Батыр баба ерлігі ұрпаққа үлгі

Батыр баба ерлігі ұрпаққа үлгі

Жамбыл облысына іссапармен барған Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің Бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жамбыл облысының және Мойынқұм ауданының  Құрметті азаматы Сәуле Мешітбайқызы 

Мойынқұм ауданында болды. Газетіміздің басшысы аудандағы ілкімді істер мен жүйелі жобалар, берері мол бағыттар мен бастамалардың куәсі болып, «Бабалар рухына тағзым» экспедициясы аясында «Биназар» қорының жұмысымен танысып, батыр бабаның атына берілген ауқымды аста арнайы  қонақ болды.

Биназар батыр 1806 жылы өмірге келген. Жастайынан жауынгер атанған батыр жауға қарсы «Биназарлап» шауып, өзінің атын ұранға айналдырған. Ел ішінде батырлығы туралы аңыз әңгіме көп. Әрине, ол әңгімелер ауызекі айтылып, ел ішінде тарағанымен, аңызға қарағанда ақиқатқа жақын тағылымға толы тарихи жәдігер. Биназар бабамыз елінің тәуелсіздігін аңсап, оның ынтымақ-бірлігі үшін өмір бойына кірісіп өткен үлкен жүректі абзал жан. Осындай батыр да әулие, көреген, көрнекті тұлғаларды түгендеп, ұлықтап жүрген газетіміздің «Бабалар рухына тағзым» атты экспедициясының ұлағатты әрекеті тегін емес. Себебі олардың өшпес ерлігі кейінгі ұрпаққа теңдессіз үлгі-өнеге.

 «Биназар» қорының төрағасы Сағат Алдабергенов батыр бабаның әулиелігі тұрғысында бірнеше әңгімелерді баяндап, ой саларлық орамды оқиғаларды ортаға салды.

Әйгілі батыр бабамыз Биназар Ақеділұлының ерлігі, әулиелігі мен халқына жасаған игі істері бүгінгі күнге дейін ел есінде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып келе жатқаны белгілі. Оның асыл мұрасын ұлықтап, өшпес өнегесін насихаттау мақсатында 2009-2010 жылдары «Биназар» қоры құрылған болатын. Содан бері бұл қор толассыз еңбек етіп, баба рухын ұлықтауға, оның өмір жолын кеңінен танытуға аянбай атсалысып келеді. Жақында өткен ауқымды ас үстінде «Биназар» қорының төрағасы Сағат Алдабергенов қордың көпжылдық жұмыстары жайлы жан-жақты есеп берді. Ол атқарылған игі істер мен алдағы жоспарлар жайында баяндап, жұртшылыққа қордың мақсат-міндетін тағы бір мәрте паш етті.

 

Қор атқарған  игі істер

 

