Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің «Nur Otan» партиясымен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен және «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтымен бірлескен дәстүрлі «Ауыл – ел бесігі» экспедициясы биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс өз жалғасын тапты. Осы экспедиция шеңберінде облыстарды аралаған «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры Сәуле Мешітбайқызы Ақ Жайық өңіріне де ат басын бұрып, Бәйтерек және Теректі аудандарындағы ауылдық жерлерді аралады.
Бәйтеректен басталған сапар
«Ел Анасы» атанған танымал журналист Сәуле Мешітбайқызының өңірдегі сапарының сәтті өтуіне «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы мен облыстық ауыл шаруашылық басқармасы атсалысып, барлық жағдайды жасағанын атап өткеніміз жөн. Алдын ала жоспарланған сапар басы жыл санап көркейіп келе жатқан Бәйтерек ауданынан басталды. Сәуле Мешітбайқызын Бәйтерек аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр облыс орталығынан қарсылап алып, аудан орталығы – Переметныйға жол бастап барды.
Сәуле Мешітбайқызы алдымен Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжановтың қабылдауында болып, алтын дәнді, жасыл желекті аймақтың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы сұрап білді. Бұл аудан негізінен егін шаруашылығымен, бақша өнімдерін өсірумен айналысады. Аудан әкімі биылғы жаздың аз-мұз қиыншылығы болғанын да жасырмады. Қатты ыстық салдарынан егін алқаптары қурап кеткен. Мұның өзі диқандардың жұмысын біраз қиындатқаны сөзсіз. Дегенмен, табиғаттың заңына қарсы шыға алмайтын еңбек адамдарының қолынан келер жылдан үміт күтуден басқа ештеңе келмесі белгілі.
Ауылдардағы тағы бір мәселе – судың жайы. Шаруалар көктем кезінде тоғандарға су жинап алған. Осылайша мал суаруға ыңғайлы жағдайлар жасалған. Әрине ол тоғандар кейін құрғап кеткенімен, соған дейін халық үшін игілігі мол болыпты. Келер жылы да осы үрдісті қайта қолға алу көзделген.
Ауданда жоспарға сай жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізген аудан басшысы Марат Лұқпанұлы өңдеу, тамақ өнеркәсібі салалары басқа аудандарға қарағанда көш ілгері екенін айтты. Қарамағында 68 елді мекені бар Бәйтеректегі «әттеген-ай» дегізер жайт – орысша атаулардың көптігі. Тағы бір айта кетерлігі, Бәйтерек ауданы Ресей Федерациясының облыстарымен шектесіп жатыр. Сол себепті мектеп бітіруші түлектер көбінесе Ресейдегі білім ошақтарына оқуға кетеді.
Бұдан бірнеше жыл бұрын да осы экспедиция шеңберінде Бәйтерек ауданында болған Сәуле Мешітбайқызы аудан орталығында көптеген оң өзгерістер болғанына таңданысын жасырмады. Переметный ауылындағы 2017 жылы ашылған Жұбан молда атындағы аудандық мұсылмандар мешітіне бас сұғып, жерлестеріне осы құлшылық нысанын салып берген кәсіпкер Мұрат Жәкібаевтың игілікті ісіне риза болды. Мешітте құран оқитын бөлме, әйелдер бөлмесі, үлкен ерлер залы бар. Осы өңірдегі Бөкей ордасы ауданында молда болып, көптеген шәкірттер тәрбиелеген Жұбан молданың есімі берілген мешіттің наиб имамы Мақсат Рысқалиев – Нұр-Мүбәрак университетінің былтырғы түлегі. Аудандық мешітке жұмысқа тартылып, баспанамен қамтамасыз етілген. Айтуынша, мешітке келетін жамағаттың дені – үлкендер.
Мұсылмандар мешітіне жақын орналасқан рухани орталық іспетті «Бейбітшілік пен келісім саябағы» да назардан тыс қалмады.
