АУЫЛ ӘКІМДЕРІ ПРЕЗИДЕНТ СЕНІМІН АҚТАЙ АЛА МА? (Ел арасында ауыл әкімдерінің әділ сайлануына үміттен күдік көп...)

АУЫЛ ӘКІМДЕРІ ПРЕЗИДЕНТ СЕНІМІН АҚТАЙ АЛА МА? (Ел арасында ауыл әкімдерінің әділ сайлануына үміттен күдік көп...)

28 қараша күні Астана қаласындағы «Конгресс орталығы» ғимаратында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен «AMANAT» партиясы ұйымдастырған «Ауылдық әкімдердің диалог алаңы» республикалық форумы болып өтті. Шара аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Клиентке бағдарланған сервистік мемлекеттік қызмет: диалог, кәсібилік, ашықтық» тақырыбындағы арнайы панельдік сессиясын ұйымдастырып, оны Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай жүргізді. Жиынға еліміздің барлық өңірінен 1600-ден астам ауыл әкімдері, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты.

Форумда ауылдық елді мекендерді дамыту, инфрақұрылымды жақсарту, тұрғындардың өмір сапасын арттыру және жергілікті басқару жүйесін күшейту мәселелері талқыланды.

 

Бір заманда ұлы Абайдың:

«Болыс болдым мінеки,

Бар малымды шығындап.

Түйеде қом, атта жал

Қалмады елге тығындап.

Сөйтсе-дағы елімді

Ұстай алмадым мығымдап.

Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап.

Әлсіздің сөзін салғыртсып,

Шала ұғамын қырындап…» – дегені біздің өткен отыз төрт жылымызға тура келіп тұр. Әсіресе ауыл әкімдеріне. Оларды біреу ойлап па еді? Әйтеуір өз күндерін өздері көріп жатты емес пе. Қиындықтың дәмін де біраз татты емес пе? Шыдады. Шырылдады. Биліктің қабағын бақты! Ақыры  міне, жарқырап таң да атты...

Әйтсе де ауыл әкімдері өткенді ұмыта қоймас. Аштықта жеген құйқаның дәмі таңдайларынан кете қоймас. 

Иә, ауыл әкімдері шарасыз еді. Тек құзыреттерінің жеткен жері мектеп еді. Сайлау болсын, мемлекеттік қандай да бір іс-шара болсын, мұғалімдерді құрдай жорғалата алатын. Cоған өздері мәз болатын.

 Ауылдық әкімдіктің қыстық отыны мен керек-жарағына келгенде, арыстан  айбарлары қашып, сүтке тойған мысықтың күйіне еніп, шаруа қожалықтарының артынан жүгіріп, «ағалап, көкелеп» шаруаларын тындыратын. Шарасыздықтан бейшара күйге түсіп, жігерлерін құм қылатын.

 Әкімдікке келген қонақтың өзіне мал сою үшін фермердің артынан, бай-бағыланның соңынан жүгіретін, ел көріп түңілетін. Себебі бюджеті жоқ. Бюджеті болмағасын қаржысы жоқ. Қаржысы болмағасын ел алдында беделі де нөл  еді. Әкім болу деген елдің түсінігінде сор еді...

Қарамағындағы үш-төрт қызметкерінің өзіне жалақы төлеу күш еді.  Әкімдердің көңілі көктем болса да, іштері мұздай қыс еді...

Өткенді ойласақ, осылай еске қай-қайдағы түседі. Оның бәрі енді ертегіге айналмақ. Өткен шақпен айтылмақ. 

Баяғыда ауыл әкімдері кім еді? Қарапайым жұрттың бірі еді! Ешкімге сөзі өтпейтін, әкім деген аты бар да, заты жоқ, «айда, шапқа» жүгіретін жалтақ шенеуніктің бірі еді! Кертіп жейтін ештеңесі болмаса да,  сөздері ірі еді...

Ойхой, несін айтасыз, баяғыдағы  ауыл әкімдері қандай еді? Шаруадан әбден қалжыраған нардай еді. Ел дауыс беріп сайламағасын маңайларына жалтақтап қарар еді. Халық сайламағасын билікке ғана мұйынұсынып, тұрар еді...