– 2009-2010 жылдардан бастап, жүрегімде Биназар батыр бабамыздың даңқын асқақтатып, ұрпақ санасына сіңіруді мақсат еткен арман пайда болды. Сол арманның жетегінде ең алғаш қолға алған ісім – әкемнің туған ауылы «Қызыл туға» тарихи негізі бар, бабамыздың інісі Көкжелектің есімін беру болды. Бұл мақсат жолында екі жыл бойы табандылықпен әрекет етіп, ақыры ауылдың атауын «Көкжелек» деп өзгерттім. Келесі кезекте, 2004 жылы бабаның 200 жылдығына орай орнатылған ат үстіндегі ескерткіш сегіз жыл бойы қоршаусыз, қараусыз тұрғанына жүрегім ауырды. 2012 жылы ескерткішті қоршатып, баба туралы қысқаша шежіре жаздырдым. Сонымен қатар, ақын Қадыр Мырза Әлінің Биназар бабаға арнаған төрт шумақ өлеңін қара гранитке қашатып, зиярат етіп келгендер мен жас жұбайларға рух сыйласын деген ниетпен орнаттым. 2014 жылы облыс әкімі Көкірекбаевтың идеялық қолдауы, аудан әкімі Болат пен ағайындардың ауызбіршілігінің арқасында батыр бабаның күмбезін қайта жаңғырту мүмкіндігі туды. Күмбез Шымкентте қайта жасалып, ішкі жағына еурожөндеу жүргізілді. Сыртқы қоршауын Украинадан әкелінген кірпішпен қалатып, 360 метрлік аумақты толық қоршап шықтық. 2015 жылы ескерткіш маңындағы қоршау жұмыстары толық аяқталған соң, өзімнің және отбасымның атынан арнайы құдайы ас ұйымдастырып, Шымкент пен Мойынқұм өңіріндегі елге сыйлы ағайындарды шақырдым. Сол басқосуда жұртшылық тарапынан «енді осынау атқарылған игі істің құрметіне бірігіп үлкен ас берейік» деген ұсыныс түсті. Бұл бастаманы алғаш болып 2016 жылы Биназар ауылы қолдап, асты өткізді. Келесі мәселе – шырақшының үйі еді. Құлаудың алдында тұрған үйді Ақылбек есімді азаматпен ақылдасып, толықтай жөндеуден өткіздік. 2022 жылы батыр бабаның басына мұражай салу идеясы туындады. Мұражай ұлттық болмысты танытатын болсын деген ортақ шешіммен қазақы үй формасында тұрғызылды. Ішіне тарихи жәдігерлерді қамтитын 12 қондырғы орнаттық. Мұражай жанынан баба ұрпақтарының қолдауымен 17x14 метр көлеміндегі қонақүй салынды. Барлық қажетті жиһазбен жабдықталып, артқы жағына күннен қуат алатын батареялар орнатылды. Қазір жылу жүйесі толық іске қосылған. Сол жылдары Самарқанд маңынан табылған «Биназар баһадүр» деп аталатын сурет қолымызға тиді. Сол бейнеге сүйене отырып, бабаның бюсті жасалып, мұражай ішіне орнатылды. Сонымен қатар, соғыста киген дулығасы Алматыдағы шеберлердің қолымен жаңартылып, тарихи шындыққа сай қалпына келтірілді. Шеберлер бұл дулығаның сақталу сапасына таңданыстарын жасырмады. Екі қылыштың ізі қалған бұл жәдігер бүгінде ерекше орынға ие. Соңғы жылдары батыр баба жайлы роман жазу жұмысы да қолға алынды. Роман толық жазылғанымен, әлі де көңілімізден шыға қоймады. Алдағы уақытта бұл істі жетілдіру – басты мақсаттарымыздың бірі.

Әрине, бұл жұмыстардың барлығын жалғыз өзім жасаған жоқпын. Ел болып, жұрт болып жұмыла жасадық. Кез келген іс ақшаға келіп тірелетіндіктен, ең қиыны ақша жинау болды. Дегенмен ілкімді істі қолдаушыларды да жоққа шығаруға болмайды, – деген Сағат Алдабергенов жасалған барлық жұмыстың, жұмсалған қаражат пен жоспарлар архивте сақталатынын қоса айтты. Сонымен қатар қор төрағасы сан жылғы жұмыстың қорытындысы ретінде, сондай-ақ жеке арманы негізінде жасалатын бірнеше істерге бағытталған жоспарымен бөлісті.

 

«Төрт арыс көкірек – төрт мүшем» 

 

– Бүгінде Мойынқұм ауданы төрт тоғанның арқасында күнелтіп отыр. Барлық егін шаруашылығы соларға тәуелді. Менің арманым – осы тарихи тоғандарға белгі қойып, бабалар еңбегін өскелең ұрпаққа таныту. Белгі болмаса, бұл игіліктің артында кім тұрғанын ешкім білмейді. Өкінішке қарай, Биназар бабамыз туралы көптеген тарихи мәліметтер кезінде Қоқан хандығы тұсында Ташкентте қалған. Соңғы үш жылда сол деректерді табу үшін талай әрекет жасалды. Архивтің Ташкент қалалық қорында екенін анықтадым. Бірақ құжаттарға қол жеткізу оңай емес. Сыртқы істер министрлігі 20 күнге ғана рұқсат береді екен. Арманым – сол 20 күндік мерзімде араб және латын қаріптерін еркін оқитын маманды ертіп барып, бабаға қатысты тың деректерді тауып, музейге қою. Алдағы үлкен жоспарым – 2029 жылы Биназар батырдың 225 жылдығына арналған ауқымды ас беру. Осыған орай үлкен тарихи-ғұмырнамалық кітап жазу үстіндемін, –  деген қариямыз ел арасында кеңінен тараған, «Көкірек» руының ұранына айналған «Төрт арыс көкірек – төрт мүшем» сөзінің шығу тарихына да тоқталды.