Сонымен қатар халықаралық басылымның бас директоры ел арасында «Қарттар үйі» аталып кеткен Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болып, мекеме директоры Альберт Талпақовпен жүздесті. 1992 жылы ашылған орталық 20 адамға арналған. Осы салада сегіз жылдай жұмыс атқарған Альберт Асқарұлы «Қарттар үйінің» тұрғындарына айналған қамкөңіл жандардың тағдыры өзінің де жүрегін сыздататынын айтып қалды. – Орталық тәрбиеленушілерінің ең үлкенінің жасы – 95-те. Уақтылы ем-домдарын алады. Барлығы да – күнделікті дәрігерлердің бақылауында. Бәріміз де әке мен ананың, ата-әженің тәлімін көрген перзентпіз. Сондықтан олардың осындай күйіне жүрегіміз ауырады, – деді мекеме басшысы.
Жастарға құшағы ашық Железнов
Көп жағдайда тұрғындардың бас ауыртатын басты мәселесі – жол. Бұл ретте жергілікті әкімдік ауданмен шектесетін ауылдарға бірінші кезекте жол салуды басты міндет етіп қойған. «Сонда ғана адамдар ауылдан көшпейді, ол жерлердегі мектептердің жабылуына жол берілмейді» дейді ауданы әкімі Марат Тоқжанов. Аудан орталығының көшелеріндегі және Железнов ауылына апаратын тақтайдай жолдарды көргенде, «сөзден – іске» деген қағиданың бұзылмағанын байқадық.
Железнов ауылдық округіне барар жолда біздің тобымызға аудандық мәслихаттың жас депутаты, аудандағы жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының маманы Ұлданай Сейтқалиева қосылды. Елордадан келген журналист Сәуле Мешітбайқызын Железнов ауылының әкімі Ербол Сидағалиев қарсылады. Бұл лауазымға тағайындалғанына үш жыл болған әкім елді мекеннің тұрмысын баяндап берді. – Биыл көшелерге жолдар салынды, көшелер жарықтандырылды. Спорт алаңы пайдалануға берілді. Өткен жылы «Переметный-Железнов» тас жолы салынған болатын. Ауылда жарық пен газ бар. Он бір жылдық мектеп пен Мәдениет үйі халық игілігіне қызмет етуде, – деді ауыл әкімі. Қарамағында екі елді мекені бар Железнов ауылдық округінде 1600 адам қоныстанған. Оннан астам ұлт өкілдерінен құралған ауылдағы мектеп қазақ және орыс тілдерінде білім береді.
Ауыл әкімі жастарды осы жерге жұмысқа көптеп тарту үшін барлық жағдай жасалып жатқанын мәлімдеді. Сол үшін жас мамандарға арналған тұрғын үйлер салу жоспарланған. Бүгінде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының жемісін көріп жатқан Железнов мектебі мұғалімдермен толығуда. Негізгі күнкөріс көзі – мал шаруашылығымен айналысатын ауылда агроном, мал дәрігері мамандары тапшы. Ауыл тұрғындары жергілікті екі үлкен шаруашылықта жұмыс жасап табыс табады. Алайда соның өзін қанағат тұтпайтын железновтық тұрғындар отбасынан жыраққа, Атырау облысына, Ақсай қаласына (БҚО) вахталық әдіспен жұмыс жасауға көптеп кететінінен де хабардар болдық.
Әкіммен бірге ауылды аралап, әңгімелесе жүріп, жол-жөнекей он бір жылдық мектепке де бас сұқтық. Сәуле Мешітбайқызы білім ордасының директоры Жанна Шамұратқызымен жүздесті. Екеуара әңгіме барысында қазақ баспасөзінің жай-күйі, мектеп мұғалімдеріне рухани азық болар басылым мәселелері қозғалды. Өзі де ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарған Сәуле апай білім саласындағы өзекті мәселелерді де тілге тиек етіп, ауыл мұғалімдерінің мұң-мұқтажына құлақ түрді.
Ауыл ақсақалының батасын алдық
«Ауылыңда қария болса, жазып қойған хатпен тең» демекші, Железнов ауылдық округіндегі ірі меценат, «Бәйтерек ауданының құрметті азаматы», еңбек ардагері Есенгелді Кергеновтің азаматтық істері туралы аудандық ішкі саясат басшысы мен ауыл әкімінің аузынан естіген Сәуле Мешітбайқызы ақсақалға сәлем беруді жөн көрді. 85 жасқа келсе де, жүрісі ширақ, өзі тың қария қонақтарды аула сыртынан қарсылап алды.
