Ауыт Мұқибек: Президент Ұлттық Кеңеске көбірек сүйенеді

Ауыт Мұқибек: Президент Ұлттық Кеңеске көбірек сүйенеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен өмірге келген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қазіргі таңда еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік орны бар саяси институтқа айналып үлгерді. Оның маңыздылығы мен екі жыл ішінде атқарған жұмыстарына Мемлекет басшысы мен өзге де саяси қайраткерлер жоғары баға берді. Біз аталмыш кеңестің құрылғанына екі жыл толуына орай, Кеңес құрамында қызмет еткен, ақын, қоғам қайраткері Ауыт Мұқибекпен жолығып, бірнеше сұрақтар қойған едік.

– ҰҚСК-ның құрамында екі жыл қызмет істедіңіз. Сіздің ойыңызша бұл Кеңес әуелгі мақсатына сай бола алды ма?

– Әрине, сай болды деп айта аламын. Соңғы кезде бұл Кеңеске деген көзқарасым тіпті өзгере бастады. Заң шығару ісіне Президент Әкімшілігінің көмескі жолмен араласатыны ашық болды. Мәжілістің жаңа құрамының бір сессиясы аяқталды. Бір депутат шығып, мен мұнша заңға мынадай толықтыру немесе өзгерту енгіздім деп айтқанын естігем жоқ. Керісінше, сенатор Ақылбек Күрішбаев «…көптеген ұсыныстарым «қағаз күйінде» қалды, көптеген депутаттық сауалдарыма «үйреншікті сырғытпа» жауаптар алдым»- деп, мәлімдеді.

Фото ғаламтордан алынды

Бұл аз десеңіз, Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат Төрағасы болып тұрған кезінде «Заңнамалық реттеудің шегі нақты айқындалғанына қарамастан, жекелеген мәселелердің маңызын жоғары қою үшін, белгіленген шектерді бұзуға деген ұмтылыстар әлі де орын алуда. Соның салдарынан заң шығару қызметі тақырыптық жағынан тарылып, заңдар арқылы ведомстволық, салалық, өңірлік және басқа да мемлекеттік ауқымнан тыс мүдделерді қанағаттандыру үрдісі қазір де туындап отыр»- деген болатын.

Қысқасы, Парламент Президент Әкімшілігінсіз тырп ете алмайды. Қасым-Жомарт Кемелұлы меңзегендей, Президент Әкімшілігі «ведомстволық, салалық, өңірлік және басқа да мемлекеттік ауқымнан тыс мүдделерді қанағаттандыру» үшін жұмыс істейтінін бүгін жасырудың қажеті жоқ. Демек, осындай жағдайда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі ауадай керек. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ұсынысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заң шығару бастамасы тәртібімен Мәжілістің қарауына 17 заң жобасын жіберіп, «талқылатып» қабылдады. Сондай-ақ, 3 Жарлық пен 18 Қаулы шығарды. Мұның көбін толыққанды «Саяси реформа» дегеннен гөрі, саясатқа белгілі дәрежеде ықпал ететін заңдар деген дұрыс.

Осы жерде тағы бір кеңес – Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңес туралы айта кеткен жөн секілді. Реформалар жөніндегі жоғары кеңес «Ұлттық жобалар» жасауға басымдық беретін секілді. Бұл да сол «ведомстволық, салалық, өңірлік және басқа да мемлекеттік ауқымнан тыс мүдделерді қанағаттандыру» деген сөз. «Ұлттық жобаларды» Үкімет жасауы керек. Егер, экономикаға қатысты жобалар жасауға қауқарсыз болса, онда ондай үкіметтің қажеті не деген сұрақ туындайды. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік басқару дағдарысқа ұшырап тұр. Оны Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың жақында берген бір сұхбатындағы: «Қазір билік мемлекеттік басқарудың сапасы шынымен төмендеп кеткенін көріп, біліп отыр. Біз орталық деңгейде де, жергілікті ауқымда да басқару ісінде жүйелік сипаттағы қателіктер көбейгенін түсініп отырмыз», – деген сөзінен де аңғаруға болды.

Реті келіп тұрғанда айта кетейін, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекеттік аппарат жұмыс істеу тәсілін өзгертіп, жемқорлықтың жолын кесуі керек!» – деді. Өткен жылмен салыстырғанда жемқорлық әрекеті үшін жауапқа тартылған адамдардың саны 11 пайызға артқан, яғни 820-дан 912-ге өскен»- деді мемлекет басшысы. Бұл – 2020 жылы 19 тамыздағы ақпарат. Тіпті жемқорлыққа қарсы күрес бойынша жеті бағытты атап көрсетті. Бірақ жемқорлық тыйылған жоқ. Ұстау, қамау, соттаумен жемқорлық тыйылмайды. Президент Әкімшілігінің ықпалымен қабылданған заңдарды түгел қайта қарап, ондағы жемқорлыққа апарып соқтырып отырған нормаларды өзгертпейінше, жемқорлық жоғалмайды.

