Балаларымыздан қолыңды тарт!

Балаларымыздан қолыңды тарт!

Жуырда «Қазақстан ата-аналар одағы» РҚБ және «Единство осознанных kz» қоғамдық қозғалысының ұйымдастыруымен «Балаларымыздан қолыңды тарт!» деген тақырыпта халықаралық конференция өтті. 

Конференцияға «Қазақстан ата-аналар одағы» РҚБ өкілі Бағила Балтабаева, «Қазақстан тұтынушыларының республикалық Қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Жаслан  Айтмағанбетов, заңгер, медиатор Бейбіт Омаров, қоғам қайраткері, «Единство осознанных kz» қоғамдық қозғалысының белсендісі Айжан Мұстафина, Ресей Федерациясынан тәуелсіз журналист Юлия Черданцева қатысты.

Ашық халықаралық конференцияның мақсаты  – еліміздің қолданыстағы заңнамада және қарастырылу үстіндегі заң жобалардың қауіпті нормаларын түсіндіру бойынша талқылау, пікір алмасу.

 – Бізге ата-аналар тарапынан көптеген сұрақтар келіп жатады. Еліміздің заңдарына қатысты да сұрақтар жолдап жатады. Сондай мың сұраққа бір жауап болуы үшін ашық алаңда заңгерлер мен мамандардың пікірін білуді жөн көрдік. Көмек сұрайтындар да бар. Сондықтан ата-аналардың көкейіндегі өзекті мәселелерге, әсіресе балаларға вакцина салу және басқа да балалардың құқын қорғау бойынша сұрақтарға заңгерлер мен мамандар жауап берсін деген мақсатта ұйымдастырып отырмыз. Сондай-ақ ата- аналардың жанайқайын Президентке, Үкіметке сауатты түрде жеткізу, – дейді «Қазақстан ата-аналар одағы» РҚБ өкілі Бағила Балтабаева. 

Осы орайда «Біздің балаларымызға қауіп төндіретіндей қолданыстағы заңнама мен қазір қаралып жатқан заңнама жобаларда нақты қандай норма бар? Ол қандай заңнамалар? Қауіпті норманы заңға енгізбеу үшін «Қазақстан ата-аналар одағы» РҚБ нақты қандай жұмыс атқарып жатыр және одақ тарапынан ұсынылып жатқан қандай да бір балаларға пайдалы норма бар ма?» деген заңды сұрақ туындайды. Біздің сұрағымызға заңгер, медиатор Бейбіт Омаров: – Қазір ҚР Парламенті Мәжілісі «Бала құқын қорғау» мәселелері жөніндегі заң актісіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қарастырып жатыр. Осы заң жобасы аясында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне №127-2 деген жаңа бап қосылмақ. Ол «Кәмелет жасқа толмаған баланы қудалау (буллинг)» деп аталады.

Кәмелет жасқа толмаған баланы қудалау (буллинг), яғни:

1-тармақ. Кәмелетке толмаған баланы 12 ай ішінде 2 және оданда көп мәрте үнемі қудалау, қорлау әрекеттері, ізіне түсу немесе қорқыту, соның ішінде қандай да бір әрекетті орындауға немесе орындаудан бас тартуға мәжбүрлеу (буллинг), БАҚ құралдарында (немесе телекоммуникация желілерінде) сол сияқты жария түрде 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

2-тармақ: Осы баптың 1-тармағында көрсетілген әрекеттер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін 1 жыл ішінде қайталанған жағдайда, 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

3-тармақ. Осы баптың 1-ші немесе 2-тармағында көрсетілген әрекеттер  кәмелетке толмаған 12-16 жасар жасөспірім тарапынан жасалған жағдайда, ескерту жасалады немесе ата-анасына немесе қамқоршысына 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

 

Біздің «Бала құқын қорғау» туралы заңымызға мұндай норма бірінші рет енгізіліп отыр десе болады. Бірінші рет елеулі түрде көзге көрінбейтіндей зиян немесе залал келтіргені үшін, қоғам мүддесінде немесе жеке тұлға мүддесінде болмасын, адамға жауапкершілік артылайын деп отыр. Бұл бапта жауапкершілік артылатын көрсеткіштер ретінде қорлау-кемсіту сипатындағы әрекеттер көрсетілген. Алайда мұндай қорлау-кемсіту әрекеттеріне не жататыны ашылып жазылмаған. Өйткені бұрында  айтқанымдай, қорлау-кемсіту әрекеттері субъективті түрде (әркімнің өз пікірі бойынша) анықталуы мүмкін, әркімнің өзінің қабылдауына, көзқарасына байланысты болады. Мысалы, біреуге жай ғана қарау немесе күлу-жымию, кейбір айтылған сөздер нақты тұлғаға қорлау-кемсіту болып көрінетін сияқты әрекеттер де кіріп кетуі мүмкін. Бұл жерде кемсіте тіл тигізу жайында айтылып отырған жок, себебі біздің заңнамада онсыз да тіл тигізу туралы норма бар. Онда бұл норма мәселесін көтерудің мәні жоқ. Өйткені тұлғаға тіл тигізу деген кезде, оған анықтама беріледі, мысалы тұлғаға тіл тигізетін әдепсіз сөздер (боқтық сөздер) айту.