Ресейдің Саратов ауылында дүниеге келсе де, әкесі көзі тірісінде атажұртқа жеткізіп, осы жерде адал еңбекке баулыған Есенгелді Мусаұлы бүгінде ел қадірлейтін тұлғаға айналған. – Өзім Ресейде туып-өссем де, ата-бабаларымыз осы өңірден. Өлеңтінің бойында дүниеге келген. Қым-қуыт заманда шет елге қоныс аударған екен. Біз Қазақстанға 1966 жылы, менің 30 жасымда көшіп келдік. Атамның айтуымен әкем осы жақтағы рулас ағайындарына арқа сүйеп, отбасын атамекенге жеткізді, – деп есіне алды ел ағасы.
Қарапайым еңбек адамы, механизатор болып еңбек жолын бастаған жерлесіміз Кеңес Үкіметі ыдырағаннан кейін «Кергенов»шаруа қожалығын құрған. Азын-аулақ мал мен жер теліміне, ауыл шаруашылық техникасына ие болып, жеке кәсіпті өз балаларымен бірге бастаған. Егін шаруашылығын қолға алған кәсіпкер қайырымдылықпен айналысып, аудандағы бес мектепті қамқорлығына алған. Еңбегі елеусіз қалмай, алған марапаттары да жетерлік. Жасы ұлғайса да, балаларына ақылшы болып, ата кәсіпті ұлдарының шашау шығармай жалғастыруына бас-көз болып отыр. Негізінен диханшылық кәсіпке бет бұрған ауыл қариясы ұлдарына осы істі орта жолдан қалдырмай, соңына дейін игілігін көруді талап қылып қойған екен. Алты перзент тәрбиелеп өсірген әулеттің отанасы 2001 жылы о дүниелік болыпты.
Әңгіме барысында Есенгелді атай ауылда мал бағатын жұмыскер табылмайтынына қынжылды. Ауылдағы еңбекке жарамды азаматтар нәпақаларын вахталық жұмыстан іздеп кететіндіктен, жұмысшыны басқа жерден әкелуге мәжбүр болады. Жұмысшы түгіл, тұрғындардың өздері де қорадағы төрт түлігін бағуға құлықсыз екенін жеткізді. – Далаға шығарып жіберіп, үйден қарауылдап отырады. Бағусыз жүрген мал егістікке түсіп кетеді. Түсінген адамға егіс алқабы – елдің ризығы емес пе. Сол ризықтарын малға таптатып, онымен қоймай, бізбен араз болатынын қайтерсің? – деп күрсінді қария. Өз малына жауапкершілікпен қарау туралы заң енгізілсе де, оны түсініп, орындап жатқан халық аз екенін аңғартты. Иә, бұл мәселе – көптің көкейінде жүргені аян.
Жерлестеріне амандық, ауылының өркендеуін тілеп отыратын кәсіпкер талай рет ажал аузынан да аман қалыпты. Өзіне Жаратқанның рақымының түсуі – елге, ауылдастарына жасаған қайырымдылығының өтеуі деп біледі.
Ақсақал өзіне арнайы ат басын бұрған «Qazaqstan dauiri» газетінің бас директоры Сәуле Мешітбайқызына ризашылығын білдірді. «Сіздей жүрегі ұлтым деп соғатын, қазақы болмысын жоғалтпаған жанмен әңгімелесу маған жақсы көңіл күй сыйлады» деп ағынан жарылған қария қоштасарда ақ батасын беріп, шығарып салды.