Енді сіздің сұрағыңызға оралсақ, ҰҚСК алғашқы адымда жұмысын сәтті бастады. Белгілі дәрежеде жұрт күткен, Президент алға қойған біраз мәселелер көтерілді және оның бір бөлігі өз шешімін тапты.

– Сіз ҰҚСК- тің мүшесі ретінде өз тарапыңыздан қандай ұсыныстар жасай алдыңыз? Оның нәтижесі туралы не айтасыз?

– Ерлан Қарин ҰҚСК құрамын жасақтау туралы: «Біз екі мәселені басшылыққа алдық: біріншіден, бұл жай ғана танымал адам емес, расында да белсенді қоғам қайраткерлері болуы керек. Бізде белгілі бір мәселе туындағанда ғана бас көтеретін белсенділер бар. Ол тақырып төңірегіндегі шу басылса, олар басқа мәселеге ауысады. Бізге мұндай тұрақсыз «батырлар» қажет емес. Екіншіден, біз сарапшылық мәнге көңіл аудардық. Яғни сарапшының көпжылдық тәжірибесі болуы, кез келген мәселе бойынша емін-еркін талдау жүргізе алуы маңызды болды» деген болатын.

Мен өзімді осы екі шарттың екеуіне де сай келемін деп ойлаймын. Он жыл бойы бір ғана Көші-қон саясатымен айналыстым. Көп тәжірибе жидым. Көшіқонға қатысты Заңдар мен нормативтік құжаттарға елеулі өзгерістер мен толықтырулар енуіне ықпал ете алдым. Көп мәселе шешілді.

Ұлттық Қоғамдық сенім кеңесі мүшесі ретінде ұсынған отызға таяу ұсынысымның ішіндегі жүзеге асқаны – «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 49-бабына «Этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелеріне, осы баптың бірінші бөлігінің 13 және 14-1 тармақшаларының күші қолданылмайды» деген норманың енуі.

Бұл не үшін қажет дейсіз ғой, 13 тармақ бойынша Қазақстан Республикасында тұрақты тіркеуде тұратын этникалық қазақтар шетелде 183 күннен бір күн артық тұрса, «Ықтиярхатының» күші жойылатын. 14-1 тармақ бойынша, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны, салық салу және еңбек заңнамасы саласындағы құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған шетелдегі келген еліне шығарылып жіберумен бірге, бес жылсыз Қазақстанға келуге тыйым салынатын.

Дәл осы екі норманың кесірінен, мысалы 2015 жылы 307 этникалық қазақ елден тыс жерге шығарылыпты. 2016 жылдың алғашқы тоғыз айында 199 қандасымыз жазаға тартылып, еліне кері қайтарылыпты.

Ойлаңызшы, қаншама отбасы екіге бөлініп, бес жыл бойы бір-бірімен кездесе алмай қалды?! Тіпті, кәмелеттік жасқа толмаған баласы Қазақстанда қалып, ата-анасы бес жыл бойы оралмай қалған жағдайлар болды…

Демек, енді аталған екі норма қандастарымызға қолданылмайтын болды. Менің көп жылдық төккен терімнің ең бір жемістісі – осы дер едім.

Өз басым ҰҚСК бір отырысын көшіқон және демография тақырыбына арнаса екен деп қатты армандадым және екі-үш рет өтініш те айттым. Бір таң қалғаным, Ұлттық кеңес мүшелерінің дені соны қолдай қойған жоқ.

Ал, қалған өтініштерім де өте маңызды. ҰҚСК Хатшысы Ерлан Қарин мырзаның суырмасында жатыр. Егер, мемлекет көші-қон саясатын шын мәнінде жандандырамыз десе, шеттегі қазақты елге оралтамыз десе, пайдаланады деп сенемін. Болмаса, қалады…

– Кеңес құрамынан кеттіңіз. Бастапқы кезде мүше болған азаматтардан кейбіреулері шегініп кетті. Сіздің ойыңызша бұл кеңес алдағы уақытта еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде маңызды орынға ие бола ала ма, яғни болашағы туралы не айтасыз?

– ҰҚСК керек. Өте керек! Меніңше, қазіргі таңда Президенттің осы Ұлттық Кеңестен басқа сүйенері де жоқ секілді көрінеді маған. Мен ҰҚСК-ның жұмысы сиырқұймұшақтанып, сұйылып кетпесе екен деймін.

– Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
29.07.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 85
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 605
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 722
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 634
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 644

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8782
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8181
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11410
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9164
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10394