Қырғыз Республикасының Баткен облысы Раззаков қаласының тұрғыны Ұланбек Мурзаев өзінің қорасын бұзып, оның орнына ауылдағы оқушылар үшін кітапхана және оқу орталығын жасапты. Library House деп аталатын кітапханада қазір 30-дан артық бала математика мен ағылшын тілін тереңдетіп оқып жатыр екен. Бұған қоса IT бағытында оқу курсын бастаған Ұланбек алдағы уақытта ересектер үшін осындай оқу орталығын ашуды жоспарлап отырған көрінеді. Бұл туралы «Азаттық» радиосының қырғызтілді қызметі арнайы репортаж дайындапты. Тілшіге сұхбат берген Ұланбек өзі құрған білім ордасы жайлы мағлұмат берді.
«Бұл – Library House деп аталатын жеке кітапхана. Әуелгі мақсатым кітапхананы құрып, балаларды кітапқа, білімге қызықтыру болған еді. Негізі мұндай ой карантин кезінде мектептер онлайн оқуға ауысқан кезде білім сапасының төмендеп кеткенін көргеннен кейін келді. Балалардың оқуда кенжелеп қалғанын көргеннен кейін, карантин аяқталғасын осы дүниені жасайын деп бекініп едім», – дейді Ұланбек Мурзаев.
Бұл кітапхананы салып шығуға 4 жылдай уақыт кетіпті. Құрылыс жұмыстарының барлығын өзі жасаған Ұланбек құрылысқа қажеттінің көбін табиғи материалдан дайындаған.
«Мен қазірге дейін құрылыс саласында жұмыс істегендіктен, көп дүниелерді несиеге алып, уақытымен қайтарып отыратынмын. Осы жолы да солай болды. Талайдан істес болып келе жатқан саудагерлер маған қажетті материалдарды несиеге берді. Бас-аяғы 3,5 миллион сомдай болды. Техниканы, мысалы ноутбуктар, принтерлерді Прагадағы қызмет істейтін бір інім алып берді. Қалғанын отбасымызбен жұмыс істеп жүріп тапқанымызға тұрғыздық. Қазір шығындарымды жабу үшін екі жерде жұмыс істеймін», – дейді жанкешті азамат.
Аталмыш кітапханадағы кітаптардың көбі ағылшын тілінде, одан бөлек математика, өнер, медицина бағытындағы әдебиеттерді де көруге болады. Өзінің айтуынша, бұлар жарты ғасырдан бері жинақталған кітаптардың үштен бір бөлігі екен. Осындай білім ордасының ашылғалы жатқанын естіген алыс-жақындағы адамдар көптеген кітаптарды сыйға тартыпты. Бұдан бөлек қажетті деген кітаптардың біразын өз қаражатына сатып алған. Бұл орталықтың өзгешелігі әдеттегі оқушыларды білім саласында өз беттерінше нәтижелі ізденуге ынталандырады екен.
«Әдеттегі мектептерде бір күнде ары кетсе 5-10 есеп шығаратын болса, бұл жерде балаларды онан да көп есептерді орындауға үйретеміз. Мөлшермен 30-40 есеп шығаруы мүмкін. Осылайша өнімділікке баулимыз. Университеттерде лекцияларды жазып үлгермейтін студенттер болады. Олар басынан бастап осындай жылдамдыққа дағдыланбағандар деп ойлаймын. Бұдан бөлек бізде білім саласы кенжелеп қалды. Еліміздегі миграциялық ахуалды ескерер болсақ, балаларға IT саласынан да білімдер үйретуіміз керек екенін түсіндім. Бұл келешекте жұмыс табуына пайдасын тигізеді», – дейді Ұланбек Мурзаев.