айтуға болмас. Сол үшін біз де сарапшылардың пікірін келтіруді жөн көрдік. Экономикада, ғылымда, саясатта білері бар адамдардың осы мәселеге байланысты айтқан пікірлерін назарларыңызға ұсынамыз. 

 

Дәл қазір қажеті жоқ

Темірғали КӨКЕТАЕВ, физик ғалым, профессор («Жас Алаш», 23 қыркүйек, 2019 жыл):

Физик ғалым ретінде Атом электр станциясының салынуына қарсы емеспін, бірақ оны Ресейге жасатайын деп отырғандарына қарсымын. Ресей Атом электр станциясын салудан баяғыда артта қалған. Егер де Жапония немесе Германия, Швеция, АҚШ салатын болса бір жөн, онда қарсылығым жоқ. Оларда жаңа технология бар. 

Бірақ қазір Ресейге тапсырыс бергісі келіп жатыр. Ертең олар ең нашар атом электростанциясын салып береді, сосын біз соларға өмір бақи құл боп қалуымыз мүмкін. Мен ұрпағымның біреуге кіріптар болғанын қаламаймын. 

Өзімізде бұл салада тәжірибе де, қажетті мамандар да жоқ, сол себепті маманның барлығын тағы Ресейден алуға мәжбүр боламыз. Ал олар қазақтарға үйретпейді де, теориясын айтпайды. Бір шегесі дұрыс болмай қалса, оны түзеу үшін бәленбай миллиард ақша сұрауы мүмкін. Жапондарға салдыртсақ, олар өз мамандарымызды үйретеді. Бізді құл қыламын деп ойламайды. Жапонияда 5-6 рет болдым, қазақ халқын қатты құрметтейді.

Жалпы жақсы АЭС салу үшін миллиардтаған қаражат кетеді. Халық онсыз да пандемияның зардабын шегіп отырғанда, мұның дәл қазір қажеті жоқ.  

 

Бұл бізге өте қымбатқа түсуі мүмкін

Досым СӘТПАЕВ, саясаттанушы (жеке парақшасынан):

Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығы қарсаңында Қазақстанда Атом электр станциясын салу туралы мәлімдеме жасау орынсыз. Мұндай мәлімдемелерді өздерінің атомдық жобаларын белсенді түрде тықпалайтын Ресей президентімен жақында болған кездесуден кейін бірден жасау, кем дегенде, саяси қате.

Өз жазбаларымның бірінде АЭС салу Ресей үшін тек экономикалық қана емес, сонымен бірге саяси мәселе екенін атап өткенмін. Өзінің атом реакторын басқа мемлекетке өткізгісі келетін мемлекет серіктесін көп жылдарға әртүрлі міндеттемелермен өзіне байлап қоюды көздейді, мамандарды тек Ресейде дайындайды, ресейлік техниканы ғана және көпжылдық техникалық-сервистік қызметтерді Ресейдің қатысуымен ғана сатып алады. Мысалы Өзбекстанда Ресей тарапы шығындардың негізгі бөлігін өз мойнына алғысы келеді. Ол, тіпті, Өзбекстанға несие беруге дайын, өйткені АЭС құны, шамамен, $11 млрд болуы мүмкін. Бірақ Өзбекстанның жағдайында себеп түсінікті. Өйткені өзбектер Атом электр станциясының пайда болуы есебінен, газ экспортын ұлғайтқысы келеді. Ал Қазақстан жағдайында бұл идея шикі. Мұнда кімнің реакторын қолданғысы келетіні де маңызды емес: мейлі, ол ресейлік, америкалық, жапон немесе франциялық болсын. Қазақстан билігі 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізгісі келетіндерін ресми түрде мәлімдеп қойғаннан кейін бір нәрсе ұсыну керек болғаны түсінікті. Көмірді алмастыратын дүние қажет, өйткені елдегі электр қуатының 70 пайызы соны жағу есебінен өндіріледі. Бірақ Қазақстан Франция немесе Жапония емес (мұнда халық саны, ірі қалалар, кәсіпорындар мен энергия тұтынушы саны көп) және олар басқа қуат көздерінің тапшылығынан атом энергетикасын дамытуға сүйенген елдер. Бізде көмір мен мұнайдан басқа, газ бар. Соның есебінен, қазір елдегі электр қуатының тек 15 пайызы өндіріледі және бұл мұнаймен қосқанда. Демек бізге елді неғұрлым жедел газдандырып, газ есебінен де электр энергиясын өндіру қажет. Қазақстанда табиғи газдың бағалау қоры, шамамен, 3,3 трлн текше метр, ал әлеуетті ресурстар 6-8 трлн текше метрге жетеді. Бірақ осы уақытқа дейін Қазақстанда өндірілетін көгілдір отынның басым бөлігі – мұнай кен орындарындағы ілеспе газ, ол кері айдау үшін пайдаланылады, не жағылып, экологияға орасан зор зиян келтіреді. 