Өйткені әкімдер сайланбайтын, тағайындалатын. Кім көрінгеннен сөз естіп, ешкімге сөзі өтпей қорланатын!  Далаға шықса, ұнжырғалары түсіп, кабинеттеріне оралатын. Бірдеңе дұрыс болмаса жоғарыдан сұралатын. Сөйтіп арагідік сыналатын.

Ақыр соңында  халық бір жақта, әкім бір жақта зар қағатын. Сондықтан да ол кезде ешкімнің әкім болғысы келмейтін. Кергитін. Ешкімге де сенбейтін. Себебі өзіндік ой-пікірі болса да әкімді ешкім  көзіне ілмейтін, сөз де бермейтін. Қуыршақ әкім біресе ауданға, одан қалса облысқа жалтақтап, ол жақтардың «ауа райын» байқастап, жүретін еді-ау «ойқастап!».

Енді жұлдыздары оңынан туғалы тұр! Бастарына бақтың құсы қонғалы тұр!

Тек ел сенім ақтай алса болғандары, орындалғалы тұр армандары!

Бұдан былай ауыл әкімдерінің құзіреті күшейеді. Қаржылық жағдайлары да түзеледі!

Ойға-қырға әкімдерді жүгіртудің, болмас іске тартып «түлетудің», елге күлкі етудің бәрі сап тыйылып, көктемдегі тай-тулақтай  құйрық-жалдары күзеледі. Еңселері тіктеліп «тіріледі».

Енді ештеңеге жалтақтамай қабақтары да «түксиеді», себебі  Президент пен Үкімет  олардың арқа сүйері! Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып кетпесе де, әжептәуір дөң-айбат көрсетуге қауқарлары жетпек! Бұған дейін олардың биліктерін, қаржыларын рас қой келгеніміз шектеп, үптеп! Енді тірліктерін бастай бермек ептеп, септеп! Тек әпербақан кәсіпкерлерден, салықтан жалтаратын бизнесмендерден, билік қорғауы керек, қолдауы керек!  Аяқтарын тәй-тәй басып кеткенше, өз қолдары өз ауыздарына жеткенше!

АУЫЛ ӘКІМІН ҚАРЖЫЛЫҚ ҚОЛДАУ ТҮЙІНДІ ШЕШЕ АЛА МА?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық округтердің өзін-өзі қамту деңгейін арттыру мақсатында бюджеттің төртінші буынына салық пен төлемдердің 25 түрі берілгенін және жаңа Бюджет кодексі аясында бұл тізбекке кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру салығы да қосылғанын жеткізді. Сондай-ақ енді ауыл маңында шоғырланған кәсіпорыннан түсетін салықтың бір бөлігі елді мекендер қазынасында қалады. Демек, ауыл әкімдері ешкімге қол жаймайды. Өз ауылы үшін еңбек етуге арланбайды. Бұл шешім енді талқыланбайды! Талданбайды!

Ел Президенті: «Кей кәсіпорындар ауылдық округтерде пайда табады, жергілікті тұрғындардың еңбегін қолданады, бірақ салықты өздері тіркелген аудан немесе қала бюджетіне төлейді. Сондықтан Үкімет бұл қағидатқа теңгерімді тәсіл қолдану мүмкіндігін қарастырғаны дұрыс болар еді. Қанша дегенмен, жергілікті жерлерге де қандай да бір кіріс түсуі қажет. Сондай-ақ енді бірқатар өңірге экологиялық айыппұлдар толық төлене бастайды...».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл әкімдерінің республикалық форумында осылай деді. Бұл ел үшін жағымды жаңалық. Татымды жаңалық! Ауылдың еңсесін көтерер нақты қадам!

28 қараша күні Астана қаласындағы «Конгресс орталығы» ғимаратында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен «AMANAT» партиясы ұйымдастырған «Ауылдық әкімдердің диалог алаңы» республикалық форумы болып өтті. Шара аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Клиентке бағдарланған сервистік мемлекеттік қызмет: диалог, кәсібилік, ашықтық» тақырыбындағы арнайы панельдік сессиясын ұйымдастырып, оны Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай жүргізді.

Жиынға еліміздің барлық өңірінен 1600-ден астам ауыл әкімдері, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты.

