Ауылшаруашылығын өркендеткен ауқымды істер

Ауылшаруашылығын өркендеткен ауқымды істер

 

 

 Біз әдетте ауыл алтын бесік дейміз. Ауылда бір кәсіптің құлағын ұстаған адам   ашқұрсақ қалмасы анық. Себебі ауыл алтын тамыр, әсіресе мал кәсібіне мойын бұрған  тұрмыстың барлық игілігіне маңдай терімен жетеді. Жаһандық  саяси үдерістер азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты үрейімізді үдете түсуде.  Жер жаһанды қоныс еткен адамзат саны артқан сайын аграрлы сала өніміне сұраныс ұлғая түсері анық, сондықтан ауылшаруашылығын тиімді бизнестің тетігі етуге әркімнің-ақ бар таласы.  

Шыны керек,  еліміз саяси дербестікке ие болғанымен, азық-түлік тәуелсіздігіне кепіл беретін агроөнеркәсіптік кешенді құра алмады. Соңғы жылдары қазба отын қорларының сарқылу қаупін шынайы  саралаған соң ғана ауылшаруашылығы өндірісі экономиканың өзегі  екені ескеріліп, ежелгі салаға ерекше басымдық берілді.  Әсіресе ауылшаруашылығы секторының өнімділігін арттыруда ғылыми тәсілдерді енгізу, озық халықаралық тәжірибелерді игеру, асылтұқымды мал басын көбейту сынды бастамалар мемлекет қолдауына ие бола бастады. Бұл бағытта ауқымды бағдарламалар жасақталғаны мәлім. Алайда басты мәселе егін егіп, мал өсіру ғана емес,  тиімді субсидиялау тетіктерін қалыптастыру мен өңделген өнім экспортын ұлғайту.  19 қараша ауылшаруашылығы қызметкерлер күні мерекесіне орай Маңғыстау облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ботагүл Құттымұратовамен тілдесуді жөн көрдік.  Бүгінде аталған басқарма   мал және егін шаруашылығы, инвестициялық субсидиядар, ветеринария, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу және бюджеттік несиелер сынды  бірнеше ауқымды  бағдар бойынша қызмет етіп келеді. 

«Мемлекет қолдауымен биыл да  ауылшаруашылығы саласының дамуында оң динамика қалыптасты. Жыл басынан бері бұл салада  құны  27,1 млрд теңгені құрайтын  өнім өндірілді, бұл  көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 26,8 %-ға артық. Оның ішінде мал шаруашылығы өнімінің құны 22 млрд теңгені құрап,  былтырмен салыстырғанда  30%-ға көбейді, өсімдік шаруашылығында өнім шығару көлемі 4,5 млрд теңгеге теңесті  немесе 32,4%-ға көбейді. Соның ішінде сойылған және союға өткізілген мал мен құс көлемі 14,1 мың тоннаға немесе 1,5%-ға өскенін ескерген жөн»,дейді Ботагүл Құттымұратова. 

 

 

Субсидия салаға серпін береді

 

Ботагүл Сәукенқызының мәлімдеуінше,  облыста  ауылшаруашылығына ғылыми жетістіктер мен цифрландыру үдерісін енгізу, шекаралас өңірлермен ынтымақтастықты жандандыру, өнеркәсіп өндірісін одан әрі дамыту, сондай-ақ өңірдің инвестициялық және іскерлік тартымдылығын арттыру үшін қайтарымсыз қаржылық қолдау, жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен несие беру тетіктері үйлестірілгенін атап өтті. 

«Мәселен, соңғы 3 жылда, яғни 2021-2023 жылдар аралығында облыс бойынша барлығы 2089 агроөнеркәсіп субъектілеріне 3,6 млрд теңге көлемінде субсидия төленді. 2023 жылы 1008 агроөнеркәсіп субъектілері 3,1 млрд теңге көлемінде субсидия алды. Ал 2024 жылы агроөнеркәсіптік кешен саласын дамыту үшін субсидиялауға жергілікті бюджеттен 2,8 млрд теңге қаражат қарастырылған. Қазіргі таңда 543 АӨК субъектісіне 1,4 млрд теңге көлемінде субсидия төленді. Оның ішінде: мал шаруашылығы бағытында 1 298,0 млн теңге, өсімдік шаруашылығына 45,7 млн теңге, инвестициялық субсидиялауға 832,2 млн теңге және сыйақы мөлшерлемесіне 755,5 млн теңге қаражат көзделген», деді ол. 