Біреудің салғырттығынан жарылатын оқ-дәрілердің қауіпсіз сақталуының өзін қамтамасыз ете алмайтын елде Қазақстан билігі АЭС салуды ойламай-ақ қойғаны дұрыс. Ең сенімді ядролық реактор болғанның өзінде, адамның қателігі, немқұрайлылығы немесе кәсіби біліксіздігі бізге қымбатқа түсуі мүмкін. Сондықтан адамдардың игілігі, ел азаматтарының денсаулығы мен қоршаған орта үшін қауіп-қатерсіз экономиканы дамыту үшін айдалатын және өртелетін сол газ саласын ретке келтіру туралы ойлану қажет. 

Қазақстанды осы технологияларды әзірлейтін әрі жаһандық деңгейде қажеттілігі артатын әлемдік орталықтардың біріне айналдыруды мақсат ету үшін баламалы «жасыл энергетиканы», ЖЭК (жаңартылатын энергия көздері) пен энергия үнемдеуші технологияларды дамыту туралы ойлау керек».

 

Ресейдің ескі  технологиясын  қоямыз деп халықты қатерге итермелеуге  болмайды!

Азаматхан Әміртай, эколог:

Біз радиацияның зиянын тартқызып отырған Семей полигонының қиындығын көрдік. Одан кейін, Чернобыль апатынан да хабардармыз. Осылардан соң, біздің халық қорқып қалған. Сондықтан, психологиялық, менталитеттік тұрғыдан халық АЭС салуға қарсы. Екіншіден, бұл экономикаға да айтарлықтай үлес қоса алмайды. ЖІӨ-ні көтеріп жіберетіндей әсері жоқ. Үшіншіден, экологиялық мәселе. Бұл тұрғыда Жапония, АҚШ жасап жатқан АЭС-тердің экологиялық тиімділігіне сенуге болар. Бірақ, Ресейдің экологиялық стандарттарды сақтайтынына күмәнім бар. 

Әрине, АЭС салу Ресей үшін өте тиімді. Ресей сол арқылы Қазақстанды бақылай алады. Бұл да бір әскери орынға айналады деуге болады. 

Бұл Ресейге коммерциялық жағынан өте тиімді. Өйткені сол үшін Қазақстан оларға ақша төлейді. Олардың бизнес компаниялары сол арқылы ақша табады. Ол ресейлік олигархтар мен Мемлекеттік Думадағы, Кремльдегі  лоббистерге пайда әкеледі. Сондықтан олар АЭС салуға барынша құлшынып отыр. Бірақ біз бұған түбегейлі қарсы болуымыз керек. Себебі оның жарылу қаупі 1 пайыз дегеннің өзі үлкен қорқыныш. Онсыз да Семей полигонының зардабын әлі тартып жатырмыз. Егер билік осыған рұқсат беретін болса, қатты қателеседі. Сондықтан Президент нақты шешім қабылдап, бұл мәселені тоқтатуы керек. Ресейдің ескі технологиясын қоямыз деп халықты қатерге итермелеуге болмайды!

 

Ресей ескі технологиямен жұмыс істейді

Мұхтар ЖӘКІШЕВ, «ҚазАтомӨнеркәсіп»  компаниясының бұрынғы басшысы (Forbes): 