Ауыл азаматтарының игілікті істері
Сексеннің сеңгіріне шыққан Есенгелді қариямен емен-жарқын жүздесуден соң Октябрский ауылына жол тарттық. Мұнда Елордадан келген қонақты алып келуіміздің бір себебі – 2018 жылы Мұрат Жәкібаевтың бастамасымен өз жұмысын бастаған «Саят» этно-туристік орталығын көрсету. Қазақтың рухын асқақтататын атқа міну өнерін насихаттайтын кешенге келгендер атпен серуендейді, иппотерапия емін алады. Кешенді аралатып, оның қызметінен хабардар еткен этно-туристік орталықтың әкімшісі Кабира Иденова: – Бізде арнайы оқу сыныптары бар. Ол жерде балалар мен үлкендерге дәріс өтеді. Атпен жүруді үйрететін қызметкерлеріміз бар. Келушілерге экскурсиялар ұйымдастырылады. Алдағы уақытта орталықта еңбек лагерін ашу жоспарланып отыр, – деді. Атқорадағы жылқылар да, атқа мінуге келген шетелдік азаматтар да – бұл жобаның игілігі мол екендігінің куәсі. Өскелең ұрпақтың болашағына алаңдап, сонымен бірге өңірдің туризмін дамытуға үлес қосуды мақсат тұтқан кәсіпкер бұл орталықты одан әрі өркендету үстінде екені жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарынан аңғарылды.
Игілікті істі қолға алған келесі азамат – бағбан Қайрат Кәрімов. С.Исаев атындағы халықаралық эксперименталдық коллекциялық тәлімбақты өз қолымен жасақтап, бақ өсіруді қолға алған Қайрат ағамыз бұл жобаны жеті жыл бұрын бастаған. Өзі атап өткендей, тәлімбақта жеміс-жидектер өсіріп қана қоймай, ғылыми жұмыстар да жүргізуде. Зайыбы Роза екеуі диссертация жазып жатқандарын, Ресейдің Оренбург қаласында аспирантурада білім алып жүргендерін жеткізді. Өздерінің қаражаттарына тәлімбақты жаңартып, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан бағбандар отбасының алға қойған мақсаттары айқын. – Сергей Исаев – ғалым-селекционер Мичуриннің шәкірті болған. Мичурин қайтыс болғаннан кейін Исаев Кеңес Одағы бойынша барлық селекциялық жұмыстарды басқарған. Исаевтың басшылығымен жазылған алғашқы әдістемелік әлі күнге қолданыста. Сергей Исаевтың қызы Ирина қазір Мәскеуде тұрады, жасы 86-да. Ол да – өте сыйлы, құрметті адам. Осы салада есімі аңызға айналған тұлға, – деген Қайрат Кәрімов Ирина Сергеевнамен жақсы таныс екенін айтты. Ол қазақ бағбанын өзінің ұлындай көретінін жасырмады. Елімізге ғана емес, дүние жүзіне бағбандық ісімен танылған Қайрат Кәрімовтің бағына келушілер де көп. Алма мен жүзімнің 200-дей түрін өсіріп отырған тәжірибелі бағбан еңбекке жастайынан жақын болып ержеткен. Атасымен бірге жүріп, қолына кетпен-күрек ұстап өскен бала – бүгінде бау-бақша ісіне шындап берілген еңбек адамы. Жалпы аумағы жеті гектар болатын тәлімбақта бос орын жоқ.
Бақтың халықаралық деп аталуы да кездейсоқтық емес. Себебі, мұнда ресейлік Исаева, Котов секілді әйгілі селекционерлердің де көшеттері өсірілуде. Өңірдің климаттық жағдайы Ресеймен сәйкес келетіндіктен, олардың өсуіне еш кедергі жоқ. Ресейлік ғалымдардың өзін бағбандық іс-тәжірибелерімен таң қалдырған қазақ отбасы отандық бірқатар ғалымдармен де тығыз байланыста. Болашақта «Ботаникалық бақ» ашу, бағбандар музейін жасақтау секілді жоспарлары бар. Бағбан жеке кітапханаларындағы бақ өсіру ісіне байланысты кітаптарды көрсетіп, бұл саладағы ізденістері мол екенін байқатты.