Форумда ауылдық елді мекендерді дамыту, инфрақұрылымды жақсарту, тұрғындардың өмір сапасын арттыру және жергілікті басқару жүйесін күшейту мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде ауыл әкімдерінің жауапкершілігі жоғары екенін, ел дамуындағы рөлін атап өтіп, ауылды өркендету бағытында нақты тапсырмалар берді.

Кездесу барысында табысты жобалар таныстырылып, тәжірибе алмасу мен шешім қабылдаудың тиімді алаңы қалыптасты.

Құдайшылығын айту керек, Ел Президенті билікке келген алғашқы күннен ауыл мәселесін көтеріп келеді. Нақтыласақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланғаннан кейінгі алғашқы жарлығы да осы ауылды дамытуға арналғаны белгілі. Ауылға көңіл бөлу керектігін де айтудай-ақ айтуда. Қаншама жыл қордаланып қалған проблемалар ауылдың еңсе көтеруіне мүмкіндік берер емес. Қоғамдағы кейбір бюрократтық таным-түсініктер де қолбайлау. Ауыл қайтсе көгереді? Көктейді. Бұл көпшілік халықтың арманы мен тілегі әзірге. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы халыққа Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлау бастамасын көтергені ел есінде. Сол уақыттан бері еліміз бойынша 2 334 ауыл әкімі сайланыпты. Бүкіл билік жүйесінің тірегі саналатын ауыл әкімдерінің ішінде нақты нәтиже көрсетіп жатқандары жеткілікті.

Айта кету керек, елімізде 2021 жылы алғаш рет ауыл әкімдерін тікелей сайлау өткізілген болатын. 2023 жылдан бері аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін пилоттық режимде сайлау жүргізіліп, биылдан бастап бұл тәжірибе бүкіл республика бойынша кеңінен енгізілді. Нәтижесі де жаман емес.

Мемлекет басшысының ауыл әкімдерінің кәсіби даярлығын күшейту туралы тапсырмасын орындау мақсатында Агенттік Мемлекеттік басқару академиясы және «AMANAT» партиясымен бірлесіп кешенді қайта даярлау бағдарламасын әзірледі. Бұл бағдарлама тек оқытуға ғана емес, ауылды басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Бүгінгі таңда 1800-ден астам ауыл әкімі оқытудан өтіпті.

Соңғы жылдары ауылдардың тыныс-тіршілігі түрленіп келеді. 2021 жылдан бері ауыл халқына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 864 нысан салынды. Сондай-ақ 388 жаңа мектеп ашылды. Ауылшаруашылығының жалпы өнімі 8,3 трлн теңгеге жетті. 2029 жылға дейін «Ауыл аманаты» бағдарламасына 600 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Оған қоса, ауылдарды цифрландыруға бас мән берілмек. «Себебі ауыл – ұлтымыздың өзегі», – деп нақтылады Президент.

Мына мәліметке де көз салыңыз: соңғы 5 жылда халық 3 мыңға жуық ауыл әкімін тікелей сайлаған. Бұл реформа өзінің оң нәтижесін беріп жатыр, – дейді депутаттар. Елді мекендердегі әлеуметтік мәселелер оңтайлы шешіліп, тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып келе жатқанын ешкім жоққа шығармайды. Дегенмен, атқаратын шаруа көп, түйіні тарқамаған түйткілдер де аз емес. Бұл жолғы форум қордаланған мәселелерді республикалық деңгейде талқылауға мүмкіндік беруімен құнды!

ПРЕЗИДЕНТТІҢ  АСҚАҚ АРМАНЫ АУЫЛҒА ЖЕТСЕ ИГІ!

Форумда ауыл әкімдері кадр тапшылығы мәселесін де қаузады. Мемлекетке қайтарылған жерлерді тұрғындарға бөлу процесі әділ әрі ашық жүргізілуі керек деген бұйымтайларын да жеткізді. Ал кейбір ауыл атқа мінерлері міндеттеріне жатпайтын жұмысты атқаруға мәжбүрміз деп базынасын да айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бәрін мұқият тыңдады. Әкімдердің сөзін бөлмеді.

Сөз орайында өзі де ауыл жайлы терең толғанды. Оралымды ойлар айтты.

«Бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша. Еліміздегі барлық деңгейдегі атқарушы билік өкілдері осы жерге арнайы шақырылды. Ауыл әкімдерінің басым көпшілігі, яғни 80 пайызы осында. Жалпы, осындай ауқымды құраммен алғаш рет бас қосып отырмыз.

Шын мәнінде, тақырып өте өзекті. Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі халқымыздың тамыры – ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ. Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше.

Әкім – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші. Бұл – өте жауапты жұмыс. Ауыл әкімі ауылдың болмысын, ауылдағы ағайынның өмірін жете түсінетін нағыз іскер маман болуы керек. Жаңа ғана бірнеше әкімнің сөзін тыңдадық. Айтылған ой-пікірлерді және ұсыныстарды мұқият зерделеп, жұмыс барысында міндетті түрде ескеру қажет.

2020 жылы халыққа Жолдауымда ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастама көтергенімді білесіздер. Бұл мемлекетті басқару ісін түбегейлі жаңғырту жолындағы аса маңызды қадам болды. Себебі жергілікті әкімдер бүкіл билік жүйесінің тірегі саналады. Сондықтан біз орынсыз асығыстыққа жол берген жоқпыз, ауыл әкімдерін сайлау жұмысын 5 жылдың ішінде біртіндеп жүзеге асырдық. Бүкіл еліміз бойынша 2334 ауыл әкімі сайланды. Олардың орташа жасы – 43 жас. Жаңадан сайланған әкімдердің үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар.

Ауылдағы сайлау саяси партиялардың аймақтардағы жұмысына тың серпін берді. Олар өз үміткерлерін ұсынып, сайлауға белсене араласты. Саяси ұйымдардың 1500-ден астам өкілі әкім болып сайланды. Жаңа басшылардың қатарында алты партияның мүшелері бар. Ал 700-ден астам азамат өзін-өзі ұсынып, сайлауда жеңіске жетті. Сайланған әкімдер жұмысқа кірісіп кетті, жалпы нәтиже жаман емес деуге болады. Ең бастысы, олар жергілікті жұрттың мұң-мұқтажын, шешімін таппай жатқан түйткілдерді жақсы біледі.

Ал аудан әкімдерін сайлауға қатысты әртүрлі көзқарас бар. Бірқатар қоғам қайраткері мен белсенді азаматтар «аудан әкімдерін сайлау қажет пе, жоқ па» деген мәселені қайта қарауды ұсынуда. Бұл мәселені Ерлан Саиров, Альберт Рау, Мархабат Жайымбетов бастаған депутаттар да көтерді. Олар елде сайлау тым көбейіп бара жатқанын, жұрт саяси науқандардан мезі бола бастағанын айтуда. Бұл пікірді ауыл және аудан тұрғындары да қолдап жатыр. Сайлау науқандары жергілікті жерде жүргізілуге тиіс нақты жұмыстарға кедергі келтіруі мүмкін деген пайымдар да бар. Бұл пікірлерді ескерген жөн.

Осыған дейін аудан әкімдерін сайлау тәсілі арқылы 52 әкім сайланды. Енді олардың қалай жұмыс істейтінін қарап көру қажет. Аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралау керек. Мәселе – аудан әкімдерінің сайлауын міндетті түрде өткізу емес, басты мақсат: біз оң нәтижелерге қол жеткізуіміз керек. Үкімет және Парламент депутаттары бірлесіп, осы мәселені жан-жақты қарап, әділетті, дұрыс шешім қабылдауы қажет. Ең бастысы, әрбір реформа салмақты көзқараспен, байыппен жасалуы керек», – деді.

 

ФОРУМНАН КЕЙІНГІ ОЙ-ТОЛҒАМДАР

Форумда ауыл әкімдері жақсы қырынан көрінді. Өз тәжірибелерімен бөлісті. Президенттің алдында шешіле сөйлегендері, алқымнан алған түрлі келеңсіздіктерді ашық айтқандары да кездесті. Бұл да елдегі демократияның жарқын бір көрінісі деген дұрыс-ау.

