Балқашқа төнген қауіп

Балқашқа төнген қауіп

Балқаш секілді өзіне ғана тән эндемиктері бар көлден айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Оның үстіне үлкендігінен теңіз аталған Аралдың өзінен айырылып қалған ел емеспіз бе? Қазақстан былай тұрсын, жаһандық экологиялық проблемаға айналған Аралдың күйін Балқаш кешпесіне кім кепіл? Жыл сайын шегініп бара жатқан жағалаумен бірге оны құтқарып қалу амалдарының да азая беретіні рас. Жағдай ушықса, сор шұңқырға қарап ойбайлап отырамыз. Ойбайлау дегеннен шығады, біздің қолымыздан тек айқай ғана келетініне етіміз үйренгелі қашан? Ұраншыл кеңестік адам психологиясы білімге келгенде шегіншектей береді. Сол бір нашар әдеттен айырыла алмай келеміз. Ұрпақ аға буынға сенуден қалды. Өзіміз ойланып қарайықшы. Бізде не қалды? Тартылып қалған Арал теңізі, жарылып кеткен қоймалар, жойылып кеткен тұран жолбарысы, жойылуға шақ қалған ақбөкендер, Жайықтың ахуалы, Жемнің, Сырдың суының азайып кетуі, Қапшағай су қоймасының іске жарамды уақытының бітуі, Іле де бара-бара арыққа айналып қалмақ. Біз тек табиғатқа тигізген зиянымызды ғана айтып отырмыз. Әлбетте саяси, әлеуметтік мәселелер өте көп. Ал біз не істеп жүрміз? Қазақи шапан, комзол киіп алып, ұлт, дін туралы мінберден айқайлауды ғана білеміз. Өскелең ұрпаққа қалдырған ештеңеміз жоқ. Тіпті тәуелсіздіктің өзі бізге оңай келді ғой. Оны мойындауымыз керек. Тіпті Ресейдің өзі КСРО-дан бізден бұрын шықты. Сол кеңестік тәрбие қоғамдағы қарым-қатынаста да, мәселелерді шешу процесіне де кедергісін келтіріп жатқан секілді. Себебі ұраншыл қоғамның қаруы сөз ғана, іске келгенде мақсаты мен ісі бірікпейді. Иә, біз ұрпаққа ұлан-ғайыр жер қалдырдық деуіміз мүмкін. Бірақ оны ғасырлар бұрын шайқасқан ата-бабамыздың арқасы дегеніміз дұрыс шығар. Оның өзінде біраз жерді өзге елдерге беріп жатырмыз ғой.  Бұл жерден шығатын шындық – қазақ ата-бабасының ісімен ғана мақтана алады, өйткені өзінің тындырған ісі жоқ. Біреудің қолшоқпарын сатқын дейміз де, оған тапсырма бергендерді әспеттейміз-ау келіп. Бұның бәрі экологияға қатысы жоқ болғанымен, шешім қабылдауда кесірін тигізіп жатады. Біз сол селқостықпен Аралдан айырылып қалдық. Көп сөздің орнын білімді мамандар басуы керек. Ал кейбір «авторитеттер» осындайда ат жасаудың қамымен өтірік айқайды тоқтатса ғой. 

 

Соңғы жылдары Балқашқа қатысты кешенді зерттеу де жүргізілмепті. Су көлемі теңіз деңгейімен салыстырғанда 342,8 метрге дейін төмендеген. Бұл да 2012 жылғы дерек. Жалпы, соңғы 2 000 жыл бойы теңіз деңгейінен 346 метрдей жоғары қалпынан айнымаған көлдің тереңдігі өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап төмендеуге бет алыпты. Қазір судың деңгейі бұрынғы ернеуінен 3-4 метрге дейін құлдилағаны айтылады. 

