Ажырасудың алдын алуға не кедергі?

Ажырасудың алдын алуға не кедергі?

Депутаттың жанайқайын үкімет қолдай қояр ма екен? 

Бүгінгі қазақ қоғамының әбден асқынған дерті – ажырасу. Статистикаға көз салсаң, жаның түршігеді. 2018 жылы елімізде 150 мың неке тіркелген, яғни 300 мың жан отау құрған. Қуантарлық жайт. Алайда аталған жылы 54 мың неке бұзылған. Сонда бір жылдың ішінде 108 мың адам ажырасқан. Бұдан туындаған мәселе тіпті күрделі. Шайқалған шаңырақтардың 80 пайызға жуығында балалары бар.

«Үйлену оңай, үй болу қиын». Қазақтың бұл сөзінің өзектілігі жыл өткен сайын артып келеді. Сарапшылардың есебінше, Қазақстанда әр сағат сайын алты неке бұзылады екен. Ажырасу жөнінен әлемде алдыңғы ондықтамыз. Өткен жылы елімізде 22,5 отбасының шаңырағы шайқалған.

Ұлттық статистика бюросының деректері негізінде Ranking.kz мамандары дайындаған есепке сүйенсек, 2020 жылы Қазақстанда 128,8 мың неке қиылған, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 7,6 пайызға аз. Ал бір жыл ішінде ажырасқан отбасылар саны 22,5 мыңға жетіп отыр. 2019 жылы елімізде 59,8 мың неке бұзылғанын алға тартқан сарапшылар пандемия еліміздегі ажырасулар санын айтарлықтай азайтты деп отыр. Десе де, соңғы онжылдықтың көрсеткіштері көңіл көншітпейді.

БҰҰ-ның Қазақстандағы халықтың қоныстануы саласындағы қорының қолдауымен (ЮНФПА) жүргізілген зерттеу қорытындысына сүйенсек, 2000-2018 жылдар аралығында Қазақстанда ажырасқандар саны орта есеппен екі есе көбейген. Елдің барлық өңірінде, тіпті қазақы тәрбиенің қаймағы бұзылмаған ауылдардың өзінде шайқалған шаңырақтар саны арта түскен. Мәселен неке бұзу деректерінің саны Шығыс Қазақстан облысында 1,3 есе, Алматы облысында 2,8 есе көбейіпті.

«Егер 2000 жылы елдегі ажырасулар саны барлық неке санының 30 пайызы болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 40 пайызға дейін көтерілді. Егер мұндай динамика сақталса, алдағы уақытта әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады», – делінген зерттеуде.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, өткен жылы шаңырақ шаттығы жиі бұзылған өңірлер арасында Алматы қаласы көш бастаған (3 мың), одан кейінгі орында – Алматы облысы (2,5 мың) және Қарағанды облысы (2,2 мың).

Бір жыл ішінде некеге тұру санының айтарлықтай төмендеуі Шымкентте (17 пайызға азайған), сондай-ақ Солтүстік Қазақстанда (14,9 пайыз) және Қостанай облысында (14 пайыз) байқалды. Неке құрған жұптар саны тек Қызылорда облысында өскен, оның өзінде 1 пайызға ғана.

Ұлан-ғайыр даланы сақтап қалудың жалғыз жолы – демографияны жолға қою. Алайда ол мақсатқа қол жеткізу әзірге оңай болмайтын түрі бар. Не істемек керек? Осы орайда 13 қазан күні Мәжілістің жалпы отырысында  депутат Дархан Мыңбай елдегі әлеуметтік мәселені көтеріп, Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады.

