Байқоңырдағы азаттықтың ақтық айқасы

Байқоңырдағы  азаттықтың ақтық айқасы

Желтоқсан зардабын шеккен бозбала

Осы оқиғаның басы-қасында жүрген жамбылдық жауынгер Сағаділдә Үсібәлиев 1970 жылы өмірге келді. Жамбыл облысындағы осы аттас ауданындағы «Қызыл Октябрь» ұжымшарының тумасы. Ол 1986 жылы мектеп бітіре сала мақсатты жолдамамен Алматы ауылшаруашылығы институтының экономика факультетіне сынақ тапсырады. Алайда алгебра пәнінен сүрінді. Қалайда жоғарғы оқу орнына түсуді армандаған  ол іле-шала құжаттарын  Алматыдағы  политехникалық институттың дайындық курсына тапсырады. 

Ол курста оқып жүргенде атақты Желтоқсан көтерілісінің куәгері болды. Ауылдан  қалаға келген жасы он алтыдан жаңа асқан Сағаділдә бұл күндері бәлендей белсенділік танытқан жоқ. Өзі өмір сүріп жатқан Кеңес елінде, оның ішінде момақан қазақ арасында мұндай дүрбелең туатыны үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Сол күндері Кеңес өкіметінде емес, бейне бір басқа шет елде жүргендей күй кешті. «Оқудан шығып кетем бе?» деп қорыққаны рас. Дегенмен ширек ғасыр бойы үздіксіз ел тізгінін ұстап келген, кішкене кезінен пір тұтатын Дінмұхамед Қонаевты табан астынан қызметінен алып, орнына аты-жөні белгісіз біреуді әкеліп отырғызғаны жайлы тосын оқиға естіген елдің ашу-ызасын, наразылығын туғызды. Сағаділдә сол топты қолдаушылардың қатарында болды. Оң мен солын толық ажыратпаған жас жігіт жұлқынa топ алдына шыққан жоқ.

Сағаділдә соған қарамастан Желтоқсан оқиғасының зардабын шекті. Қалайша дейсіз ғой? Келер жазда дайындық курсын тәмамдап, сынақты өте жоғары бағамен тапсырған бозбалаға тау-кен факультетінің деканы, өзіміздің қаракөз қазақтың баласы бет-аузы шімірікпестен:    

– Сен конкурстан өтпейсің. Оңтүстік облыстардардың өкілдеріне шектеу қойылған. Тез құжаттарыңды ал да, Қаратаудағы Политехтің филиалына тапсыр. Ауылдан шыққан «қазақбайларға» сол да жетеді, – деп, жүзіндегі кекесінді жасырмай, кесімді сөзін айтты. Ұнжырғасы түскен Сағаділда уәж жоқ Қаратаудағы филиалға оралып, тау-кен саласын электрлендіру мен автоматика факультетіне қабылданды.

Үш жыл сол жерде оқығаннан кейін 1990 жылдың 17 желтоқсанында әскер қатарына шақырылды. Анкеталық мәліметтеріне көз салған бөлімше командирлері бес минутсыз жоғары білімді, мамандығы электрмен тікелей сабақтас болашақ инженерді №20 алаңқайдағы аспалы кран машинисі мамандығын меңгеретін алты айлық курсқа жібереді. Сирек мамандық тізгіндеген Сағаділдә әскер қызметінде жүргенде аса қиналған жоқ. Жеке басы әскери шенділер  тарапынан қысым да көрмеді.

Атақты ғарыш айлағына тап болған  жауынгер жан-жағына тамсана, таңырқай  қарайды.Ана тұрған №110 алаңқай «Энергия-Буран» ұшыратын орын. «№113 алаңқайда ұшырғыш ракеталар мен қондырғыларды құрастыратын биіктігі 12 қабат үйдің деңгейіне жететін  жабық аңғар бар», – дейді білетіндер. Оның қасында инженер-конструкторлар мен техник-қызметкелерге арналған қалашық орын тепкен. Ғарыш сапарына аттануға әзір кезекті қондырғы сегіз қатар рельсті жолмен ұшыру алаңына жеткізіледі. №9 алаңқай, тағы солай жалғасып жатыр…

 

Оқиға алдындағы аңдысу

Алматыдағы әйгілі Желтоқсан көтерілісінен кейін Байқоңырдағы әскери бөлімнің рота, взвод командирлерінен бастап, кішігірім сержанттарына дейін қазақтарға «ұлтшылсыңдар» деп қоқаңдай бастады. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның іргесі шайқалып, біржолата құлаған КСРО-ның құрамынан шыққаны Байқоңырды әбден иемденіп алған әскери басшылықтың  шамына тиді. Қазақ жігіттеріне қайта-қайта тиісіп, тырнақ астынан кір іздеуге көшті. Сәл-пәл кемшілік тапса, жерден жеті қоян тапқандай қуанып, қамайды, ұрады. Қазақ халқының атына: «Сендер өз алдарыңа ел бола алмайсыңдар!» – деген сияқты қияс сөздерді айтып, намысқа тиеді. Нағыз «Отырса – опақ, тұрса – сопақтың» кері.