– Еліміз отырықшылыққа бет бұрып, егін егіп, мал өсіріп, тұрмысын түзеген соң, халық саны артып, іргелі елге айналды. Алғашқыда Биназар бабаның елі Сәмбет руының құрамында болса, кейін жеке болыс болып бөлінеді. Сол кезде Талғар қаласында, Колпаковскийдің қарамағындағы кеңседе қызмет атқарып жүрген Ибраһым атты білімді туысын болыс сайлатады. Ол көп ұзамай елдің ықыласына бөленіп, Жайлыбек болыс атанады. Алайда, халық арасындағы беделі артып бара жатқан Жайлыбекті көре алмаған Байболат болыс оны орнынан тайдыруды мақсат етеді. Бірде жазғы пішен науқанында арнайы кісі жіберіп, Жайлыбекті қонаққа шақыртады. Дастарқан үстінде Байболат:

– Жайлыбек болыс болса да, Биназар батырдың жолы үлкен. Бас пен жамбасты батырға, сүбені болысқа тартыңдар, – деп бұйырады. Биназар бұл тосын мінезден секем алып:

– Жайлыбек жас болса да, ел қадірлеген ардақты інім. Бас табақ соған бұйырсын, мен жаямен де разымын, – деп, алдына тартылған етті кездігімен жей бастайды. Бірақ тамақ бойына сіңбей, уланғанын сезеді. Жайлыбекті дереу ескертіп, екеуі жолға шығады. Қонысқа жақын бұлаққа тоқтаған сәтте:

– Інім, менен қайыр жоқ. Күдігім бекер емес екен. Бірақ Байболатқа қарсы соғыс ашпаңдар. «Имансыздың арты дау болады» дейді. Дау елдің бірлігін шайқайды. Менің жатқан жерім Көкірек пен Сәмбеттің шекарасы болсын. Төрт арыс Көкірек – төрт мүшем, оларды бөліп-жару жарамас, – деп өсиет айтып, ұлт бірлігі жайлы ұлағатты сөз қалдырады. Содан бері бабаның осы аманаты ел ішіндегі ұранға айналып, бірлік пен тұтастықтың символы болып келеді, – деді С.Алдабергенов. 

Расында, «Төрт арыс Көкірек – төрт мүшем» деген сөз тек қана бір рудың емес, бар қазақ халқының бірлігі мен ынтымағын суреттейтін ұлы сөз. Дегенмен жергілікті тұрғындардың баба рухын асқақтату барысында жұмыла жұмыс жасап, кесене аумағын ретке келтіру ісінде асқан ұйымшылдық көрсеткенінің куәсі болдық. Бірлік пен бейбітшілікті көздеген батыр бабамыздың еңбегі кейінгі ұрпаққа насихат болуы үшін тынбай тер төгіп жүрген ағаларымызға айтар алғысымыз шексіз. Жиынға қатысқан Сағат Алдабергеновтың ауылдасы, ақын інісі Болатбек Әбішев төрағаның қызмет жолы тұрғысында өлең шумақтарын арнап, ыстық ықыласын білдірді.

Әруақты сыйлайтұғын халықпыз,

Дәстүр-салттан ғибрат үлгі алыппыз.

Батыр баба Биназарды ұлықтап,

Жүргеніңе, Сағат аға, қанықпыз.

 

Шапқылаумен өтті талай жылдарың,

Ал өзіңе уақытты қимадың.

Отбасыңда болса-дағы сан жағдай,

Қайыссаң да, майыссаң да сынбадың.

 

Аллам өзі саған, аға, күш берген,

Қаймықпайтын қиын ауыр істерден.

Сондықтан да он алты жыл ішінде

«Қор» жұмысын жандандырдың  бір деммен.

 

Көкіректің басын қосып ақырын,

Ауыз-бірлік, ынтымаққа шақырдың.