 

Үрейлі үрдіс адам көзіне көрінбегенімен, біртіндеп үлкен экологиялық қатерге әкелетін проблемаға айналып келеді.    Жетісудағы жылтырап аққан жылғаның бәрі Балқашқа келіп құяды дегенмен, көл суы негізінен Іле өзені арқылы келетін суға тәуелді. Нақты айтқанда жыл сайын Іле арқылы қанша көлемде су қосылады, Балқаштың аумағы да соншалықты толығып тұрады. Демек көл көлемінің соңғы жылдары күрт қысқаруының себебін Іле өзенінің бастауынан бөлінетін судың кемуінен іздеу керек. Әзірге су тапшылығының алдын мұздықтардан еріген су көлемі алып тұр. Алатаудағы мұздықтар мәңгілік емес, жылдар өте еріп таусылып, Іленің табаны құрғай бастағанда ғаламдық экологиялық апат орын алмақ. Бұдан бөлек трансшекаралық өзеннің толысып келмеуіне Қытайдың бұрып алуы да себеп болуы мүмкін. Ауылшаруашылығына тұтынатын су көлемі жыл сайын өскен сайын, Іле де бізге сыздықтап ағып келе береді. Ол жақта қазір бірнеше бөгеттер салынып жатқаны белгілі. Қытай өз елінде тұщы суды көбірек қалдырғысы келеді. Халық саны мен өндіріске көп мөлшерде су қажет болған сайын Балқаш та тартыла бермек. 4 метрге шегінген ахуалдың салдарын біз енді көре бастаймыз. Екі бірдей үлкен облыстың ортасында тұрған көлдің сор табанынан ұщқан тұз адам денсаулығына да, экологияға кері әсер етеді. Тіпті  ұшқан тұз тау басына жетіп, мұздықтарды да еріте бастауы әбден мүмкін. Онсыз да ғаламдық жылыну салдарынан еріп жатқан мұздықтардың азаюы да үлкен мәселеге айналмақ.  Балқаш проблемасы биік мінберлерден айтылудай-ақ айтылып жүр. Анатолий Рябцевтің болжамынша, Қытай өз мүддесі үшін Қазақстан ұсынған құжатқа қол қойып, Іледегі су мөлшері көбейген күннің өзінде ағынды судың толықтай Балқаш көліне жетуі күмәнді екен.

Өйткені Іле өзенінің қазақстандық бөлігіндегі өзен арнасы қоқыс пен сазға толып, жағалауды су жырып жатыр. Қазірдің өзінде Іледен аққан судың біршамасы ауаға жайылып, топыраққа сіңіп кетуде. Мұндай жағдайдан кейін Іленің суы Балқашты қойып, Қапшағай су қоймасына да толық жетпейтін көрінеді. «Бұл мәселені Қытай ілгеріде шешіп алған. Қазір ондағы кез келген өзеннің жағалауы бекітілген. Олар су жайылатын жағалауды, тіпті саздауытты арналарды да бетондап тастаған. Гидротехникалық жұмыстарды сауатты жүргізуді Қытайдан үйренуіміз керек» – деген еді «Казгипроводхоз» институтының директоры.

Осы жерде Іле өзенінің жағасын бекіту мен арнаны тазалау жұмыстары Алматы облысының аумағында да жүріп жатқанын айтуымыз керек. Бұл іске 2014 жылдан бастап маңыз беріле бастады. Нәтижесінде Балқашқа құятын Іле, Қаратал өзендерінің арнасына тұрақты бақылау жасап отыратын мелиоративті жасақ құрылды. Қазір бүкіл жұмыс «Қаратал ММО» мекемесінің бақылауында. 2014 жылдың өзінде Қаратал өзенінің Балқашқа құятын сағасы жаңартылып, 12,5 шақырымдық жаңа арна қазылған. Бұл көлге қосылатын су көлемін арттырып, бұрын су басып жатқан 10 мың гектар алқапты жайылымдық жер үшін пайдалануға мүмкіндік беріпті. Балқашты сақтау – ұлт болашағының денсаулығын сақтаумен тең. Ұрпақ алдындағы борышты мінберде тұрып ұрандап емес, осындай өте өзекті мәселелерге белсене араласып атқару керек. 

Абзал СҮЛЕЙМЕН
09.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

ТАУ БАУРАЙЫНДАҒЫ АЩЫСАЙ АУЫЛЫН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 23.04.2024 28
БІЛІМДІ ҰРПАҚ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ
Мақсат Қазанғапов Талас аудандық білім бөлімінің басшысы - 23.04.2024 15
ОТЫРАРДА «ЖАСЫЛ АЙМАҚ» АПТАЛЫҒЫНДА ИГІ ІСТЕР АТҚАРЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 23.04.2024 23

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 975
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7026
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10869
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7092
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7232