Әрине, мұндағы басты мақсат еңбек өнімділігін көтеру, қайта өңдеу мен экспортқа бағдарланған өнім көлему ұлғайту арқылы жаңа тұтыну нарықтарына жол салу. 

 

 

Мал басын көбейту межелі міндет

 

Статистикаға сүйенсек, өңірімізде 4000 мыңға жуық шаруа қожалығы жұмыс жасайды, оның 90 пайызынан астамы мал шаруашылығымен айналысады екен.  Жыл басынан бергі санаққа сәйкес  өңірде барлығы 540 105  мал басы тіркелген, оның ішінде: түйе 88 873 бас, жылқы 127 077 бас,  қой мен ешкі 292 163 бас,  ірі қара мал  18 570 бас. Қысы қытымыр өңірде төрт түлік басының көбеюі қысқы мал азығынан қағыс қалмауына  тікелей қатысты. Мал басын көбейту машақаты басым еңбек,  азабы аз емес. Сондықтан қыстың қамы алдымен мал азығының мардымды қорын жасақтаудан басталады. 

«Биыл қыста төрт түлікті   мал азығымен толық қамтамасыз ету үшін 83 000 тонна шөп және 26 200 тонна жем қажет еді. Нәтижесінде жоспар асыра орындалып,  мал азығы артығымен дайындалды. Нақтыласақ,  84,2 мың тонна шөп  және 26,2 мың тонна жем даярланды.  Айта кететін жағдай, өздеріңізге белгілі, 2024 жылдың қаңтарына дейін мемлекет қолдауымен аналық мал басына жұмсалған азық құны субсидияланды. Кейін   Үкімет енгізген өзгерістерге сәйкес мал азығы шығындарын өтеуге қаржыны  гидрометеорологиялық қызмет растаған, өңірде азық дайындауға теріс әсер еткен төтенше жағдай жарияланған немесе қалыптан тыс ауа-райы жағдайлары басталған кезде ғана қарастыру туралы шешім қабылданған еді. Алайда, Маңғыстау облыстық ауылшаруашылығы басқармасының  ұсынысы ескеріліп, бұл талап біздің өңірге қолданылмайтын болды. Нәтижесінде  биыл 30 қыркүйекте қағидаларға өзгеріс енгізілді. «Ауылшаруашылығы жануарлары басының азығына жұмсалатын шығындар құнын арзандату» бағыты бойынша субсидиялау қажетті нормативтік құжаттар дайын болған кезде жүргізіледі. Сондықтан қағидаларға сәйкес өтінімдер 20 желтоқсанға дейін қабылданатынын қаперге саламыз»,дейді Ботагүл Құттымұратова.  

 

Егістік алқапты ұлғайту – өзекті мәселе

 

Елімізде қай өңірде де егістік алқаптың көлемін ұлғайту, өсімдік шаруашылығының өсімін көтеру өзекті мәселе. Мемлекет аграрлық секторды дамытуға елеулі қолдау көрсетіп, өндіріс көлемін ұлғайтуды,  өнімділік мен сапаны арттыруды, ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша кәсіпорындардың өндірістік қуатын еселеуді көздейді. Аграрлы секторды ел экономикасының локомативіне айналдыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Желідегі деректерге жүгінсек, ел экономикасында мұнай өндіру ішкі жалпы өнімнің 14,45 пайызын құрады. Ал аграрлық сала 1990 жылы ішкі жалпы өнімнің 34 пайызын құрағанын ескерсек, аграрлық экономиканың мүмкіндіктерінің мол екенін байқауға болады.

Маңғыстау өлкесінің қолайсыз климатына қарамастан бұл салада да біршама ілгерілеу байқалады. 

