Бақылауға алмаса бағаның бағынбай кететіні үйреншікті үрдіске айналғалы қашан. Әрине, бағаның көтерілуіне бақылау жасау қай салада, қай өңірде болмасын өте маңызды. Әсіресе туризм саласын дамытуды басты мақсат еткен өңірлер мен қалалар үшін. Осыны ескерген Түркістан қаласының әкімдігі жанынан арнайы жұмысшы топ құрылып, ол әлеуметтік азық-түлік тауарларының шекті сауда үстемесі мөлшеріне профилактикалық бақылау жүргізуде. Топтың мақсаты – күнделікті қолданыстағы азық-түлік бағасының тұрақтылығын қадағалау. Кезекті рейдтік аралау облыс орталығындағы «Дастархан», «Береке», «Дәулет», «Шапағат» , «Байтерек» супермаркеттерінде жүргізілді. Супермаркеттердегі баға көрсеткіші қадағаланып, кәсіптік нысандарда баға тұрақтылығын сақтау бойынша насихат жұмыстары жүруде.
Түркістан қаласындағы тағы бір күн тәртібінде тұрған мәселе – автотұрақтардың жеткілікті болуы. Әсіресе, туристер көп келетін Мәдени- Рухани орталық аумағында автортұрақтың жеткілікті болуы қажет. Бүгінде ол аумақтарда 1943 орындық 11 автотұрақ бар. Атап айтқанда, Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан Байбұрт, Әйтеке би, С.Қожанов, Ғ.Мүсірепов көшелерінің қиылысында 160 орындық, «Яссы» қонақ үйінің жанында 40 орындық автотұрақ іске қосылды. Бұдан басқа Визит орталығы 113 орындық, Шығыс моншасы аумағы 80 орындық, Керуен сарай кешені аумағында 820 орындық, Драма театр 100 орындық автотұрақтар қолданысқа берілді. Бұл Түркістанды тамашалаушылар үшін ыңғайлы жағдай қалыптастыратыны түсінікті.