Ақтөбе облысында 230 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды. Қазіргі таңда Ақтөбе облысында 10,6 мың гектардан астам суармалы жерді қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр, оның 4,5 мың гектары биыл пайдалануға берілмек.
Бұл деректер Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен суармалы жерлердің ұтымды пайдаланылуы мен пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін қайтып алу мәселелері қаралған жиында айтылды.
Облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұловтың сөзінше, бүгінде Қарғалы және Хромтау аудандарындағы 892 гектар суармалы жер бос жатыр.
– Егер қыруар қаржы жұмсалып, нәтижесі болмаса – бұл кем дегенде бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуы. Егер жағдайды түземесеңіздер, ең болмағанда тәртіптік жауапкершілікке тартыласыздар, – деді облыс басшысы аталған аудан әкімдеріне.
«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес биыл облыста 500 мың гектар пайдаланылмаған және тиімсіз пайдаланылған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару жоспарланып отыр. Бүгінге дейін 234,7 мың гектары (46,9%) қайтарылды.
Алты бағыт бойынша жүргізіліп жатқан Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспары аясында өңірде ауыл шаруашылығын дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр.
– Үкіметтің қолдауымен 2019 жылдан бастап облыста суармалы жерлер қалпына келтіріліп жатыр. 3 жыл бұрын суармалы алқаптар 15 мың гектар болса, биыл 40 мыңнан астам гектарды құрайды. Соның ішінде, ірі шаруашылықтардың бірі «Milker» ЖШС-нің суармалы алқаптары 1200 гектарға жетіп, кәсіпорынды одан әрі қарай дамыту мақсатында, кешенді жоспарда көрсетілгендей, 2022-2023 жылдары қосымша 2 400 бас ірі қара малға арналған сүт-тауар фермасын салуды жоспарлап отыр. Осылайша, 2025 жылға дейін суармалы алқаптарды 100 мың гектарға дейін жеткізуді және ірі қара мал санын қазіргі күнге қарағанда 225%-ға арттыруды, жылқы басын 130%-ға көбейтуді жоспарлап отырмыз, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі пайдалануға беріліп жатқан және бұдан бұрын берілген суармалы жерлерді толық игеру үшін түбегейлі шаралар қабылдауды талап етті. Сонымен қатар, жалпы ауыл шаруашылығы жерлерінің ұтымды пайдаланылуын бақылауды күшейтуді, Ақтөбе қаласы мен барлық ауданда суару үшін және балық шаруашылығын дамыту үшін жаңа бөгеттердің құрылыс жұмыстарын жандандыру тапсырылды.
– Ауыл шаруашылығы – ауа райына тәуелді секторлардың бірі. Осы жазда біз бұған тағы бір көз жеткіздік. Суармалы жерлерді, жаңа бөгеттерді іске қосу – азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аса маңызды. Бұл сұраққа барынша жауапкершілікпен қарау керек, – деді О.Оразалин.
Жаңа гидротехникалық ғимараттарды түгендеу және іске қосу мәселелері де маңызды болып отыр. Қазіргі таңда облыс аумағында 172 гидротехникалық ғимарат бар. Былтыр жүргізген зерттеулерге сәйкес, қырық бөгет жөндеуді қажет етеді. Өткен жылы екі бөгет жөнделіп, тағы екеуі биыл күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, 8 гидротехникалық ғимаратты күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.