Ешкімге де жалтақтамай, жалынбай,

Жетті оған тәжірибең де, ақылың.

 

Алғысын ап ағайынның, баршаның,

«Бірліктегі» ескерткішті қоршадың.

Күнделікті жетсең-дағы Қордайдан,

Деген жоқсың алыс жолдан шаршадым.

 

Ауыл-ауыл кезектесіп ас берді,

Ал көпшілік бұл амалды хош көрді.

Ұрпақтары бабамыздың осылай,

Парыздарын абыроймен өткерді.

 

Бабамыздың кесенесі бүгінде,

Мұражайы, қонақүйі түбінде.

Бой түзеген асхана мен бастырма,

Жан дүниесін тебірентеді кімнің де.

 

«Қор» жұмысын адал, таза атқардың,

Осылайша ел сенімін ақтадың.

Бұл еңбегің ұмытылмас ешқашан,

Себебі сен санамызда жатталдың.

 

Өмір-өзен жылжып жатыр, тоса ма,

Сен де, аға, кідірмегін, бас алға.

Рақмет айтып, алғыс айтып және де,

Біз өзіңмен мақтанамыз қашанда.

 

Ісімізді Алла өзі қолдасын,

«Қор» жұмысы жарты жолда қалмасын.

Көкіректің өсіп-өнген ұрпағын,

Бабамыздың әруағы қорғасын!

Бабамыздың әруағы қорғасын!

 

Табандылық пен жанкештілік

 

Асқа арнайы қонақ болып келген Жамбыл облысының және Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері  Сәуле Мешітбайқызы қор ұжымы мен төрағасына ақжарма тілектерін арнап:

– Бүгін – мен үшін ерекше қуаныш пен тебіреніске толы күн болды. Екі ай бұрын Сағат хабарласып: «Осындай бір маңызды іс-шара болады, сол жерге келсең, бір қуат болар еді», – деп іштей сырын ақтарған еді. Сол сәттен бастап жүрегімде сол кездесуге баруға деген ынтызарлық оянды. Қалай болар екен деп толғанып жүргенде, Алла Тағаланың қалауымен, арманым орындалып, алдыңғы күні елге табан тіредім. Міне, бүгін Сағат бауырымыздың ел алдында жасаған есебіне, халқының ортасында өткен мәнді кездесуіне қатысып, сол бір сәттің куәсі болғаныма шын жүректен қуанып отырмын. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Әкем марқұм үнемі: «Төрт арыс Көкірек сен үшін бір болуға тиіс. Көкіректі бөлме!» – деп айтып отыратын. Әкемнің осы қастерлі сөзі маған «қазақты ешқашан бөлме» деп айтқан аманатындай сезілді. Бұл өмір бойы ұстанымыма айналды. Мен үшін бұл – жай ғана сөз емес, өмірлік ұстаным. Себебі Көкірек ешқашан бөлінбейді. Ол – бүтіннің белгісі, бірліктің айғағы. Сен бүгін халыққа қысқаша ғана, бес минуттық есеп бердің. Бірақ сол қысқа сәттің артында қаншама жылдардың еңбегі, маңдай тері, табандылық пен жанкештілік тұрғанын сезіндік. Айналайын, шаршама! Еткен еңбегіңе мың алғыс. «Шаршадым» деуге хақың жоқ,  сенің алда әлі талай арманың, жүзеге асатын игі істерің бар. Солардың жемісін көруге, халықтың алғысын естуге жазсын. Қашанда ісің берекелі, жолың ашық болсын! – деді.