       Дүрбелең қарсаңындағы әскери гарнизондағы  ахуал туралы  қатардағы жауынгер, сол кезде штабта хатшы-референт болып қызмет істеген, әскер қатарына 1991 жылы  Шымкенттен шақырылған Қанат Серікбаев араға он-он бес жыл уақыт салып былай дейді:

– Байқоңыр әскери горнизонындағы офицерлердің дені Мәскеуде сұрыптаудан өтіп келгендер. Көпшілігі дөрекі, жұмыс уақытында үнемі ішкілік ішіп, қызара бөртіп жүреді. Мұнда Қазақстаннан, оның ішінде ауылдық жерлерден келгендердің әскери өмірі өзгелерге қарағанда тым ауыр. Болар-болмас ағаттық үшін таяқ жейді, кезектен тыс кезекшілікке қояды. Бір ауыз қарсы сөз айтқан жауынгерді гаупвахтаға жауып тастайды.

Тасқамаққа түскендерді аяусыз жазалап, азаптайды. Онда тұрған кезекшінің бәрі ірі денелі, әскер қатарына алынғанға дейін спорт түрлерімен шұғылданған, Ресейде туып-өскен жігіттер. Көбі балалар үйінде тәрбиеленіп, ата-ана мейірімін көрмей өскен тасжүрек, безбүйрек, адамды аяуды білмейтін қатыгез бәлелер. Қолдарында автомат, белдерінде резеңке шоқпар мен кісен.

Бірде гаупвахтаға түскен алматылық досымның айтқаны күні бүгінге дейін есімнен кетпейді. «Айыптыларды» қар үстінде жалаңаяқ жүгіртеді екен. Үш-төрт күнде бір мәрте ғана ауыздарына ыстық тамақ тиеді. Ағаш төсек таңғы сағат 5-те жиналып алынады да мұнан кейін жауынгер мұздай бетон еденде шинелін төсеп отырады. Олардың аузынан: «Баран», «Тварь», «Глупое животное в двух ногах», «Үңгірде туып-өскендер», деген сияқты ар-намысты таптайтын балағат сөздер шығады. 

Жоғары лауазымды офицерлердің есіргені соншалық, солдаттарды жақын маңдағы «Ақай», «Төретам» сияқты станцияларда тұратын тамыр-таныстарына (бөтелкелес достарына) басыбайлы құл, тегін жұмыс қолы ретінде «сыйға» тартатын. Осы сияқты басынушылық келе-келе қазақтар арасындағы жаппай наразылыққа ұласты. 

 

       

Дүрбелең басталды!

Бұл оқиға 1992 жылдың 23-25-ші ақпан күндері болды. Кешкі тексерістен кейін сағат 20 мен 21-дің арасы. Кенет казарманың көрші бөлмелерінен айқай-шу шықты. Алғаш Сағаділдә: «Қазақтар басқа ұлт өкілдерімен төбелесіп жатыр ма?» – деп қалды. Не болғанын білу үшін сол жаққа жүгірді. Қырғын төбелестің үстінен түсті. Қазақ солдаттары офицерлер мен сержанттарды қуып жүріп сабауда. Ашуланған жігіттерді тоқтатайын десе қаны қарайған тобырдың бой беретін түрі жоқ. Әбден ашынып, көздеріне қан толған. Бұлардың бәрі де бейтаныс жігіттер. Не істерін білмей сасқанынан капитан және аға лейтенант шеніндегі екі офицерді арашалау үшін өз ротасының жігіттерімен қалқалап тұра қалды. Ашулы тобыр әзер дегенде сөзге келді. Олардың айтуынша: «Офицерлер әбден қанын ішкен, тырнақ астынан кір іздеп, ұрып-соғады. Сәл қарсылық танытса «гаупвахтаға» жатқызып қинайды. Бірер жігітті азаптап өлтірген. Бірнешеуін сабап, мүгедек еткен».