Депутаттың сөзінше, елімізде халықтың лайықты өмір сүруіне заңнамалық, әлеуметтік және жан-жақты қолдауға заң тұрғысынан барынша мүмкіндіктер жасалып келеді. Өйткені тұрақты отбасын құру, көпбалалы болу – ұлтымыздың санын еселеп арттырудың негізі. Алайда қоғамдағы отбасы институтының әлсіреуі, оның ішінде некелесу санының азаюы мен ажырасу фактілерінің өсуі алаңдатады. Соңғы жылдары бұл проблемалар жастар арасында да көбейіп бара жатқандығы жасырын емес. Ықылым заманнан ұрпақ өрбітіп, көбеюді өсиет еткен салт-дәстүрімізді ұстануға не кедергі? Бәрін әлеуметтік жағдайға сілтей салу қисынды ма? Біздің ойымызша, өте маңызды проблеманың терең түбірі – жастардың тәрбиесінде, қалыптасқан қоғамдық ортасында сияқты, – дейді Мыңбаев мырза.

Иә, депутат айтпақшы, ажырасу кезінде ең көп зардап шегетін балалар екені шындық. Дүние-мүлік бөлісу, балалардың тұрғылықты жерін анықтау дауы, алимент, туыстық қатынастардың үзілуі сияқты мәселелердің ауыртпалығы да, моральдық әрі әлеуметтік қиыншылықтары да жетерлік. Қиюы кеткен отбасыда толыққанды бозбала мен бойжеткенді тәрбиелеу де оңай шаруа емес.

«Отбасы жайлы ұлттық баяндама мен ресми статистикалық мәліметтер бойынша 2015-2019 жылдар аралығында жалпы тіркелген некелердің саны – 709,6 мың, ал ажырасқан отбасылардың саны – 274,5 мыңды құрап, яғни жалпы тіркелген некелермен салыстырғанда, ажырасу саны 35%-дан 43%-ға дейін көтерілгені байқалады. Демек орта есеппен соңғы 5 жылда күніне 389 неке тіркелсе, 150 отбасының некесі бұзылған. Мысалы 2019 жылдың қорытындысы бойынша 59 796 неке бұзылып, яғни бір күнде 164 отбасы ажырасқан. Сол жылы 120 мыңға жуық адам некесін бұзса, оның әрбір екіншісі, яғни 60 мыңнан астамы 18-35 жасқа дейінгі жастар. Ажырасулардың басым бөлігі 30-34 жас аралығындағы жас отбасыларға тиісті, – делінген депутаттық сауалда.

Депутат ғаламдық індетке байланысты 2020 жылы үйлену мен ажырасу төмендегенін ескергеннің өзінде бұл жағдайға бей-жай қарауға болмайтынын алға тартты.

Депутат Дархан Мыңбай мырза  ажырасу жағдайларын азайту үшін, сондай-ақ бұл үрдісті тежеу мақсатында бірнеше ұсыныс енгізуді қалайтынын жеткізді.  Олар: Жастардың арасында тұрақты отбасы институтын қалыптастыру мен оның құндылықтарын дәріптеуді жандандыруға байланысты, орта және жоғары оқу орындарында арнайы факультативті пәндерді енгізуді қарастыру;

Ажырасу жағдайында сот алдындағы медиациялық жұмысты жүйелендіру және оны ынталандыру, өркениетті елдердің отбасын сақтауға бағытталған тәжірибиесін насихаттау. Мысалы ажырасу ең аз тіркелетін Италияда, дәм-тұзы жараспаған жағдайда ері зайыбын ғұмыр бойы асырайды.

Қазақстан Президенті өз Жолдауында атап көрсеткендей, зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіне» аударуға рұқсат беру қажет. Көпбалалы отбасылар үшін де осындай қолдаудың механизмін жетілдіру; «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы алдында меншік түріне қарамастан барлық мекемелерде, ұйымдар мен ұжымдарда өткізілуі тиіс. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында отбасы құндылықтарын заманауи форматта дәріптейтін ақпаратты, видео-контентті көбейту керек.

Депутат қадап айтып отырған  осы ұсыныстарды Үкімет қолдап жіберсе, шынында да ажырасуға аз да болса тосқауыл болар еді. Әйтпесе, құр сөзбен «қуырдақ қуырып» жүріп, асыл уақытты босқа өтікізіп алуымыз әбден мүмкін. «Жау кеткесін қылышты тасқа шапқаннан» не ұтамыз? 

 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
21.10.2021

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 235
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 373
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 370
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 602
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 544

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9247
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8643
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11870
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9641
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10852