Батыс Қазақстан облысының жұртшылығын ауа райының күрт жылынуы біраз әбігерге салып, жағдайды күрделендіре түсті. Нәтижесінде су тасқыны болып, облыста төтенше жағдай режимі енгізілді.
Бұл туралы БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлаған болатын. Бұған дейін облыс орталығы – Орал қаласында және Бөрлі, Теректі, Қаратөбе, Сырым аудандарында төтенше жағдай жарияланған болатын. Расымен де, қызыл су бір аптадан бері қырғын салып, бірқатар елді мекендерді су басқан еді. Үрей туғызатын көріністегі бейнежазбалар мен аудиохабарламалар әлеуметтік желілерде желдей есті. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Шыңғырлау, Жақсыбай, Өлеңті, Бұлдырты өзендеріндегі су деңгейінің артуы нәтижесінде 4 ауданның тоғыз ауылындағы тұрғын үйлерді су басқан. Барлығы 515 тұрғын үй су астында қалған. Эвакуацияланған 4 мыңнан астам адамның 2 мыңы – бала. Эвакуациялық пункттерге 1 мыңнан астам адам орналастырылған, қалған 3853 адам туыстарының үйін паналаған. Сонымен қатар «малым – жанымның садағасы» дейтін ауылдық ағайынның қорасындағы төрт түлігіне алаңдайтыны белгілі. Осы ретте 1400-ден астам ірі қара мал, 204 бас ұсақ мал және 33 бас жылқы қауіпсіз орындарға шығарылған.
Бүгінгі күні су тасқыны құбылыстарын жою және құтқару жұмыстарын жүргізу әлі де жалғасуда. Барлығы 800 мың текше метрден астам еріген су сорылып, 170 мыңнан астам қап төселген. Су тасқынымен күресу шараларына облыс бойынша мыңнан астам адам жұмылдырылып, 300-ден аса техника және 100-ден аса мотопомпа пайдаланылған.
Сонымен қатар Маңғыстау облыстық ТЖД мамандары мен Алматы облысынан әскери бөлім қызметкерлері көмекке келді. Бұлардан бөлек Оралдағы әскери бөлім сарбаздары мен еріктілер, полиция қызметкерлері де тасқын сумен күресте аянып қалмады.
Облыс аумағындағы автожолдардың 25-інен су өту жағдайлары орын алса, 32-сін су шайып кеткен. БҚО ТЖД-ның жедел штабына 2 мыңнан аса хабарлама түссе, «қауырт желі» телефонына 296 қоңырау шалынған.
Бүгінде табиғи апаттың салдарынан қиын жағдайға ұшыраған тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетілуде. «Ақжайық» жеке қоры арнайы есепшот ашып, ерікті түрде қолдау білдіруші азаматтардан қаржылай көмек жинастыруда. «АMANAT» партиясы облыстық филиалы тарапынан да су тасқыны болған аудандарға гуманитарлық көмектер жеткізілуде. Филиалдың баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, 1 сәуірге дейінгі есеп бойынша жалпы партия атынан аудандар мен облыс орталығына 13 тонна гуманитарлық көмек жіберілген. Жолдарын су басқан кей ауылдарға гуманитарлық көмек тікұшақпен жеткізілген. Жалпы көлік қатынасы жоқ 10 елді мекендегі азық-түлік дүкендерінде ас-ауқат қоры алдын ала ұйымдастырылған.
Орал қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс орталығында бес эвакуациялық пункт толық жасақталған. Тағы үш орын резервке дайындалған.
Өңірде ауа температурасының көтерілуіне байланысты тасқын қаупі әлі де сейілмей тұр. Әр түнді де қарбаласпен өткізетін төтеншеліктер, тәртіп сақшылары мен коммуналдық сала мамандары тұрғындарды құлақтандыру, эвакуациялау, қаптар төсеу, өзендерде мұздардың бір жерде жиналып қалуын болдырмау секілді жұмыстарды жүргізеді. Ал «Қазгидромет» РМК бас директорының орынбасары Серік Сайыров Үкімет кулуарында Жайық өзеніне Ресей аумағынан келетін су Оралға тасқын қаупін тудыратынын, су деңгейінің көтерілуі салдарынан Батыс Қазақстанда су тасқынының екінші кезеңі басталатынын жасырмады. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев қауіпсіздік шаралары күшейтілетінін, тасқын судан зардап шеккендер мемлекет тарапынан берілетін көмектен қалыс қалмайтынын айтып, жерлестерімізді қиын кезеңде сабырлылық сақтауға шақырды.
Еске сала кетсек, материалдағы сандық көрсеткіштер БҚО ТЖД баспасөз қызметінің 3 сәуір күнгі мәліметінен алынды. Жағдай әлі де тұрақталмағандықтан, тізбектелген бұл сандар да күн сайын өзгеруде.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
Батыс Қазақстан облысы