Сағаділдә оларды сабасына түсіру үшін:

– Жігіттер, офицерді ұрғандарың үшін жазаланасыңдар. Жағдайды бекер ушықтырмаңдар, – деп басу айтты.

– Жоқ, бұлардың әбден қорлығы өтті. Алдымызда бір-ақ жол тұр. Кеудемізде жан барда намысымызды таптатпаймыз. Әділеттік жолында қыршын жанымызды қисақ  арман жоқ. Өлсек те жағасына жармасып өлейік. Тәуекел,  жастығымызды ала кетеміз! Біз өзіміздің туған жерімізде, тәуелсіз Қазақстанда жүргенде неге қорлық көреміз? Олардың 1986 жылғы қазақ халқына, бейбіт шеруге шыққан  жастарына жасаған жауыздығын ұмытпаймыз, – деп қасарысып тұрып алды. Еліміздің тәуелсіздік алғанына арқаланған жігіттер беттерінен қайтар емес.

Сағаділдә орын алған жағдайда қалайша әрекет жасау қажеттігін іштей ой елегінен өткізді. Жауынгерлер КСРО кезінде әскер  қатарына алынып, ант бергендер. Қазір бұрынғы Одақ тараған, Қазақстан тәуелсіз ел. Сондықтан тәртіп бұзғандарды әскери трибуналмен соттай алмас. Бұл жақсылық нышаны. Дегенмен тәуелсіздік алған еліміздің Қарулы Күштері құрылмаған. Не туымыз, не әнұранымыз жоқ. Басқасын былай қойғанда  мемлекеттік шекара да бекемделмеген. Шынтуайтына келгенде қазақ сарбаздары  Ресей әскерінің құрамында. Әскери тәртіп бойынша кімнің қол астында жүрсең, соның шотын соғуға тиіссің. Біздің жігіттер үшін қолайсыздық туғызатын да, қолбайлау болатын да осы жағдай.

– Қазақстанның егемендікке қолы жеткені кеше ғана. Біздің Қарулы Күштеріміз әлі құрылған жоқ. Етек-жеңімізді жинап, қаз тұрып кеткенше біраз уақыт керек. Жаңа үкіметтің бізді қорғауға шамасы жете ме, жетпей ме, белгісіз. Олардың  мемлекеттің іргесін қалау үшін атқарар басқа да шаруалары жетіп жатыр. Орыстармен текетіресетіндей қолда қару жоқ. Қарусыз адам – қауқарсыз. Ата-бабамыз жетпіс жылдан бері шыдап келді ғой. Біз де шамалы шыдайық, содан кейін жағдай түзелер. Қазір мұздай қаруланған әскерге қарсы шықсақ дем сәтте қырып салмай ма? Ауылда тілеулеріңді тілеп, екі көздері төрт болған  ата-аналарың сарғая күтіп отыр. Болашақтарың алдарыңда. Қазақта «Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа» деген мәтел бар. Ашу үстінде арандап, жас жандарыңды босқа қиясыңдар ма?» – деген уәжге қызуқанды жігіттердің біразы жібігендей болды.

   –  Айтқаныңның жөні бар. Жан-жақтан хабарың бар, жоғары оқу орнында оқып  келген көзі  ашық, көңілі ояу жігіт екенсің. Жарайды сөзіңді тыңдайық. Өзің басшы бол. Бірақ алған бетімізден қайтпаймыз! Әуелі тасқамақта екі көзі төрт болып  жатқан достарымызды   шығарып алайық, – деді.

Осындай берік байламға келген қалың дүрмек гаупвахтадағы жігіттерді құтқарып алу үшін космодромдағы барлық құрылыс жұмыстарына иелік ететін №118 алаңқайдағы құрылыс басқармасына бет алды. Гаупвахта соның ішінде. Оны күндіз-түні қарулы  күзет қорғайды. Осы екі ортада мыңдаған қазақ жауынгері аяғынан тік тұрды. Қара жұмысқа жегілген солдаттарды ертелі-кеш құрылыс нысандарына апарып, әкелетін «ЗИЛ-131» маркалы үсті брезентпен жабылған қорапты жүк машиналарына мінген дүрмек  комендатураны бетке алды. Ең алдыңғы көлікте Сағаділдә отыр, қасындағы жүргізуші Семей өңірінен келген жігіт. Таныстығы жоқ. Тек жанама есімі   «Китаец» екені есте қалыпты. Бейбіт бітімге баратынын білдіру үшін күректің сабына аппақ жастық қапты  іліп алды.