Бәйтерек аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр мемлекеттің қолдауынсыз-ақ, өз еңбегімен біраз іс тындырған азаматтың жерлестеріне де пайдасы тиіп отырғанын айтты. Бағбан ауылдарға қылқанжапырақты орман желегін отырғызып, өзі күтіп-баптап жүр екен. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің бастамасымен қолға алынған «Менің аулам – менің бағым» жобасы аясындағы жұмыстарға да осы істің білгір маманы ретінде білек сыбана кіріскен. – Аталмыш жоба бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып, 54 көпбалалы және аз қамтылған отбасыға қайтарымсыз грант берілді. Олар сол қаражатқа осы бақтан жеміс ағаштарын сатып алып, өз аулаларына отырғызды. Басты мақсат – азаматтарға кәсіппен айналысуға жол ашып, еңбекке тәрбиелеу. Осы бастамаға қызығушылық танытқан отбасыларға Қайрат Кәрімов те көмек көрсетіп, маман ретінде кеңесін аянып қалмады, – деді Нұржан Тоғызбайұлы.
Бағбан осы кәсіпке қызығушылық танытқан адамдар үшін оқыту курстарын да өткізіп жүр. Биыл қоғамдық қордың себепкер болуымен Нұр-Сұлтан қаласындағы үш мектеп пен үш балабақшаның ауласына бақ отырғызып, шеберлік сағатын өткізген. Өзге қалалардан да осындай сұраныстар түскен.
Қайрат Кәрімов пен жұбайы отбасында бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, оларға өз еңбектерімен үлгі болып келеді. «Бұл жұмыста өз еңбегіңнің жемісін көресің» дейді ерлі-зайыпты еңбек адамдары.
Ауылдардағы кәсіпкерлік нысандары
Келесі күнгі жолсапарымыз құрылысы бітуге таяу Кірпіш зауытынан басталды. Бұл зауытта жылына 30 миллион кірпіш тас өндіріледі деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарымен таныстырған учаске басшысы, зауыт шебері Юрий Ермалаев 2019 жылы басталған инвестициялық жобаның жұмыстары пандемия кезінде тұралап қалғанын айтты. – Қазіргі уақытта Қытайдан келген мамандар зауытта құрылғылар орнатуға өз көмектерін тигізуде. Олар зауытты іске қосуға да жәрдемдесетін болады. Жалпы құрылыс басында 30-ға тарта адам күш біріктіруде. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту болатын аталмыш зауыт ашылған кезде екі-үш ауысыммен 100 шақты адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Шикізат, көгілдір отын жергілікті жерден алынады. Өндіріс ошағы жаңа технологиямен жұмыс жасайды, – деді учаске басшысы. Бұл нысанды «134» ЖШС қожайыны Иван Лазовский есімді кәсіпкер өз қаражатына салғызуда.
Отыз үздік ауылдар санатындағы Дариян елді мекенініндегі ет, шұжық өнімдерін өндіретін «ҚазАқБас» ЖШС-ға қарасты цех та – тұрғындарды сапалы өніммен қамтып отырған кәсіпкерлік нысандарының бірі. Серіктестіктің өз иелігінде ірі қара және жылқы малы өсіріледі. – Өндіріс орнында 50-ге жуық адам жұмыс жасайды. Жұмыс бірқалыпты, мамандар жеткілікті, неміс құрылғылары қолданылады, барлығы жаңа технологияға сәйкес. Жиырма жылдан бері жұмыс жасайтын серіктестіктің өнімдері еліміздегі барлық өңірлерге және Ресейге жеткізіледі. Фирмалық төрт дүкеніміз бар, – деді әкімшілік-шаруашылық бөлімінің басшысы Роман Штингельберг.
Сапар барысында еліміз бойынша чечель жасайтын бірден-бір мамандандырылған өндіріс орнының да жұмысын көзімізбен көріп шықтық. Мұнда чечельдің 20 шақты түрі өндіріледі екен. Бұл істі қолға алған «Каверин» ЖК-нің иесі – кәсіпкер Сергей Каверин. Өз кәсібін 2014 жылы шағын цех ашумен бастаған жерлесіміз 2016 жылы бос тұрған жерді тозығы жеткен нысанмен бірге сатып алып, сүт зауытын ашуға бел буыпты. – «Даму» қорының көмегімен алты пайыздық мөлшерлемемен 16 миллион теңге несие алдым. Сол қаражатты осы зауытты тұрғызуға жұмсадық. Бір жыл ішінде құрылысты бітірдік. Одан кейін құрылғылар сатып алу үшін де несие алдық. Пайдасы молынан болған несиені толықтай өтедік. Бүгінде осы зауытта чечель, май өндіріледі, енді ірімшік өндіретін цехты іске қосуға дайындап жатырмыз. Зауыттың қуаттылығы – сағатына 10 мың тонна өнім. Енді зауыт орналасқан аумаққа жол салу жұмысы ғана кемшін болып тұр, – деді Сергей Михаилович. Жұмыс процесінде ресейлік технологтармен байланыста екенін айтты. Өнімдері Қазақстанға танымал кәсіптің иесі бұл технологияны өзінің «құпиясы» санайды. Оның ойынша, білікті мамандар өз саласында жұмыс жасауы тиіс.