«Облыс бойынша өсімдік шаруашылығында 150-ге жуық шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Олар негізінен көкөніс, бақша дақылдарын өсіреді. Өсімдік шаруашылығы бағытында  биыл көкөністер және бақша дақылдары, егістік алқабы 1 037 гектарды құрады, яғни былтырмен  салыстырғанда егістік алқабы  11,6%-ға ұлғайды. Айтып өтер жайт, былтыр  егіншілердің басым көпшілігі тамшылата суару әдісін қолдану арқылы өңірде барлығы 27 000 тонна өнім алды. Ал биыл жыл  соңына дейін 28 000 тонна өнім алу жоспарланған. Әрине,  диқандарды дер кезінде  демеу  назардан тыс қалмады. 2024 жылы ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құны өсті,  нақтыласақ, 87,8 мың куб су тасымалдау 19,1 млн теңгеге субсидияланды», – деп атап  өтті Ботагүл ханым. 

Оның  сөзіне сүйенсек,  минералдық тыңайтқыштардың құнын субсидиялау үшін  34 агроөнеркәсіптік кешен субъектісіне 16 млн теңге қаржы төленді. Бұл 186,3 тонна тыңайтқыш субсидияланды деген сөз. 



Ветеринария ата кәсіпті алға жетелейді

 

Маңғыстауда агроөнеркәсіптік кешеннің даму көкжиегін айқындауда әсіресе мал шаруашылығының кең өріс алуына, саладағы түйінді мәселелердің оң шешімін табуына қолайлы жағдай жасаған жөн. Мәселен, соның ішінде облыстағы ветеринарияның жай-күйіне баса назар аударып, саладағы олқылықтарды жойып, кем-кетігін толтырар жобаларды жүзеге асыру қажет. 

«Халықты ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған шаруашылықтар ең алдымен малдың қауіпті ауруға ұшырамауын ветеринар мамандарымен бірге қадағалап отырады. Облыс аумағында басқармаға қарасты 5 аудан, 2 қалада жалпы саны 7 ветеринариялық станса, 47  ветеринариялық пункттер жұмыс жасауда. Ветеринар мамандар ауылшаруашылығы жануарлары арасында жұқпалы аурулардың таралуына тосқауыл қойып, тамақ және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Осы мақсатта 2024 жылы 1 355 558 бас малға ветеринариялық профилактикалық іс-шаралар жүргізуді  жоспарлап, оның 1 064 426 басына ветеринариялық профилактикалық іс-шара жүргізді»,  – деп атап өтті Ботагүл Құттымұратова. 

Сондай-ақ, биыл 363 409 басқа ветеринариялық диагностикалық іс-шаралар жүргізу жоспарланған болса, бүгінгі күнге дейін 322 029 мал басына ветеринариялық диагностикалық тексерістен өткізген. Биыл  да, былтыр да Маңғыстау облысында ауылшаруашылығы жануарлары арасында аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелген жоқ.

Иесіз ит-мысықтарды аулау жұмыстары да ветеринария саласының мамандарына жүктелген міндет. Бүгінде мамандар ветеринариялық іс-шаралар жүргізумен қатар ауыл тұрғындарына иелігіндегі ит-мысықтарды қағидаға сәйкес байлап ұстау жөнінде үнемі түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. 

«Биыл облыс бойынша 11 710 бас ит және 1 мысық ауланды. Нақты айтқанда, Ақтау қаласында – 1 369, Бейнеу ауданында – 1 575 ит, 1 мысық, Жаңаөзенде 4 109, Қарақия ауданы бойынша  – 552, Маңғыстау ауданында – 469, Мұнайлы ауданында – 2 595, Түпқараған ауданында  1 041 ит ауланды.

Анықтама үшін: 2023 жылы облыс бойынша 14 598 бас қаңғыбас үй жануарлары ауланған болатын», деді Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары.