 

Жаумен бетпе-бет

Комендатураға кіретін дарбазаның аузына жақындағанда машиналар тоқтады да, іштегілерге белгі берді. Сол-ақ екен жоғарыдағы «қарауыл мұнарасынан» алдымен екі дүркін аспанға оқ атылды да артынша автомат кезегі асфальт жолды әрлі-берлі шалғылап өтті. Одан кейін мылтықтың оқпанынан шыққан оқ дарбаза алдында тізіліп тұрған автомашиналарға қарай қарша борады. Сағаділда отырған автомашинаның кабинасына бұршақша сатыр-сұтыр тиіп жатыр. Рульдегі сарбаз жеңіл жарақат алды. Сағаділдә оны кабинадан шығарып, жақын маңдағы топырақ түсірілген үймектің тасасына жасырды. Артына қараса қаптаған қалың топтың қарасы көрінбейді, жерге жабысып жоқ болған. Қыбыр еткен пенде жоқ.

«Қайда да барса да – бір өлім» демекші, жата берсе оққа ұшатынын сезген Сағаділдә орнынан жайлап көтерілді де, екі қолын көтерген күйі гарнизон дарбазасына  қарай қадам басты. Қолында таяққа байланған ақ жалау. Тура қарсы алдан түскен прожектордың шақырайған  жарығы көзді қарықтырып барады, түк көрер емес. Әйтеуір жарыққа ұмтылған көзсіз көбелектей алға жүріп келеді. Бір мезгілде маңдайына және екі шекесіне сұп-суық Калашников автоматының үш ұңғысы бірдей тірелгенін байқады. «Біткен жерім осы шығар», – деген жаман ой келді. Осы сәтте арттағы жатқан ондаған мың қарусыз жауынгер Отан соғысы жайлы киноларда көрсететін жау окобына ұмтылған сарбазардай бір мезгілде атой салып алға ұмтылды. Мынадай жанкешті көріністің куәсі болған солдаттар қапелімде естерін жиғанша қалың топ оларды қаға-маға ашық тұрған дарбазаға лап қойды.

Сағаділдә артынан келген достарын тоқтатып, гарнизон офицерлеріне гаупвахтада жатқан оншақты жазықсыз жігітті шығарып беруін талап етті. «Көп қорқытады, терең батырады» демекші қарусыз қазақтардың мынадай көзсіз батырлығынан сескенген командирлер артық сөзге келмей, талаптарын табан астында орындады.

Бұлар тұрған Ленинск (қазіргі Байқоңыр) қаласы  Ресейдің меншігі. Мұнда өзге мемлекеттің заңы жүреді. Ендігі мақсат қайтсе де өздерін қауіпсіз санайтын тәуелсіз Қазақстанға қарасты Төретамға жету. Мемлекеттік органдар Қазақстан иелігінде әрі онда тұратындардың көбі қазақ.

Жігіттердің қарындары аш. Біреулер УМС-ті бұзып, ішінен бөлке-бөлке нан, бұқтырылған ет сияқты консерві құтыларын алып шықты. Кейбір пысық сарбаздар  үстіндегі көнетоз киімдерін жап-жаңа  формаға ауыстырып алды. «Зил-131» көлігіне мінген ондаған мың адам. №9 алаңқайға жиналды. Арасында тайсақтап, кейін шегінгендер де кезікті. Әлгінде өздерімен бірге шыққан екі көліктегі сарбаздар жеме-жемге келгенде бойтасалап, қашып кеткен. Соған қарамастан  сарбаздар  легі  арта түсті.

Тізілген автокереуен таң ата Төретамға келіп жетті. Топтың басшысы Сағаділдә осындағы гарнизон ішіне кіріп, ондағы тұраққа автомашиналарды заңды түрде тапсырды. Осы жердегі  жауынгерлер әскери плацта әдеттегідей ертеңгі сапқа тұрып жатыр екен. Байқоңырдан шаршап келген сарбаздар солардың жанымен қатар-қатар сапта тұрған күйі теміржол вокзалына қарай аяңдады. Вокзалға жете бергенде олардың алдынан  милиция тосқауылы кезікті. Қарасы көп емес. Әр көлік тасасында екі милиционерден тұр. Қолдарындағы табельдік қаруларын кезеніп алған. Жауынгерлердің қарусыз екенін көрген тосқауыл басшысы, көзілдірік киген ішкі істер полковнигі тасадан шығып, бой көрсетті. Қолындағы автоматы кезеулі.

–  Ағай ,бізді түнде орыстар атқылап еді, енді сіздер мылтық кезейсіздер ме? – деді Сағаділдә.