Кәсіпкер жұмыс кабинетінде отырып зауыттағы барлық процесті бейнекамералар арқылы бақылап отырады. Айтуынша, зауытта 50-ге жуық жұмысшы еңбек етеді. Жұмыс орындарын қысқарту болмаған. Әрқайсысы деңгейіне қарай жалақымен, әлеуметтік пакетпен қамтылған. Жұмысшыларға арналған асхана жұмыс жасайды. Болашаққа деген ұмтылыстары жоғары болғанымен, елдегі пандемия ісіне біраз кері әсерін тигізгенін де жасырмады. Өзге кедергілер орын алмағанын мәлім еткен жерлесіміз кәсіп ашамын деушілерге мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілетініне риза. Жергілікті әкімдік те қолдан келген жәрдемін аянып қалған емес.
Сәуле Мешітбайқызына Дариян ауылындағы мектеп-гимназияның педагогтар ұжымымен және шәкірттерімен жүздесудің де сәті түсті. 1997 жылы аудандағы алғашқы қазақ мектебі болып жұмысын бастаған білім ошағы бүгінде хакім Абай атамыздың есімін иеленген. Бәйтерек ауданында биыл жеті мектепке қазақтың ұлы тұлғаларының есімі берілген. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Н.Дүзбатыр бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатынын айтты.
Кәсіпкердің қаражатына салынған ірі кешен
Ол – Бәйтерек ауданындағы Краснов ауылдық округінің орталығы Погодаев елді мекеніндегі 2020 жылы желтоқсан айында пайдалануға берілген мәдени-спорт кешені. Жергілікті кәсіпкер, «Ерен еңбегі үшін», «Құрмет» ордендерінің иегері Бейбіт Асановтың қаражатына салынған кешенде тұрғындардың бұқаралық спортпен айналысуына, бос уақыттарын тиімді өткізуіне барлық жағдай қарастырылған. Құрылысына 100 миллионнан астам қаржы жұмсалған ғимаратта волейбол, баскетбол, шағын футбол залдары, сондай-ақ хореографиялық зал бар. Кәсіпкер ауылға жол салу үшін жобалық-сметалық құжаттама да дайындап берген. Ел-жұртпен бірге ауылда қалып, ауылды көркейтуге өз үлесін қосып жүрген жомарт азаматтың есімін қалай құрметтесе де жарасады.
Краснов ауылдық округінің әкімі Жұмабай Сатаевтың айтуынша, қарамағында екі елді мекені бар ауылда 1100 тұрғын қоныстанған. – Жергілікті халық негізінен егін шаруашылығымен айналысады. Шекаралық ауыл болғандықтан, жол-сервистік қызмет жақсы дамыған. Тұрғындардың 55 пайызы қазақтар, өзгелері – түрлі ұлт пен ұлыстан құралған. Екі тілде оқытатын мектеп бар. Алайда қазақ сыныбында оқитын балалар өте аз, – деді ауыл әкімі.
Орал қаласынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан Бәйтерек ауданындағы осындай озық жобалармен таныстық. Ауылда кәсібін өркендетіп отырған кәсіпкерлермен, «ағайынның аты озғанша, ауылдастың тай озсын» дейтін жаны жомарт азаматтармен кездестік. Бірқатар келелі мәселелерді де ойға түйдік, жетістіктеріне қуандық. Ауылға бүйректі бұрғызған экспедицияның Бәйтерек ауданындағы сапарын осылай түйіндедік.