 

«Ауыл аманаты»   ел ырысын еселейді

 

2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауыл аманаты» атты ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша ауқымды бағдарлама бастау алғаны мәлім. Тиісті басқарма мәліметіне жүгінсек, былтыр  біздің облысқа бөлінген 1,2 млрд теңге игеріліп, 165 жобаға шағын несие берілген. Статистикаға сүйенсек, іс-шаралар нәтижесінде 217 жаңа жұмыс орны құрылды.  Оның ішінде, мал шаруашылығы бағытында 811,8 млн  теңгеге  113 жоба, егін шаруашылығы бағытында 65,4 млн теңгеге 6 жоба қаржыландырылды. Өзге бизнес бағытында 322,8 млн теңгеге 46 жобаға несие берілген. Сонымен қатар, бағдарлама аясында 3 кооператив құрылып 67,5 млн теңге  шағын несие берілді.

Деректерге жүгінсек,  ауылда 7,7 млн адам тұрады екен. Бұл – халықтың жалпы санының 41%-ы. Былтырғы дерекке сәйкес, ауыл және қала тұрғындарының ақшалай табысының айырмашылығы 38%-ды құрайды. Ал «Ауыл аманаты» жобасы осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді.

«Биыл  жасампаз  жобасы аясында Маңғыстау өңірінде 308 жобаны 1 млрд 848 млн теңгеге қаржыландыру арқылы 326 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Барлығы 46 ауылдық округ, 1 шағын қала  тұрғындары қатысады, нәтижесінде 308 жобаға несие беру арқылы 10 атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамту көзделді.  Бүгінгі таңда қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп 9 кооператив арқылы және «Ауыл аманаты» аясында, қосымша жаңадан 2 кооператив құру арқылы жұмыстар жүргізу жоспарлануда»,деді Ботагүл Құттымұратова.

 Биылдан бастап өңірлік ауылшаруашылығы басқармасы халық арасында «Солтүстік тәжірибесін масштабтау» деген атпен тарап кеткен «Агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларға кредит беру» жаңа бағдарламасын іске асыруды жоспарлады. Игі бастаманы ілгерілету үшін  3 млрд теңге қаржы  қарастырылған. 

Сонымен қатар, басқармада басқа да қызмет түрлері  жүзеге асып келеді. Мәселен, былтыр  әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қорын қалыптастыру мақсатында 1,5 млрд теңге жергілікті бюджет қаражаты бөлінді. Биыл тұрақтандыру қорында 480,9 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары сақталған. 

«Мемлекет қолдауымен Маңғыстау облысы бойынша агроөнеркәсіптік кешенінің жол картасына сәйкес 2024-2026 жылдар аралығында  жалпы сомасы 14,9 млрд теңгені құрайтын  10 инвестициялық жобаны іске асыру көзделді.  Оның ішінде, 2024 жылы өңірде 4,1 млрд теңгені құрайтын 2 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, 1 жоба жылыжай кешенін салу және 1 жоба көкөніс сақтау қоймасы. Инвестициялық қаржы ауылшаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, облыс экономикасының даму қарқынын қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталатынын ескерген жөн», дейді Ботагұл Құттымұратова.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы
29.11.2024

Ұқсас жаңалықтар

Төбет – қазақтың ұлттық бренді
Жасұлан АБДИҒҰЛОВ, Қуат НҰРҒАЛИЕВ, әуесқой итбегілер - 09.12.2024 78
  Алтын қолды дәрігер
Аяужан ЖАЙЛАУҚЫЗЫ, Алматы қаласы - 08.12.2024 31
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 87
Шығыста шаруа қазаны қаз-қаз қайнап тұр
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 91
АБАЙ ЕЛІНДЕ АЛАШТЫҢ РУХЫ БАР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 96
Шығыста шаруа қазаны қаз-қаз қайнап тұр
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 91
АБАЙ ЕЛІНДЕ АЛАШТЫҢ РУХЫ БАР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 96
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 87
Ақмола астық жинаудан рекордтық көрсеткішке жетті
Дайындаған – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 07.12.2024 85
РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨКСЕГЕНІ НЕ?
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 07.12.2024 82
Ән өнерінің саңлағы
Саяжан ҚАЙДАР - 06.12.2024 93
ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАН, ҒИБРАТЫ МОЛ КИЕЛІ МЕКЕН
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 06.12.2024 92
Тоқсанның төріндегі театр
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 06.12.2024 87

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 10371
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9351
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12591
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11563
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 16574