Форумнан кейін журналистерге берген сұхбаттарында қартамыш әкімдер қиын күндерде де күндерін көргенін, биліктің ауылға көңіл бөлуі ауылға тың серпін беретінін қуана айтып жатты. Жас әкімдер Президенттің қолдауының әсерінен жүздері бал-бұл жанып, өз жетістіктерін тамылжыта жеткізуге күш салды. Бәрі дұрыс! Бәрі жақсы! Біз тырнақ астынан кір іздеуден аулақпыз. Алайда ауызға келген түкіріктің қайта жұтсаң мәкүрік болатыны тағы бар.

Бірден айтайық, Президенттің ауылды қолдау үшін жасап жатқан қадамы құптарлық. Ізгі қадам. Ауыл әкімінің қаржылық проблемасын шешіп беруге Үкіметке берген тапсырмасы да көңілді елжіретеді. Бәрі де ауылға болсын деген игі тілектің жемісі. Алайда ауыл әкімі сайлауының бәрі әділ өтті деуге келмес. Әлі де бармақ басты, көз қысты әрекеттер жүріп жатқаны ешкімге жасырын емес...

Ел іші болған соң әртүрлі пікірлердің қанат жаюы да заңдылық. Сын түзелмей, мін түзелмейді. Ақ пен қараның қатар жүретіні секілді, жетістік пен кемшілік те егіз. Тек мақтаудан тұратын қоғамның ел экономикасын қалай күйрететіні тарихтан белгілі. Жүріп өткен жолымызда да сайрап жатыр. Сондықтан ел арасында айтылып жүрген ауыл форумына қатысты кейбір пікірлерді ұсынып отырмыз. «Форумның түк те пайдасы жоқ. Сосын ауылдың әкімдері ешқашан сайланбайды. Себебі жоғарыдағы шенеунік белден басады. Өз таңдауын жасайды. Халықтың қалауын ту талақай етеді. Сөйтіп өз мақсатына жетеді. Содан соң ауылда не ақша бар елді көтеретін? Мысалы, ауылдың іргесінен жол өтер, су кірер, газ жеткізілер, басқа түк те жоқ қой. Шалғайдағы ауылда қайдағы зауыт, фабрика? Менің ұсынысым, ауылшаруашылығына бөлінген субсидия мен кіші кәсіпкерлікке бөлінетін қаржыны ауыл әкімдеріне беру керек, сол – ауылға пайдасы тиетін қаржы. Қалғаны миға қонбайтын талап» дейді ауыл тұрғыны Ақылтай Мыңжасар мырза.

«Ауылды дамытудың тың идеялары талқыланса игі еді. Азып-тозған бұрынғы ауыл туралы көзқарастан арылып, қазір заманауи ауыл келбетін жасау керек. Соған сай ауыл әкімдерінің бюджеті болу керек. Ауыл заманауи болса, жұмыс болса, жастар да тұрақтайды. Шағын және орта бизнесті жолға қою керек» дейді ауыл тұрғыны Қанағат Молдаш.

«Форумдар мен осы типтегі жиналыстардың пайдасы мен эффектісін айтпай-ақ қояйық, барлығына белгілі нәрсе. Ауылдар жақсы даму үшін, біріншіден, дұрыс өңірлік саясат керек, одан кейін адал және әділ жұмыс жасайтын қызметкерлер керек, бюджетті тиімді пайдалану, салық пен айыппұлдан басқа кіріс көзін қарастырып, ауыл халқының қолайлы өмір сүруі үшін инфрақұрылымды дамыту қажет. Ауылшаруашылығымен айналысуға жағдай жасау қажет. Еліміздің қазіргі жағдайында урбанизация қатты керек емес, өңірлерді дамыту керек. Барлығы бюджетке келіп тіреледі. Дұрыс бюджеттік жоспарлау мен орындалуын қатты қадағалау қажет! Жемқорлықпен нақты күрес қажет», – дейді Асылан Мырзахметов.