Моральдық тұрғыда бұл соншалықты күрделі болмауы мүмкін. Өткенде қоғамның назарын аударған Назарбаев интеллектуалды мектебінде болған, оқушыға ұстазы юбка киіп келгені үшін ескерту жасады. Психологқа апарды. Ата-анасы араласты.  Салдарынан бала терезеден секіріп, қайтыс болды. Қоғам ұстазды, ата-ананы, психологты кінәлап жатыр. Бұл мәселеде баланың өзі осындай әрекетке барып отыр. Ешкім де балаға жамандық ойлаған жоқ. Бірақ бұл барлық БАҚ-тарда айтылып, әлеуметтік желілерде жарияланып кетті. Жалпы мұндай ақпараттардың тым ашық болуы кәмелет жасқа толмаған бала болсын басқа болсын, әсер етеді. Баланың әрекетін қолдау қоғамда «менің әрекетім дұрыс», «бұл менің шешімім, таңдауым», «менің ісіме ешкімнің араласуға қақысы жоқ» деген түсінік қалыптастыруы мүмкін. Сондықтан біздің еліміздің өзіндік құндылықтары, түсініктері, әдет-cалты бар, заңдарымыз да мемлекеттік, ұлттық дәстүрлі адамгершілік нормаларына сәйкес жасалуы керек»,  – дейді.

«Бала құқын қорғау туралы» заң жобасын жасап жатқан депутаттар, халық қалаулылары, балаларды ата-анасы немесе басқа да қоғам тарапынан жасалатын жанашырлық ескертулер мен тәрбие мәселелеріне қарсы қою тармағын енгізіп жатқан жоқ шығар» деген   сұрағымызға, – «Өздеріңіз де білесіздер биыл сегізінші наурызда феминистер шеруіне Алматыда еркіндік, рұқсат берілді, бірақ жиырма екінші наурыз – Наурыз мерекесіне рұқсат берілмеді. 

Әлеуметтік желілерді қарасаңыз, қазір феминистер атын жамылған ЛГБТ-нің құйтырқы, азғырушылық әрекеттері жұмыс істеп жатыр. Оң-солын танымаған балаларымыз әлеуметтік желілерден олардың насихатын тыңдап, көріп отыр. Егер ертең балаларымыз біздің қоғамға, дәстүрлі құндылықтарымызға жат әрекеттерге барса, ата-ана немесе мұғалім, психолог, қандайда бір жанашыр адам «балаға бұлай болмайды» дегені үшін айыпталып жатса, жастардан не күтуге болады. Мысалы «темекі тартпа, сыра, арақ ішпе, жаман әдеттерге әуес болма, дұрыстап киін» деген ескерту мен тыйымды қабылдамайтын жастарда қандай болашақ бар?

 Балаларымыздың жаман қылықтары, қазақ қоғамына, адамзат түсінігіне жат әрекеттері, еркелігі, қателігі  заңмен қорғалып жатса, өз қолымызды өзіміз кескеніміз болмай ма? Баланың бетіне қараған ата-анаға айыппұл салу дегенді «Қазақстан ата-аналар одағы» РҚБ», – дейді заңгер Бейбіт Омаров.       

Демек ҚР Парламенті заң жобаларын қабылдау барысында, әсіресе балалар құқын қорғау туралы тым нәзік жобаларды қабылдау барысында еліміздің, мемлекетіміздің басты адами құндылықтары мен әрбір жеке адамның адами тұлғалық ерекшеліктерін ескере отырып, қоғамдық жаппай талқылауға сүйене отырып, қоғам үніне құлақ аса отырып қабылдаса, «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген халық даналығына құрмет болар ма еді?..

Сондай-ақ қазір Мәжілісте 2011 жылы қабылданған ҚР «Неке және отбасы» туралы Кодекске де өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жиынға қатысушылар бұл заң жобасына енгізіліп жатқан кейбір тармақтармен келіспейтіндерін жеткізді. Нақты қандай өзгерістер мен толықтыруларға қарсы екенін кейін хабарлайтындарын айтты. Жиын соңында қатысушылар талқылаудың қорытынды құжатын ҚР Президентінің аппаратына, Парламентке және ҚР Үкіметіне жолдау туралы шешім қабылдады.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
09.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 178
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 173
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 683
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 803
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 717

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8873
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8268
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11496
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9252
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10479