–   Қазақсыңдар ма?

– Иә, қазақпыз, арамызда бөтен ешкім жоқ. Бұл қадамға әбден қорлық көріп, жапа шеккендіктен бардық.

Бізге кавказдықтардан құралған бір топ бұзақы тәртіп бұзып  қашты, – деп еді. Алдаған екен, – деп жөнге келді. Бұлардан әңгімеге толық қаныққан соң:

Саспаңдар, енді сендерді біз қорғаймыз, – деп жұбатты. Қасында подполковник серігі бар.

Олардың артынан жергілікті «Азат» партиясының өкілі  шығып, болған жайға толық қанықты. Бұдан бөлек қарапайым киінген Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бір қызметкері жүрді. Қолында қысқартылған шолақ «АКА-71» автоматы бар. Ашылып сөйлемесе де сарбаздарға іш тартатын сыңайлы. Сол кезде «Азат» партиясының белсенділерінің ұйымдастыруымен жергілікті тұрғындар қарасы көбейді. Бәрі қандастарына қол ұшын беруге әзір. Жергілікті тұрғындар бейне бір жорықтан жеңіспен оралған қосынды қарсы алғандай ерекше құрмет-қошемет танытты. Вокзал алдына құрылған ашық сахнада көркемөнерпаздар өз өнерлерін үзбей көрсетіп жатты. Аспанға Шәмшінің «Менің Қазақстаным» сияқты патриоттық әндер әуеледі. Орталық және жергілікті телевизия өкілдерімен кездесу тап сол жерде өтті.

Гарнизон бастығы генерал-майор Чухарев қатардағы жауынгер С.Үсібәлиевпен  жеке сөйлесті. Қасында жүрген офицерлер сарбазды кінәлі етіп шығарғысы келді. Сағаділдә генералдан қаймыққан жоқ:

Жолдас генерал. Жанжалды ұйымдастыруға менің еш қатысым жоқ. Шатақ көршілес отсектерде болды. Бұл  бұрын ойластырылмаған, табан астында туған қарсылық. Жауынгерлер көрген зорлық-зомбылықтан әбден ашынған. Оларды шамамның келгенінше тоқтатуға тырыстым. Екі офицерді кеудемізбен тосып арашалап қалдық, сенбесеңіз өздерінен сұраңыз. Шиеленістің соңы қанды қырғынға ұласпас үшін ашулы жауынгерлерді тоқтатуға тырыстым. Сол үшін топтың тізгінін уақытша қолыма алғаным рас. Көпшілік менің сөзіме тоқтауға келісті.

Оның бұл сөзін батальон командирі де қолдады. 

Қауіпсіздік комитетінің бейтаныс жауапты офицері Сағаділдәнің қасынан бір елі қалмай бірге жүрді. Керек кезінде оның әрекетін қолдап, қорғады. Жүздері түтіккен жоғары әскери шенділер түтіп жейін десе, бойларына сіңген ескі әдет бойынша «үш әріп» өкілінен кәдімгідей   қаймығатын тәрізді. Топқа кездейсоқ басшылық жасаған қазақ жігітін түтіп жейін десе күш көрсете алмай діңкесі құрыды.

Орталық теледидардан жедел келіп жеткен «Время» және  «120 минут» бағдарламаларының журналистері «юпитерлерін» жарқыратып, түсіру аппараттарын зырылдатып, микрофондарын жалаңдатып, бейнехабар түсіріп жатты. Сол күні кешке 240 миллион халқы бар КСРО-ның  көрермендері үзбей көретін «Времядан» ғарыш айлағындағы оқиға жайлы үзік сюжет берілді. Онда қағазға қарап, мәтінді оқыған диктор: «Байқоңырдағы «Н» әскери бөлімінде тамақтандыруды дұрыс жолға қоймағандықтан бүлік шықты. Кінәлі адамдар жазаланды», – деп жырынды идеологияның түлкі бұлаңына салғанымен, әңгіменің соңында бар кінәні жауынгерлерге қарай артты. Кадрда сарбаз С.Үсібәлиевтің бейнекамера объективі алдында даусы эфирге шықпай тұрса да тайсалмай, жасқанбай сөйлеп тұрған бейнесі «Время» журналистері түсіндірмесінің фонында анық көрініп тұрды.

(Жалғасы бар)                                                                                 

 

Қамбар-Бек ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ
14.10.2021

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 267
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 401
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 397
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 631
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 570

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9272
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8668
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11895
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9670
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10877