Азуын айға білеген қариялар қайда жүр?!

Азуын айға білеген қариялар қайда жүр?!

Мен өскен өлкеде майдангер қарт тіршілік кешті.  Қолынан таяғын тастамайтын. Аяғын сылтып басатын шағын ғана кісі еді.  Бірақ дауысы зор болатын. Қиянатқа төзбейтін өр мінезімен қоса әділдіктің іздеушісі,  шындықтың жоқтаушысы еді жарықтық!  Қиып түсер «қылыш мінезінен» көп адам қаймығатын,  ал совхоз директорлары ығып, қашып жүретін.

Шындықты айтқан адам кімге жағыпты? Ол кісіні де «қақпас»,  «қияли» деп ғайбаттайтындар көп-тін. Біз оны да естіп  өстік. Бүгінгі тілмен айтсақ, майдангер қарт өзі бір партия болыпты ғой.  Жай партия емес, коммунистік партияға қарсы оппозициялық партия. Кеңес заманында «Үш жылдық, бес жылдық» деп аталатын  жоспарлар көп болатын.  Әйтеуір ала шапқын  жұрт, есіп сөйлейтін басшылар есімізде.  

Бірде майдангер атамыз совхоздағы бітпейтін көп жиналыстың біріне қатысады. Жиылған жұрттың бәрі совхоз директорының аузына қарап отырса керек. Директор қызды-қыздымен «Партия бізге сенім артып отыр. Бес жылдық жоспарды екі жылда орындауға шешім қабылдайық жолдастар» депті шабыттанып.  Отырғандар дуылдата қол шапалақтап қолдай кетіпті.  Сонда шыдамаған атамыз: – Әй,  директор,  сен нені көкіп отырсың? Бес жылдық жоспарды екі жылда орындау мүмкін бе өзі? Оған адам күшін қайдан аласың?  Күндіз-түні демалмайсыңдар  ма? Жарайды,  бес жылдық жоспарды екі жылда орындадың делік.  Сенің ісіңде шалалық, кемшілік, орашолақтық қайтсе де,  орын алады.  «Алтай-балтай не керек,  алпыс жұмыртқа бір шелек». Осымен тоқтат! Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама. Өзіңді де,  жұртыңды да қинама, – деп тыйып тастапты. 

Тағы бірде шопандар жиналысына қатысады. Ығай мен сығайдың бәрі төрде.  «Шабыттанған ағайын» өтіріктің түбін түсіріп,  бірімен-бірі жарысып, қызыл сөздің қуырдағын қуырып жатыпты. Бір кезде бір аға шопан: – Мен биыл 100 қойдан 150 қозы аламын. Сіздердің алдарыңызда таяқ ұстаған замандастарымды «социалистік жарысқа» шақырамын.  Қане, кімің бар менімен  бәске түсер? – деп  бөсіп кетіпті.  Оның сөзіне төрде отырған басшылар рахаттана қол соғып,  қолдау білдіріп жатыпты. 

Бұған шыдамаған атамыз қолындағы таяғын көтеріп: – Әй,  шопан, не оттап отырсың өзің?!  Қойды сен емес, қошқар қашырды.  Сондықтан қайсысы қашты, қайсысы қашпады саған беймәлім. Оны бір деп қой!  Сосын 100 қойдан 150 қозы аламын деп неге былшылдап отырсың!  Қазақ «Құдай, тобасыз» сөйлемеген.  Текке тантыма! Алдымен 100 қойдан 100 төл алып ал. Содан кейін әңгіме бөлек, – деп әп-әдемі жиынның сәнін бұзып жіберген ғой. Тағы бірде клубта үлкен жиналыс өтіпті. Ардагер атамыз жиынға келіп алдына жайғасыпты. Облыстың бірінші басшысы халықтың алдына шығып, ауыл тұрғындарының талап-тілектеріне жауап беріпті. 

Ол кезде халықта ақша бар.  Бірақ бәрі дифицит. Бәрі «под прилавка» сатылады. Тамыр-таныс керек. Қалы кілем алу деген бір ақырет.  «Цветной телебезер» алу деген қырғын «өшірет».  Ауыл жұрты осы жайды бірінші басшыға жамырай жеткізген ғой.  Бәрін мұқият тыңдап алған бірінші басшы: – Саспаңыздар.  Алдағы 10 жылда бәрі болады. Бәріне қолдарыңыз жетеді.  Қазір біздің бір аяғымыз социализмде, екінші аяғымыз коммунизмде тұр.  Бәрі тегін берілетін уақыт жақын қалды, – деп  ағынан жарылыпты. Өз өтірігіне өзі сеніп, маңғаздана маңайына қараса керек. 

Сонда алдыңғы қатарда отырған қария: – Ей,  бәленше,  он жыл бойы талтайып тұруға қоңың бар сен шыдайтын шығарсың. «Қара жұмыстан қажып жүрген мына халық бір күннен арыға шыдай алмай, шаптары айырылып кете ме?» деп қорқамын, – деген екен. 

 Сол атамыз айтқандай мақтан мен ұранға құрылған кеңес үкіметі  шатқаяқтап барып жығылды емес пе? «Мұны неге айтып жатырсың?» дейтіндер табылар.  Оларға жауабым,  Жақында бір «дөкей»: – «2050 жылға қарай  дамыған елдер қатарына қосыламыз» – депті үлкен жиында. Сонда оған  сол жердегі бір қария: – Ей, қарағым! 2020-да ұшпаққа шығарамыз деген еді бір кісі. Ол күнге де әупірімдеп жеттік. Бірақ өзгерген түк жоқ.  Енді сен келіп «2050-ге дейін шыдаңдар, бәрі жақсы болады деп отырсың. Сол 2050-ге жету үшін тағы 30 жыл күтуге тәуелсіздікті көрген адамдардың көбі жете алмайды-ау.  Шамалап болса да, 10 жылға түсірсеңдерші?» – дей алмағаны жанға батады.  Қайран толарсақтан қан кешкен атам-ай,  сізді сағындық қой...

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
09.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 221
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 216
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 722
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 845
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 758

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8914
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8308
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11535
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9292
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10520