«Бұл форум ауыл әкіміне байланысты көптеген күрмеулі мәселелерді шешуге ықпал етуге тиіс. Соның бірі – ауыл әкімі қазір толықтай билік иесі. Бұрын ауылға байланысты түрлі шаруалар (тазалық, көгалдандыру, ұсақ жол жөндеу, төтенше жағдай т. б.) совхоз арқылы шешілетін, қазір ондай іргелі құрылымдар жоқ. Өңшең жеке ұсақ шаруашылықтар. Бәрі әкімге қарап отыр. Сондықтан әкімшілік жанынан шаруашылық мекеме ашып, оған трактор, булдозер, автоводовоз т. б. техникалармен жабдықтау керек. Ол өзін-өзі қаржылай ақтай алады, сонда әкім ешкімге алақан жаймай өз халқының бар қажетін өзі атқаратындай болар еді. Содан соң ауыл әкімшілігі жанындағы қоғамдық қауымдастық кеңесі жайлы, оның орны мен құзіреті жайлы пункттерді қайта қарау керек», – дейді Сырым Атбасаров. Жә, осымен жетер.

Мұның алдында Президенттің қатысуымен ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің II форумы өтуі тегін емес. Екі форумда да ауыл тынысы, ауыл тіршілігі, ауылдағы халықтың тұрмысы мен әл-ауқаты сөз болды. Сабақтастық бар.

Сөз соңында айтарымыз «Qazaqstan dauiri» халықаралық газеті «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл тағдыры – Ұлт болашағы» экспедициясын жүзеге асырып келе жатқанына он жылдан асты. Айтарымыз көп... Ұзақ жылғы экспедиция барысында  көңілге түйгеніміз ертеректе сөз болып, кейін жүзеге аспай қалған вертикальді басқару жүйесі аудандарға, мектептерге, ауруханаларға т. б. керек-ақ.  Себебі жемқорлықтың жолы кесіледі. Кез келген басшының ешкімге алаңдамай жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі. Ауылға да солай!  

Біздің басылым мұны сөз етіп жүргеніне біршама жылдың жүзі болды. Қуанышты жайт, спорт саласына вертикальді басқару жүйесі енгізілмек. Ол дегеніміз енді министрліктен әкімдікке дейін бәрі бір жүйемен жұмыс істейді деген сөз. Спорт федерациялары республикалық құрылыммен байланысты болады, бұл өз кезегінде тәртіп пен тиімділік үшін керек. 

«Спорт мекемелерінің басшылары енді ротация арқылы тағайындалады. Олар «мәңгілік» бастық болмайды. Мұндай жүйе мектеп директорларына қатысты да енгізілген. Мүгедектігі бар спортшыға еріп жүретін адамның шығыны мемлекет есебінен өтеледі...», – деп еді заң жобасы талқыланып жатқанда  Мәжіліс депутаты А. Аймағамбетов.  

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газетінің жыл сайын ауылға сапарлайтын дәстүрлі экспедициясы биыл да еліміздің бар аймағын аралады. Биылғы экспедицияның тақырыбы «Ауыл тағдыры – Ұлт болашағы» деп аталды. Сапардың мақсаты: ауыл-аймақты аралау, елмен жүздесу, жұмысшы-шаруалармен әңгімелесу. Президент Жолдауының жергілікті жерлерде қалай орындалып жатқанын баспасөз арқылы оқырманға насихаттау.

Басылымның бас директоры, танымал журналист, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы: «Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Ауылдың тағдыры – ұлттың болашағы дегеніміз бекер емес. Экспедицияның мақсаты – ел Президентінің саясатын қолдау, ауылға деген ізгі мұратын кеңінен насихаттау, сондай-ақ ауылдың тыныс-тіршілігін көріп, елдің үнін есту. Рухани құндылықты сақтап, жастарды газет-журнал оқуға тәрбиелеу – бүгінгі күннің өзекті міндеті. Ұрпақ ұлттық рухпен сусындағанда ғана елдің ертеңі нық болады. Баспасөзді қолдау – елді қолдау деп білемін» деуі ағайындарға да, билікке де ой салса керек-ті.

Ауыл форумы алдағы уақытта да жалғасын табарына сенім мол. Біздің форумнан көңілге түйгеніміз осы болды. Ауыл – біздің басылымның ең өзекті тақырыбы. Ауыл десе, елеңдемейтін қазақ жоқ. Сол ауылымыз көркейе бергей! Президенттің асқақ арманы орындалып, ауылымыздың жағдайы жақсарып, ауыл халқының берекесі арта берсін!

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК

 

11.12.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 20923
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 20708
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 35842
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 34356
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 38239