«АЭС салу мәселесін зерттей бастаған кезде нарықта бар станциялардың ешбірі Балқашқа қоюға жарамайтынына көз жеткізгенбіз. Жалпы атом станцияларының түрі соншалық көп те емес. Супермаркетке кіріп, тауар таңдағандай маңдайынан шертіп жүріп таңдап аламыз деп ойласаңыз, қатты қателесесіз. Керісінше бұл нарық Кеңес одағының дүкендерін еске түсіреді. Қайың шырыны, томат шырыны, шабдалының қышқыл шырыны деген сияқты ғана таңдау бар. Солардың ішінде қайсысын қоюға болады? Кеңес заманынан бері келе жатқан, уақыттың тезінен өткен «ВВР» дейтін реактор бар. Жұмыс принципін қарабайырлап айтсақ, «мескейдің ішіндегі мескей» болып шығады. Ішкі «мескейдің» ішінде суды қайнататын уран таблеткасы болады. Ол қайнатқан судың қызуы сыртқы мескейдің ішіндегі суды қайнатады. Осының әсерінен генератор электр өндіреді. Ресей Федерациясы қазір бүкіл жерге соларды орнатып жатыр. Олар бұл реакторды жаңғыртқан. Соны алға тартып, «3+» санатына жатқызып жүр. Шындығында ол ешқандай «3+» стандартына жатпайды. Ол баяғыдан екінші деңгейдегі реактор болатын. Жетілдіргеннің арқасында қауіпсіздік деңгейі сәл артқан шығар. Бірақ бұл типтегі реактордан соншалық ақау шығып көрген жоқ. 

Қытай Халық Республикасы ұсынып отырған реакторлар бар. Ол да ескірген. Бірақ Францияның Framatome компаниясы жасаған. Қытайлықтар әуелі өздерінде  көптеп салып, кейін жетілдірген болды. Одан да ақау шығып көрген жоқ. Бірақ ол да ескірген технологиямен жұмыс істейді. «3+» деңгейіндегі екі реактор бар. Біріншісі – Westinghouse Electric жасаған ІР 1000 дейтін мың мегаваттық реактор. Бұл – өте жақсы реактор. Өйткені жұмысы физиканың өте қарапайым базалық заңдарына негізделген. Электронды жүйелердің орнына механикалық жүйе қойған. Шартты түрде айтсақ, қысым көтерілсе, тығындар ашылып, су ағып кетеді деген сияқты. Тіпті егер электр келмей қалса, реактор өздігінен өшіп қалады.  Физиканың базалық заңдарының арқасында ол қарапайым бірақ сенімді реактор болып тұр. Бірақ оның жалғыз прототипі Қытайда салынды. АҚШ-тың өзінде ондай бір станция салынған жоқ. 

Екінші реактор – франциялық технологиямен жасалған. Аты ERP болу керек. Бұл реактордың ең алғашқысын Финляндияға салды. 2001 жылы басталғанда 3 жылда бітіреміз деген. Бірақ көпке созылып кетті. Мен түрмеде отырған кезде ғана іске қосты-ау деймін. Бұнда қауіпсіздік жүйесі электроникаға негізделген. Сондықтан ол ІР1000-ға қарағанда әлдеқайда қымбатқа түседі. Бірақ ол да «3+» буынына жатады. Оның қымбаттығынан бөлек, салудың өзі қиын. Жалғыз реактор Финляндияда тұрғанын білем. Басқа елдерде салу мәселесі қаралып жатыр ма, ол жағы белгісіз. Сонда нарықта 4 түрлі нұсқа бар. Одан басқа жоқ. Оңтүстік Корея ұсынуы мүмкін. Бірақ ол да франциялық реактордың негізінде жасалған, ескі технология. Бұл жердегі маңызды мәселе станцияның қуатына келіп тіреледі. 1000 мегаватт қуатты біз өзіміздің энергия жүйесіне кіріктіре алмаймыз. Балқашқа АЭС салу мәселесін талқылаған кезде ең бірінші тап келген мәселе осы болатын. 1000 мегаваттық станция орнатып, отын салған екенсіз, 1000 мегаваттық резервіңіз болу керек. KEGOC сол кезде 600 мегаватт энергияны ғана резервтей алатындарын айтқан. Қазір Солтүстіктен Үлкен станциясына дейін қосымша желі тартып резерв қуатын 800 мегаватқа дейін арттырды деп естідім. Соның өзінде 1000 мегаватты резервтеу қазір мүмкін емес. Ондай станцияны орнатып, шектеп қана пайдалануға болады. Бірақ шектеудің шығыны өте қымбатқа түседі. Онда станцияның өзін ақтауы мүмкін болмай кетеді.

Абзал СҮЛЕЙМЕН
08.10.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 83
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 604
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 721
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 633
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 643

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8780
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8180
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11409
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9163
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10394