Сонымен қатар жиналған көпшілік те жиынға белсене атсалысып, өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Олардың айтуынша, алмағайып заманда бір істі жасау мақсатында кез келген жұмыс қаражатқа тірелетіні анық. Сондай-ақ қалталы азаматтарға қайта-қайта салмақ салу да оңтайлы шешім емес. Дегенмен ауыл тұрғындары мен бірқатар азаматтардың ілкімді іске ірге қосқандары да көзге көрініп тұр. Ауыл болып бастырма жасағаны, қалталы азаматтардың қонақүй салып беруі, кесененің жаңартылуы, кесене аумағын қоршауы секілді бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізілген. Әлі де жұмысты қажет ететін жоспарлар жетерлік. Бүгінгі күнге дейін ауыл тұрғындарының, қалталы азаматтардың, демеушілердің есебінен бірнеше жұмыстардың жасалғаны көзге көрініп тұр. Дегенмен мұндай жұмыстарды одан әрі жетілдіру үшін әлі де қаражат талап ететіні анық. Сол себепті батыр бабамыздың еткен ерлігі мен еңбегі, өмір жолы ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалу үшін әрбір азамат атсалысу керек. Осыны ескере отырып, өскелең ұрпақты бабалар рухына тағзым мәселесіне тәрбиелеу мақсатында әр отбасындағы он сегізге толған ер-азамат «Биназар» қорына ай сайын 1000 теңге көлемінде салып отырса деген ұсыныс айтылды. Бұл ұсынысты жиналған халық та бірауыздан қолдап, «бұл істің үлкен тәрбиелік маңызы бар екен» деп тарасты. Сол себепті аудан мен облыс, жалпы ел аумағындағы он сегізге толған азаматтар «Биназар» қорына ай сайын 1000 теңгеден  аударып  отырсаңыздар, қор жұмысының алға жылжуына үлес қосқан болар едіңіздер. Бұл көптеген жұмыстың іске асуына өз септігін тигізер еді.

«Биназар Батыр» қоғамдық қорының реквизиттері: 

ИИК  KZ06563H350000000691

БИК  KPSTKZKA  

БИН: 030740018766 

Код 19

КНП 859

Мойынкумский РУПС ЖОФ АО КазПочта.

Сонымен қатар іс-шара барысында қор құрамында сан жылдар бойы қалтқысыз қызмет етіп, елеулі еңбек сіңірген азаматтар арнайы марапатталып, көпшілік құрметіне бөленді. Халықтың ерекше алғысы мен ризашылығының белгісі ретінде, ұзақ жылдар бойы «Биназар» қорына төрағалық етіп, аянбай тер төккен Сағат Алдабергеновке құрмет ретінде астына ат мінгізіліп, иығына шапан жабылды. Сол сәтте жиналған жұртшылықтың ақ батасын алып, қордың тізгінін сеніммен қолға алған жаңа төраға – Дүйсеналы ағамыз да көпшілікке арнаған жүрекжарды сөзінде батыр Биназар бабаның өнегелі өмір жолын, ел үшін еткен ерен еңбегін кеңінен насихаттап, келешек ұрпақ санасына сіңіру жолында тынымсыз тер төгіп, зор жауапкершілікпен жұмыс жүргізетінін жеткізді.

 

Мұқағали ЖАМБЫЛҰЛЫ, 

Жамбыл облысы

 

22.05.2025

Ұқсас жаңалықтар

ЖЕМҚОРларМЕН КҮРЕС – ОТАНҒА ҮЛЕС
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.05.2025 71
ЖАС САРБАЗДАР САҚАДАЙ САЙ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.05.2025 62
РУАНДА – ЕЛІМІЗДІҢ АФРИКАДАҒЫ ДОСЫ
Нағашыбай Қабылбек - 28.05.2025 42
ШЫҒЫСТАҒЫ  ШЫРАЙЛЫ ЖҮЗДЕСУЛЕР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы - 28.05.2025 60
РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚ – ҰЛТ ҚУАТЫ
Ш.МЕКЕНБАЙ, Түркістан облысы - 28.05.2025 59
ЖЕМҚОРларМЕН КҮРЕС – ОТАНҒА ҮЛЕС
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.05.2025 71
ЖАС САРБАЗДАР САҚАДАЙ САЙ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.05.2025 62
ШЫҒЫСТАҒЫ  ШЫРАЙЛЫ ЖҮЗДЕСУЛЕР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы - 28.05.2025 60
Ел болашағы –   өз қолымызда
Іңкәр БИТИМОВА - 23.05.2025 269
Бөлінген қаржы қаңғыбас иттен құтқара ма?
Қарлығаш ШАҢҒАРАҚШЫ - 23.05.2025 294
Жәнияның   алтын медалі
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ - 22.05.2025 273

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 13169
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 13149
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 28265
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 26956
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 30442